Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 1435 0 пікір 10 Желтоқсан, 2024 сағат 14:01

Қазақ қамшысы

Сурет: kazgazeta.kz сайтынан алынды.

Бүгін Abai.kz ақпараттық порталының оқырмандарына белгілі этнограф Болат Бопайұлының «Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында» 12.12.2024 жылы сөйлемек «Қазақ қамшысы» тақырыбындағы баяндамасын ұсынып отырмыз...


Қазақ қамшысы

Қамшы атауының этимологиялық
мәні

Қамшы – қазақтың тұрмысында да, рухани өмірінде де ерекше орын алатын ұғым. Бұл атау «қам» және «шы» қосымшалары арқылы жасалған.

- «Қам» сөзі қамту, қорғау, қамдану сияқты мағыналарды білдіреді.

- «Шы» қосымшасы зат есім жасау үшін қолданылады.

Қазақ, өзбек («қамчі»), қырғыз («қамчы») тілдеріндегі бұл сөздің түбірі ортақ, барлығы мағыналық жағынан бір-біріне сәйкес келеді.

«Қам» сөзінің көпқырлы
мағыналары

1. Жай-күй: адамның жағдайын, мұңын білдіреді («Басында қамы бар адам»).

2. Іс-әрекет: «қам жасау» – алдын ала әрекет ету.

3 Қайғы: қайғы мен мұңның көрінісі («қамқоршы»).

4. Толық еместік: жетілмеген дүние – «қам».

5. Шамдану: қызу мінезді адамды «қам мінезді» дейді.

6. Қамту: қолға алу, қамдану.

7. Қамдау: қамтамасыз ету, қамқорлық көрсету.

Қамшы атауының пайда болуы

Қамшы – «қам» сөзінен өрбіп, терең мағыналы ұғымға ұласып, біріншіден, адам өміріндегі рухани қамдануды бейнелесе, екіншіден тұрмыста қолданылатын заттық құрал ретінде танылып “Қамшы” атауы барлыққа келген.

1. Рухани қамшы: қам жеу, қамқор болу сынды ізгі қасиеттердің рәмізі ретінде қалыптасқан.

2. Заттық қамшы: тұрмыстық құрал әрі қазақтың ұлттық болмысының символына айналған. Сондықтан қамшы – адамның рухани және заттық қажеттіліктерін қатар бейнелейтін ерекше құнды жауһар жәдігер болып табылады.

Қазақ қамшысының тарихы

Қамшы – қазақ халқының тұрмысында терең тарихи және мәдени маңызға ие ұлы мұра. Ол тек тұрмыстық құрал емес, сонымен қатар, ұлттық болмыстың, ерліктің, әдептің, өнердің және рухани құндылықтардың көрінісі ретінде ерекшеленеді. Қамшы ұғымы арқылы қазақ халқының даналығы, өмірге деген көзқарасы мен табиғатпен үйлесімді қарым-қатынасы айқындалады.

Қамшының қасиеттері

Қамшы – көшпелі өмірдің қажеттілігі мен тұрмысқа ыңғайлы құралы ретінде пайда болған. Оның тарихы мыңдаған жылдарға созылады. Алғашқыда мал айдау, ат мінуде көмекші құрал болса, уақыт өте келе оның рөлі кеңейіп, салт-дәстүрдің символына айналды. Қамшы ер адамның серігі ғана емес, отбасылық татулық пен тәртіптің сақшысы ретінде де қолданылды. Қамшы ұстау арқылы хан мен батырдың, қара мен би-шешеннің беделі, мәртебесін көрсететін ерекше символға айналған.

Қазақ қамшысының тарихы

(Қысқаша ғылыми тұжырым)

Уақыт тізбегі:

• Б.з.д. 3-1 мыңжылдықтар – Қамшының алғашқы үлгілері.

• Б.з.д. 8-3 ғасырлар – Сақ, ғұн дәуірі

• VI-IX ғасырлар – Түркі қағанаты дәуірі.

• XIII-XVIII ғасырлар – Алтын Орда және Қазақ хандығы кезеңі.

• XIX ғасыр – Мал шаруашылығы мен тұрмыстық қажеттілік.

• 1920-1990 жж. – Кеңестік дәуірдегі шектеулер.

• 1991 жылдан бері – Қамшының ұлттық символ ретінде қайта жаңғыруы.

Ежелгі дәуір

(б.з.д. 3-1 мыңжылдықтар)

Қамшының алғашқы үлгілері Еуразия далаларындағы көшпелі тайпаларда пайда болды. Бастапқыда қамшы ат айдауға, мал бағуға арналған құрал ретінде қолданылды. Ол теріден жасалған қарапайым құрылғы, тұтыну бұйымы болған.

Ерте темір дәуірі

(б.з.д. 8-3 ғасырлар)

Сақ, ғұн мәдениеттерінде қамшы әскери құрал әрі биліктің символы ретінде дами бастады. Бұл кезеңде қамшының ұшына металл шыбықтар бекітіліп, оны қару ретінде, қарсы келген жауына қолданды. Сол замандарда жауынгерлер арасынан не ғажап қамшыгерлер жарыққа шықты. Алайда қамшыгерлердің есімдері туралы жазылған нақты жазба деректер жоқ. Бірақ аңыздар мен мифтер арқылы таралған сол дәуірдегі қамшыгерлік өнердің үлгісі ел ауызында кереметтей аңыз болып сақталған.

Сондай аңыздың бірінде сақтардың әйгілі патшайымы Томирис қамшыны билік символы ретінде қолданылғаны айтылады. Томирис жауынгер ғана емес, соғыс өнерін шебер меңгерген көшбасшы болған. Оның қамшысы биліктің ғана емес, жауынгерлік шеберліктің де белгісі ретінде баяндалады.

Тағы бір ескі аңызда ғұндар дәуірінде аты аңызға айналған көсем Мөде (Мотун) қамшыны стратегиялық құрал ретінде қолданылғаны айтылады. Аңыздарға сүйенсек, Мөде қамшыны тек қару ретінде ғана емес, әскерді басқару құралы ретінде де пайдаланған. Ол арнайы белгі беру үшін қамшысын сермеп, жауынгерлерін тәртіпке шақырған.

