Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 6066 0 пікір 27 Ақпан, 2014 сағат 09:09

Зардыхан Қинаятұлы, тарих ғылымдарының докторы: Мемлекеттiң қалай аталуы керектiгiн мемлекет басшысы ғана шешпейдi

Қазақстан Республикасының президентi биылғы жылғы ха­лыққа жолдауында “...Мен “мәңгiлiк ел” ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары – “Қазақстан – 2050” стратегиясының түпқа­зығы етiп алдым. “Қазақстан – 2050 мәңгiлiк елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелi жол...” дедi. Бүгiндерi осы ұғым көп­шiлiктiң талқысына түсiп, түрлi пiкiрлер тудырып отыр. Зардыхан Қинаятұлы, сiз тарихшы-ғалымсыз, оның iшiнде орта ға­сыр тарихын терең зерттеген ға­лымсыз. Бiз осы мәселе жө­нiнде сiздiң пiкiрiңiздi бiлгiмiз келедi.

Қазақстан Республикасының президентi биылғы жылғы ха­лыққа жолдауында “...Мен “мәңгiлiк ел” ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары – “Қазақстан – 2050” стратегиясының түпқа­зығы етiп алдым. “Қазақстан – 2050 мәңгiлiк елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелi жол...” дедi. Бүгiндерi осы ұғым көп­шiлiктiң талқысына түсiп, түрлi пiкiрлер тудырып отыр. Зардыхан Қинаятұлы, сiз тарихшы-ғалымсыз, оның iшiнде орта ға­сыр тарихын терең зерттеген ға­лымсыз. Бiз осы мәселе жө­нiнде сiздiң пiкiрiңiздi бiлгiмiз келедi.

