Сәрсенбі, 4 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 2675 0 пікір 1 Қазан, 2024 сағат 14:01

Шыңжаң газетінің қилы тағдыры мен тарихы

Суреттер автордың мұрағатынан алынды.

Бүгін Қытай Халық Республикасының құрылған күні. Мау Зыдұң (Мао Зыдоң) басшылық еткен коммунистер Жиаң Жиеші (Чан Кейши) басшылық еткен Гоминдаң билігімен тау асып, су кешіп, кейде аш, кейде тоқ жүріп, кедей диқан-шаруалардың қолдауымен  30 жыл аса қиянкесті шайқастар жүргізіп, жеңіске қол жеткізген комммунистік биліктің тәуілсіздік жариялаған күні. 1949 жылы 1-қазаннан бері есептесек, бұл биліктің дәурен сүргеніне 75 жыл толып отыр. Айтпағым бұл емес тұғын. Осыдан 15 жыл бұрын Үрімжіде шығатын «Шынжаң газеті» мекемесінің басшыларының бірі, журналист, редактор Әділ Семейқанұлымен кездесіп әңгімеде болғаным бар еді.

Биыл Қазақстанда жарияланған ақпараттарға сенсек, өкінішке орай, әріптесім, замандасым досым Ә.Семейқанұлының аты-жөнін Қытайда тұтқындалған 20 шақты қазақ зиялылардың тізімінінің ішінен көріп, жүрегім қатты ауырды, амал нешік! Олардың не септен теміртордың аржағына барғаны туралы нақтылы ақпарат бізге әлі жеткен жоқ. Бұл қандас бауырларымыз біреудің басын жарып, біреудің көзін шығарып немесе біреудің алажібін аттап кетіп қамалмағанына сенімім кәміл. Құдай жеңілдігін беріп, осы жала-пәледен аман-есен құтылып, отбасыларына оралуына шын жүректен тілектеспін!

Журналист, редактор Әділ Семейқанұлы қызмет үстінде.

Осыдан 15 жыл бұрын «Шыңжаң газеті» 60 жылдық мерей тойын тойлады. Ханзу, ұйғыр, қазақ және моңғол тілдерінде жарық көретін аталмыш басылым Қытай халқы мен коммунистік партиясының үнін естіртіп, жырын жырлалап келеді. Сол кезде Шыңжаңға барған сапарымызда «Шыңжаң газетті» қазақ тілші-редакторлар бөлімінің орынбасар меңгерушісі, белгілі журналист Әділ Семейқанұлына жолығып, басылым туралы сұхбаттасқан едік.

– Әділ Семейқанұлы, газет оқырмандарына әуелі өзіңізді таныстыра кетсеңіз?

– Мен Іле облысының Алтай аймағы, Көктоғай ауданы, Тұрғын ауылында 1965 жылы дүниеген келдім. Бастауыш пен орта мектепті ауылда бітіріп, 1983 жылы Қашқар педагогикалық институтына оқуға түстім. Екі жыл оқығанан кейін, 1985 жылы Шыңжаң университетінің әдебиет факультетіне ауысып, ақпарат мамандығын ұйғыр, ханзу тілінде оқыдым. 1989 жылы «Шыңжаң газеті» қазақ редакциясына жұмысқа тұрдым. Қазір қазақтілші-редакторлар бөлімінің орынбасар меңгерушісі болып қызмет атқарамиын.