Демек қамшыны қару ретінде қолданған сақтар мен ғұндар арасында ерекше шеберлікпен көзге түскен батырлардың болғаны белгілі. Бұл батырлар қарсыластың атын қамшымен қақ басына бір тартқан жерде бейне қылышпен шапқандай қақ айырып тастайтын болған. Олардың ерекше қамшыгерлік шеберлігінің жетілгені сонша жердің жүзін, күннің көзін көрсетпей құмырысқадай қаптап келе жартқан жаудың бергі шетінен кіріп, арғы шетіне шыққанда жауларын қоғадай жапырып, баудай түсіріп өте шығады деп суреттеп айтылады. Бұл қамшының өте жойқын қару екенін айқындайды.

Сол замандағы қамшының ұзындығы мен ұшындағы металл бөліктер жауды жарақаттауға арналып, ресми қару ретінде жасалғаны анық.

Қобыланды батыр эпосында да қамшының жауынгерлік құралы ретінде сипатталуы. Алпамыс батырдың қамшысы, қарсы дұшпанын жерге қолатып қана қоймай, топ жауды топандай ұшырады деп суреттеледі.

Түркі қағанаттары дәуірі

(VI-IX ғасырлар)

Түркілер заманында қамшы тек күнделікті өмірдің ғана емес, мәдени және діни рәсімдердің, батырлықтың, биліктің, рухани күштің символына айналып қана қалмай, қоғамның барлық саласында, әлеуметтік рәсімдерде маңызды рөл атқарды.

Түркі дәуірінде қамшының қолданылуы оның жасалу ерекшелігі мен мақсатына байланысты қамшының түрлері барлыққа келді.

Салтанатты қамшы

Хандар мен көсемдер ұстаған әшекейленген, сәндік қамшылар. Бұл қамшылар асыл металдармен өрнектеліп, ру символдары бедерленген. Олар көшбасшылық пен биліктің белгісі ретінде пайдаланылды.

Жауынгер қамшысы

Соғыста қолданылған. Қамшының ұшына металл шыбықтар, кейде өткір пышақ тәрізді қондырғылар бекітіліп, қару ретінде пайдаланылды.
Қамшының сабы берік ағаштан жасалып, оның ұзындығы ат үстінде ыңғайлы қолдану үшін бейімделген.

Рәсімдік қамшы

Діни және мәдени рәсімдерде қолданылған. Бұндай қамшылар ерекше сәнделіп, түркілердің рухани сенімдері мен салт-дәстүрлерін бейнелеген.
Қамшының ұшына қоңырау немесе түрлі әшекейлер тағылып, олардың дауысы салтанатты атмосфера тудырған.

Күнделікті қамшы

Көшпенді тұрмыста, мал айдауда, жол жүруде қолданылған қарапайым қамшылар. Олар негізінен қайыстан немесе теріден өрілген.

Қамшыгерлердің қамшысы

Түркілер заманында қамшыны шебер қолданған батырлар мен көсемдер халық жадында қалды. Түркі қағанаттары кезеңінен жеткен деректерге сәйкес қамшыгерлік әскери өнердің бір бөлігі ретінде ерекше бағаланған.
Бумын қаған (VI ғасыр). Түркі қағанатының негізін қалаушы. Тарихи деректерде Бумын қаған қамшыны билік символы ретінде пайдаланғаны туралы айтылады. Қамшы оның халық алдындағы күшін және беделін білдірген.

Күлтегін батыр (VIII ғасыр) Түркі жазба ескерткіштерінде аты мәңгі сақталған. Күлтегіннің қамшыгерлігі туралы нақты деректер болмаса да, оның жауынгерлік шеберлігі қамшыны қару ретінде жетік меңгергенін аңғартады.

Тоныкөк (VIII ғасыр) Түркі қағанатының әйгілі кеңесшісі әрі көсемі. Ол да қамшыны билік белгісі ретінде қолданған тұлға ретінде тарихта қалған. Тоныкөктің стратегиясы мен батырлық болмысы қамшыны тек тұрмыстық емес, рухани және саяси құрал ретінде пайдаланғанын көрсетеді.

Аңызға айналған қамшыгер батырлар

Түркілер арасында ерекше шеберлікке ие қамшыгерлер болған. Олар қамшы арқылы жаудың қаруын қағып түсіріп, ат үстінде қимыл жасау шеберлігімен танылған. Қамшының ұшына байланған металл арқылы қарсыластың сауытын тесіп, оны жарақаттаған қамшыгерлердің ерлігі аңыздарға арқау болды.

Қамшының діни және рухани маңызы Түркілердің шамандық сенімдерінде қамшының рухани күші болған. Ол зұлым рухтарды қуу, адам мен табиғат арасындағы үйлесімді сақтау құралы ретінде пайдаланылды. Қамшы діни рәсімдерде шамандардың қолында қасиетті құрал ретінде саналды.

Алтын Орда, Қазақ хандығы кезеңі

(XIII-XVIII ғасырлар)

Алтын Орда кезінде қамшы биліктің және әдет-ғұрыптық құқықтың маңызды нышанына айналды. Хандар, билер, батырлар қамшыны мәртебе белгісі ретінде ұстады. Бұл кезеңде алтынмен апталған, асыл тастармен безендірілген сәндік қамшылар пайда болды. Әсіресе, Жылқыны қолға үйрету адамзат өркениетіне үлкен өзгеріс әкелді. Қазақ даласы жылқы мәдениетінің бесігі болса, қамшы сол дәуірдің рухы мен биліктің символына айналды. Ежелгі сақтар мен түркілердің өмірінде қамшы ерекше орын алған. Гректер сақтарды «кентавр» деп аңыздаса, Алтын адам қабіріне қамшының жерленуі оның билік белгісі болғанын дәлелдейді.

Шыңғысханның даңқты жолы алтын қамшы тауып алған аңызымен байланыстырылады. Аттиланы еуропалықтар «Тәңірдің қамшысы» деп атаған, бұл ұғымның рухани және саяси мәнін күшейте түседі. Түркі мәдениетінде қамшыны төрге ілу, келіннің бетін ашу, ер балаға ұстату сияқты дәстүрлер қамшыны ерекше қасиетті мұра ретінде дәріптейді.

Қамшы тек құрал емес, ұлт рухының символы. Ол ерлік пен өрлікті бейнелейді. Қазіргі ұрпақтың тарихи жадын жаңғыртып, рухын оятуда қамшының мәнін түсіну маңызды. Бұл ұлттық болмыс пен дәстүрді сақтаудың кепілі болмақ.

