Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Билік 3969 26 пікір 18 Қараша, 2024 сағат 15:36

Өзбекстан және Біз: Орталық Азияда кім озды?..

Суреттер: akorda.kz, exclusive.kz және kt.kz сайттарынан алынды.

Өзбекстанның қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайына қысқаша сараптама

1. Кіріспе ретінде

Бұл қысқа сараптамалық мақаланы жазуға мені мынадай жағдайлар итермеледі: біз – қазақтар өз мемлекетіміздің қазіргі даму тенденциясын, оның қай бағытқа бара жатқанын толық білмейміз деп айтуға болады. Әлемдік даму тұрғысынан біздің халық АҚШ‑тың, Ресейдің, Қытайдың, Еуродақтың даму тенденциясын әлдеқайда жақсы біледі. Біз осы елдер арасындағы саяси‑экономикалық жағдайларды бағалау арқылы оның Қазақстанға тигізер әсері туралы айтамыз да, өзіміздің потенциалды мүмкіндігімізден мейлінше хабарсыз болуға тырысамыз... Яғни, біздің санамызда осы күнге дейін «Көршінің анаусы жақсы, мынаусы жақсы – содан үлгі алайық», «Анау‑мынаудан сақ болайық», «Қай елдерде сапалы білім алуға болар екен?» деген және т.т. сұрақтарды көп қоямыз да, «Өзіміздің қолдан не келеді?» деген өте маңызды тағдырмәнді сұрақтарды қоюға қауқарсызбыз...

Сондықтан, бүгін біз өзімізбен етене жақын көрші, әрі, түбі бір туыс Өзбек халқының жағдайына бір шолу жасап көрейік деп шештік. Себебі, қазір бұл ел Орталық Азиядағы өзінің даму қарқыны жағынан көшбасшылық деңгейге сатылап көтеріліп келе жатуымен, әлемдік трансұлттық бизнес өкілдерін өзіне тартуымен танымыал бола бастаған ел қатарына қосылды.

Әрине, біз мәселені мемлекет дамуының басты факторы саналатын демографиядан бастаймыз:

2. Өзбекстандық демографиялық өсуінің себептері

Өзбекстан халқының саны шамамен 36 миллион адамнан асады (2024 жылға қарай). Соңғы жылдары бұл көрсеткіш жылына шамамен 1,5%-ға өсіп келеді. Демографиялық өсудің басты себептері:

  • Жоғары туу деңгейі: Ауылдық жерлерде отбасы мәдениеті дәстүрлі сипатта болып, көп балалы отбасылар жиі кездеседі. Бұл ерекшелік Өзбекстанда «дәстүрлі ұлттық құндылық» деңгейіне көтерілген. Өйткені, тәуелсіздіктің бастапқы кезінде Өзбекстан өз ауылдарын қиратпай, аман‑есен сақтап қалған болатын. Ал, ауыл – үнемі де «артық жұмыс қолын» талап етуші демографиялық орта екені белгілі: онда әрбір бала потенциялды түрде «отбасылық шаруашылыққа қол болатын бала» саналады. Сондықтан, өзбек ауылдарында көп балалы отбасы болу – ерекше статусқа ие. Одан өзге, өзбек халқы 2000 ж. басында өзінің Ұлттық дәстүрі мен болмысын сақтау үшін іргелі қадамдарға дейін барып, өзінің ежелгі «отбасылық құндылықтарын» қорғай алды. Соның ішінде өзбек халқына тән ата‑әже, ата‑ана, үлкен‑кіші, аға‑іні, әкпе‑сіңлі сияқты құндылықтар қоғамда шешуші факторларға ие болып қала берді. Өзбектер экономикалық қиыншылықтарға байланысты шет елдерге көп аттанып жатса да, өз отбасыларындағы бала санын азайтпады.
  • Медицинаның жақсаруы: Денсаулық сақтау саласының дамуы мен бала өлімінің азаюы. Бұл процесс елдің күйзелісті жағдайына қарамастан, өз дамуын тоқтатпады. Мәселен, қазіргі кезде көптеген науқастар алыстан болса да Өзбекстан медицинасына ем іздеп келуі – жиі кездесетін құбылысқа айналуда.
  • Миграцияның ішкі факторы: Ауыл тұрғындарының қалаға көшуі.
    • Қала тұрғындары: Қазіргі таңда халқының 50%-дан астамы қалаларда тұрады. Бұл көрсеткіш урбанизация деңгейінің артуын көрсетеді.
    • Ауыл тұрғындары: Ауылдық жерлерде әлі де халықтың үлкен бөлігі еңбекпен қамтылған, әсіресе ауыл шаруашылығында.

