Дегдар ғалымның даналық дариясы
Ұлттық тіл білімінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, қазақ тіл ғылымында диалектология, лексикология, әдеби тілдің тарихын зерделеп, ғылымның сара жолына зиялы ғұмырын, ғалымдық жігерін, ұстаздық ұлағатын арнаған көрнекті тұлғалардың бірі – Ғабдолла Қалиев.
«Ғабдолла Қалиұлы адамдықтың, тазалықтың белгісіндей» деп өз замандасы академик С.Қирабаев айтқандай, жаны жайдары, әрқашан әділдіктің ақ туын көтеріп, пенде мен ғалымға тән тазалықты жаны ерекше сүйетін. Дегдар ғалымның есімі тек елімізге ғана емес, өзге елдерге де танымал. Ғалымдық, ұстаздық, атпал азаматқа тән құнды қасиеттерді бойына сіңірген әрі ерінбейтін еңбекқор, тәжірибелі жетекші, іскер ұйымдастырушы болды.
Диалектология саласын егжей-тегжейлі зерттеп, қазақ тіл білімінің ілгері дамуына еселі үлес қосып келе жатқан қаламы жүйрік, зердесі биік аға буын өкілі. Сергек саналы ғалымның шығармашылық шеңбері кең, ауқымды, әр алуан. Ол танымал ғалым Сәрсен Аманжоловтың тілдегі диалектілікті топтау теориясын әрі қарай дамытты.
Өмір деректеріне назар аударсақ, Ғабдолла Қалиұлы Қалиев 1929 жылы 17 қыркүйекте қазіргі Абай облысы, Ақсуат ауданында дүниеге келген. Ақсуат ауданындағы орта мектепті бітірген соң 1945-1949 жылдары Н.К.Крупская атындағы Семей педагогика және мұғалімдер институтында оқыған. Институтты үздік дипломмен тәмәмдап, аспирантураға оқуға жолдама алып, 1950-1953 жылдары Абай атындагы Қазақ мемлекеттік педагогика институтында (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ – автор) қазақ тілі мамандығы бойынша аспирантурада оқыған. Осы кезеңнен бастап, Ғ. Қалиұлының нағыз ғалымдық даңғыл жолы басталады.
1954 жылы қазақ тіл білімі ғылымының негізін қалаушылардың бірі, лингвист ғалым, белгілі түрколог профессор С.Аманжоловтың жетекшілігімен «Арал говорының кейбір ерекшеліктері» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, сол жылы әрі «Қазақстанның ауыл шаруашылығы» журналында әдеби қызметкер болып қызмет істейді.
Тілші ғалым ретінде Ғ.Қалиевтің есімі ғылым әлеміне ерте әрі кеңінен танылды. Ол диалектілік ерекшеліктерді қазақ тіл білімінде алғаш рет говорлық деңгейде зерделеп ғылыми мәні терең еңбектер, қазақ тілі тарихы, диалектологиясы салаларына арналған еңбектер мен оқулықтар жазды.
Жалпы халықтық емес тіл белгілерінің кез келгенінде жеке элемент сипаты болуы мүмкін, бірақ кез келген жеке элемент диалектінің, болмаса говордың өзіндік ерекшелігін көрсететін айырым белгі бола алмайды. Мысалы, «ж» әрпінің орнына «дж» деп айтылуын (жігіт – джігіт, жақсы – джақсы, жол – джол) қазақтың жалпы халықтық тіліне, әдеби тіліне тән болмағандықтан, жалпы халыққа ортақ сипаты жоқ жеке элемент деуге болады. Бірақ бұл ерекшелік Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл облыстарында, Оңтүстік Қазақстан, Семей (қазіргі Абай обл.) облыстарының кейбір аудандарында, Қазақстаннан тыс Қосағаш (Ресей, Алтай өлкесі), Монғолия, Қарақалпақстан қазақтарының тілінде кездесетіндіктен, ол жерлердегі говорлар үшін ортақ сипатқа ие болған. Сүйте тұра, ж//дж әрі жеке, әрі ортақ құбылыс саналады, бірақ айырым белгілік сипаты жоқ.