ХV-ХVlll ғасыр кезеңі

Қазақ тұрмысында қамшы мал шаруашылығымен тығыз байланысты болғандықтан, оның тұрмыстық рөлі арта түсті. Сонымен қатар, қамшы руаралық билікке, сот шешімдеріне ықпал ететін құрал ретінде қолданылды.
Қазақ тұрмысында қамшы мал шаруашылығымен ғана емес, билік пен сот үкімдерін орындауда да маңызды рөл атқарды. Мысалы, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би билік айтқанда қамшыны әділдіктің белгісі ретінде ұстап, шешімін нықтап отырған. Төле би дауласушыларға қамшысын ұсыну арқылы татуласуға шақырса, Қазыбек би қамшы арқылы ант бергізіп, әділеттілікке үндеген. Әйтеке би сот үкімін жариялаған кезде қамшыны төрде іліп, оны биліктің беделі ретінде көрсеткен.

Кеңестік кезең

(1920-1990 жж.)

Қамшы – қазақ халқының болмысы мен рухының терең символы. Ол тек тұрмыстық құрал ғана емес, еркіндік пен өр рухтың, елдік пен бірліктің көрінісі еді. Кеңес дәуірінде қазақтың қолындағы қамшысын тартып алып, оны тек тұрмыстық қажеттілікке телу – ұлттың рухани тірегін әлсіретуге бағытталған терең саясаттың бір бөлігі болды.

Қамшыны қолданудан шектеу – қазақты еркіндігінен айыру, тарихи жады мен ұлттық болмысынан ажырату әрекеті еді. Өйткені қамшы тек мал айдайтын құрал ғана емес, көшпенділер үшін билік пен әділеттің, өр рух пен ұлт беделінің символы болды. Кеңес өкіметі бұл құралдың қазақтың рухына тигізер ықпалын жақсы түсініп, оны қолдануды шектеу арқылы ұлттық сананың әлсіреуін көздеді.

Дегенмен, қамшының этнографиялық мұра ретінде сақталып, фольклорда орын алуы – ұлттың тарихи жадын қорғау мен рухани құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізу жолындағы табандылығының белгісі. Қамшыны қайта дәріптеу – ұлт рухын жаңғыртудың, болмысты қайта бекітудің айқын көрінісі болып табылады.

Қазіргі кезең

(1991 жылдан бүгінге дейін)

Тәуелсіздік алғаннан кейін қамшы ұлттық мұра ретінде қайта бағаланды. Қамшы жасаушылық өнер жанданып, ол қазақтың ұлттық символдарының біріне айналды. Қазіргі таңда қамшы мәдени және рухани құндылық ретінде этнографиялық көрмелерде, ұлттық мерекелерде көрініс табады.

1. Қамшы құрлымы

Қамшы – ұлттық қолөнердің ғажайып туындысы. Оның жасалуына, өрілуіне, сәнделуіне байланысты 72-ден астам түрі бар. Бүлдіргесі, сабы, алақаны, өрімі – барлығы бірігіп, төртеудің түгелдігін білдіреді.

• Бүлдіргесі – айырылмаудың,
• Сабы – тура жолдың, ұзыр ғұмырдың,
• Алақаны – кеңдіктің,
• Өрімі – бірліктің,
• Ұшындағы шашағы өрім-бұтақтың символы.

Қамшының жасалу техникасы мен өлшемі тұрақты ұлттық дәстүрге бағынады. Ол тек тұрмыстық зат емес, шеберлік пен рухани байлықтың көрінісі.

2. Қамшы құрлымының 36 атаулары

1. Өрімі – Қамшының негізгі бөлігі, қайыстан өрілген таспалары.
2. Сабы – Қамшының қолға ұстайтын тұтқасы.
3. Басы – Қамшының ұшындағы соққы беретін бөлік.
4. Дүмі – Қамшы сабының ең түп жағы.
5. Алақаны – Сабының жалпақ, алақанға сәйкес келетін бөлігі.
6. Бүлдіргесі – Қамшыны белдікке немесе ер-тоқымға іліп қоятын бауы.
7. Орамы – Қамшы өрімінің айналмалы, қабатталған бөлігі.
8. Кежегесі – Сабына бекітілген қосымша қайыс не сәндік бөліктер.
9. Шежемейі – Қамшы өрімінің сәндік жалғасқан бөлігі.
10. Айдары – Қамшының ұшындағы сәнді, безендірілген бөлік.
11. Мойнағы – Сабын өріммен қосатын, байланыс орнататын бөлігі.
12. Бүркеншігі – Қамшы сабының бас жағындағы орамалдай жауып тұратын бөлігі.
13. Бунағы – Өрімнің әртүрлі бөліктерін айқындап тұратын жиынтық бөлшектері.
14. Бауыры – Қамшы өрімінің астыңғы, тегіс жағы.
15. Баурлағы – Қамшы өрімінің жиегіндегі сәндік таспалар.
16. Шашағы – Қамшының сәндік шашақтары, көбіне ұшына бекітіледі.
17. Өзегі – Өрімнің ортасындағы негізгі таспа.
18. Түйіні – Қамшы өрімін аяқтайтын, түйінделген бөлік.
19. Шығыршығы – Қамшы сабына сәндік үшін бекітілетін сақина тәрізді бөлік.
20. Топшысы – Қамшының өрімі мен сабы арасындағы қалыңдау бөлігі.
21. Түйнегі – Сабына түйіліп, мықты байланыстырылған бөлік.
22. Білезігі – Сабын безендіретін, сәндік таспа немесе қайыс.
23. Белдігі – Қамшыны белге ілуге арналған қайыс немесе белдік.
24. Арқалығы – Қамшы сабының негізгі тірек бөлігі.
25. Бүршігі – Сабында орналасқан сәндік, кішкентай дөңестер.
26. Шегелігі – Сабына немесе өріміне шегемен бекітілген бөлігі.
27. Көздігі – Қамшының сәндік көз тәрізді элементі.
28. Қапшығы – Қамшыны сақтау немесе қаптау үшін жасалатын жабынды бөлік.
29. Қарны – Сабындағы ойылған, көлемді бөлігі.
30. Қарымы – Қамшының қайырылатын, икемді бөлігі.
31. Белжиегі – Сабындағы сәндік жиек.
32. Жетесі – Сабына бекітілген түп жағы.
33. Алқымы – Сабымен өрімнің түйіскен жері.
34. Үші – Қамшының ең соңғы, ұшындағы бөлігі.
35. Бөртесі – Өрімнің сәндік үшін көтерілген бедерлі бөлігі.
36. Шоңтылығы – Қамшының ерекше түйінделген немесе мықтылау бекітілген бөлігі.

