Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 1968 15 пікір 31 Қазан, 2024 сағат 13:30

Өшіп жатыр ауылдар, көшіп жатыр ауылдар…

Сурет egemen.kz сайтынан алынды.

Бұл мақаланың жазылуына әлеуметтік желіде жарияланған Мөлдір Бақыт есімді журналистің «Соңғы 10 жылда ШҚО-да 30 ауыл жойылған» деген жазбасы түрткі болды.

Мөлдірдің келтірген дерегі тек қана Шығыс Қазақстан облысына ғана қатысты екен, әрі, бұл ауылдардың соңғы он жылда жойылғанын жазыпты. Нақтысында:

- 2014 жылы – 8 ауыл: оның ішінде, Катонқарағай ауданында 1 ауыл: Талды; Күршім ауданында 2 ауыл: Майтерек, Қарағайлыбұлақ; Шемонаиха ауданында 5 ауыл: Моисеевка, Трехгорное, Зауба, Қазақстан бекеті, Фестивальная станциясы.

- 2017 жылы: Күршім ауданында 4 ауыл: Мойылды, Матабай, Тосқайын, Ширікаяқ.

- 2018 жылы 4 ауыл: оның ішінде, Глубокое ауданында 2 ауыл: Қызыл Жарық, Волчиха; Катонқарағай ауданында 2 ауыл: Ульяновка, Маралды.

- 2019 жылы 10 ауыл, оның ішінде, Күршім ауданында 5 ауыл: Алтай, Дінгек, Жылытау, Қарабұлақ, Тентек; Ұлан ауданында 2 ауыл: Ақжартас, Қызылсу; Алтай ауданында 2 ауыл: Бедаревка, Көгілдір Бұғаз; Шемонаиха ауданында 1 ауыл: Садовое.

- 2020 жылы Зайсан ауданында 4 ауыл: Жаңабаз, Талды, Сарытұмсық, Сарши.

БІР ЖЫЛДА 78 АУЫЛ ТАРАТЫЛДЫ

Одан әрі, іздестіре келе тағы біраз деректі таптық:

«2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, Қазақстанда 6 208 ауыл бар. Ұлттық статистикалық бюросының хабарлауынша, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 78-ге аз», деп хабарлайды БАҚ.

Таратылған 78 елді мекеннің 50-і Түркістан және Қостанай облыстарына тиесілі. Қалған 28 ауыл Алматы, Шығыс Қазақстан,Абай және Қарағанды облыстарында таратылды.

2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, Қазақстанда 17 облыс, 192 аудан, 90 қала, оның ішінде 3 республикалық маңызы бар қала тіркелген. Сондай-ақ елімізде 29 ауыл, 2 165 ауылдық округ пен 6 208 ауыл бар.

1 шілдедегі жағдай бойынша, халық саны 20 159 707-ға жетті. Қалада 12 573 367 адам болса, ауылдық жерде 7 586 070 адам тұрып жатыр.

ӨЗ КҮНІН ӨЗІ КӨРГЕН АУЫЛ

Әдетте, «Өз күнін өзі көріп» жатқандардың еңсесін ешкім де баса алмайды... Қалай басады, не затым өтіп кетті деп басады? Яғни, қай жерде болмасын, тып‑тыныш, өз күнін өзі көріп жатқан адам ешкімге тәуелсіз болуы да заңды емес пе?

Иә, бұл сөз жүзінде солай. Алайда, іс жүзінде «өз күнін өзі көріп жатқан» ауыл адамы ешқашан тәуелсіз болған емес. Олардың еңбегін бәрі қанауға тырысады: үкіметтен бастап, жылтыңбай делдалдарға дейін! Олардың қаншама тер төгіп өсірген жемісін, өндірген еті мен сүтін, құрты мен майын өте арзанға алып, өздері оны қымбатқа сатып – делдалдардың шылқи байып отырғаны рас.

...Ал ауылда жұрттың көбін «өз күнін өзі көрушілер», яғни, «тәуелсіз жандар» болған соң, олардың құқын қорғайтын, олардың еңбегін бағлатын билік те қауқарсыздық танытуда. Дегенмен, ауылда да бюджеттен жалақы алатындар өмір сүреді, олар: мұғалімдер, әкімшілік шенеуніктері мен сала мамандары. Міне, жоғарыда біз атқан «тәуелсіз ауыл адамдарына» бар қысым осы жүйе арқылы жүзеге асады...

Мәселен, қазіргі заңнамалар бойынша, ауыл әкімдерін тағайындау сайланбалы жүйеге көшкені белгілі. Ауыл үшін бұл үлкен жаңалық болды, себебі, ауылдықтар бұрын соңды «Өз ауылдарын дамыту бағдарламасы» дегенді түсінде де көрмеген еді. Бұл жолы әрбір әкімдікке үміткер заң бойынша осындай бағдарламаларды жариялауға мәжбүр болды. Бірақ, ол бағдарламалар орындалып жатыр ма? Әзірге олай деуге келмейді...

Сайлау нәтижесінде көп жерде бұрынғы әкімдер өздерінің «тағын» сақтап қалды. Бұл, әрине, осыған дейін ауылды шексіз билеп‑төстеген аудан, одан қалды – облыс әкімшіліктерінің тікелей араласуымен, солардың нұсқауымен жүзеге асты. Сөйтіп, сайлаудың аты болмаса, заты сол баяғы «әкімшілдік‑әміршілдік» жүйеде қалып қойды. Ол жүйемен «бірге бітіскен сыбайласқан жемқорлық» та (сиам егіздері сияқты) өңін өзгертіп өз орнында қалды.