– Ұлттық ұран, ұлттық идеология дегенiмiз – ұлттың тағдырына қатысты, ұлттың тағдыр-тарихымен тығыз байланысты ұғым. Мұндай деңгейге көтерiл­ген қандай да бiр ой-пiкiр халықтың талқысына түсiп, танымдық деңгейден өтiп, практика жүзiн­де пiсiп-жетiлiп, халықтың кө­кейiне терең енген категориялық сенiм болуы керек. Мысалы, Алаш – қазақтың ұраны. Осы ұран қазақты ең аз дегенде 460 жыл (1361-1820) алға сүйреп келдi. Қазақ 1820 жылы мемле­кет­тi­лiгiнен айырылғаннан кейiн Алаш сәл кейiнге ысырылды да, оның орнына Тәуелсiздiк ұраны алға шықты. Тәуелсiздiк үшiн күресте талай ерлер, хан, сұл­тандар, игi жақсылар жанын бердi. Иә, Құдай оңдап 1991 жылы тәуелсiздiкке қол жеткiз­дiк. Бiз бүгiн заң жүзiнде тә­уелсiз елмiз. Ал iс жүзiнде ше? Экономика, саяси, рухани өмiрде тәуелсiздiк әлi де орныға қойған жоқ. Тәуелсiздiктiң әлi де нәзiк, осал тұстары бар.
– “Осал тұстары” деп ненi меңзеп отырсыз?
– Әрине, бiздi бүгiн шапқалы жатқан жау жоқ. Бiрақ тәуелсiз­дiк алғалы берi 22 жыл өтсе де, өзiмiздi-өзiмiз ұлт ретiнде әлi де толық сезiне алғамыз жоқ. Қазақ тiлiнiң өрiсi өсудiң, кеңеюдiң орнына тарылып барады. Орыс тiлi әлi де билiк тiлi болып қалып отыр. Бизнестiң қарқынын орыстың әуселесi басып барады. Аттай 300 жыл құл қылған, бодан еткен қожайынымыздан iргемiздi толық ажыратып алмай жатып, қайтадан “ЕврАзэс”, “Кедендiк одақ” деген тажалдардың тұзағына түсiп қалдық. Бүйте берсек, Ресейдiң сұп-суық сұр шек­пенiне қайтадан кiретiн түрiмiз бар.
Егерде “ЕврАзэс”-ке қол қойып, Евразиялық парламент, ортақ валютаға көшетiн болсақ, онда тәуелсiздiкпен қоштасатын күн туатынына мен күмән келтiр­меймiн. Бұрын да орыстардың бiздi отарлау саясаты экономикамен басталып, саясатпен аяқ­талған болатын. Бiз сорлағанда осыдан сабақ ала алмадық қой.
– Сонда сiз әлi де ұлттық тәуелсiздiктi ұлттық идеологияның туы етiп көтеру керек демексiз бе?
– Дәл солай!
– “Мәңгiлiк ел” идеясы ежелден бар. Тарихта бұл өзi қандай ұғым, нендей мағына бередi, қайдан шыққан? Осы жөнiнде айтсаңыз...
– Ұлттың, халықтың өсу, өр­леу, сонымен бiрге құлдырау кезеңдерi болады. Ұлттың өрлеу кезеңi басталғанда ел iшiнде ендi қайтып құлдырамайтындай көрiнетiн бiр оптимистiк сезiм пайда болады. Мұны Л.Н.Гумилев те растайды. “Мәңгiлiк” идея­сы – осындай кезеңнiң туындысы. Әлемде бұл туралы дерек көп. Утопист Т.Кампанелла өзi­нiң “Күн қаласының” мәңгiлiгiне сенген. Римдiктер шарықтап тұрған шағында өз астанасын “Мәңгiлiк қала”, ал көк түркiлер өз мемлекетiн “Мәңгi ел” деп атады. Бiрақ өкiнiшке қарай, мұның бәрi де мәңгiлiк бола алмады. Өйткенi әр нәрсенiң бастауы, шарықтау шегi және құл­ды­рауы болады. Бұл – танымдық, диалектикалық заңдылық. Оны айналып өту мүмкiн емес. 
– Түркiлердiң “Мәңгi ел” идеясына тоқталсаңыз?
– Түркi-моңғолдар Ғұн державасы ыдырағаннан кейiн бiрде жоужуанның, бiрде сәнбидiң, ендi бiрде қытайлардың бодандығында болды. Әрбiр тайпа өз алдына ел болуды армандады. Сол үшiн күрестi. Түркiлердiң дулағат (дулат) тайпасынан шыққан Бумын қаған Темiршiлер көтерiлiсiнiң нәтижесiнде жоу­жуанды, ұйғырларды жеңiп, 552 жылы өз алдына мемлекет құрды. Мемлекет “сиырдың бүйрегiн­дей” ала-құла тайпалардан құ­рал­ғандықтан, жаңадан құрылған жас мемлекеттiң де келешегi бұлыңғыр едi. Бумын қаған осы бұлыңғырлықтың орнын толтыру үшiн мемлекетiн “Мәңгi ел” деп, өзiн Ел-хан деп атап, “Мәңгi ел” идеологиясын алға тартты. Өкi­нiшке қарай, сөйткен түркi елi 38 жыл ғана салтанат құрды. Одан кейiн табғаштарға “түркi­лердiң бек ұлдары құл, ару қыздары күң болды”. Тек 690 жылы, яки 50 жылдан кейiн Құтлық Елтерiс хан түркi жұртын табғаштардың құлдығынан құтқарып, Шығыс түркi қағанатын құрды. Бұл мемлекет те бар-жоғы 55 (690-745) жыл өмiр сүрдi.
Иә, кейiнiрек түркi, моңғол ұрпақтары империя құрғаны рас. Бiрақ олар ұлыс, қағанат деп аталып, “ел” атауы тарих қойнауында қалып қойды.
Қидан, тұңғыс, моңғолдар да әу баста түркiлер салған жолмен “мәңгiлiк ұлыс”, “мәңгiлiк ел” құрмаққа әрекеттенiп көрдi. Мәселен, қидандар моңғол, түр­кi, шүршiттердi бағындырған соң, 917 жылы мемлекет құрды. Олар күмiстi “мәңгi” деп сенiп, өз елiн “Күмiс елi – Sidany” деп атады. Бiрақ бұл “мәңгiлiк” бар бол­ғаны 208 жылға ғана созылды. 1125 жылы қидандарды шүршiт­тер(маньчжуриялықтар) басып алып, өз мемлекетiн құр­ды. Олар “күмiстi тат басады, тек алтын ғана мәңгi” деп сенiп, өз елiн “Алтын елi” (Цжин) деп атады. Цжин мемлекетiнiң кү­шейгенi соншалық, 1646 жылы Қытайды басып алды. Ақыры қытайға билiк жүргiземiз деп жүрiп, өздерi қытайға бiржолата сiңiсiп кеттi де, тарихтан “шүр­шiт” деген ұлт та, “Алтын елi” деген “мәңгiлiк” мемлекет те мәңгiге жойылды.