Бұл бөліктердің әрқайсысы қамшының құрылымдық және сәндік ерекшелігін арттырып, оның қызметін айқындайды.

Қамшының 101 түрі

1. Материалына байланысты қамшылар

1. Ақ қамшы – Ақ түсті теріден жасалып, сәндік мақсатта қолданылған.
2. Қара қамшы – Қара малдың терісінен жасалатын төзімді қамшы.
3. Сары қамшы – Сары түсті былғарыдан өріліп жасалған ерекше қамшы.
4. Былғары қамшы – Көбінесе былғарыдан жасалған берік қамшы.
5. Шаша қамшы – Ұшы шашақталған, көркемделген сәндік қамшы.
6. Алтын сапты қамшы – Саптығы алтынмен безендірілген мәртебелік қамшы.
7. Күміс сапты қамшы – Күміс жалатылған, көбіне сыйлық ретінде берілетін қамшы.
8. Қармақты қамшы – Ұшында қармақ ілгегі бар, арнайы жасалған қамшы.
9. Тері қамшы – Жұмсақ өңделген теріден жасалатын қамшы.
10. Шұбар қамшы – Әртүрлі түсті терілерден өрілген көркем қамшы.

2. Өріміне байланысты қамшылар

11. Бес өрімді қамшы – Бес таспадан өріліп, жеңіл әрі ыңғайлы жасалған.
12. Жеті өрімді қамшы – Жеті таспадан өріліп, күрделі әрі ерекше жасалған.
13. Тоғыз өрімді қамшы – Өте тығыз және төзімді етіп өрілген қамшы.
14. Он екі өрімді қамшы – Шеберлердің жасаған ерекше үлгісі.
15. Сырғалы қамшы – Ұшында сырғалар немесе салпыншақтар бекітілген.
16. Шаршы өрімді қамшы – Төрт қырлы шаршы тәрізді өріліп жасалған қамшы.
17. Түйін өрімді қамшы – Әр өрімінде түйіндер қосылған ерекше өрілген қамшы.
18. Сауытты қамшы – Қатты былғарыдан сауыт сияқты өрілген қамшы.
19. Бұрымды қамшы – Ұшы бұрым тәрізді өрілген сәндік қамшы.
20. Қос өрімді қамшы – Қос таспадан өрілген, қарапайым қамшы.

3. Ұзындығына байланысты қамшылар

21. Ұзын қамшы – Ұзындығы 2-3 метрге жететін, ат айдауға арналған қамшы.
22. Қысқа қамшы – 50-70 см аралығындағы ықшам қамшы.
23. Құлаш қамшы – Бір құлаш немесе одан да ұзын, әдетте мал айдауға арналған қамшы.
24. Шолақ қамшы – Қысқа әрі жеңіл қамшы түрі.
25. Иықты қамшы – Ұзын сапты, иыққа лақтыруға ыңғайлы қамшы.
26. Білек қамшы – Қолға ыңғайлы әрі ықшам қамшы.
27. Бел қамшы – Белде алып жүретін шағын қамшы.
28. Желдім қамшы – Жіңішке, ұзын әрі иілгіш қамшы.
29. Қосұзын қамшы – Екі ұзын таспадан өрілген ерекше қамшы.
30. Қысқа өрімді қамшы – Қысқа өріммен жасалатын ықшам қамшы.

4. Қолданылуына байланысты қамшылар

31. Мал айдағыш қамшы – Мал бағуға арналған берік әрі ұзын қамшы.
32. Сәндік қамшы – Сал-сері немесе сый ретінде қолданылатын әшекейлі қамшы.
33. Жазалаушы қамшы – Жаза немесе тәртіп орнату үшін қолданылған қамшы.
34. Даулы қамшы – Билердің даулы мәселелерді шешуде қолданған нышаны.
35. Көлік қамшы – Арба немесе өгіз айдауға арналған ұзын қамшы.
36. Бала қамшы – Балаларға арналған ықшам әрі жеңіл қамшы.
37. Қол қамшы – Қолға ұстап жүруге арналған шағын қамшы.
38. Жорға қамшы – Жорға мініп жүргендер пайдаланатын сәнді қамшы.
39. Той қамшы – Тойларда сыйлық немесе көрініс үшін қолданылатын қамшы.
40. Жылқы қамшы – Жылқыны баптауға арналған арнайы қамшы.

5. Әлеуметтік мәртебеге байланысты қамшылар

41. Хан қамшысы – Хандардың билік белгісі ретінде қолданған сәнді қамшы.
42. Би қамшысы – Сот шешімін шығаруда қолданылған ерекше қамшы.
43. Батыр қамшысы – Батырлардың мәртебелік символы.
44. Молда қамшысы – Діни қызметкерлер ұстаған қасиетті қамшы.
45. Сал-сері қамшысы – Сал-серілердің сән-салтанатын айқындайтын қамшы.
46. Әкім қамшысы – Ру басшыларының символы болған қамшы.
47. Көшбасшы қамшысы – Қоғамдағы беделді тұлғаларға арналған қамшы.
48. Ата қамшысы – Жасы үлкен адамдарға арналған құрметті қамшы.
49. Сұлтан қамшысы – Билеушілердің мәртебе белгісі ретінде қолданған.
50. Бақсы қамшысы – Бақсылардың жоралғыларда пайдаланатын ерекше қамшысы.

6. Әшекейі мен өрнегіне байланысты қамшылар

51. Өрнекті қамшы – Әшекейлі өрнектермен безендірілген қамшы.
52. Көзді қамшы – Өрімінде көз тәрізді өрнек салынған.
53. Айшықты қамшы – Әсемдікке ерекше мән берілген бедерлі қамшы.
54. Сырғалы қамшы – Ұшында салпыншақ немесе сырғалары бар қамшы.
55. Шашақты қамшы – Шетіне шашақтар бекітілген көркем қамшы.
56. Шынжырлы қамшы – Ұшына шынжыр бекітілген ауыр қамшы.
57. Күміс өрімді қамшы – Өріміне күміс сымдар қосылып өрілген қамшы.
58. Алтын өрімді қамшы – Өріміне алтын сымдар қосылған сәнді қамшы.
59. Жеті түсті қамшы – Әртүрлі түсті таспалардан өрілген көркем қамшы.
60. Шұбар өрімді қамшы – Өрімі шұбарланып, әсемделген ерекше қамшы.