Мен ұлт мәдениеті мен әдебиеті, қоршаған орта ахуалы, қоңыр аңдар тағдырына көп қалам тартып жүрген журналиспін. Осынау 20 жылдан бері талай дүние жазылды «Еврейді айтайын, қазекем де қалмасын», «Кәрестердің өзімшілік рухы салған ой», «Ананың көз жасы немесе кірекейге бір дауыс», «Қорықтан шыққан мылтық үні», «Шошимын кейінгі жас балалардан...», «Кілт есіме түскені», «Шоқиып отырғанан шойнаңдап жүрген артық», «Ақындар айтысы – бүгін және ертең», «Орхон ескерткішіндегі байырғы ақпараттық үлгілер» деген секілді туындыларымды оқырмандар жылы қабылдады, әрі олар мемлекеттік, өлкелік сыйлықтар алды. Мәселен, «Еврейді айтайын, қазекем де қалмасын» атты мақалам мамандар тарапынан «Қазақ тануды тереңдеткен туынды» деген бағаға ие болды. Бүгінгі күнге дейін 300-ге тарта хабар, мақала, очерк, эссе, әдеби сын, ақпараттық зерттеу еңбектерінің авторымын.

2008 жылы «Ұстаз – шәкірт үндестігі» деген ғылыми зерттеу мақала жазып, Семей қаласында Шәкәрім Құдайбердіұлының 150 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференциясына қатысып қайттым. Бұл мақала «Шәкәрім ғибраты» атты кітапқа енді. Қысқасы, мен баспасөз бен өнер саласына өз әлімше атсалысып жүрген адаммын. Қаншалықты қалай жаздым, бұл туралы өзімнен гөрі өзгелердің айтқаны дұрыс.

– Өзіңіз атсалысып отырған «Шыңжаң газетінің» тарихына тоқтала кетсеңіз?

– «Шыңжаң газеті» – төрт тілде шығатын партияның үні. Сонымен қатар Қытайдың өзге өлкелерінде жарық көріп жатқан баспасөздерде кездесе бермейтін үлкен даралығымен өзгеше. Бұл жалғасып келе жатқан дәстүр сабақтастығынан болса керек деп ойлаймын.

– Сонда қандай дәстүр сабақтастығын айтқан болар едіңіз?

– Бұл сұрағыңызға толыққанды жауап беру үшін «Шыңжаң газетінің» тарихын әріден бастауға тура келіп тұр. Газеттің 1949 жылғы ел азаттығынан бұрынғы Гоминдаң өкіметі билік жүргізген кезеңде де шыққанын ескерсек, жалпы, оның «Шыңжаң газеті» деп аталып шыға бастағанына 70 жылдан асты. Ал, Қытай компартиясының шынайы үніне айналғанына 60 жыл толды. Енді тарихқа көз жүгіртіп көрелік. 1935 жылы 3-желтоқсанда «Шыңжаң газетінің» ханзу тіліндегі тұңғыш нөмірі жарық көрді. Ал 1936 жылдан бастап ұйғыр, қазақ тіліндегі сандары жарық көре бастады. Ханзу, ұйғыр, қазақ тілдерінде шығып жатқан бұл газетке 1945 жылы мамырда орыс тіліндегі басылымы қосылып, бір жылға таяу уақыт жарық көріп, ол 1946 жылы 12-желтоқсанда жабылып қалады. Оның орнын 1950 жылғы 1-тамызда моңғол тіліндегі нұсқа басады.

«Шыңжаң газетінің» ханзу, ұйғыр, қазақ басылымдарынан бөлек Шыңжаңның алты әкімшілік аймағында бөлімшелері болған екен. Бұған алып қосарыңыз бар ма?

– Сіз дұрыс айтып отырсыз. 1936 жылдан 1939 жылға дейін Дихуадағы (Үрімжі бұрын осылай аталған) «Шыңжаң газетінің» ханзу, ұйғыр, қазақ тілдеріндегі басылымдарынан тыс бүкіл Шыңжаңның 6 әкімшілік аймағанда бөлімшелері құрылады. 1936 жылы Шыңжаң газеті мекемесі Іле, Алтай, Тарбағатай, Қашқар аймағында бөлімшелер ашады. Іле бөлімшесі – «Шыңжаң газетінің» ұйғыр, қазақ, ханзу, моңғол тілдеріндегі; Алтай бөлімшесі – қазақ, ханзу, моңғол тілдеріндегі; Тарбағатай бөлімшесі – ұйғыр, қазақ, ханзу, моңғол тілдеріндегі; Қашқар бөлімшесі – ұйғыр, ханзу тілдеріндегі газет шығарады.