Осы – негізі сайланбалы оң ұмтылысқа қарамастан ‑ ауылдағы халықтың көбінің «өз күнін көрмек» түгілі, өз қолы аузына жетпей жатыр: үлкендері - немерелерін бағып отырса, балаларының дені сыртта - шабашкада. Табыстары тұрақсыз – біде бар, бірде жоқ... Сондықтан оларға «қай әкім», яғни, «сайланбалы» не «тағайындалған» болғаны маңызды емес – олар тек «тыныштық болсын» дейді...

Бірақ, қазір ауыл адамдары да ояна бастады: олар өз әкімдеріне талап қоюды және әкімдерімен бірлесе жұмыс жасауды үйренуде. Себебі, аудандық деңгейде «ауыл мәселесі» емес, «қызмет мәселесі» (қызмет-бизнес) алдыңғы қатарға шығатынын, аудан ауылдың мәселесін шешпейтінін, тіптен, кей жағдайда ауылға кедергі болып отырғанын ауылдықтар да түсіне бастаған сыңайлы... Мысалы, ауданда «жер комитеті» деген бар. Соның түкке қажеті жоқ сияқты. Олардың барлық функциясын Облыстық орталықтандырылған жалғыз мекеме табысты атқара алар еді. Ол жергілікті аудан әкімдердің жерді саудалауына, оны көлеңкелі табыс көзіне айналдыруына тосқауыл болар еді.

Сондықтан «қызыл сөз» ауылдан емес, ауданнан басталып жатыр. Коррупцияның «түрткілер» де сол деңгейден бастау алуда! Әрі қарай - айтпаса да түсінікті... Ал аудан әкімдері жергілікті жеке кәсіпкерлердің ашқан өндірісін жалаулатып, жоғарыға есеп беріп жүргеннен аса алмауда. Сол себепті, ауыл халқы әлі де жұмыссыз – жан жақта қаңғып «шабашкалатып» жүр. Ендеше, шын мәнісінде, аудандық басқару жүйесі (әкімшілік) бүгінде ауылдың дамуына тормоз болуға айналды десе болады...

Ал, кәсіпкерлік пен халықтың іскерлігіне ұйтқы болып жүрген әкімдер - ілуде біреу ғана! Олар неге аз? Бұл, енді, басқа мәселе!... Бұл менің ауылмен араласа бастағалы бергі бақылағаным. Өтірік болса, айтыңыздар, айыбы жоқ ‑ 7,5 миллион халықтың тағдыры тұр мұнда!

АУЫЛДА БОЛАШАҚ БАР МА?

Сөз соңында, осы мақаланың тақырыбына қатысты әңгімелей кетуді жөн көріп отырмын. Әуелі «Ауылдың болашағы бар ма?» деген риторикалық сұрақты тақырып етсем деп ойладым. Ол ұнамады. Себебі, ауылсыз мемлекетті көзге елестету қиын. Сөйтіп, «ауылда болашақ бар, әрі, болуы тиіс» деп ‑ ол тақырыптан бас тарттым...

Осылай анау‑мынауды термелеп отырғанда Abai.kz редакторы Нұргелді Әбдіғаниұлы «Өшіп жатыр ауылдар, көшіп жатыр ауылдар...» деген, философиялық һәм лирикалық пафостағы тақырыпты жіберіпті. Енді, ойланайын... Ауылдар өшіп жатыр... Ол қаншама адамның тағдырын тас‑талқан етуде, үміттерін үзуде – мұнда қандай лирика, қандай философия болуы мүмкін? Бірақ, соңынан, байсалды ойға келе – «бұл, мүмкін, өмірдің ұлы заңы болар» деген түйінге келдім. Тарихқа үңілсек, қаншама қалалардың өзі жоқ болып, тарих қойнауында үйінділері қалғанын көреміз... Олардың бірі – соғыстың зұлматы, бірі – патшалар мен хандардың ессіздігінен, бірі – табиғи катаклизмдердің (апаттың) құрбаны...

Енді бір қырынан ойласаңыз ‑ олардың бәрі өз еркімен «жоқ болайық» демеген болар десе болады... Ендеше, қаншама жыл тырбаңдап‑тірнектеп құрған өз ауылын бүгінде – «аспан ашық, ай жарықта» ‑ «өз еркімен жоқ етуге» оның тұрғындарының дәті барды деп кім айта алады? Олай айтқан адамды сол ауылда зираты қалған ата‑баба аруағы кешіре ме? Олай болса, оның бар зауалы – «осы ауылдарды ұстап түра алмаған, оны дамыта алмаған, оған жағдай жасай алмаған», бірақ, «ауылдың тағдырын шешеміз» деген өзіміздің басшы‑қосшыда ма деген ойға қалады екенсің...

Иә, сонымен Нұргелді ұсынған тақырып өтті. Неге десеңіз, қазақта «үмітсіз – шайтан» деген сөз бар. Сол айтпақшы, ел де еңсесін түзер. Түзеген соң, олар енді, бұрынғыдан да көркем, мызғымыйтын, жаңа өз ауылдарын құрар... Ендеше, тақырыптың «ауыл көшіп жатыр» деген екінші бөлігі – осы бір оптимистік трагедияны көрсетіп тұр‑ау, шамасы...» деп, ойды да, сөзді де, оқырманды да сабырға шақырдық... 

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2051