7. Қорғаныс және ұрыс үшін пайдаланатын қамшылар

61. Дүр қамшы – Жазалауға арналған ауыр қамшы.
62. Ұры қамшы – Ұрыс кезінде қару ретінде қолданылған қамшы.
63. Шыңғыртпа қамшы – Ұру кезінде қатты дыбыс шығаратын қамшы.
64. Жылан қамшы – Ұзын, иілгіш, жылан тәрізді қамшы.
65. Сойылбас қамшы – Ұшына сойыл бекітілген ауыр қамшы.
66. Құрыш қамшы – Металл қосылып жасалған берік қамшы.
67. Сойыл қамшы – Қаруға ұқсас ауыр қамшы.
68. Шаппа қамшы – Ұрысқа ыңғайлы етіп жасалған қамшы.
69. Қарулы қамшы – Ұшына металл бекітілген ауыр қамшы.
70. Қармау қамшы – Ұшында ілмек орнатылған ерекше қамшы.

8. Ерекше және аймақтық қамшылар

71. Шетер қамшы – Жеңіл әрі иілгіш қамшы.
72. Кербез қамшы – Әйелдерге арналған сәндік қамшы.
73. Шатыр қамшы – Киіз үйдің сәні үшін жасалған қамшы.
74. Құтты қамшы – Қасиетті деп саналатын қамшы.
75. Дулығалы қамшы – Сапы дулығаға ұқсас безендірілген сәнді қамшы.
76. Шаңырақ қамшы – Шаңырақта ілінетін, киіз үйдің символы ретінде қолданылатын қамшы.
77. Салт қамшы – Ер-тұрманмен бірге жүретін, салт мінгенде қолданылатын қамшы.
78. Наурыз қамшы – Наурыз мерекесінде сыйлық ретінде жасалатын ерекше қамшы.
78. Тай қамшы – Тайға немесе құнанға арналған шағын қамшы.
80. Бақташылық қамшы – Малшының күнделікті тұрмыста пайдаланатын қамшысы.

9. Мақсаты мен ерекше пішініне байланысты қамшылар

81. Қазмойын қамшы – Сабы иілген, қаздың мойнына ұқсайтын қамшы.
82. Таспа қамшы – Таспадан өрілген жеңіл әрі сәндік қамшы.
83. Айбат қамшы – Салтанатқа немесе биік мәртебені көрсету үшін қолданылған қамшы.
84. Сәукеле қамшы – Ұшы сәукеленің пішінінде безендірілген әдемі қамшы.
85. Қарауыл қамшы – Қарауыл немесе күзет қызметінде қолданылған қамшы.
86. Атбегілік қамшы – Ат баптауда, үйретуде пайдаланылған қамшы.
87. Шырмауық қамшы – Шырмауық өрімге ұқсас, ерекше өрілген қамшы.
88. Сарбаз қамшы – Сарбаздардың ұрыста немесе сапта қолданған қару қамшысы.
89. Қарғыбау қамшы – Ит үйретуде пайдаланылған шағын қамшы.
90. Кереге қамшы – Киіз үйдің керегесіне бекітіліп тұратын шағын сәндік қамшы.

10. Ерекше атаулары мен киелі қамшылар

91. Тұрмыстық қамшы – Күнделікті өмірде қолданылған қарапайым қамшы.
92. Шешен қамшы – Шешендер мен билердің қолынан түспейтін мәртебелі қамшы.
93. Қасиетті қамшы – Бата беруде немесе салттық рәсімдерде қолданылған қамшы.
94. Қарсы қамшы – Қарсыласуды білдіретін нышандық қамшы.
95. Киелі қамшы – Жоралғыларда қолданылған, киелі саналған қамшы.
96. Ұстаз қамшы – Ұстаздар мен тәлімгерлер пайдаланған тәрбие құралы.
97. Бесқұлақ қамшы – Бес салпыншақ немесе сәндік элементі бар қамшы.
98. Сәттілік қамшы – Жорыққа немесе жолға шыққанда қолданылған қамшы.
99. Төре қамшы – Төрелердің мәртебесін білдіретін сәнді қамшы.
100. Құтқарушы қамшы – Қауіптен немесе қиын жағдайдан құтылуға арналған символикалық қамшы.
101. Мұрагер қамшы – Мұра ретінде атадан балаға берілетін ерекше қамшы.

Қазақ қамшысының 55 түрлі өрім атаулары

Өрім өнерінің символикалық мәні

Қамшының өрімі – қазақ шеберлерінің керемет өнері. Әр өрімнің өзінің символикасы мен терең мағынасы бар:

• Алты таспалы өрім – алты алаштың бірлігінің символы.
• Үш таспалы өрім – ата- ана және баланың отбасы, өз жұрты. нағаш жұрты, қайын жұртының бірлік бірлігі.
• Төрт таспалы өрім – төрттеу түгелдің, төрт қара көздің белгісі.
• Бес таспалы өрім – берік сенімнің белгісі.
• Жеті таспалы өрім – жеті ата, жеті жұрттың белгісі.
• Сегіз таспалы өрім – байлық пен молшылықтың белгісі.
• Тоғыз өрім – халықтың киелі саны, бірлік пен тұтастықты білдіреді.
• Он таспалы өрім - көп ұрпақты болудың нышаны.
• Он екі таспалы өрім – жылдың он екі айда аман жүруді бейнелейді.

Шеберлер өрім жасауда әр таспаның қиюласуына, біртұтастығына мән берген. Бұл қамшының тек құрал ғана емес, өнер туындысы екенін көрсетеді.

