Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4875 0 пікір 25 Қыркүйек, 2009 сағат 09:14

Қанағат ЖҮКЕШ. Қазақ тіліндегі бұқаралық ақпараттың бүгінгі жағдайы

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезеңде мемлекеттік емес ақпарат құралдары, солардың арасында қазақ тілді БАҚ та көбейді. Әйткенмен, қазақ баспасөзі қоғамдағы құбылыстарға, билік пен халық арасындағы жаңа қарым-қатынастарға ескі көзқарастармен қараудан арылмай отыр.

ТЫҢ ИДЕЯЛАР ТАПШЫЛЫҒЫ

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезеңде мемлекеттік емес ақпарат құралдары, солардың арасында қазақ тілді БАҚ та көбейді. Әйткенмен, қазақ баспасөзі қоғамдағы құбылыстарға, билік пен халық арасындағы жаңа қарым-қатынастарға ескі көзқарастармен қараудан арылмай отыр.

ТЫҢ ИДЕЯЛАР ТАПШЫЛЫҒЫ

Қазақша газеттер ауыл, тіл, мәдениет, ұлтаралық қатынастар, өткеннің жетістіктері тақырыптарына жиі оралып отырады. Бірақ, адамды амбиваленттік күйге түсіретін мұңды сарынға көбірек бой алдырады. Өзгелерді қайталаудан асып, тың идеялар көтеру аз. Кейбір басылымдар билікті сынауды меңгерді. Сонысымен бұқара алдында недәуір беделге ие болып, таралымын қанағаттанарлық мөлшерде сақтап отыр.
Иә, тәуелсіз газеттердің таралуына елеулі тосқауылдар болып отыратыны рас. Бірақ таралымның аздығын осы себеппен ғана түсіндіруге болмайды. Бұл жерде нені, қалай жазып жүрміз, халыққа не керек деген сұрақтардың басын ашып алу маңызды болып табылады.
Баспасөз халыққа арналады. Қазақ баспасөзі халық ұғымына ауыл тұрғындарын сыйғызады. Бұдан ауылдағы сауаты мен мәдениеті төмен бұқараның мүддесін көздеу алдыңғы лекке шығады. «Қазақты ауылға қайтарайық», «мал басын арттырайық», «ауылға апаратын жол салайық», «ауыз су жеткізейік»,.. деген сияқты мәселелер қазақтілді газеттердің ұранына айналған.
Шынайылығында қазіргі қазақ баспасөзі нағыз нонсенс жағдайында: ана тiлiнде ақпарат таратуға берiлген қағаз бен эфирлiк уақыт бұқараның құқықтық-саяси сауатын көтеруге септігін тигізе алмай, босқа кетуде. Оның себебі, біріншіден, журналистердің сөзді кімге арнау керектігін, екіншіден - қалай арнау керектігін ұлттық мүдде тұрғысынан жете саралап бере алмайды. Мазмұнды ауыл адамының ындынына бағыттау, оның қабылдауына шақтау - ол ауылдың соңынан еру деген сөз. Бұл қазақ баспасөзінің ғасыр бойы арыла алмай келе жатқан сырқаты.
Аграрлы қоғам адамының түсінігі шеңберіндегі талаптар индустриялы қоғам жағдайында орындалмақ емес. Сол себепті шу қатты болғанымен, байыз тауып жатқан ештеңе жоқ. Бастысы қазақтың санасында өрлеу жоқ. Осы уақытқа дейін қазақтілді бұқара саяси сауаты ашылмаған, құқықтық мәдениеті төмен, азаматтық білімі таяз, өз құқықтары мен мүдделерін қорғауды білмейтін, ұрса - қашатын, қырса - қырылатын, бұйығы, рухани әлжуаз күйде қалып отыр. Қазіргі Қазақстанда 1921, 1929-1933, 1937 жылдардың сценарийлерін қайта қайталауға әбден болады.
Халық ұйқысынан оянбайтын, ал зиялы болса «Оян, қазақ!» деп ұрандаудан жазбайтын айналсоқтыққа түскелі бір ғасыр болды. Қазақ баспасөзі белгілі деңгейде бұқарамен бірге ұйықтайтын, өзі оны оятпайтын факторға айналып алған. Қазіргі қазақ ауылында Цицеронның түсінігіндегідей халық тұрмайды, жемқор биліктің электораты тұрады. Биліктің таяғымен ғана қыбырлауды әдетіне айналдырған бұл сұр массаны журналистің сөзіне ілестіретіндей деңгейге жеткізу оңайға соқпаса керек.

