ҚазҰУ студенттері ТДМ-нің 11-мақсаты аясында талқылау жұмыстарын жүргізді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Заң факультетінде тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) бірі – «Тұрақты қалалар мен қауымдастықтар» тақырыбында студенттік талқылау өтті. Бұл шараның басты мақсаты – жастардың тұрақты урбанизация, экологиялық қауіпсіздік және қала инфрақұрылымының дамуындағы рөліне назар аударту.
ТДМ-нің 11-мақсаты – әрбір адамның өмір сүруіне ыңғайлы, қауіпсіз, инклюзивті және тұрақты қалалар мен қауымдастықтар құру. Осы мақсат аясында студенттер Қазақстанның және әлемнің урбанизация саласындағы жетістіктері мен өзекті мәселелерін талқылады.Талқылау барысында көтерілген мәселелер:
- Қалалардың экологиялық ахуалы және жасыл кеңістіктерді көбейту;
- Қауіпсіз көлік жүйесін дамыту, әсіресе жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер үшін жағдай жасау;
- Энергия үнемдеу технологияларын енгізу және қалдықтарды қайта өңдеу;
- Әлеуметтік теңсіздікті азайтып, қолжетімді тұрғын үй салу.
Іс-шараға қатысушылар қалалық ортадағы қолжетімділік пен инклюзия мәселелерін талқылап, қалалық инфрақұрылымды дамытудағы жастардың рөлін ерекше атап өтті. Талқылау нәтижесінде студенттер қалаларды тұрақты дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныс жасады:университет кампусында қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізу, ҚазҰУ аумағында жасыл аймақтарды көбейту және экологиялық акциялар ұйымдастыру, жергілікті билікпен бірлесіп, жастар арасында тұрақты урбанизация туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу. 11-мақсатқа жету үшін елімізде қалаларды экологиялық таза, қауіпсіз, қолжетімді және баршаға қолайлы өмір сүру ортасына айналдыруды көздеп отыр. Жоспар аясында қала инфрақұрылымын жақсарту, көлік жүйесін жетілдіру, қалдықтарды басқару, энергияны үнемдеу, тарихи мұраларды сақтау және климаттық өзгерістерге төзімділікті арттыру қарастырылған.
Әл-Фараби атындағы заң факультетінің оқытушылары мен студенттері осы мақсатқа жету жолында өз үлесін қосуда. Алматы қаласында өтетін сенбіліктерге,қатты тұрмыстық қайда өңдеу үшін де жұмыстарға белсене араласуда. Бүгінгі таңда әлем халқының 55%-дан астамы қалаларда өмір сүреді, ал 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 70%-ға дейін өсуі мүмкін. Урбанизацияның артуы бір жағынан экономикалық даму әкелсе, екінші жағынан әлеуметтік және экологиялық проблемаларды шиеленістіріп отыр.
Ауаның ластануы, шулы орта, көлік кептелістері, қолжетімсіз баспана, және табиғи ресурстардың азаюы – бұл мәселелердің бірқатары ғана. Факультет студенттері тұрақты дамудың маңызды бағыты – қалалар мен қауымдастықтарды жақсарту екенін көрсетті. Олар жастардың идеялары мен белсенділігі заманауи қалалардың тұрақты дамуына ықпал ететінін және бұл бағытта нақты қадамдар жасау қажеттігін атап өтті. Мұндай талқылаулар тек теориялық білімді арттырып қана қоймай, студенттердің өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді қатысуына мүмкіндік береді.
Темірболат Н.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының оқытушысы
Abai.kz