Төмендегі 55 түрлі қрімнің де осындай өзіне тән символикалық мәні мен мағынасы бар:

1. Алты өрім – алты таспадан өрілген өрім.
2. Жеті өрім – жеті таспадан өрілген өрім.
3. Сегіз өрім – сегіз таспадан өрілген өрім.
4. Тоғыз өрім – тоғыз таспадан өрілген өрім.
5. Он өрім – он таспадан өрілген өрім.
6. Бес өрім – бес таспадан өрілген өрім.
7. Төрт өрім – төрт таспадан өрілген өрім.
8. Екі өрім (қос өрім) – екі таспадан өрілген өрім.
9. Бір өрім – жалғыз таспадан өрілген өрім.
10. Қос бұрым – екі бұрымның біріктіріліп өрілуі.
11. Бұрама өрім – таспалардың бұралып өрілуі.
12. Шеңбер өрім – шеңбер тәрізді өрілген өрім.
13. Кемер өрім – алтын немесе күміс әшекейленген өрім.
14. Жай өрім – қарапайым тәсілмен өрілген өрім.
15. Қара өрім – қара түсті таспадан өрілген өрім.
16. Сары өрім – сары түсті таспадан өрілген өрім.
17. Өрмек өрім – өрмекшінің торындай қиылысып өрілген өрім.
18. Тарақ өрім – тарақ пішінді өрім.
19. Қалмақ өрім – қалмақ әдісімен өрілген ерекше өрім.
20. Маржан өрім – маржандай тізбектеп өрген өрім түрі.
21. Күлтеленген өрім – ұштары күлтеленіп өрілген өрім.
22. Қос қабат өрім – екі қабат таспадан өрілген өрім.
23. Тұйық өрім – тығыз әрі жабық әдіспен өрілген өрім.
24. Айдар өрім – айдарша сәнделіп өрілген өрім.
25. Таспа өрім – жалпақ таспа түрінде өрілген өрім.
26. Қосқұлақ өрім – құлақ тәрізді қос өрім.
27. Құрамды өрім – әртүрлі әдістердің үйлесімімен жасалған өрім.
28. Қаракөз өрім – қара түсті көз тәрізді өрім.
29. Шашақ өрім – шашақ сияқты сәнделген өрім.
30. Дойыр өрім – қатты және мықты өрім.
31. Құм өрім – құнды материалдардан өрілген ұсақ өрім.
32. Жалпақ өрім – жалпақ және кең өрілген өрім.
33. Жіңішке өрім – жіңішке таспалармен өрілген өрім.
Айналма өрім – айналып өрілетін әдіс.
34. Қайқы өрім – қайқы пішінді өрім.
35. Қанат өрім – қанат тәрізді өрілген өрім.
36. Тарамыс өрім – тарамыс таспалардан өрілген өрім.
37. Бұтақ өрім – бұтақ тәрізді өрілген өрім.
38.Шұбат өрім – шұбатылған әдіспен өрілген өрім.
39. Тұтқалы өрім – тұтқаға бекітіліп өрілген өрім.
40. Түкті өрім – түкті, үлпілдек өрім.
Күлтек өрім – күлтелеп жасаған таспадан өрілген өрім.
41. Шақпақ өрім – шақпақ тас тәрізді өрім.
42. Араласпа өрім – әр түрлі таспаны қосып өрген сәнді өрім.
43. Жым өрім – жым пішінді сәнделген өрім.
44. Жырым өрім– жырымдап өрген өрім түрі.
45. Бытыра өрім – бөлек-бөлек, сала-сала етіп өрген өрім түрі.
46. Моншақ өрім – моншақ тас қосып өрген өрім түрі.
47. Тамшы өрім – жаңбыр тамшысы пішінді өрген өрім түрі.
48. Тайғақ өрім – еш бұдырсыз өрген өрім түрі.
49. Қурсырма өрім - қусырып өрген өрім түрі.
50. Шәш өрім - әйелдерің шашына ұқсаттып өрген өрім түрі.
51. Жолақ өрім – әртүрлі түс беріп жолақ салып өрген өрім түрі.
52. Тоқ өрім – өрімін қамшы сабынан жуан етіп өрген өрім түрі.
53. Қыз өрім – қыз балаларға арналған нәзік өрім түрі.
54. Үзбе өрім – үзіп-үзіп өрген өрім түрі.
55. Шашпа өрім - бір қамшының өрімін 3 те 4 өрім етіп өрген өрім түрі.

Бұл тізім дәстүрлі өрім түрлерін толық көрсетіп қана қоймай, әртүрлі бейнелі атаулар мен қолдану ерекшеліктерін қамтиды.

Қамшы – қазақ халқының ұлттық болмысы мен мәдениетінің символы, тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бөлігі және рухани тереңдігінің көрінісі. Қамшының 101 түрлі атауы мен 55 түрлі өрім атауы қазақ тілінің байлығын, ұлттық дүниетаным мен қолөнер шеберлігінің кемелдігін көрсетеді. Әрбір атау мен өрім – ұлттың тарихы мен мәдениетінің айнасы, ата-бабадан жеткен рухани мұра. Бұл атаулар ұрпақ сабақтастығын сақтауға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қызмет етеді және қазақ халқының терең философиялық және мифологиялық, психологиялық ой-өрісін, үлы қолөнер мәднейетін паш етеді. Қамшы – тек құрал емес, ол ұлттың рухани және мәдени жауһар жәдігері деп тану қажет.

Қамшы ұстау әдептері

1. Қамшы ілу әдебі

Қазақ халқының дәстүрінде қамшы ілу әдебі терең мәнге ие. Бұл әдет тек тұрмыстық затты ғана емес, адамның өміріндегі маңызды сәттерді, оның әлеуметтік жағдайын білдіретін белгі ретінде саналады.
Қамшы ұстау – үлкен жауапкершілік пен әдептілікті талап етеді. Мысалы:

• Қамшының сабы жоғары қаратып, оң қолға ұстап жүру – елге құрмет көрсетудің белгісі.
• Үйге кіргенде қамшыны оң босағаға ілу – тыныштық пен тәртіпті сақтау мәнін береді.
• Қамшыны төңкеріп ұстау – қорқыныш немесе дау-дамайдың белгісі.
Қазақ үйінде қамшыны ілудің де өзіндік тәртібі бар: ол киіз үйдің төрінде, жоғары деңгейдегі орнында сақталады.
• Қамшыны есіктен сүйретіп кірмейді, есік жақа, не төр алдына лақтырып тастамайды. Олай ету көргенсіздік саналады. Қамшы ұстау әдебіне жат қылық саналады.

2. Ерлі-зайыптылардың қамшы ілу әдебі

Егер бір үйдегі ерлі-зайыптылар екеуі де тірі болса, қамшы екі бүктеліп, лайықты жерге, көбінесе төрге ілінеді. Бұл отбасы тыныштығы мен үйлесімділіктің белгісі болып табылады. Ал ері қайтыс болған әйелдер қамшының өрімін салақтатып іледі, бұл келіп-кеткен қонақтарға оның қайғысын білдіреді. Қонақтар қамшының ілінуіне қарап, үй иесінің қайтыс болғанын біліп, әйелге көңіл айтып, бақиға қайтқан адамға құран оқып, дұға бағыштайды.

