Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 2085 13 пікір 3 Қазан, 2024 сағат 13:40

Тоқаев: Билікке жаңа буын өкілдері көптеп келе бастады!

Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумына қатысып, сөз сөйледі. Біз портал оқырмандарының талқысына Президент айтқан басты тезистерді ұсынып отырмыз...

ДЕПУТАТ БОЛУ – ХАЛЫҚТЫҢ ҮНІ БОЛУ ДЕГЕН СӨЗ!

«Шын мәнінде, бұл жиынның мән-маңызы айрықша. Депутаттар – өзекті мәселелерді ашық айта білетін, азаматтардың қоғамдағы ой-пікірін атқарушы билікке тікелей жеткізетін қауым. Бір сөзбен айтсақ, депутат болу – халықтың үні болу деген сөз. Мысалы, жаңа ғана сөз сөйлеген азаматтар өте маңызды мәселелерді көтерді. Әсет Махамбетовтің білікті маман ретінде атом энергиясы туралы пікірі өзекті. Сырымбек Сәрсембаев моно-қалаларды дамыту жөнінде жақсы ұсыныстар айтты. Ринат Заитовтың ұлттық өнерді қолдау туралы пайымдары да орынды. Депутаттар Юлия Кучинская және Евгений Буслаев та өте өзекті пікірлерін айтты. Мәслихат – мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы. Аймақ жұртшылығының тыныс-тіршілігі, мұң-мұқтажы қашанда мәслихат депутаттарының жіті назарында болуға тиіс. Сайлаушылардың мүддесін қорғап, ел үмітін ақтау – басты парыз. Мен мәслихаттардың қызметіне ерекше мән беремін. Жалпы, елімізде 3300-ден астам мәслихат депутаты бар. Соның 70 пайызына жуығы осы залда отыр», - деді Президент.

ҚАЗІР МӘСЛИХАТТА ЖАС ДЕПУТАТТАР КӨП!

«Біз бүгін мәслихаттардың жұмысына және маңызды мәселелерге қатысты пікір алмасамыз. Бәріңізге мәлім, соңғы жылдары елімізде жан-жақты жаңғыру жұмыстары қолға алынды. Соның ішінде саяси реформалардың орны бөлек. 2022 жылы референдум арқылы Конституцияға маңызды өзгерістер енгіздік. Парламенттің рөлін айтарлықтай күшейттік. Заң шығарушы органның қазіргі қызметіне Ерлан Жақанұлы арнайы тоқталып өтті. Жалпы, билік тармақтарының жұмысын жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдадық. Онда жергілікті өкілді билікке қатысты мәселелер де бар. Атап айтсақ, облыстық мәслихат сайлауы аралас жүйе арқылы өтеді. Ал аудандық депутаттар тек қана мажоритарлық тәсілмен сайланады. Бұл қадам еліміздің демократиялық жолмен дамуына зор серпін берді деп сеніммен айта аламыз.

Ауқымды реформаның нәтижесінде саяси бәсеке жандана түсті. Жаңа ережеге сай өткен сайлаудан кейін мәслихаттарға жаңа адамдар келді. Алты саяси партияның өкілдері депутат мандатына ие болды. Қазір мәслихат мүшелерінің оннан бірі ғана – партиялық тізіммен келген депутаттар. Қалғаны – түгел бір мандатты округтен сайланған азаматтар. Өзін-өзі ұсынған 434 адам депутат атанды. Ашығын айтсақ, бұрын саяси партиялар түрлі санаттағы азаматтармен жұмысқа көп көңіл бөлмейтін. Заңмен талап еткеннен кейін ғана мән бере бастады. Мысалы, партиялық тізімде жастарға арнайы квота бөлінді. Бұл шешім олардың қоғамдық-саяси үдеріске араласуына жол ашып берді. Бұрын мәслихаттағы жас азаматтардың үлесі 2 пайызға да жетпейтін. Қазір заңнамаға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде бұл көрсеткіш еселеп артты деуге болады. Бүгін де ортамызда көптеген жас депутаттар отыр. Олар түрлі мінберден жастарға қатысты өзекті мәселелерді батыл көтеріп жүр», - деді Тоқаев.

Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды.

МӘСЛИХАТТАР АЙМАҚТЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЫНА ӘКІМДІКТЕРМЕН БІРДЕЙ ЖАУАПТЫ!

«Өкілді билікте әйелдердің қатары көбейе түсті. Елімізде қыз-келіншектердің бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетілуде. Әйелдердің құқығын қорғауға баса назар аударылып жатыр. Осының бәрі реформаның нақты нәтижесі екені сөзсіз. Сондай-ақ реформа партиялардың аймақтағы белсенділігін арттырды. Олар облыс, аудан орталықтарында қарқынды жұмыс істей бастады. Азаматтардың саяси үдеріске кеңінен араласуына мүмкіндік туды. Жер-жерде түрлі мәселе туралы ашық талқылаулар өтіп жатыр. Басқаша айтсақ, пікір алуандығына жол ашылды. Жұрт жергілікті мәселелерді шешуге белсене атсалысатын болды. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатымен толық үндеседі. Саяси реформалардың нәтижесінде мәслихаттардың құзыреті кеңейе түсті. Депутаттар облыстың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін баламалы негізде таңдайтын болды. Атқарушы билікке ықпал ете алатын басқа да құзыреттер берілді. Сондықтан мәслихаттар аймақтың әлеуметтік жағдайына әкімдіктермен бірдей жауапты. Депутаттар өкілді билік функциясын халықтың сеніміне сай жоғары деңгейде атқаруы керек. Ол үшін мынадай мәселелерге назар аудару қажет», - деді Мемлекет басшысы.

МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ БІЛІКТІЛІК ДЕҢГЕЙІН АРТТЫРУ ҚАЖЕТ!

«Мәслихат депутаттарының біліктілік деңгейін жоспарлы түрде арттыру қажет. Мәслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт. Сондықтан оның тиімділігі депутаттардың кәсібилігіне тікелей байланысты. Біліміне білігі сай депутаттар корпусын жасақтауға, ең алдымен, оларды ұсынған партиялар мүдделі болуы керек. Бүгін мәслихат депутаттарының біліктілігін жетілдіру туралы ұсыныс айтылды. Мәслихат депутаттары қызметінің тиімділігін арттыру үшін бұл бағытқа ерекше назар аудару қажет. Бұған Мемлекеттік басқару академиясын тарту керек. Партиялар өз депутаттарының біліктілігін жетілдіру мақсатында Академиямен ынтымақтастық орнатқаны жөн деп санаймын. Әрине, бұл жұмысты аймақтың ерекшеліктерін, халық қалаулыларының кәсіби және қоғамдық-саяси тәжірибесін ескере отырып ұйымдастыру қажет. Сонымен бірге депутаттар халықпен тікелей байланыс жасай білуге және өз жұмысы туралы қоғамды жан-жақты хабардар етуге тиіс. Мойындауымыз керек, бұл істе көзге көрініп тұрған кемшіліктер бар. Атап айтқанда, мәслихат депутаттарының сайлаушылар алдындағы есебі көбіне формальді түрде өтеді. Мұндай кездесулерге тыңғылықты дайындалып, сапалы өткізуге ерекше мән берген дұрыс. Саясат дағдыларын меңгеру, адамдармен сөйлесе алу және ашық диалог кезінде өз ұстанымын дәлелдей білу өте маңызды», - деді Президент.

«Осылайша мәслихаттар жария саясаткерлердің жаңа толқынын қалыптастыратын орынға айналады Сонымен қатар мәслихат депутаттары азаматтар көтеретін мәселелерді бақылауда ұстауы қажет. Жергілікті атқарушы органдарға ықпал ету үшін өз өкілеттіктерін барынша пайдалануға тиіс. Үнемі сындарлы пікірталастар өтіп, нақты шешімдер әзірленетін Мәжілістен үлгі алу керек», - деді президент Тоқаев.

МӘСЛИХАТТАРДЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТҚА ЫҚПАЛЫН АРТТЫРА ТҮСУ КЕРЕК!