Қазақ тіліндегі «Шыңжаң газетінің» төркінін 1934 жылы Үрімжіде жарық көрген «Тияньшан газетіне» апарар едік. Бұл – Қытай коммунистерінің қолдауы, қазақ зиялыларының талап-өтініші бойынша шыққан газет. Алғаш Қазез Нұрмұхамедұлы бас редактор, Зият Шәкәрімұлы, Назыр Омарұлы редактор болып жұмыс істеген. Бір жылдан кейін ханзу, ұйғыр тілдеріндегі «Тияньшан газетінің» аты «Шыңжаң газеті» болып өзгеруіне байланысты қазақ тіліндегі газеттің аты да «Шыңжаң газеті» болып өзгертіледі.

– Ол кездегі қазақ тіліндегі басылым бүгінгі «Шыңжаң газеті» секілді күнделікті газет болған ба?

– Жоқ, ол кездегі қазақ тіліндегі «Шыңжаң газеті» жұмасына бір, кейін екі рет, жүре келе күн аралап шығып тұрған.

Әділ Семейқанұлы «Шынжаң газетінің» қызметкерлері, бір бөлім әріптестерімен бірге.

Ұйғыр, қазақ тіліндегі «Шыңжаң газетінің» Үш аймақ (Іле, Алтай, Тарбағатай) ұлттық армиясын қолдағанын өзіңіз айтып отырған дәстүр сабақтастығының көрінісі ме?

– Жапон басқыншыларына қарсы күрес жеңісінің алды-артында Гоминдаңның Шыңжаңда тұратын армиясы Үш аймақ ұлттық армиясының сұрапыл шабуылына ұшырайды. Жияң Жиеші 1945 жылы қыркүйектеәскери істер комитеті саяси бөлімінің бастығы Жаң Жыжұңды Шыңжаңға жіберіп, Үш аймақ  уәкілдерімен бейбіт келісімге келуге мәжбұр болады. 1946 жылы 2-қаңтарда екі жақ 11 тармақты  «Бейбіт келісімге» қол қояды. Наурызда Жаң Жыжұң Гоминдаң әскери істер комитетінің бастығы, Батыс солтүстік әскери әкімшілік мекемесінің меңгерушісі, қосымша Шыңжаң өлкесінің төрағасы болады. Шілдеде Үш аймақ басшылары қатынасқан Шыңжаң бірікен үкіметі құрылып, Шыңжаңды бейбіт жолмен бірлікке келтірудің билік бағдарламасы мен Кеңес одағымен достасу бағыты алға қойылады. Алайда гоминдаңшылар күнесте көлкектеп, көмескіде өз білгендерін істейді. Үзбей Кеңес одағы мен Үш аймақ төңкерісіне қарсы әрекеттермен шұғылданады. Үш аймақ төңкерісін қолдау мен оған қарсы тұрудың шытырман күресі «Шыңжаң газеті» мекемесінің тынысында табиғи түрде бейнеленеді. 1946 жылы желтоқсанда Үш аймақ уәкілдерінің қатаң талабымен өлкелік өкімет ұйғыр, қазақ тілінде «Шыңжаң газетін» жеке шығару жөнінде қаулы алады. Сонымен бұрынғы ұйғыр, қазақ редакциясындағы барлық қызметкерлер баспа жабдықтарымен қоса Нанлиңға (көше аты) көшіп, өз алдына жұмыс жүргізіп, «Шыңжаң газетін» дербес шығара бастайды.

Сол кезде аталмыш газеттің басшылық қызметінде өзгерістер болды ма?