3. Қамшы арқылы қызға сөз салу әдебі

Қазақ жігіттері ауылын аралап қыдыра жүріп, өзіне ұнаған қыздың үйіне арнайы барып түседі. Қыздың ата-анасына “қыдырып келген сыңай” танытып амандасып, қонақ болып аттанады. Жігіт кетерінде білдірмей оң жақ кереге басына қамшысын іліп кетеді. Ілулі тұрған бөтен қамшыны көрген қыздың ата-анасы қамшысын іліп кеткен жігіт қызын ұнатып, қызына сөз салып кеткенін бірден аңғарады. Сосын қамшысының өрімі мен әшекейіне қарап, ол жігіттің әл-ауқатын түсінеді. Егер қамшы әшекейленген әрі бағалы болса, жігіттің жоғары әлеуметтік жағдайы мен байлығы бар екенін білдіреді. Ал қарапайым қамшы болса, оның қарапайым, кедей болғанын көрсетеді. Егер қыз жігітті онатып қалса, қамшыны алып қалады, қыз жігітті ұнатпаса, қамшыны кәде сый жасап жаушыдан қайтарып жібереді. Оған жігіт жақ еш ренжімей дұрыс қабылдайды.

4. Қамшы ат үстінде қамшы ұстау әдебі

Қазақ халқы атқа мінгенде қамшыны қолынан тастамайды. Әдетте, қамшының бүлдіргесі білегіне іліп ұсталады. Бұл ер адамның күш-қуатын, көшпелі өмір салтына бейімделгендігін білдіреді. Жаяу жүргенде қамшы екі бүктеліп, етік қонышысына немесе белбеуге салып алынады. Ал ат үстінде қамшыны ұстау ыңғайсыз болса, оны тақымға қысып, ердің алдыңғы жағына іліп қояды.

Ат үстінде қамшыны бет алды шошаңдатып ұстамайды. Біреуге сілтемейді, егерде жол сұраған біреуге бағыт нұсқауға тура келсе, қамшыны екі бүктеп оң қолына ұстап тұрып, жол нұсқап көрсетеді. Қамшы өрімін салақтатып жол көрсету әдепсіздік саналады. Ат үстінде біреуге қамшы ұсынуға тура келсе, қамшының сабын беріп ұсынады.

5. Үйде қамшы ілу әдебі

Үйде қамшы көбінесе кереге басының көгіне, уықтың қарнына, сыртқы дөдегеге немесе үй белдеуіне ілінеді. Бұл үйдің ішкі мәдениетін, оның әлеуметтік жағдайын білдіреді. Дау-дамай кезінде қамшы үйге сүйретіліп кіріп, төрге немесе босағаға қойылған соң, екі бүктеліп оң тізенің астына қойылады.

6. Қамшы арқылы ой мен сезім білдіру әдебі

Қазақ халқы кейде өздерінің ойларын немесе сөздерін ашық айта алмай, қамшыны қолдану арқылы білдірген. Мысалы, «Қамшы сабы сынса – қатын өледі, пышақ сабы сынса – күйеуі өледі» деген ырымдар арқылы қайғылы жағдайды айқын көрсеткен. Егер біреудің әйелінің қайтыс болғанын айту қиын болса, қамшының сабын сындырып көрсету арқылы бұл қайғылы хабарды білдірген.

7. Қамшының әлеуметтік мәні

Қазақтар басқа бір үйге кіргенде кереге басындағы ілулі тұрған қамшының саны мен өріміне қарап, үйдің мүшелері туралы мәлімет алған. Әсіресе, қамшының өрімі мен әшекейіне қарап, үйде қанша ұл, қанша қыз бала бар екенін, олардың қандай іспен айналысатынын біліп отырған. Мысалы, күмістелген қамшы қыз баланы, ал жуан қамшылар ұл баланы білдіреді. Бұл дәстүр «Қамшы тілін білу» деп аталады, ол қазақ халқының қоғамдастықтағы бірлігін, дүниетанымын және қолөнерінің тереңдігін көрсетеді.

Қамшының сыйлықтық мәні

Қазақ дәстүрінде қамшы сыйлау – ерекше құрмет пен ізгіліктің белгісі. Қамшы сыйлау арқылы жақын адамдарға батасын беру, тілек айту немесе мәртебесін көрсету дәстүрі қалыптасқан. Мәселен:

• Жас келінге күміс сапты қамшы сыйлау – оның отбасыға енгенін құрметтеу.
• Атбегілерге берілуі – оларды ерекше бағалау белгісі.
• Жастарға қамшы сыйлау – ер азаматтыққа, ел қорғауға тәрбиелеудің символы.

Қамшыға қатысты ырым-тыйымдар

Қамшыны қазақ халқы қасиетті құрал ретінде қарастырып, оған байланысты көптеген ырымдар мен тыйымдар жасаған:

• Қамшыны аттап өтуге болмайды – бұл жолсыздық деп есептеледі.
• Қамшыны түнде далаға қалдыру – жаманшылық шақырады.
• Қамшы сабын қиратып, сындыру – отбасылық ұрыс-керісті білдіреді.
Сонымен қатар, қамшыны алыс сапарға шыққанда жын-шайтаннан қорғану үшін тұмар ретінде де қолданған.

Қазақтың қамшыгерлік өнері

Қазақтың қамшыгерлік өнері — ұлттық мәдениет пен батырлық рухтың маңызды бөлігі. Бұл өнер қамшыны шеберлікпен ұстау және оны қорғаныс пен шабуыл қаруы ретінде пайдалану тәсілдерін қамтиды. Қамшы тек мал бағу құралы емес, көшпелі өмір салтында абыройдың, айбаттың, батырлықтың және биліктің, қамгерліктің символы болған. Қамшыгерлер халықтың қорғаушысы, әділдік жаршысы, рухани жетекшісі ретінде танылған.
Қамшыгерлік – бұл жай ғана өнер емес, ол адамның жан-жақты қабілетін, рухани және физикалық қасиеттерін үйлестіретін күрделі шеберлік.

