Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 4212 34 пікір 18 Қазан, 2024 сағат 12:29

Сау басымызға... БРИКС тілемейік!

Суреттер Ә.Қосанның мұрағатынан, Ведомости және РБК сайттарынан алынды.

Сонымен, ресми ақпаратқа сүйенсек, Қазақстан «қазіргі таңда және жақын болашақта Қазақстан БРИКС-ке мүшелікке өтініш бермейді. Бұл шешім ұйымның даму перспективалары мен көп сатылы процесін ескере отырып қабылданған».

Бұл өзі көптен күткен хабар еді. Сүйінші сұрауға шақ қалдық...

Әрине, БРИКС секілді әлемдік державалар мен басқа елдердің басын қосқан ірі құрылымның орны бөлек. Оған мүше болу да абырой болса керек.

Алайда, қазіргі аса қиын әрі күрделі геосаяси жағдай тұсында Қазақстанның бұл шешімі бірден-бір дұрыс шешім болды деп санаймын.

Ол себептің бірі... Ресей екені айтпаса да түсінікті болар. Өйткені, «ұжымдық Батыс» тарапынан сан түрлі санкциялар мен тыйымдарға ұшырап, ақырында өркениетті әлемнен аластатылған Ресей өзі мүше болып отырған кез келген одақты не басқа ұжымдық құрылымды біржақты мүддесіне сай пайдаланғысы келетінін көріп жүрміз. Қарап отырсаңыз, өзі қатысқан кез келген халықаралық саммит не форумды Ресей жағы өзінің неоимпериялық, антибатыстық позициясын жария ету мінбесіне айналдырып кететін болды. Және де Ресейдің физикалық көлемі, халық саны, көптеген ел зәру болып отырған мұнай мен газын ескерсек, бұл ел сол ұйымдарда өз сөзін өткізе алады да. Сөйтіп, Ресейге күні түскен ол елдер Кремльдің аннексиялық-агрессорлық саясатының шашбауын көтеріп кеткенін өздері де байқамай қалады!

Өз қатарын көбейтемін деп, БРИКС баяғыда-ақ БРИКС болудан қалған.

Бұрын БРИКС-ке бес мемлекет енсе (ұйымның атауы оның негізін қалаған бес мемлекет ағылшынша аттарының алғашқы әріптерінен құралғаны белгілі: Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка Республикасы), бүгінде ұйым қатарындағы елдер саны тоғызға жеткен: Біріккен Араб Әмірлігі, Египет, Иран және Эфиопия. Тіпті ұйымның о бастағы қысқа да нұсқа атауын өзгертіп, мүше елдер санына сай ұзарта салса да еш айыбы жоқ шығар.

Ашықтан-ашық антиАҚШ-тық ұстанымдағы Иран мен Қытайдың бұл ұйымда болуы да көп нәрсені аңғартса керек.  Ресейдің ең жақын одақтасы әрі туысы Белоруссияның да БРИКС-ке мүше болудан дәмелі екені туралы таяудағы мәлімдемесінің артында Ресейдің пиғылы тұрғанынан еш күмән жоқ. Ресей, керек болса, постсоветтік елдердің бәрін БРИКС-ке мүшелікке тартудан тайныбас еді.

Міне, дәл осындай кезеңде Қазақстанның БРИКС-ке мүше болудан бас тартуы аса жауапты, мықты дипломатиялық, геосаяси әрі патриоттық қадам болды деп санаймын.

Сонымен қатар, антибатыстық сипаттан ада емес БРИКС-ке мүше болуымыз өзіміз  жап-жақсы қарым-қатынас орнатқан Батыс елдері тарапынан қолдау таба қоюы қиын екені түсінікті. Сау басымызға... БРИКС тілеп қайтеміз?

Және де мұндай қадам Ресей жағына жаға қоймас, сол себепті таяу уақытта ресейлік пропаганда Астананың бұл шешіміне өршелене қарсы шығып, сын айтып, бізді біраз жерге апарып тастайтыны да шындық. Не істейік, оған құлақ та, көз де, бой да үйренді.

Ол пропагандистер Қазақстанды БРИКС-қа қарсы қою мүмкін. Алайда ол жаласының құйрығы қысқа, өйткені Қазақстан БРИКС-ке мүше әрбір елмен екеуара қарым-қатынасы орнатқан, араларында ешқандай да кикілжің не түсінбестік жоқ.

Ресми ақпаратта айтылған екі мәселенің астарын бөлек ашқым кеп отыр.

Біріншіден, ресми хабарда: «Қазақстан БРИКС ұйымының дамуын мұқият бақылап отыр және оның негізін қалаушы мемлекеттердің кез келген ірі державалардың гегемониясынан азат, әділ және демократиялық әлемдік тәртіп құруға шақыруларын қолдайды».

Өз басым «ірі державалардың гегемониясынан азат, әділ және демократиялық тәртіп» туралы әбден орынды әрі өзекті тезисті Ресей секілді тек қана «ұжымдық Батысқа» ғана қатысты емес, Ресейдің өзіне, Қытай секілді державаға қатысты қолданар едім.

Екіншіден, ресми хабардағы «Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі басымдық Біріккен Ұлттар Ұйымына беріледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет БҰҰ-ның әділетті әлемдік тәртіпті қалыптастырудағы рөлін атап өткен. Ұйымның кейбір кемшіліктері болғанымен, басқа балама құрылым жоқ, сондықтан БҰҰ халықаралық қолдауға мұқтаж» деген тұжырымның да мағынасы терең. Керек десеңіз, оның артында БҰҰ Жарғысын өрескел түрде бұзып, басқа мемлекеттердің жерін жаулап алып жатқан барша елдерге деген принципті де қатаң геосаяси баға тұр!

Әміржан Қосан

Abai.kz

34 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5259