Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Билік 203 7 пікір 26 Қараша, 2024 сағат 15:33

«Саяси ұлтқа айналу» эмоциясыз жүзеге аспайды

Суреттер: akorda.kz, massaget.kz, 7-su.kz және elinform.kz сайттарынан алынды.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин саясиландыруға болмайтын, эмоциясыз, салмақты пікіралмасу қажет тақырыптарды атады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ол өз сөзінде: «Соңғы жылдары жүзеге асқан саяси реформаның нәтижесінде плюрализм, яғни, көзқарас алуантүрлілігі, пікір алуантүрлігі әбден орнықты. Әлеуметтік желіден, басқа жерлерден қарайтын болсақ, билікті сынауды айтпағанның өзінде кез келген мәселені көтеріп, айтып жатады. Қалаған формасында жеткізеді. Қалаған тақырыпты көтеріп, қозғайды. Бірақ, осы жағдайда кейбір тақырыптар, оның ішінде дін, тіл, ұлтаралық қатынастар, сыртқы саясат мәселелері бойынша қатты эмоцияға берілмей, байыпты, салмақты пікірталас жасау қажет. Бұл тақырыптарды талқылауға тыйым салынады дегенді білдірмейді. Бірақ, бұл тақырыптарды саясиландырмай, эмоциясы, салмақты пікіралмасу қажет» деген пікір айтты.

Мемлекеттік кеңесші өз пікірінде «Көп мемлекеттердің түбіне жеткен осы тақырыптар төңірегіндегі даулар. Біздің де қоғам әртүрлі, біркелкі емес. Еркіндік, бостандық және тәртіп ұғымдарының құндылықтары бір-біріне қайшы емес» деген дәйекті алға тартты.

Бұл жерде Мемлекеттік кеңесшінің бұл пікіріне алып‑қосарымыз бар ма деген сұрақ туындайды. Әрине, оның пікірі астарында мемлекеттік мүдде, оның бейбітшілігін сақтау, тұрақты дамуды қамтамасыз ету сынды ойлар жатқаны еш күмән туғызбайды. Бірақ, оны бұрынғы одақтастарымыз Ресей мен Украина арасында соғыс қимылдары алаңдататып отырғанын да жоққа шығара алмаймыз. Себебі, бұл соғыста ешқандай мән‑мағына жоқ екені белгілі.

Дегенмен, бұл жерде біздің кеңесшімен келіспейтін тұстарымыз да бар: өйткені, қоғамдағы «дін мәселесі», «тіл мәселесі» және «ұлтаралық қатынастар мәселесі» өте эмоционалды, алдымен, адамның сезімінен туындайтын мәселелер қатарына жатады. Ондай сұрақтар туындағанда адамның «эмоция шкаласы» бірден жоғары көтеріледі. Өйткені, бұл мәселелер – адамдар үшін «тағдырмәнді сұрақтар» қатарында тұр. Сонымен бірге, бұл мәселелер – мемлекеттің жүргізген саясатына толық тәуелді сұрақтар қатарында тұрады.

Ендеше, қоғам осы сұрақты қызу талқылап жатса, онда мемлекет оған құлақ түріп, мемлекеттегі тіл саясатына, дінге қатысты саясатына және ұлтаралық қатынастарға елеулі түзетулер мен жаңартулар енгізуі тиіс. Олай болмағанда, бұл сұрақтар, әрине, үлкен дау‑дамайға ұштасып кетуі әбден мүмкін.

Яғни, қоғам мен мемлекеттің міндеті бұл сұрақтарды «жылы жабу», не, «жұмасартып көрсету» емес, керісінше, мәселе көтерілген сәтте оның шынайы себептерін анықтап, соған сай конструктивті шешімдер шығару болып табылады. Сонда ғана, қоғамдық келісімнің іргетасы берік болмақ.

Ал, енді, қоғамдағы дін мәселесін «саяси мәселе емес» деп санауға бола ма? Әрине, олай дей алмаймыз. Себебі, егер «дін мемлекеттен бөлек» деп, қоғам «дінмен айналыспаса», оны қоғам мәдениетіне саналы түрде сәйкестендіріп отырмаса, онда дін қоғаммен «өзі айналыса» бастайды. Ол жағдайда, өз ішінде көптеген догмалық бағыттар мен ұстанымдарға бөлініп, өзара дау‑дамайласып жатқан дін «өз ауруын» қоғамға таратады. Сөйтіп, кешегі  біртекті қоғам діни шашыраңқылықпен бірге «іштей ыдырау» процесін бастан кешеді... Тіптен, ол болашақта діни сенім негізінде қоғамның бөлшектеніп кету қаупі де пайда болуы әбден мүмкін. Бұл, әрине, нағыз «саяси мәселе» болып табылады...

Сол сияқты, тіл мәселесін де саясаттан тыс қалдыра алмаймыз. Мемлекетте бір тілге басымдық берілмесе, ресми түрде бір тіл «мемлекеттік тіл» статусына ие болмаса – қос тілді, не, одан да көп тілді қоғамда мәдени‑рухани деңгейдегі бірегейлік орнай қоймайды. Мәселен, ол біздің жағдайда «орыстілді қала» мен «қазақтілді дала» болып шығуы мүмкін... Ал, тіл – адамның рухани болмысы мен менталитетін қалыптастратын құрал болғандықтан, әртүрлі тілдегі адамдар арасында менталдық деңгейдегі қайшылықтар орын алуы қалыпты болмақ. Бұл да қоғамның бірегейленуіне қарсы құбылысқа айналуы мүмкін  нәрсе.

Сондықтан, бұл мәселелерде қоғам өзі қабылдаған Ата Заңын, яғни ‑ Конституциясын басшылыққа ала әрекет етулері керек. Ол бойынша, Қазақстан Республикасы «унитарлы мемлекет» болып табылады. Соған сай, мұндағы ұлтаралық қатынас та, діни сенім де, тіл де мемлекет құрушы жалғыз ұлт – қазақ ұлтының мақсат‑мүддесіне, оның рухани\‑мәдени мұрасы мен ерекшеліктеріне, экономикалық дәстүрі мен тарихи әділеттілікке сай құрылуы және түзілуі тиіс.  Сонда ғана, біздің елдегі «бірегейлену» процессі біртұтастыққа ие бола алады.

Әрине, біз ол мәселелердің тек «өзіміздің ішкі мәселелеріміз» екенін айтып, құлаққа сіңдіріп отыруымыз қажет.  Сондықтан, оны сыртқа «экспорттаудың» да қажеті шамалы деп ойлаймыз. Ал, егер, осы мәселені «сыртқа экспорттаушы» топтар шығып жатса – оларды дер кезінде мемлекет қауіпсіздігі үшін тоқтату – мемлекеттің тікелей міндеті екені түсінікті. Меніңше, Мемлекеттік хатшы өз сөзінде осыны меңзеп отыр ғой деп ойлаймын. Біздікі – тек ағалық сөз ғана...

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1544
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3332
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6095