         Міне, осы факторлардың жиынтық нәтижесі Өзбек халқының демографиялық өсуінің негізгі себептеріне айналды десек көп қателеспейміз

3. Жалпы Ішкі Өнімнің өсу қарқыны

Өзбекстанның ЖІӨ-сі соңғы бес жылда тұрақты түрде 5-7% аралығында өсуде. Экономикасының өсуі келесі факторларға байланысты:

  • Инфрақұрылымдық жобаларға және өнеркәсіпке инвестициялар;
  • Тау-кен, ауыл шаруашылығы, және қызмет көрсету салаларының қарқынды дамуы;
  • Шетелдік инвестицияларды тарту үшін бизнес ахуалды жақсарту.

Бұл жерде біз  «бизнестегі мемлекеттің рөлі» тақырыбынан айналып өте алмаймыз.

Өзбекстанда бизнес саласында мемлекет шешуші рөл атқарады. Президент Шавкат Мирзиёевтің реформаларынан кейін мемлекет жеке секторға көп мүмкіндік беруді қолға алды:

  • Көптеген мемлекеттік кәсіпорындар жекешелендірілуде;
  • Бизнесті тіркеу жеңілдетілді, салықтар қысқартылды;
  • Алайда, кейбір стратегиялық салалар (энергетика, тау-кен өндірісі) әлі де мемлекеттің бақылауында.

Байқасаңыздар, өзбек халқы өзінің отырықшылық өмірінде тарихи тұрғыда қалыптасқан іскерлік және саудаға бейімділігін тәуелсіздік кезінде де тиімді қолдана алғандығын көреміз. Мәселен, Қазақстан осы жылдары өзінің стратегиялық экономикалық салаларын толық шет елдік трансұлттық компанияларға, коррупциямен байланысқан «күмәнді бизнесмендерге» беріп қойды. Өзі мол қазына байлықтың үстінде отырса да, халқының тұрмыс жағдайын оңалта алмады. Ауылды да шашыратып жіберді. Яғни, бізде 1993 ж. британдық экономист‑географ Ричард Аути ғылыми айналымға енгізген «қазба байлық қарғысы» атты «голландық синдром» анық көрініс тапты... Ал, өзбек халқы өзінің қазба байлығын қаншама қиналып жатса да – болашақ ұрпақ үшін деп сақтай алды. Енді олар оның жемісін көре бастады...

4. Соңғы бес жылда ашылған өндірістер

Өзбекстанда түрлі өндірістер ашылды, әсіресе экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған салаларда:

  • Автомобиль өндірісі: GM Uzbekistan және Hyundai зауыттары кеңейтілді.
  • Текстиль өнеркәсібі: Мақта өнімдерін қайта өңдеу бойынша зауыттар ашылды.
  • Химия және фармацевтика: Заманауи дәрі-дәрмек шығаратын зауыттар іске қосылды.
  • Энергетика: Күн және жел электр станциялары құрылды.

Одан өзге, қазіргі Өзбекстан көптеген тауар түрлері бойынша «өзін өзі қамтамасыз етуші» елдер қатарына қосылуға жақындап келеді. Бұл оның экономикалық және басқа қауіпсіздігін нығайта түседі. Оның үстіне, Өзбекстан өздері сенім білдірмеген көптеген «одақтарға» қосылудан дер кезінде бас тартқан ел. Соның бірі ‑ ЕАЭС десек болады. Бұл оның сыртқы және ішкі экономикалық қатынастарда дербес әрі тәуелсіз, өзінің мемлекеттік мүддесіне сәйкес шешімдер қабылдауына көп септігін тигізуде

5. Экономиканың басымдық бағыттары

Өзбекстан экономиканың мына салаларына басымдық береді:

  • Агроөнеркәсіп: Тамақ өндірісі мен мақта экспорты.
  • Энергетика: Газ, мұнай және жаңартылатын энергия көздері.
  • Инфрақұрылым: Жаңа көлік дәліздері мен логистикалық орталықтарды құру.
  • Туризм: Мәдени мұраларды пайдалану арқылы туризмді дамыту.

Туризм – Өзбекстан үшін аса маңызды табыс көзіне айналуда. Оған оның мүмкіндіктері де мол – ежелден қала құрылысы бұл елде жақсы дамыған. Сондықтан, онда тарихи ескерткіштер көп сақталған. Ал, өзбектер болса, оны «туристік анклавтарға» айналдырудың шебері: аспаздығы, қол өнер шеберлігі, жылы сөзі, саудаға бейімдігі, еңбекқорлығы, «табысты тиыннан құрайтын» үнемшілдігі... – осының бәрі туризмге оңынан қызмет етіп жатыр...