Ізденімпаз ғалым Ғ.Қалиевтің ғылыми зертханасында қазақ тілінің диалектологиясына арналған зерттеулер басты орын алады. Ол қазақ диалектологиясы бойынша кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғап, сан алуан ғылыми мақалалар жариялады, оқулықтар жазды, диалектологиялық сөздіктер жасауға қатысты. Зерделі зерттеушінің аталмыш саладағы кешенді зерттеулері қазақ диалектологиясының ғылым ретінде қалыптасуына еселі үлес қосты.
Тілші ғалым Ғ.Қалиұлының ұлағатты ұстаз ретіндегі биік болмысы, адамгершілік асыл қасиеттері өз алдына бір төбе. Оның әрбір сабағы әрбір келешек иесінің көңіліне үміт, бойына қажыр, қайрат, өмірге деген нық сенім сыйлап, үлкен өмірге қарай қырандай қанат қағуына себепкер болды. Өз мамандығының майталман шебері Ғ.Қалиев әрбір сабағына ерекше ыждағаттылықпен қарап, ынты-шынтысымен беріліп түсіндіретін. Тіпті басқа әлемге барып қайтқандай күй кешіп, әрбір сабағына бүкіл жан дүниесін, күш-қуатын салатын әдіскер ұстаз.
Профессор Ғ.Қалиев, ең алдымен, нағыз ұстаз бола білді. Ең алдымен дейтін себебіміз – өзінің ғалымдық, қайраткерлік жолдарының ешқайсысында да ол білім аудиториясын тастамаған, шәкірт алдын ұмытпаған шынайы ұстаз. Өмірінің ширек ғасырын дәріс оқып, білім беруге арнаған ғалым «ұстаздықтың – ұлы құрмет» екенін, «себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейтіндігін, болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіретінін» (Б. Момышұлы) жазбай таныды... Профессор Ғ.Қалиев әр ісінің нәтижесін нақты көрсетіп отыратын ерекше тұлға еді. Өзі дәріс жүргізген қай-қай пәннің болсын, бәрінің де дерлік (мәселен, «Жалпы тіл білімі», «Тіл біліміне кіріспе», «Қазақ диалектологиясы», «Қазақ тілінің лексикологиясы», «Қазақ әдеби тілінің тарихы») оқу-әдістемелік кешенін толыққанды дайындап, тиянақтап ұсынып отырды. Бұл ұстаз-ғалымның өз ісіне деген жауапкершілігін, адалдығын, шәкіртке деген мейірімділігін танытса керек. Ұстаз-ғалым жас мамандарға, шәкірт-ізденушілеріне кеңес беруден жалықпайтын.
Ғ.Қалиұлы республика көлемінде қазақ тілінің тарихы мен диалектологиясы бойынша санаулы саңлақтардың санатында тұрады. «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі», «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», «Орысша-қазақша сөздік», «Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі», «Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі» сияқты іргелі басылымдарды атқарушылардың бірі болды. Ол «Қазақ диалектологиясы», «Қазақ диалектологиясы. Практикум», «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы», «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (хрестоматиясы мен практикалық курсы), «Қазақ тілі курсының лексикология және фразеология бөлімдері бойынша лабораториялық жұмыстар», «Жаттығулар жинағы», «Жалпы тіл білімі» сияқты орта және жоғарғы мектеп үшін оқулықтар жасауға белсене атсалысты.
Профессор Балтабай Әбдіғазиұлы дарабоз ұстаз жайлы: «Шын түсінген адамға Ғабдолла аға іші асыл қазынаға толы «сыр сандық» болатын. Тек кілтін таба біл. «Сыр сандықты ашып қара, ашып қара жырласын» деп Сәкен ақын айтқандай... Ғабдолла аға ашылады. Қазынасын жайып салады. Тыңдаушысын өзіне барған сайын тарта түседі» деген еді.