– Әрине, болды. Үш аймақ жағынан Ұйғыр Сайран мекеме бастығы, Қали Ысқақұлы орынбасар мекеме бастығы, Тұрсын Сырайыл (ұйғыр) бас редактор, Қали бас редактордың орынбасары болды. Қазақ, ұйғыр тілдеріндегі Шыңжаң газеті күнделік газетке айналып, бет саны молайтылып, ықпалы күшейтілді.

Үш аймақ билігі дербес шығарған «Шыңжаң газетінің» негізі мақсат-мүддесі не болып еді?

– Дербес шығарылған қазақ, ұйғыр тіліндегі «Шыңжаң газеті» Гоминдаңның Кеңес одағына қарсы, Үш аймақ өкіметіне қарсы тоңмойын күштермен күрес жүргізіп қалмастан, Мәсүт, Айса пантүркизмшілдермен де бел шеше күресті. Әрі Шыңжаңды бейбіт бірлікке келтіру мен ұлттар достығын қорғау принципінен танбады. 1947 жылы мамырда Мәсүт Шыңжаң өлкесінің төралығына, Айса бас хатшылығына тағайындалғаннан кейін газет мекемесі тіпті күрделі жағдайға дөп келеді. Қазақ, ұйғыр тілінде шығатын «Шыңжаң газеті» Мәсүтқа қарсы хабарлар мен шолуларды үзбей жарияласа, ал Мәсүт өлкелік өкімет атынан мұндай ақпараттарды басуға тиым салу бұйрығын түсіреді. Әуелі мекеме бастығы Ұйғыр Сайранды қысымға алу бұйрығын шығарып, жансыздарын қаптатып, газет қызметкерлеріне түрлі қастандық жасайды. Көп өтпей біріккен үкімет қол қойған «Бейбіт бітім» күшін жойып, Үш аймақ басшылары Құлжаға қайтарылады. Сонда да газетхананың бір топ қызметкерлері астыртын әрекет жасап, Үрімжідегі «Демократиялық жастар одағымен» бірлесіп, Гоминдаң кертартпашыларына қарсы үгіт қағаздары мен Үш аймақ төңкерісіне қатысты үгіт материалдарын редакциялап басты. Мәсүт дереу ұлты ұйғыр Болат Қадырды қазақ тіліндегі «Шыңжаң газеті» мекемесінің бастықтығына, Назырды (қазақ) орынбасарлығына, Өткірді (ұйғыр) бас редакторлығына тағайындайды. Сонымен газет бүкілдей Мәсүттің басқаруына өтіп, газеттің қоғамдық пікір беталысы бірден коммунистік партия мен Үш аймақ төңкерісіне қарсы бағытқа өтеді. Алайда газет бұрынғы беделінен айрылып, күнделік таралымы күрт төмендеп, нәбәрі 300-400 данаға түсіп қалады.

1949 жылы қаңтарда өлкелік үкімет қайта құрылып, Бұрхан төрағалыққа тағайындалады. Ұйғыр, қазақ тілінде шығатын «Шыңжаң газетінің» бастығы міндетін Бұрханның хатшысы Ошыр Әли уақытша өтейді. Ол Бұрхан алға қойған Жаң Жыжұңның «Кеңес одағына достық пейіл танытып, ішкі жақта бейбітшілікті сақтау» саяси қуаттамасын газеттің басты бағыты етеді. Осыдан соң ұйғыр, қазақ тіліндегі «Шыңжаң газетінің» бағытында түбірлі өзгеріс пайда болып, төраға Мау Зыдұң «Жаңа демократия назариясы» сияқты еңбектері мен Шинхуа агентігінің материалдары ел азат болғанға дейін басылып тұрады.

«Шынжаң газеті» мен «Шынжаң суретті журналының» Ә.Семейқанұлы, Мәді Зейнелұлы бастаған редакторлар мен журналистер және Алтай аймағында шығатын «Алтай газетінің» тілшісі, аудармашы Сағымбек Рабатұлымен бірге. Үрімжі қаласы. 2009 ж.