ЖАҺАНДАНУҒА ҚАРСЫЛЫҚ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ БАҒЫТҚА АЙНАЛҒАН

Қазақ баспасөзіндегі жарияланымдардың бәрі рухани даму заңдылықтарына, ұлттық мүдделерге, өркениеттің аграрлықтан индустриялы баспалдағына өту диалектикасына сай емес. Оларда ұлтқа пайдалыдан гөрі оны рухани өсірмейтін уағыздар мен пайымдаулар көп. Совет билігі кезіндегі орыстық антиамериканизм мен антидемократизмнің отын лаулатудан әлі арылмаған, идеологиялық тұрғыдан теріс лағып жүрген материалдар толып жүр. Олар дерліктей бұқараны саясаттан, демек саяси білімнен де аулақтату үшін барын салады.
Мысалы, «Жас Алаш» газеті 2009 жылғы шілденің 7-індегі санында Серік Тұрғынбекұлының саясатты аямай сыбаған топ өлеңін жариялады. «Саясат сенен жерідім» деп ат таққан топтама авторының түсінігінше «аяр, содыр, тікені бар, гүлі жоқ» саясат «қаныңды ішеді, қанайды, сабайды, миды улайды». Сондықтан «бұл өмірде білгенім өкініш, қайғы, мұң ғана» деп күңіренеді. Мұнда автордың қазіргі үкіметтің әділетсіз саясатына деген наразылығынан гөрі қарапайым оқырманды саясаттан аулақтату идеясы үстем көрініп тұр.
Қазақ баспасөзінде орын алып отырған тағы бір теріс бағыт - алдыңғы қатарлы демократиялы қоғамдарға, дамыған өркениеттерге қарсылық, бұқараны соларға өшіктіруге бейімдеу. «Батыс басқыншы», «АҚШ - агрессор» деген сияқты өркениеттер арасындағы қақтығыстарды үстірт түсіндіру белең алған. Жаһандануға қарсылық идеологиялық бағытқа айналған.
Мысалы, «Жас қазақ» газетінің 2009 жылғы №7-санында Ө.Кенжебеков деген автор бірде Батыс елдерін, соның ішінде АҚШ-ты тілі жеткенше сыбапты. Автор «мұрнынан есекқұрты түсіп тұрған», «догмалық ойды саналарына сіңірген», «жарты әлемдегі жеңілістерінен сабақ алмаған склероз АҚШ», «жалпақ әлем алдында қарабет болған АҚШ» деген сияқты базарда жүрген әйелдерінің ұрсысы стиліндегі «өткір тіркестерімен» Батысты айызы қанғанша түйреп, оқырманды одан жирендіруге тырысыпты. Реті келгенде айта кетейін, біздің мемлекетіміздің тәуелсіздікке ие болуына АҚШ-ның атқарған рөлі ерекше. Орыстар бұрмалап берген тарихты оқыған қазақтар мұны білмейді.
Қазақтың санасына мықтап сіңіп алған «ақиқаттар» бар, мысалы: «орыстар бізге білім берді», «тіл мәселесі әкімшілік жолмен шешіледі», «қазақ әдебиеті озық», «ақсақалдар ақылды», «өткеннің бәрі керемет», «қазақтың тірегі - ауыл», «гүлденсе ауыл - гүлденеміз бәріміз»,.. т.с.с. Зиялы атаулы осы «сара бағыттарды» ұстанып алып, тыраштанып жатады. Бұлар редакцияға келіп түсіп жатқан материалдарды іріктеу өлшемі ретінде де әр журналистің жадында сақтаулы: осыларға сәйкестілігі бар материал қабылданады, өзге тұрғы ұстанған материал қабылданбайды. Бұл қағидалардың релевантты бола алмауын, рухани өрлеуге ықпал ете алмауын қоғамдық практика күн сайын алдан шығарып отырса да, оларды өзгертуге, жаңа идеялар іздеуге қазақ журналистикасының ынтасы да жоқ, шамасы да жетпей отыр.