«Мәслихаттардың жергілікті экономикалық саясатқа ықпалын арттыра түсу мәселесіне айрықша назар аудару керек. Қазір жаңа Бюджет және Салық кодекстері әзірленіп жатыр. Онда жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты реформаның ерекшеліктері ескерілуге тиіс. Үкімет ауыл әкімдерінің бюджетін қалыптастыру және оны жұмсау тәсілдерін қайта қарауы керек. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қаржылық дербестігін арттыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуі қажет. Кодекс жобаларын талқылауға мәслихаттар белсене қатысқаны жөн. Жергілікті бюджет қаржысының дұрыс әрі тиімді бөлінуі өте маңызды. Депутаттар бұл мәселеге зор жауапкершілікпен қарауға тиіс. Мәслихаттар бюджет саясатын, түрлі төлемдердің шекті мөлшерін, елді мекендерді абаттандыру жайын, басқа да мәселелерді ұдайы бақылауда ұстауы қажет. Қазір республикалық бюджеттің кіріс бөлігі толық орындалмай жатыр. Мен Жолдауда Үкімет пен Ұлттық банкке осыған қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Себебі, бұл – жалпыұлттық міндет. Оған барлық деңгейдегі билік тармақтары күш жұмылдыруға тиіс. Біз «Қуатты аймақтар – қуатты ел» қағидатына сай жұмыс істеуіміз керек. Сіздер мұның маңызы зор екенін жақсы білесіздер. Сондықтан әр депутат өз ауданын өркендетуге атсалысады деп сенемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды.

МӘСЛИХАТТАР ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ МІНДЕТТЕРДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУҒА ҮЛЕС ҚОСУЫ КЕРЕК!

«Мәслихаттар жалпыұлттық міндеттерді жүзеге асыруға үлес қосуы керек. Былтыр менің төрағалығыммен өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңейтілген кеңеске көптеген депутаттар қатысты. Мұндай жиын алдағы уақытта да өтіп тұрады. Себебі реформаларды өңірлерде іске асыруда мәслихаттардың орны айрықша. Мәслихаттардың мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді жүзеге асыруға етене араласуы, өздері түрлі бастама көтеруі маңызды. Осы орайда Amanat партиясының қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобаларын ерекше атап өткім келеді. Сондықтан жастарға, әйелдерге, кәсіпкерлерге, зейнеткерлерге, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсету, халықтың қарыз жүктемесін азайту, ауыл тұрғындарының кірісін арттыру, пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерлерді қайтару, экологиялық, қаржылық сауаттылықты жетілдіру, сондай-ақ қоғамдағы оқу мәдениетін қалыптастыру сияқты жобалар – айрықша назар аударуды қажет ететін өзекті мәселелер. Мен Үкіметке «Қарызсыз қоғам» және «Ауыл аманаты» секілді партиялық жобалардың ауқымын кеңейтуге көмектесуді тапсырдым. Мемлекет адал еңбегімен тұрмысын жақсартуға дайын жандарға әрқашан қолдау көрсетеді. Бұл «Адал еңбек – Адал табыс» қағидасына толық сәйкес келеді және Әділетті Қазақстан құрудың негізгі факторларының бірі. Сондықтан келесі жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияладым. Осы арқылы қоғамда еңбек құндылығы мен кәсіби біліктіліктің орнығуына ықпал етеміз деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы.

СУ ТАСҚЫНЫ КЕЗІНДЕ ЕЛІМІЗДЕГІ САЯСИ ПАРТИЯЛАР НЕ ІСТЕДІ?