– Ал, Мау Зыдұң билігі орнағаннан кейін ахуал қалай болды?

– 1949 жылы қыркүйекте Шыңжаң бейбіт жолмен азат болғанан кейін, Шыңжаңға жорық жасап кірген Қытай Халық азаттық армиясының қатарында келген Шинхуа агентігінің тілшісі Ду Піңчің әскери уәкіл ретінде қарашаның басында «Шыңжаң газеті» мекемесіне тұрақтап, Гоминдаң қолындағы ханзу тіліндегі «Шыңжаң газетін» өткізіп алғандығын хабарлайды.

1950 жылы 1-қаңтарда Гоминдаң басқаруындағы «Шыңжаң газеті» мекемесінен бөлініп шығып Іле, Алтай, Тарбағатай Үш аймақтың қайраткерлерінің шығаруына өткен ұйғыр, қазақ тіліндегі «Шыңжаң газеті» Қытай коммунистік партиясы орталық комитеті Шыңжаң бюросының органы болып белгіленді. Ал 1-тамызда Нанлияндағы орнынан көшіріліп, ханзу тіліндегі «Шыңжаң газетене» қосылады. Осыдан кейін қазақ тіліндегі «Шыңжаң газеті» 4 бет болып жұмасына екі рет шыға бастады. 1951 жылы желтоқсанда күнделікті газетке айналады. 1955 жылы қазақ тіліндегі «Шыңжаң газеті» Іле қазақ автономиялы облыстық парткомнің органы «Іле газетімен» бірігеді. Осы жылдың қараша айында Үрімжідегі «Шыңжаң газеті» мекемесі қазақ тілінде аптасына 5 күн шығатын 4 беттік «Шыңжаң малшылары» газетін шығарады. 1959 жылы қоғамның қажеті, қазақ оқырмандарының өтініші бойынша «Шыңжаң малшылары» газеті жабылып, «Шыңжаң газетінің» өлке орталығындағы қазақша басылымы қайтадан қалпына келеді. Осыдан 1975 жылға дейін төте жазумен шығарылса, 1975 жылғы қаңтардан бастап 1984 жылы сәуірге дейін латын харпі мен төте жазуда аралас шығады. Ал 1984 жылы мамырдан қазірге дейін төте жазумен күнделікті шығып келеді.

Басынан қилы-қилы тағдыр мен тарихты өткерген, биыл 60 жылдық мерей тойын атап өткелі отырған «Шыңжаң газетінің» ұстаханасында шыңдалып, аты аңызға айналған қаламгерлер мен журналистер, қазір жұмыс жасап жатқан әріптестеріміз туралы айта кетсеңіз...

– Қытай коммунисттік партиясының тарихында 1978 жылы 11-кезекті Орталық комитетінің үшінші жалпы мәжілісі дәуір бөлгіш рөл атқарған-ды. Он жылдық ұрдажық солақай саясаттың қылмысы тектеліп, жазықсыз жандар ақталған, өнер саласында ашылып сайрайтын көгілдір көктем туған бір мезгіл болды. Бұл қазаққ тіліндегі «Шыңжаң газеті» түлеу, өркен жаю орайын ала келді. 1979 жылы «Шыңжаң газеті» мекемесі редакция алқасын құрып, бас редактор жауаптылығын белгілейді. Соған орай 1962 жылдан бастап қазақ редакциясы кеңсесінің орынбасар меңгерушісі, «Шыңжаң газеті» уақытша парткомының мүшесі Әбділдабек Тершінді газеттің бас редакторының орынбасарлығына бекітіп, қазақ редакциясына жауапты етеді. 1987 жылдан бастап Айтқазы Қалиұлы, Құсайын Уалшаұлы, Тоқтарбек Тағайұлы, Тегіс Зайбекұлы бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарады. Мұның ішіндегі Тегіс Зайбекұлы қазір де мекеме парткомының мүшесі, бас редактордың орынбасары ретінде қазақ редакциясының барлық жұмыстарына жауапты.

