АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб Алматыда іскер әйелдермен кездесті
Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 200-ден астам белсенді әйел «AMANAT» партиясы Әйелдер қанаты «Tomiris» әйелдер саяси көшбасшылығы жобасы аясында ұйымдастырылған оқу курстарына қатысты. Бүгін олармен «AMANAT» партиясының Төрағасы, АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың Жетекшісі Ерлан Қошанов кездесті.
Іс-шараны ашқан Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер қоғам өміріне және елдің жан-жақты дамуына зор үлесі қосатынын әрдайым айтып келе жатқанын атап өтті. Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әйелдердің құқығын қорғау және отбасы құндылықтарын нығайту Президент пен «AMANAT» партиясының басты назарында.
Ол Әйелдер қанаты бір жарым жылда «AMANAT» партиясының қозғаушы күштерінің біріне айналғанын атап өтті. Мәселен, Әйелдер қанатының алғашқы форумында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі талқыланды, Парламент тиісті заң қабылдап, ол жақында күшіне енді. Сонымен қатар халықтың қарыз жүктемесін азайту, құмар ойындарға қарсы күрес туралы жаңа заңдар күшіне еніп, бұл мәселелер де Әйелдер қанаты мүшелерінің бастамасымен көтерілді.
Кездесуге қатысушылар еліміздегі ең маңызды оқиғалардың бірі – Мемлекет басшысының Жолдауын да талқылады. «AMANAT» партиясының Төрағасы әр Жолдау – бұл халықтың қажеттілігі мен сұранысына негізделген нақты іс-қимыл жиынтығы екенін мәлімдеді. Соның бірі – соңғы жылдары халық пен бизнес қатты сезініп отырған энергия тапшылығы мәселесі. Осыған байланысты Президент АЭС салу идеясын ұсынды. Қазіргі уақытта АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері өңірлерге барып, халыққа бейбіт атом жұмысының барлық аспектілерін түсіндіріп, тұрғындарды толғандырған түрлі сұрақ-сауалдарға жауап беруде.
«Бүгін біз елдің одан әрі дамуына әсер ететін барлық маңызды шешімдер халықпен бірге қабылданып жатқанын көріп отырмыз. Жаңа саяси мәдениеттің мәні осында. Біз барлығымыз бірге жаңартылған Конституция үшін дауыс бердік. Қазір халық қабылдаған шешімнің дұрыс болғанын көріп отырмыз. Бұл жолы да халық өз таңдауын жасап, елімізде АЭС салу-салмау туралы шешім қабылдауы керек», – деді ол.
Өз кезегінде Ядролық физика институтының ғылыми хатшысы Карлығаш Мұнасбаева және Ядролық физика институтының ядролық және физикалық қауіпсіздік оқу орталығының бастығы Наталья Измайлова сөз сөйледі. Ал Жетісу облысы Сарқан ауылынан келген кәсіпкер Кенжетай Тазабекова АЭС құрылысы бойынша референдум өткізу – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың айқын көрінісі екенін атап өтті.
Партия Төрағасы қазір кәсіби мамандардың дәлелді сөздері күмәншіл адамдар мен сыншылардың пікірінен басым түсіп, атом энергиясына қатысты халықтың қорқынышы мен үрейін сейілтуі өте маңызды екенін атап өтті. Қоғам АЭС құрылысын ой таразысынан өткізіп, дұрыс шешім қабылдауы керек.
Халықтық штабтың баспасөз қызметі
Abai.kz