«Amanat партиясының барлық мүшесі көктемгі алапат су тасқыны кезінде бекем бірліктің үлгісін көрсетті. Олар бөгеттер салуға және азаматтарды эвакуациялауға, гуманитарлық көмек жинап, елге таратуға бірге қатысты. «Ауыл» партиясының бастамасымен тұрғын үйлерді және әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру үшін студенттердің құрылыс жасақтары жедел құрылды. «Ақ жол» партиясы су тасқынымен күресуге екі жүзден астам арнайы техника жеткізді. Respublica, ЖСДП және Қазақстан халық партиясының белсенділері де шет қалмай, зардап шеккен азаматтарға алғашқылардың бірі болып қолдау көрсетті. Әлбетте, бұл ауқымды жұмысқа партиялардан сайланған, сондай-ақ өзін-өзі ұсынған мәслихат депутаттары да белсенді атсалысты. Ең алдымен, осы мақсатқа бөлінген қаржының жұмсалуын бақылауға көмектесті. Әрбір партия өз қызметінде, негізінен, электоратына бағдар ұстай отырып әрекет ететіні түсінікті. Олар бір-бірімен бәсекелесіп, сайлаушылардың дауысы үшін күресетінін көріп отырмыз. Алайда партиялар жалпыұлттық міндеттерді шешу үшін күш-жігер біріктіруге дайын. Саяси ұйымдар көктемгі су тасқынымен күрес кезінде дәл осындай бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсетті. Тоғыз мыңнан астам отбасы су басқан үйлерін жөндеуге және қалпына келтіруге төлем алды, алты мыңға жуық отбасына баспана сатып алуға қаржы бөлінді. Қысқа мерзім ішінде 2,5 мыңнан астам жаңа үй салынды. Жоспарланған 2680 үйдің 2620-сы пайдалануға берілді. Мұның барлығы – мемлекеттің, бизнестің және қоғамның бірлесе атқарып жатқан жұмысының нәтижесі. Мен саяси партиялар, мәслихаттар мен қоғамдық ұйымдар дәл осындай мызғымас бірлікте жұмыс істеуі керек деп санаймын. Түптеп келгенде, алдымызда тұрған мақсат – ортақ. Бұл – елімізді өркендету және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту», - деді Президент.

МӘСЛИХАТТАР МЕН ӘКІМДІКТЕР ӨЗАРА ҮЙЛЕСІМДІ ЖҰМЫС ІСТЕУІ КЕРЕК!

«Мәслихаттар мен әкімдіктер өзара үйлесімді жұмыс істеуі керек. Реформаның арқасында еліміздегі әкімдер институты айтарлықтай өзгерді. Ауыл әкімін тікелей сайлау тәсіліне біржола көштік. Аз уақыттың ішінде ауыл әкімдерінің 90 пайызына жуығы жаңарды. Сондай-ақ аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жүйесін пилоттық жоба ретінде сынап көрдік. Биылғы Жолдауда айттым, олардың бәрі жаңа жылдан бастап сайланатын болады. Осылайша, басты билік тармақтары түгел сайлау жүйесіне көшті. Қазақстан тарихында ешқашан ондай тәжірибе болмаған. Тіпті, мұндай ауқымды реформа осы аймақта біздің елде ғана жасалып жатыр деуге толық негіз бар. Мұның бәрі – демократиялық даму жолындағы айрықша маңызды қадамдар. Елімізде халықтың жартысына жуығы ауылда, ауданда тұрады. Сондықтан азаматтардың көпшілігі үшін тікелей сайлау үйреншікті, қалыпты нәрсеге айналды. Бұл жағдай жұрттың сайлау мәдениетін көтереді, саяси институттарды нығайтады. Жалпы, әкімдерді тікелей сайлау жүйесі елімізде жаңа саяси ахуалдың қалыптасуына жол ашты. Жергілікті атқарушы билікке жаңа буын өкілдері көптеп келе бастады. Кәсіпкерлердің, қоғамдағы белсенді азаматтардың, жастардың арасынан шыққан әкімдер аз емес. Қазір олар ел басқару ісін үйреніп, тәжірибе жинап жатыр. Жедел шешім қабылдап, жұмысты дер кезінде ұйымдастыруға бейімделіп келеді. Бұл қыста жылу-энергетика саласында күрделі жағдай болған кезде анық байқалды. Көктемдегі тасқын да кімнің қолынан іс келетінін нақты көрсетті. Шаруаға ширақ әрі елге жанашыр азаматтардың әкім болғаны дұрыс. Оларға жан-жақты қолдау көрсету керек. Әсіресе, мәслихат депутаттары мен әкімдердің бірлесе жұмыс істегені жөн. Өйткені оларды мемлекеттің жергілікті жердегі қос тірегі деуге болады», - деді президент Тоқаев.

Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды.

МЕМЛЕКЕТ МҮДДЕСІ ТҮРЛІ ПОПУЛИСТЕРДІҢ ЖЕКЕ МҮДДЕСІНЕН ЖОҒАРЫ ТҰРУЫ ҚАЖЕТ!

«Қоғамның әкімдерге қоятын талабы қашанда жоғары. Бұл – заңды құбылыс. Әкімнің жұмысына сын көзбен қарау – демократиялық қоғамға тән қалыпты нәрсе. Бірақ сынағанның жөні осы екен деп, тым артық кететін әсіре белсенділер де бар. Өзін блогер санайтын кейбір адамдар әкімнің әр қадамын аңдуды әдетке айналдырды. Жұмысқа кедергі жасап, тіпті, қоқан-лоқы көрсететіндер бар. Әрине, ауыл, аудан немесе қала тұрғындары болсын, барлығы жайлы өмір сүргісі келеді. Азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау – әкімге де, жергілікті мәслихаттарға да ортақ міндет. Әрбір әкім азаматтармен диалогқа ашық болуы қажет, сындарлы пікір алмаса білуі керек. Бірақ жұртты дүрліктіріп, шу шығарып, заңды бұзуға жол берілмейді. Ешкім заңнан аттамауға тиіс. Мемлекет мүддесі түрлі популистердің жеке мүддесінен жоғары тұруы қажет. Қоғамның сынынан және батыл шешім қабылдап, жауапкершілік алудан қорықпау керек. Кез келген өзекті мәселеге, соның ішінде ақпараттық шабуылдарға дер кезінде назар аудару қажет. Тағы да қайталап айтамын. Әкімдіктер мен мәслихаттардың міндеті – мемлекеттік саясатты қатаң ұстану, оны ел мүддесіне сай жүзеге асыру. Мәслихат депутаттарының жұмысындағы басым бағыттарға қатысты менің пайымым осындай», - деді Мемлекет басшысы.

РЕФЕРЕНДУМ ЕЛІМІЗДІҢ ОДАН ӘРІ ДАМУЫНА ТІКЕЛЕЙ ӘСЕР ЕТЕДІ!

«Орайлы сәтті пайдаланып, бірқатар өзекті мәселеге тоқталғым келеді. Бірнеше күннен кейін өтетін жалпыұлттық референдумда халқымыз Қазақстанда атом электр станциясын салу қажет пе, әлде қажет емес пе деген мәселені шешеді. Дауыс беру нәтижесі қандай болса да, бұл – айтулы уақиға. Алдағы референдум – Қазақстанда соңғы бес жылда болған ауқымды өзгерістердің тағы бір мысалы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі. АЭС құрылысына қатысты өз ұстанымымды бұған дейін бірнеше рет айттым. Әлемдегі прогрестен шет қалмау үшін біз бәсекелестікте өз артықшылықтарымызды пайдалануымыз керек. Азаматтар қолдап дауыс берген жағдайда, бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Атом электр станциясын салу – ұзақмерзімді жоба. Алайда бұл бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, энергетикалық дербестігімізді нығайтады, экономиканың, ғылым мен білімнің түрлі саласын өркендетуге тың серпін береді, сондай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін қалыптастыруға ықпал етеді. Заманның талабы осы. Демек, оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді. Осы ретте АЭС құрылысына қолдау білдіріп жатқан Халықтық штабтың жұмысын ерекше атап өткім келеді. Штаб саяси партиялар мен түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдерін, сондай-ақ ғалымдарды, сарапшыларды, өндіріс мамандары мен кәсіпкерлерді біріктірді. Азаматтардың ұйысып, ортақ іске жұмыла кірісе алатынын көрсетеді. Дамуға ұмтылыс – ұлтымыздың ең жақсы қасиеттерінің бірі. Сондықтан біз ешқандай қиындыққа қарамастан, алға қарай батыл қадам басуымыз керек. Тағы да қайталаймын. Алдағы референдум тәуелсіздік жылдарындағы ең маңызды уақиға болады және еліміздің одан әрі дамуына тікелей әсер етеді», - деді Президент.