Газет ғұмыр кешкен 60 жылда қазақ редакциясынан көптеген жазушы-журналистер өсіп шықты. Қабдеш Жұмаділовтан бастап, Ғани Саржанұлы, Қайролла Баянбайұлы, Бұлантай Досжанұлы, Мәди Әбдірахманов, Оразхан Мыңжасарұлы, Сабыр Омарұлы, Ожан Қызырқанұлы, Жүнісбек Нүсіпұлы сияқты аға буын ақын-жазушылыр, Құсайын Уалшаұлы, Мағаз Сүлейменұлы, Тұрсын Жолынбетқызы, Манап Әлібекұлы, Сағдолла Қалиоллаұлы секілді қаламы өткір журналистер, Мұқаш Жәкеұлы, Хакім Әкімжанұлы, Қалихан Қалиакпарұлы, Рамазан Асылұлы сияқты ханзу тілінің мамандары – осы біздің газеттен түлеп ұшқан азаматтар еді. ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бері қарай «Шыңжаң газетінің» сапасында тағы бір тың толқын араласты. Төкен Рахатұлы, Мұқит Қабдолұлы, Есімбек Панарұлы, Жапарбек Әбілажыұлы, Жайырбек Мұхамедқанұлы, Серік Нұрдыбайұлы, Болат Қасымұлы, Қалиакпар Үсемқанұлы, Мұрат Ыбырайұлы, Нұрсерік Құрметқызы сияқты орта жас, жас журналист, аудармашылардың еңбегін ерекше атауға болады. Осы бір буынның құлшынысының арқасында 2003 жылдан бастап «Шыңжаң газеті» жұмасына бір күн «Апта арқауы» деген 8 бет қосымша шығарып, қалған күндері 4 бет бойынша «Маңызды жаңалықтар», «Тияньшан тынысы», «Дабыл», «Көкейтесті», «Шалқар», «Әдебиет арнасы», «Сатира сандығы», «Жас қанат», «Денсаулық», «Таразы», «Ақ қайнар», «Тас жарған», «Адам және табиғат», «Жаңа ауыл», «Спорт клубы», «Шарайна», «Мәдениет», «Игілік», «Қоламта», «Ғылым-техника», «Заң-ереже», «Кемпір қосақ», «Дүние дидары», «Орта Азия жаңалықтары» секілді айдарлармен әр таң сайын оқырманға тың дүниелер ұсынып келеді.

«Шыңжаң газетенің» 60 жылдық мерей тойына орай қандай шаралар өткізіледі?

– Биыл ел азат болып, жаңа Қытай құрылғанына 60 жыл. Қытай коммунистік партиясының ұлыстар мен ұлттар жөніндегі дұрыс саясатының арқасында еліміздегі тілі мен жазуы бар ұлттар өз тілдерінде газет-журналдар шығаруға құқылы. Басқасын қоя тұрып өз қазағымыздың баспасөзін айтар болсақ 30-дан астам газет-журнал шығады. Қытай баспасөзінің қара шаңырағы есептелетін «Шыңжаң газеті» ел азаттығынан бері партия мен үкіметіміздің, халқымыздың үні ретінде жаңалыққа жаршы болып, сан саналы істерде қол жеткен нәтижелерді үзбей насихаттаумен оқырман жүрегіне жол тауып келеді. Алдымыздағы желтоқсанның басында 60 жылдық торқалы той өтпекші. Қазір ханзу, ұйғыр, қазақ, моңғол тілдеріндегі басылымдар бойынша жаппай дайындықтар жүріп жатыр.

Кейіпкерім, «Шынжаң газетінің» журналистә, редакторы Әділ Семейқанұлымен бірге. Үрімжі, 2009 жылы.

– Басылымның ішкі құрылымы мен таралым қызметі жөнінде білсек орынды болар еді...