6. Сыртқы қарыз мөлшері

Өзбекстанның сыртқы қарызы шамамен 30 миллиард АҚШ долларына жеткен. Бұл елдің ЖІӨ-нің 35%-на тең, яғни басқаруға болатын деңгейде. Қарыз негізінен инфрақұрылымдық жобалар мен өндірістерді дамытуға жұмсалуда.

Міне,  Орта Азиядағы халқының саны жағынан ең үлкен мемлекеттің сыртқы қарызы жағынан төменгі орында тұруының өзі – үлкен жетістік. Себебі, «сыртқы қарыз» дегеніміз тек «айналымдағы ақша» ғана емес, ол – ең алдымен, мемлекеттің әрбір азаматының, оның билігінің өз халқына және өз мемлекетіне деген жауапкершілігінің көрінісі. Бұл жағынан өзбек туыс бізден әлдеқайда озық тұр деп мойындайық...

7. Сырттан келетін қауіп

Өзбекстанға сырттан келетін негізгі қауіптер:

  • Геосаяси тұрақсыздық: Ауғанстандағы жағдай мен аймақтағы экстремизм қаупі.
  • Климаттық өзгерістер: Суды азайту мәселесі және Арал теңізінің экологиялық дағдарысы.
  • Экономикалық тәуелділік: Ресей мен Қытайға экспортқа тәуелділік.

Соның ішінде, Өзбекстан үшін «климаттық өзгерістер» аса қауіпті. Бұл халықтың өзге екі қауіпті еңсеруге шамасы мен қабілеті жетеді. Алайда, әлемдік өзгеріспен байланысты климаттық өзгерістерге ол жеке дара қарсы шығуға шамасы келмейді. (Оған кім қарсы шыға алады?).

8. Өзбек мигранттары қай елдерге кетіп жатыр?

Өзбекстан азаматтары негізінен жұмыс іздеу мақсатында:

  • Ресейге: Ең ірі миграциялық ағын осы елге бағытталған;
  • Қазақстанға: Құрылыс пен ауыл шаруашылығында жұмыс істеу үшін;
  • Оңтүстік Корея мен Түркияға: Қызмет көрсету және өнеркәсіп салаларында жұмыс істейді.

Қазір Ресей‑Украина соғысына байланысты көптеген өзбек азаматтары АҚШ, Еуроодақ елдерін «миграциялық игеруге» өздеріне жол ашып жатыр десе болады. Сонымен, бірге туристік Тайланд, Вьетнам елдерінде де алғашқы «өзбек шайханалары» бой көтере бастады. Ал, Қазақстанда ол үйреншікті, күнделікті тамақтанатын орын.

9. Білім беру сапасы

Өзбекстан білім беру жүйесін реформалауда:

  • Соңғы жылдары жаңа университеттер мен шетелдік оқу орындарының филиалдары ашылды (мысалы, Ресей және Корея университеттері).
  • Алайда, ауылдық жерлерде білім беру сапасы қалалармен салыстырғанда әлі де төмен.
  • Мемлекет STEM (ғылым, технология, инженерия және математика) салаларына ерекше көңіл бөлуде.

Әрине, Өзбестан білім беру жағынан белгілі бір сапалық деңгейге жету үшін әлі ұзақ жылдар еңбек етулері керек. Бірақ, өндірістің қарқынды дамуы – бұл елде «білімді серпінді дамытуға» өріс ашады деп санау керек. Күрделі технология көптеп енген сайын, мұндағы білім сапасы соған үздіксіз ұмтылатын болады. Ендеше, ол жағынан да Өзбекстан өзін тұрақты даму мүмкіндіктеріне жол ашады деп санаса болады..

10. Өзбек халқының қазақтарға көзқарасы

Өзбек халқының қазақтарға көзқарасы негізінен достық және бауырлас халық ретінде сипатталады. Тарихи байланыстар, мәдениет және экономикалық ынтымақтастық өзара түсіністік пен жақындықты нығайтып келеді. Қазақстан Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы мәдени және экономикалық қарым-қатынастар жыл сайын артып отыр.

Міне, қысқаша шолу аяқталды. Сабақ алар жері болса, өздеріңіз саралай жатарсыздар...

Әбдірашит Бәкірұлы, философ

Abai.kz

26 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1514
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3285
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5836