ДЕМОКРАТИЯ – ҮЗДІКСІЗ ЖҮРЕТІН ҮДЕРІС!

«Отандастарымызға айтарым: демократия – үздіксіз жүретін үдеріс. Оған тұрақты түрде атсалысу қажет. Осыны қаперден шығармауымыз керек. Әлемдегі кез келген табысты демократиялық қоғам айналасына бей-жай қарамайтын азаматтардың арқасында ғана дамиды, өміршең болады. Әр азаматтың әл-ауқаты мен Отанымыздың тағдыры тек өзіміздің қолымызда. Балаларымыз бен немерелеріміз біздің жетістіктерімізді еселеуі үшін келер ұрпаққа қажетті жағдай жасау – ортақ парызымыз. Қазақстанның болашағы – жастардың қолында. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Жерімізге егілген әр талдың игілігін көретін де – жас ұрпақ. Бір сөзбен, не істесек те, бәрін еліміздің ертеңі үшін істейміз. Сондықтан біз балалардың денсаулығына, олардың білімі мен тәрбиесіне бүкіл ел болып ерекше көңіл бөлуіміз керек. Мемлекет осы бағытта нақты шаралар қабылдады, яғни қаражат бөліп, қажетті инфрақұрылым салуда. Жалпы, бұл жұмыс қарқынды жүріп жатыр деуге болады, бірақ, алдымызда тұрған міндеттер ауқымды, әлі де атқаратын шаруа көп», - деді Мемлекет басшысы Тоқаев.

«Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау, олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың ең басты басымдығы. Салалық министрлік болсын, әкімдік немесе құқық қорғау құрылымы болсын, уәкілетті органдардың бәрі өз қызметін мүлтіксіз орындап, жұмысын үйлестіруі керек. Бақытты балалықтың негізі отбасы институты екенін және солай болып қала беретінін түсінген жөн. Біздің қоғам қазір бетпе-бет келген көптеген мәселе мен кеселдің түп-тамыры ата-аналардың бала тәрбиесіне өз деңгейінде араласпауынан басталады. Ұрпақтың цифрлық дүниелерге тәуелді болуы мен виртуалды әлемге шектен тыс құмартуы нағыз дертке айналды. Балаларға қатысты кез келген қайғылы жағдай менің жаныма батады. Мемлекеттік органдардың назарын дереу осындай жағдайларға аударып, тиісті тапсырмалар беріп, орындалуын тұрақты бақылауымда ұстаймын. Сөз жоқ, заманауи технологиялар дамуға даңғыл жол ашады, сондай-ақ өмірімізге айтарлықтай қауіп те төндіреді. Танымал әлеуметтік желілер балаларды ғана емес, үлкендерді де зомбиге айналдыруы мүмкін. Ата-аналар балаларының тәрбиесін мемлекетке немесе мектепке ысыра салмауы керек. Гаджеттердің құрсауында қалдыруға тіпті болмайды. Балаларына цифрлық гигиенаның қарапайым ережелерін үйретуге ата-ана жауапты. Ұл-қыздарымызға көңіл бөлу, бірге уақыт өткізу, оларды алаңдатқан мәселелер жайында әңгімелесу маңызды. Баланың смартфон немесе компьютер пайдаланған кезінде не істеп жатқанын қатаң қадағалау қажет», - деді Тоқаев.

ТАЛАНТТЫ БАЛАЛАРДЫ ҚОЛДАП, ОЛАРДЫҢ ҰСТАЗДАРЫН ЫНТАЛАНДЫРУ КЕРЕК!