ҚАУҚАРСЫЗ БАСПАСӨЗ ҚОҒАМДЫ РУХАНИ ӨСІРМЕЙДІ

Сыншылдық рухпен, өмiр шынайылығына сай көтерiлген, пайдалы пікірлер «қаралап жатыр», «жала жапты», «кемсiттi» деген сияқты байбаламдарға тап болады. Мұндайда мәселе талқыланбайды, адам талқыланады. Шептескен қарсыластың жеке басын сыйлау, азаматтық кесектік, оны конструктивті пікірсайысқа шақыру дегендер болмайды, топырлай жабылу ғана болады. Тек «ұнайды» немесе  «ұнамайды» деген екі критериймен ғана әрекет етушілер тіркес таңдамайды, балағат алға шығады, жаланың ауыры жабылады. Саяси кінәмен жоғары жақтарға ұжымдық хаттар жөнелтіледі, олардың мәтіндері жаппай жарияланады. Осылай қазақ арасында ешкімге тың ой айтуға мүмкіндік бермейтін ауыр психологиялық ахуал қалыптасқан.
Мәселені талқылауға жол бермеу, шынтуайттап келгенде, жаңа ой мен идея туып кетпеуі үшін күрес болып шығады. Ол тетіктің іске қосылу формуласы мынадай: мәселені талқылама - талқылау болған жерде кемшілік ашылып қалады; кемшілікті көрсетпе - көрсеткенде кінәлілер аталады; кінәлілерді атама - аталса оларды жылы орнынан тайдыруға тура келеді; ескі күштерді орнынан қозғама - қозғасаң олардың орнын тың күштер басады; тың күштерді іс басына келтірме - келтірсең мәселе шешіліп кетеді; мәселені шешпе - шешсең сол жолдағы күрескер ретіндегі имиджіңнен айырылып қаласың.
Өркениетті қоғам адамы жасаған тұжырымдар ауыл ұғымына сыймайды. Оларда болып жатқан құбылыстардың сыры қазаққа түсініксіз,. Ауылдық сана өркениетті тұтасымен анталап қазаққа қарсы болып, оның жерін талап, елін жойып жіберу үшін ғана өмір сүріп жатқандай қабылдайды. Соның салдары ұлт зиялыларын барлығына оппозициялық тұрғы ұстанып, бәріне жанкешті қарсы шығуға жетелеп әкелген. Енді осы дүниені ол өзінің «прокруст межесіне» лайықтап құрғысы келеді («Мал баққан елміз, тек жатқан елміз». «Өзгелер неге біз сияқты, жайлауда бағланның етін жеп, қымыз ішіп жата бермейді?»).
Баспасөз - төртінші билік деген бар. Шынайылығында оның халықтың санасын толық билеп алу мүмкіндігі бар. Ал қазіргі қазақ баспасөзінде бұқараның менталитеті мен саяси белсенділігін арттыра алатындай қауқар жоқ. Қазақ журналистері халықты рухани өсірмейді, ал рухани мешеу халықтың арасынан компетентті журналист те шықпайды. Сөйтіп, қоғамның рухани дамуы мен журналистің ауылдық дүниетаным деңгейі бірі бірін алға бастырмайтындай күйге түсіріп, алдын ала шарттандырылып тасталған.


«Азаттық» радиосының сайтынан

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322