– Баспасөз беттерiнде “Мәң­гi ел” дегенiмiз “моңғол” деген атау екен-мiс деген пiкiр де айтылып қап жүр. Бұл жайында не айтар едiңiз?
– “Моңғол” деген атау тарихта Х-ХI ғасырлардан берi белгiлi. Атаудың түрлi нұсқалары бар. Солардың бiрi – “Моңғол” деге­нiмiз “Мәңгi ел” деген сөзден шыққан” делiнетiн пiкiр. Бұл пi­кiрлердiң негiзi жоқ емес. “Мәң­гi” деген сөздiң мағынасы түркi тiлiнде де, моңғол тiлiнде де бiрдей. Моңғолдар “мәңгi” де­гендi “Mоngke” дейдi. “il” дегенi – “ел” деген түркi, моңғолға ор­тақ атау. Екеуiн қоссаңыз “Mongke il”, немесе “Моңғол” бо­лып шығады. Моңғолдар өзде­рiн қазiр де “Мөнх тэнгэрийн орон” (Мәңгi тәңiр елi) деп атайды. Шыңғыс хан 1206 жылы өз мемлекетiн құрғанда елiн “Jeke Mongol ulus” (Ұлұғ Моңғол ұлы­сы) деп атаған. Қазiр де Моңғолия “Mongol ulusy” деп аталады.
– Қазақстан прези­дентi Атырауда халықпен кездесуi барысында “елiмiздi “Қазақ елi” деп атауға мүмкiндiк бар. Мысалы, моңғолдар өз мемлекетiн тек “Моңғол” деп атайды ғой” деген едi...
– “Ел” төңiрегiнде менiң әлi де айтарым бар. Ал Моңғолияның жаңа атауына келетiн болсақ, өз басым Моңғолияның жаңа атауының куәгерi әрi авторларының бiрiмiн. Бұл ел 1924-92 жылдары “Республикалық Моңғол Ха­лық ұлысы” деп аталды. Мен Моңғолия Парламентiнiң орынбасары әрi Конституциялық комиссияның орынбасары болып жүр­ген кезiмде бiр топ азаматтар бiр­лесiп, Парламентке мәселе қо­йып, қызу пiкiрталас нәтиже­сiн­де мемлекеттiң ежелгi “Моңғол ұлысы” атауын қайта өмiрге әкелген едiк. Бұл атаудың 800 жылдан астам тарихы бар. 
– “Ел” де бiздiң төл атауымыз емес пе? Оны неге жаңғыртпасқа?
– Жо-о-қ, тарихтың бұл са­уалға беретiн өз жауабы бар. Орта ғасырларда Орталық Азия­да ел, ұлыс, хандық деңгейiне көтерiлген 40-қа жуық субъект тарихтан жойылып кеттi. Жойылмағандары басқаша аталды. Қазақ халқы, Қазақ мемлекетi – осы өзгерiстердiң бiр кезеңiнiң жемiсi. Қазақ мемлекетi ұлыс, орда, хандық атанғаны болмаса “Ел” атанған емес. “Ел” дегенiмiз – “тайпалар бiрлестiгi” деген ұғымды бiлдiретiн ортағасырлық атау. Ал бiз бүгiн ХХI ғасырда өмiр сүрiп отырмыз. 
– Жуықта “Хабар” телеарнасында болған басқосуда бiр ағайын “Мари-Ел” деген ел бар ғой деп жатты. Бұған қалай қарайсыз?
– Мари-ел – жеке ел емес, Ресейдiң бiр провинциясы ғана. Оны бүгiнгi Қазақстанмен теңес­тiруге болмайды.
– “Қазақ елi” деген пiкiр қазiргi күнi халықтың қызу қолдауына ие болып отырғандай...
– Әрине, бұл пiкiрдi азамат ретiнде мен де қолдаймын. Қазақ мемлекеттiлiгi идеясы – халықтың көкейiнде әбден пiсiп-жетiлген ой-арман. Бiрақ бүгiнгi жағдайда бұл ұсыныстың жуық арада орындала қоятынына өз басым аса сенiмдi емеспiн. Егер орындалатын күн туса, мемле­кеттiң атауын “Қазақ елi” деп емес, “Қазақ республикасы” деп атаған дұрыс қой деп ойлаймын.
– Неге?
– “Ел” деген атау – мемлекеттен гөрi, халық, жұрт дегенге жақын ұғым. Бiз қазақтар бiр-бiрiмiзбен танысып жөн сұрас­қанда “қай елсiң?” деп жатамыз. Оған келесi жақ “арғынмын, дулатпын, найманмын немесе кереймiн” деп жауап берiп жатады. “Ел аман, жұрт тыныш па?” деген сауалдар да ауыл-аймақтың амандығын бiлдiредi. Ал мемлекет дегенiмiз – қазақ халқының, оның рулық, аймақтық топтарының барлығына ортақ ұғым.
Республика(Res publica) – Цицерен дәуiрiнен келе жатқан, ұзын-ырғасы 2200 жылдық тарихы бар, мемлекеттiлiктiң әлемге аян ортақ атауы. Бүгiнгiнi қоя тұрғанда, сонау Кеңестер Одағы кезiнде бiз “Советтiк Социалис­тiк Қазақ республикасы” атандық емес пе?! Тәуелсiздiктiң алғашқы кезеңiнде-ақ “stan” (отан) деген парсы сөзiн қоспай-ақ, “Советтiк социалистiк” деген сөздердi алып тастаған болсақ, бүгiнгiдей қоян-бұлтақ тумас едi.
Бүгiндерi әлем елдерiнiң 55-56 пайызының атауы – Республика. Одан ұтылып жатқан ешкiм жоқ. “Республика” атауы Қазақ мемлекетiнде тұрып жатқан басқа ұлт өкiлдерiне де жат емес.
– Мемлекеттiң атауын өзгерту қалай шешiлуi керек деп ойлайсыз?
– Бұған тек конституциялық шешiм керек. Ол үшiн мәселенi жалпы халықтың талқылауына салып, референдум өткiзу қажет деп ойлаймын. Ұлттық идеология мәселесi тек бiр жолдауда (жолдау иесi мың жерден ұлт көшбасшысы болса да!), бiр адамның айтуымен шешiле салатын мәселе емес. Ол – халықтың талдауын, таңдауын талап ететiн өте өзектi, аса маңызды мәселе.
– Әңгiмеңiзге рақмет!
 
Әңгiмелескен
Әмiрхан Меңдеке.
 
"Жас Алаш" газеті
0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963