«Жалпы елімізде ата-аналардың жауапкершілігі идеясын ілгерілетуге бағытталған қоғамдық бастаманы қолға алу қажет деп санаймын. Өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға нақты шара қабылдауды тапсырамын. Балалар мен жасөспірімдер арасында ел ішіндегі шынайы қаһармандарды насихаттауымыз қажет. Мысалы, жақында өткен Дүниежүзілік олимпиададағы шахматшы қыздарымыздың жарқын жеңісі үлгі етуге тұрарлық. Біздің оқушылар математикадан, физикадан және басқа да пәндерден өткен олимпиадаларда жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүр. Осындай талантты балаларды қолдап, олардың ұстаздарын ынталандыру керек», - деді Президент.

Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды.

ТАЗАЛЫҚ– ЖАРЛЫҚПЕН ЖАСАЛАТЫН, ӨКІММЕН ОРЫНДАЛАТЫН ШАРУА ЕМЕС!

«Осындай маңызды құндылықтың бірі – туған елге жанашырлық. Өздеріңізге мәлім, мен экология мәселесіне айрықша мән беремін. Қоғамда тазалық мәдениеті орнығуы қажет. Осыған орай, биыл елімізде «Таза Қазақстан» жобасы қолға алынды. Бұл – өте маңызды бастама. Аймақтарда ауқымды экологиялық шаралар атқарылып жатыр. Жұмыстың нәтижесі қазірдің өзінде айқын көріне бастады. Шетелден келген қонақтар елді мекендеріміздің ерекше тазалығына назар аударуда. Тіпті, мұны басқа жұртқа үлгі етіп, әлеуметтік желіге жариялап жүрген туристер бар. Әрине, шетелдіктердің мақтағаны жақсы. Бірақ тазалық өзгелерден бұрын өзімізге керек. Бұл – Жарлықпен жасалатын, Өкіммен орындалатын шаруа емес. Тазалық алдымен халқымыздың әдетіне, сосын қанға сіңген қасиетіне айналуы қажет. Шын мәнінде, өркениетті елдің басты сипатының бірі – тазалық пен тәртіп. Сондықтан «Таза Қазақстан» шарасы жыл он екі ай бойы жалғасуға тиіс. Сіздер әр қиырдағы ауыл-аудандардан келіп отырсыздар. Осы сәтті пайдаланып, баршаңызды «Таза Қазақстанды» тұтас ел болып қолдауға шақырамын. Бұл іс-шарадан бір де бір елді мекен шет қалмауы керек. Әрбір ауыл, әрбір қала тазалықтың үлгісі болуы қажет. Жалпы, біздің елімізде Заң және Тәртіп үстемдік құруға тиіс. Сонда ғана реформаларды табысты жүзеге асыруға және ел экономикасына инвестиция тартуға болады. Заң және Тәртіп – Әділетті Қазақстанның мызғымас тұғыры. Кез келген қоғам әділдік болғанын қалайды. Қазақстан халқының да талабы – осы. Сондықтан мен әділдік қағидатын орнықтыруға бар күш-жігерімді саламын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ – АЙРЫҚША СЕНІМ МАНДАТЫНЫҢ ИЕСІ!

«Мәслихат депутаттары – айрықша сенім мандатының иесі. Тұрғындар сіздерді жақсы біледі. Ой-пікірін өздеріңізге тікелей жеткізеді. Мәселесін шешуге көмектеседі деп үміт артады. Осы жауапкершілікті терең сезініп, халыққа адал қызмет ету керек. Әлемдегі ахуалды көріп отырсыздар. Ең бастысы, еліміз тыныш, жұртымыз аман. Әрине, түрлі қиындықтар кездесуі мүмкін. Бірақ татулық пен келісім болса, біз оның бәрін міндетті түрде еңсереміз. Ашық аспан астындағы бейбіт өмір – ең басты байлық. Мен қастерлі Отанымыздың болашағы жарқын екеніне кәміл сенемін. Түптеп келгенде, бәріміздің мақсатымыз, мүддеміз – бір. Бұл – Әділетті Қазақстанды құрып, халықтың әл-ауқатын арттыру. Осы міндетті абыроймен атқарасыздар деп ойлаймын. Депутаттар форумы келешекте дәстүрге айналып, тұрақты түрде өткізілуі керек. Форум жұмысына табыс тілеймін!», - деп сөзін аяқтады президент Тоқаев.

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5257