Қажырлы ғалымның 1954 жылы «Арал говорының кейбір ерекшеліктері» деген тақырыпта қорғаған кандидаттық диссертациясында Арал маңындағы қазақтардың тілінде кездесетін дыбыстық, лексикалық, грамматикалық ерекшеліктер қазақ әдеби тілімен және бірқатар қыпшақ тілдерімен қатар салыстырыла отырып жан-жақты талданған. Арал говорының қазақ тіліндегі диалектілермен өзара қарым-қатынасы мен ерекшеліктері тереңнен зерделенген. Ғылыми еңбек қазақ диалектологиясын говорлық деңгейде зерттеудегі алғаш қорғалған диссератция болып, ғылыми қорды байыта түсті. Диссертацияны кешенді зерттеп жазуына кезінде ардақты ұстазы С.Аманжоловтың Арал бойының диалектісін зерттеуді тапсырып, оны Қызылорда, Ақтөбе облыстарының диалектісін жинайтын экспедицияға жіберуі, екі-үш жыл бойы Қазалы, Қармақшы, Арал, Шалқар, Ырғыз аудандарын аралаған экспедицияны басқаруы үлкен көмегін тигізді. Ғылыми ой-сараптамаларын санада жүйелеп, экспедицияда дереккөздерін дәлдікпен жинап, тәжірибеде жүзеге асырып, кейіннен аталмыш тақырыпты кең ауқымды докторлық диссертацияға ұластырды. Ғалымның еңбектері қазақ тілінің өзекті салаларына, атап айтқанда, әдеби тілдің тарихы, диалектология, лексикология тағы басқа көкейкесті мәселелеріне арналған.
2004 жылы ғылымдағы парасатты ұстазы, ұлттық тіл білімінің тарланы С.Аманжоловтың «Қазақ тілі диалектологиясы және тарихының мәселелері» еңбегін қазақ тіліне аударды. Бұл әрекеті ұстазына деген асыл құрметтен болса, екінші жағынан алғанда, қазақ тілі білімі деген алтын орданың іргесін бекітіп, қосқан қомақты үлесі, қазақ руханиятына деген жанашырлығы деп білеміз.
Талабы таудай ізденімпаз ғалым Ғ. Қалиұлы мұнымен де тоқтап қалмай, бұл тақырыпқа «инемен құдық қазғандай» терең бойлап, диалекттілік сөзжасам ұлттық сөзжасам жүйесінің бір саласы ретінде зерттеп, ұлттық тіл құрамына кіретін халықтық говорлардың сөзжасамындағы заңдылықтары мен ерекшеліктерін ашып көрсетті. Қазақ тіліндегі әрбір сөз тудырушы форма мен амал-тәсілдің говорлардағы сөзжасамдық сипаты, сөзжасамға қатысты типтердің говорлардағы қызметі жете талданып, сол арқылы халықтық тіл байлығының жетілу, толығу жолдарын анықтады. Аталған еңбек түркі диалектологиясын зерттеудегі тың бағыт, соны соқпақ әрі салмағы ауыр сүбелі еңбек болып бағаланды. Бұл жайында тілші ғалым Ғ.Қалиевтің өзі: «Қазақ диалектологиясында диалектілік лексика жайында бірқатар зерттеу барына қарамастан, оның қыр-сыры әлі толық ашылған емес. Қазақ тілінде диалектілік лексиканың молдығы сондай, онан лексикаға қатысты мағыналық, болмаса сөз құрамына байланысты категориялардың бәрін де табуға болады. Тіліміздегі диалектілік синоним, омоним, антоним, көп мағыналық, болмаса, диалектілік сипаттағы неологизм, архаизм, кірме сөздер, тұрақты сөз тіркестері т.б. тұтас алынып, толық зерттелген жоқ. Осының бәрі диалектілік лексиканы зерттеудің тек қазақ диалектологиясы үшін емес, бүкіл қазақ тілі лексикасының қазіргі және бұрынғы даму жайын, сол арқылы жалпы түркі тілдерінің лексикасын терең түсінуде аса маңыздылығын көрсетеді» деген еді.
Диалектолог ғалым республикалық ғылыми журналдар мен жинақтарда қазақ диалектологиясының өзекті мәселелері жайында көптеген зерттеу мақалалар жариялады. Қазақ әдеби тілінің тарихы, қазақ тілінің тарихы, лексикология, жалпы тіл білімі салалары бойынша оқу құралдары мен көптеген мақалалар жазды. Говорлар жүйесін зерттеуге байланысты мәселелер оның: «Вопросы языкознания» журналында (Мәскеу, 1980, №4) жарияланған «Проблемы изучения системы говоров (на материале казахских говоров)» мақаласында, қазақ говорларындағы диалектілік сөзжасам мәселелері «Советская тюркология» журналында (Баку, 1983, №5) жарияланған «Проблемы изучения диалектного словообразования в казахских говорах» мақаласында зерделенеді. Оның қаламынан қазақ тіл білімі мәселелері жайында үш жүзге жуық еңбек жарық көрді, оның 35-і монографиялық еңбектер, оқулықтар, оқу құралдары, сөздіктер, типтік бағдарламалар. Тілші ғалым Ғ.Қалиевтің лексикографиялық еңбектері өз алдына жеке бір әлем десек артық айтқандық емес.
