Жұма, 22 Қараша 2024
Ақмылтық 2046 5 пікір 10 Қазан, 2024 сағат 13:27

Торғай өңірінің басшылары қазақтың тарихи тұлғаларын ұлықтаудан қорқа ма?

Суреттер qazaqstan.tv, kazgazeta.kz және qazdauiri.kz сайттарынан алынды.

Тарихи сана – әлеуметтік философиялық ұғым!

Бүгінгі таңда еліміздің ішкі саясатындағы қолға алынып жатқан негізгі жұмыс халқымыздың тарихи санасын қалыптастыру. Тарихи сана – әлеуметтік философиялық ұғым.  

Ол қоғамның тұрақты дамуына ықпалы зор құбылыстың бірі. Субъективті фактор ретінде тарихи сана халықтың бірлігін нығайтады, билік пен халықтың өзара түсіністігіне позитивті әсерін тигізіп отырады. Халықтың тарихи санасы дұрыс қалыптасқан мемлекеттердің дамуы тұрақты, ішкі саяси ахуалы мығым болмақ.

Тарихи сананың қалыптасуына көптеген факторлар әсер етеді. Соның бірі  ұлы тұлғаларымызға, белгілі қайраткерлерімізге немесе елеулі тарихи оқиға-ларды есте қалдыру үшін жасалатын мүсіндік туынды.

Тобыл-Торғай өңірінде де белгілі тұлғаларға орнатылған ескерткіштер баршылық. Қостанайда соңғы жылдары бой көтерген Қобланды, Шақшақ Жәнібек батырлар ескерткіштері мен белгілі жерлесіміз, қазақтан шыққан алғашқы мүсінші Хакімжан Наурызбаев ағамызға қойылған бюст қаламызға ерекше көрік беріп тұр.

Осы орайда көп айтылып, бірақ шешімін таппай жүрген мәселелерді де айта кетелік. Тәуелсіздік алғаннан бері айтулы азаматтардың көтеріп жүрген арманы жерлесіміз Шоқан Уәлихановқа ескерткіш орнату. Өңірімізге келген әрбір әкімнің  алдына қойылып жүрген осы мәселе осы күнге дейін құр сөз күйінде қалып жүр.

2021 жылдың қазан айында белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Кенжебек аға Үкіұлы. Қазақстанның еңбек ері Борис Князев, ақын, драматург, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Ақылбек Шаяхмет, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова қол қойған Қара-Керей Қабанбай батырға қаламызда ескерткіш орнату жөнінде өтініш берілген. Облыс әкімі тарапынан қолдау тапқан өтініш басқа да құжаттармен бірге Қазақстан Республикасы Мәдениет министірлігіне жолданды. 2022 жылдың 17 маусымында мәдениет министрлігінің Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссиясы Қостанай қаласында Қаракерей Қабанбай батырға ескерткіш орнату туралы идеялық ұсынысқа қолдау көрсетті. Содан бері екі жылдан аса уақыт өтті. Ескерткіш орнатылатын жер бірнеше рет өзгертілді. Таң қалдыратын жағдай мемлекет ескерткіш орнатуға көк тиын шығарып отырған жоқ. Қажетті шығынды отан сүйгіш азаматтар өз мойындарына алып отыр. Тіпті ескерткіштің өзі де дайын, Тек қала басшыларының келісімі қажет.

Осыдан оншақты жылдар бұрын Меңдіқара ауданының орталығы Боровское селосында қалталы азаматтардың ықыласымен Тұрсынбай батырға еңселі ескерткіш орнатылып еді. Екі көшені біріктіріп, әкімдік оған Тұрсынбай есімін берді. Бүгінде ол жер село тұрғындарының демалатын сүйікті орынға айналды. Қазағы аз село тұрғындарына ескерткіштің өзі «бүл жер атам заманынан бері қазақтікі» деп тұрғандай. Ел шетіндегі Қостанай сияқты өңірлерде осындай ескерткіштердің көп болғаны ләзім. Өкініштісі аталған ескерткіш осы күнге дейін тіркеуге алынбаған. Аудандағы жауапты қызметкерлерге талай рет ескерту жасадық. Нәтиже жоқ. Шамасы сол қызметкердің тарихи санасы мен мәдениет деңгейі өзінің лауазымына сәйкес емес сияқты болуы керек.

Биылғы жылы қоғам және мемлекет қайраткері, Торғай тыңын көтеруге зор еңбек істеген Оразалы Қозыбаевтың туғанына 100 жыл толды. Осыған байланысты оның туған жері Меңдіқарада біршама іс-шаралар өткізілді. Оның есімімен аталатын көшеге бюст қою мәселесін облыс басшылары қолдағанымен қала басшылары оң қабақ танытпай отыр.

Қала әкімі кәсіби тарихшы. Қаланы көркейтуге қосып жатқан үлесі шаш етектен. Ол әкім болғалы қала түбегейлі өзгерді. Биылғы су тасқынымен күресі ерлікке балағандай. Ал енді көше атауларын өзгерту, Тобыл-Торғай өңірінің белгілі тұлғаларына ескерткіш қою мәселесінде біз еліміздегі облыстардың ең соңындамыз. Кейде адам таңқаларлық фактілерді байқап қаламыз. Әлемге танымал ғалым, еліміздің дамуына зор үлес қосқан, Қостанай өңіріне еңбегі сіңген, жерлесіміз академик, Қазақ Ғылым академиясының президенті болған Кенжеғали аға Сағадиевтің ескерткішін адам бара бермейтін өзен жағасына орнату кімнің ойына келді екен.

Әңгімемізді қорытындылай келе айтарымыз, халқымыздың тарихи санасы оның тұтасытығының кепілі. Жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру тек мектептің, ата-ананың, радио-телеарналардың, интернеттің ғана үлесінде емес. Ескерткіш - ұлттық тарих пен мәдениеттің құнды жәдігері. Сондықтан барымызды қадірлеп, тағы да басқа ұлы тұлғаларымызға ескерткіш орнату бізге парыз. Қаламыздағы көрнекті ғимараттарымыздың қабырғасына оның архитекторы мен тұрғызған құрылысшының есімдері жазылған тақтайша қойылса нұр үстіне нұр болар еді.

Аманжол Кұзембайұлы

Тобыл-Торғай өңірі

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5255