– Қазақ тіліндегі «Шыңжаң газеті» қазақтар қоныстанған шығыс және солтүстік Шыңжаңға 15 мың данамен тарайды. Қазақ редакциясы екі үлкен бөлімнен тұрады. Оның бірі – аударма бөлімі, екіншісі – тілші-редакторлар бөлімі. Аударма бөлімі аудармашылар тобы, газет шығару тобы, пайдалану хабарлар тобы, корректорлық тексеру тобы сияқты 4 топтан құралады. Бұл бөлім ханзу тіліндегі ішкі-сыртқы маңызды жаңалықтарды тәржімелеуді мақсат етеді. Бөлім бастығы Жапарбек Әбілажыұлы, орынбасарлары Ерлан Нұқаұлы, Болат Қасымұлы. Енді «Пайдалану хабарлар» тоббына тоқтала кетер болсақ, бұл «Шыңжаң газетінің» қармағындағы іні газет. Іні газет деп отырған себебім – «Пайдалану хабарлары» 1975 жылы 1-тамыздан бастап шыққан болатын. Содан 2007 жылға дейін ағымдағы жаңалықтарды тәржімелеп шығару негіз етіліп келсе, 2007 жылдан бастап парткомның іні газеттердің рөлін күшейту, нарыққа бейімдеу талабына сай қазақ аудармашылар бөлімі «Пайдалану хабарлары» газетінің мазмұнына рұл газеттің оқырманы көбейіп, таралымы 3000 данаға жетті. Қазір бұл газет Жәйірбек Мұхамедқанұлы дейтін азаматтың басқаруымен шығып жатыр.

Редактор, тілшілер бөлімі – мәдени-ағарту тобы, экономика тобы, арнаулы хабарлар тобы, еріті тілшілермен байланыс жасау тобы, тілшілер тобы сынды 5 топқа бөлінеді. Меңгерушісі – Есімбек Панарұлы, орынбасары сізге сұхбат беріп отырған қаламдасыңыз. Бұл бөлім «Шыңжаң газетінің» күнделікті ішкі екі беті мен жұмасына бір рет шығатын қосымшасы «Апта арқауының» 4 бетіне жауапты. Газетіміз меншікті тілшілер мен жергілікті авторлардың туындыларын, ханзу, шетел ақын-жазушыларының өте-мөте Қазақстан өнер қайраткерлерінің шығармаларын жариялауға мүдделі.

– Енді сіздердің «Шыңжаң газетінің» алдағы жоспары, тыныс-тіршілігі туралы хабардар болсақ?

– Газетті шығару оңай да, оны оқырман көңілінен шығару қиын. Оқырманынан айрылыған газет – тұл. Оқырманның рухани сұранысы бәрінен маңызды. Ұлт мәдениетін дамыту, ұлт рухын көтеру, жас ұрпақты Отанын, туған халқын сүйгіштікке тәрбиелеу, халықтың әлеуметтік, экономикалық әл-ауқатын жақсарту – әрине, ақсақал газетке айналып отырған біздің басты борышымыз. Осы тұрғыдан алғанда, газетті жыл сайын халық өміріне жақындата түспей болмайды. Алдағы жылдарда осыған орай газет бетін тағы да молайтып, жұмасына екі рет 8 беттен шығарамыз деп жоспарлап отырмыз. Одан кейін тілшілер қосынымызды кемелдендіріп, газеттің ұлттық бояуын қоюлатпақшымыз. Жағдай жар берсе, екі ел үкіметтерінің келісімін алып, Қазақстанның қабырғалы басылымдарымен де барыс-келіс жасасақ деген ойдамыз. Қытай мен Қазақстан қарым-қатнасы дәл бүгінгедей тату-тәтті болып тұрса, бұл да көп ұзамай жүзеге асады деп сенеміз.

Мерей тойларыңыз құтты болсын! Әңгімеңізге рахмет айта отырып, бақ пен табыс тілейміз.

Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы

Алматы – Үрімжі – Алматы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1047