1960 жылы студенттерге арнап қазақ тілінде диалектологияның тұңғыш оқу құралын жазған. 1969, 1996, 2005 жылдары диалектология саласы бойынша аймақтық сөздіктер жасауға белсене араласты. Студенттер үшін қазақ тілінің лексикологиясы, диалектологиясы, әдеби тіл тарихы, жалпы тіл білімінің оқулықтарын жазды. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жарық көрген «Қазақ әдеби тілінің сөздігін» (15 том) жасаушылардың бірі. Ғылымға адал, ғибратты ғалым Ғ.Қалиевтің жетекшілігімен 12 ғылым кандидаты, 2 ғылым докторы дайындалды. Білім-ғылым-тәрбие сында сакральды құндылықты насихаттап, қазақ руханияты үшін сіңірген еңбегі үшін көптеген мемлекеттік марапаттармен марапатталды, 2003 жылы «Қазақстан ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін иеленді.
Тілші алым Ғ.Қалиев қазақ тілінің күрделі сөздіктерін жасауға да белсене араласты. ҚР ҰҒА А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұсынысымен 2005 жылы жарық көрген «Орысша-қазақша сөздіктің» (3-басылым) жасаушылардың бірі. Ғалымның авторлығымен 2005 жылы «Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі» басылып шықты.
Тілші ғалымның ғылыми-шығармашылық және қоғамдық алдындағы қайраткерлік қызметінің өтеуі, әрине, қоғам, мемлекет тарапынан өтеліп, түрлі марапаттарға ие болды. Ғалым-ұстаз «Қажырлы еңбегі үшін» медалімен (1970), «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуда сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен (2003), Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде еңбек майданында атқарған қызметі үшін мерейтойлық медальдармен, «Оқу-ағарту ісінің үздік қызметкері», «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен (1986) марапатталып, еңбегі жанды. 2005 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жетекші ғалымы атағы берілсе, 2010 жылы «Ерен Еңбегі үшін» төсбелгісін иеленді.
Сөз соңын көрнекті ғалым Балтабай Әбдіғазиұлының мынадай келелі пікірімен түйіндесек: «Абай есімін иеленген университетке сонау елуінші жылдары келген Ғ.Қалиев, С.Қирабаев, Н.Ғабдуллин сынды ұстаздарымызды біз кешегі алаштың арыс ұлдары А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, С.Аманжоловтардың ағалық жолын жемісті жалғастырып, ұлы дәстүрлер эстафетасын бүгінге дейін жеткізген қайраткер ұрпақтың өкілдері, асылдың сынығы ретінде танимыз, бағалаймыз! Құрмет тұтамыз! Өмір жолын өнеге етеміз!».
Тау тұлға, парасатты ғалым, қайраткер, өнегелі ұстаз қазақ тіл білімі саласының көрнекті өкілдерінің бірі, профессор Ғабдолла Қалиев өмір сүру қағидатында ғұмыр бойы мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек, тазалықты ту етіп көтеріп, қазақ қоғамына, ел руханиятына, қара орман жұртына құнды қазына қалдырған текті болмыс иесі.
Дегдар ғалымның даналық дариясынан сусындаған әрбір жан осындай асыл адамгершілік қасиеттер мен ізгілікті үйренетіні ақиқат!
Қ.О. Сейталиева
Абай атындағы ҚазҰПУ
Қазақ тілі теориясы және оқыту әдістемесі
кафедрасының аға оқытушысы;
Д.Мұхамадиев
Абай атындағы ҚазҰПУ
Академик С.Қирабаев атындағы
қазақ әдебиеті және оқыту әдістемесі
кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к.
Abai.kz