Жұма, 22 Қараша 2024
Мәдениет 2369 11 пікір 25 Қыркүйек, 2024 сағат 14:11

Бибігүл Төлегенова: Мен – өнердің құлымын!

Сурет Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды.

Таяуда, 22.09.2024 күні, Семей қаласында Қазақстанның және Кеңес Одағының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Абай облысының Құрметті азаматы, әнші Бибігүл Төлегенованың 95 жылдығы атап өтілді. «Қала күні» мерекесі де аталған сол күні, түс ауа әнсүйер қауым Абай театрына қарай ағыла бастады. Әсіресе, бала кезінен Бибігүлдің әндері, радиодан, мейлі, теледидардан естісін, құлағында жүретін, «апамызды бір көріп қалайық» деген егде адамдар көп, театр алды қарақұрым халыққа толы. Кештің басталуынан бір сағат бұрын келіп «Артық билеттеріңіз бар ма?» деп сұрап жүргендердің куәсі болдық. 

Сағат тура 17-00-де қаламыздың «Бибігүл» халық аспаптары оркестрі, белгілі тележүргізуші Дана Нұржігітқызы және осы кештің басты кейіпкері Бибігүл Төлегенқызы керемет безендірілген театр сахнасы төріне жайғасты. Дана ханым  1929 жылы 16 желтоқсанда Семей қаласында дүниеге келген әйгілі әншінің қысқаша өмірдерегін жеткізді, сондай-ақ, опера әншісі ретінде әлем елдеріне турнесі түсірілген деректі киноленталар көрсетілді.

Ән кешінде отандық және шетелдік композиторлардың операларынан ариялар, халық әндері, романстар, оркестрлік шығармалар орындалды. Атап айтқанда, мәдениет саласының үздігі Нұрбек Өмірбеков, республикалық конкурстардың лауреаттары Әйгерім Тоқтыбаева мен  Әйгерім Әшірова өнер көрсетті. Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Майра Ильясова, Толқын Забирова, Азамат Жылтыркөзов, Жұпар Ғабдуллина, Нұржан Бажекенов сынды өнер саңлақтары ән шырқады. Сезімді, сағынышқа толы әсем әндер, оған қоса, көзге жас үйіретін есті естеліктерден мейірім, махаббат бұлақтай ақты. Абай: «Әнді сүйсең, менше сүй» демекші, залдағы ән сүйер жұртшылық үнемі ду қол шапалақтап, қолдап отырды. Енді әсерлі кештің егжей-тегжейіне ауысып, кейбір тұстарына оқырман назарын аудармақпын.

Сурет Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды.

Қазақтың бұлбұлы атанған әншінің салтанатты кешін облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев ашты. «Бүгін руханияттың ордасы Семей қаласында ерекше күн. Қазақтың шоқ жұлдызы, әлемге әйгілі сопрано дауысының иесі Бибігүл Ахметқызы Төлегенованың мерейтойына арналған мерекелік концертке жиналып отырмыз. Аса қадірлі Бибігүл Ахметқызы ғажайып даусыңызбен қазақ ән өнерін биікке көтеріп, ұлттық мәдениетіміздің асыл мұрасын әлемге танытуда қосқан үлесіңіз елден ерен. Сізге мықты денсаулық, баянды ғұмыр тілейміз», - деді облыс әкімі. Аймақ басшысы сөздің майын тамызып, шыны сол, түбін түсірді. Қарапайым да шынайы жылы лебіздерімен залда отырған жұрттың жүрек дүрсілін дөп басты. Апамызға оқалы шапан жауып, гүл шоғын табыстады.

Сурет Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды.

Айтайын дегенім бұл емес, түгелі дерлік қазақтар отырса да «Енді баршаға түсінікті тілде бір-екі ауыз сөз қосайын» деп сызыла қалатын қанға сіңген машығымыз ғой.  Соның сеңі сөгілді. Яғни ана тілімізді менсінбейтін желөкпе шіркіндер мен екі тілде сөйлемесе атынан түсіп қалатындай зәре-құты қалмайтын шенеуніктер жақсы сабақ алды. Өйткені, Нұрлан Тельманұлы тек қана қазақша сөйледі. Қасқайып тұрып.  Осы бір иненің жасуындай ғана уақиғаға «Ой, азаматым-ай, тусаң ту, бұл күнге де жеттік-ау» дедік, іштей тындық, қуандық.

Енді концертке келейік. Оның бірінші бөлігі Бибігүл 1960-шы, 1970-ші жылдары шырқаған әндердің хит-парады сияқтанды. «Бұлбұл», «Гәкку», «Махаббат вальсі», «Алматы көктемі», «Ахау, Семей», «Туған жер», «Құсни-Қорлан», «Қазақ вальсі» сияқты ескірмейтін ретро әндер халықаралық байқаулардың жеңімпазы болған жас әншілердің орындауында құлақтың құрышын қандырды. Кештің екінші бөлігіне Бибігүл апамыздың ұстаздық қызметі өзек болды. Әріптес сіңлісі Майра Ілиясова және Азамат Жылтыркөзов пен Толқын Забирова бастатқан жеті шәкірті кез-кезімен сахнаға шықты.

Концерттің өзіндік ерекшелігі – әншінің бір сүйікті әнін орындап болған шәкірттің ұстазымен сұхбаттасуы болды.  Кәсіби тележурналист, продюсер Дана оның ойқастап озған жүйрігі екені белгілі. Әңгіме көрігі қызған сайын жұртшылық Бибігүл Төлегенқызының қилы тағдыры мен адамдық келбетіне қаныға түсті. Мысалға әншілік қарым-қабілет маған әкем Ахметтен дарыған, ноғай қызы, шешем Майнұр да құралақан емес, татар әндерін керемет салатын деді. Семейде партия қызметкері болған, 1937 жылы Алматыдағы партшколды үздік бітірген өте алғыр, жігерлі Ахмет Катон-Қарағай ауданына райкомның бірінші хатшысы сайланған. Сол қызметінде «халық жауы» деген жаламен ұсталып, 1938 жылы Алматы қаласында атылған екен. Жеті баласымен жесір қалған Майнұр жеңгеміз Семейге әрең жетеді. Ет комбинатына өзі, балалар ішіндегі елгезегі Бибігүл де жұмысқа орналасады. Сөйтіп, 12 жасымнан 17 жасқа шекті қара жұмысшы болдым, менің тағдырымды екі адам өзгертті деді әнші. Біріншісі – Семейге жер аударылып келген Маркс пен Энгельс туралы кітаптың авторы Галина Серебрякова, екіншісі – атақты композитор Ахмет Жұбанов екен. Көп жылдар қуғын-сүргінде жүрген жазушы Галина: «Сенің дауысың ерекше, мен сені бір жыл дайындап, Мәскеуге арнау хат жазып, консерваторияға түсуге көмектесем» деген екен. Сол 1948 жылы Алматыда өткен жұмысшы жастар байқауына қатысқан ғой. Еврей қызы Галинаның көмегімен дайындаған опера әнімен жұртты таң-тамаша қалдырады. Комиссия мүшесі Ахмет Жұбанов: «Сені консерваторияға түсірем, Алматыда қал» деп қатты қолқаласа да, «Жоқ, мен Мәскеуге барам» деп көнбедім дейді әнші. Семейге қайтып келсем, ұстазым Галина жоқ, басқа жаққа жер аударып жіберіпті. Егер Галина Серебрякованы «үш әріп» алып  кетпесе, мен Мәскеуден бір-ақ шығып, сол жаққа сіңіп-ақ кетер ме едім, кім білсін деп күлдіре отырып, мені өнердің құлы қылған тағдырыма мың мәрте ризамын деді. Міне, осы ыстық  естеліктерді төгілте айтқан, тізесін баса алмағаны болмаса, жады сол қалпындағы апайды сергек, тың әлі демей көр. Классикалық әншілік биікті бағындырған шәкірттері «екінші анамыз болды» десіп, алғыстарын жаудырды. Апамызды атағы жер жарған Димаш Құдайберді де пір тұтады екен.

Сурет Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды.

Димаш сияқты жақсы әнші болуға не керек? Жүргізуші Дана қойған осы сұраққа Бибігүл апай: «Бірінші - дауыс, екінші - дауысты ашып, дамытатын ұстаз, үшінші – әншінің еңбекқорлығы керек» деп ойланбастан жауап берді.

Рухани кештің тартымды, қызғылықты болғаны соншалықты уақыттың қалай өткенін аңғара алмай қалдық. Кеш соңында мерейтой иесі «Менен қазір ел ән күтпейді, бата күтеді» деп күлдіріп алып, мән-мағынасы келіскен аналық батасын берді. Залдағы жұрт аяғынан тік тұрып, қошамет көрсетті.

Театрден шыққанда көрдік, Орталық алаңда ине шаншар жер жоқ, халықтың көптігі сондай, жиналған жұрт теңіздің толқыны сияқтанды. Біз сөз еткен театр ішіндегі концертті сырттағы жұртшылық үлкен экраннан тамашалаған екен. Сөйтіп, туған жерінің шексіз махаббаты мен ыстық ықыласына бөленген Бибігүл Ахметқызының тойы салтанатын Қала күні мерекесі асқақтатып, жарқырата түсті. Көне Семей шаһарында жақсы ойластырылған рухани шараның бірі осылайша сәтімен өтті.

Асан Омаров

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5259