Қамшыгерлік өнердің негізінде мынандай қасиеттер жатыр:

• Тездік пен жылдамдық: Қамшыгерге қарсыласының әр қимылына жылдам әрекет ету үшін мол тәжірибе мен ептілік қажет.
• Дәлдік пен мергендік: Қамшыны дәл соққыға бағыттау – қамшыгерлік шеберліктің басты ерекшелігі.
• Ептілік пен батылдық: Адам әрқашан өз мүмкіндіктеріне сеніп, кез келген сәтте әрекет етуге дайын болуы керек.
• Адалдық пен көрегендік: Қамшыгерге шынайылық, әділдік, әрі жағдайды алдын ала сезе білу қасиеттері тән.
• Айлакерлік пен ақылдылық: Қарсыласын алдап, не оны тұзаққа түсіру, дұрыс стратегия құру үшін ақыл қажет.
• Өжеттілік пен сабырлық: Қамшыгер әрдайым қайсар мінез танытып, ашуға берілмей, сабырлық сақтайды.
• Дұрыс болжам мен есептеу: Қарсыласының келесі қадамын шамалап, әрекетін есептей білу – нағыз шеберліктің белгісі.

Қамшыгерлік өнері адамның жан-жақты жетілуіне ықпал етеді. Ол адамның ақыл-ойын, күшін, рухани байлығын бір арнаға тоғыстырады. Бұл өнер ұрпақты ептілікке, батылдыққа, сабырлыққа баулып, күрделі шешімдерді жылдам қабылдай білуге үйретеді. Сондықтан қамшыгерлік – нағыз ерлік пен білімділіктің, шеберлік пен парасаттылықтың тоғысқан тұғыры. Екінің бірі қамшыгер бола алмайды, өйткені бұл қасиеттерді бойға дарыту ұзақ жылдық тәжірибені, табиғи қабілетті және ерекше рухты талап етеді.

Қазақтың атақты қамшыгерлері

Қареке қамшыгер

• Өмір сүрген кезеңі: XIX ғасырдың соңы – XX ғасырдың басы.
• Өмір сүрген жері: Қытайдың Шыңжаң өлкесі.
• Өмірбаяны мен өнері: Қареке Қамшыгер қазақтың атақты қамшыгері ретінде белгілі. Ол Шыңжаң өңірінде өмір сүрген және қамшыгерлік өнерімен өз заманының қаһарманы атанған. Оның шеберлігі мен батылдығы туралы аңыз-әңгімелер көп таралған. Қамшымен жауларын қорқытып, қарсыласын бір соққымен жеңетін әдіс-тәсілдері халық арасында кеңінен айтылған.

Бірде Қарекені жараған Бура қуып келіп, жауынынынан алғалы қалғанда, оны қамшымен қақбасына бір тартқанда, бейне алмас қылышпен кесіп түскендей, Бураның басын екіге хақ бөліп түсіреді. Ол Қарекенің ең алғашқы қамшы сілтеуі еді. Содан бастап, оның аты еліге мәлім болған.

Қареке Қамшыгер тағы бірде жаудың бірнеше қарулы сарбазын қамшымен-ақ жеңіп, олардың үрейін ұшырған. Оның қамшысының жылдамдығы сонша, қарсыласы соққы қайдан келгенін түсінбей қалған деседі.

Қанжығалы Бөгенбай батыр

• Өмір сүрген кезеңі: 1680–1778 жылдар.
• Өмір сүрген жері: Қазақ хандығының аумағы.
• Өнері: Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте қамшыны шебер қару ретінде қолданған. Бөгенбайдың қамшы ұстау мәнері мен батырлығы қазақ елінің жауынгерлік рухын көтерген.

Бөгенбай батыр бір жекпе-жекте қамшысын тек қорғаныс құралы емес, шабуыл құралы ретінде де қолданып, жауын жеңгені туралы аңыз бар. Оның қамшыгерлік шеберлігіне жұртшылық тәнті болған.

Мешел Қамшыгер

• Өмір сүрген кезеңі: XIX ғасыр.
• Өмір сүрген жері: Қазақстан аумағы.
• Өнері: Мешел қамшыгер қамшыны өте шебер қолдануымен аты шыққан. Оның қамшымен қарсыласын бірден құлататын әдістері халық арасында аңыз болған.

Мешел Қамшыгер бірде екі тайпа арасындағы дау-дамайда қамшымен жауласқан екі жақтың басшыларын сабасына түсіріп, әділдік орнатқан.

Шақшақ Жәнібек батыр

• Өмір сүрген кезеңі: 1693–1750 жылдар.
• Өмір сүрген жері: Торғай өңірі.
• Өнері: Жәнібек батыр қамшыгерлігімен танымал. Ол қамшыны тек қару емес, биліктің белгісі ретінде де қолданған. Оның қамшы ұстаған бейнесі халық жадында ерекше қалған.

Жәңгір хан

• Өмір сүрген кезеңі: 1801–1845 жылдар.
• Өмір сүрген жері: Бөкей Ордасы.
• Өнері: Жәңгір хан қамшыгерлік өнерді билікте де, жаугершілік заманда да пайдалана білген. Ол қамшымен елдің тәртібін сақтап, әділдігін көрсеткен тұлға.

Машһүр Жүсіп Көпеев қамшыгер

Машһүр Жүсіп Көпеев (1858–1931) — қазақтың белгілі ақыны, ғалымы, фольклоршысы әрі философы. Оның есімі рухани мұрасымен, тарихи-этнографиялық зерттеулерімен кең танымал. Ол тек ойшыл, ағартушы ғана емес, дәстүрлі қазақ өмірінің көптеген қырларын меңгерген тұлға болған. Оның қамшыға қатысты ойлары мен қамшыны қолдану әдебі туралы деректері ұлттық мәдениетке терең бойлаған.

Машһүр Жүсіп және қамшы

Машһүр Жүсіп қамшының тек тұрмыстық құрал емес, қазақтың рухани-мәдени өмірінің символы екенін жақсы білген. Оның жазбаларында қамшы туралы этнографиялық мәліметтер кездеседі. Ол қамшының әлеуметтік рөлі, ұлттық болмысқа әсері туралы терең ой қозғаған.

Қамшыгерлік қасиеті

Машһүр Жүсіп тікелей қамшыгер ретінде танылмаса да, оның қамшы ұстау әдебі мен осы өнерге қатысты зерттеулері халық арасында жоғары бағаланған. Оның жазбаларында қамшының ер адамның айбары, батырлықтың нышаны, ел билеудің символы ретіндегі рөлі ерекше сипатталған.

Қамшыға қатысты ойлары

• Қамшыны кез келген жерде қалай болса солай ұстау қазақы әдепке жатпайды.
• Қамшы тек қажеттілікте ғана қолданылады, оны абырой мен мәртебенің белгісі ретінде де қарастыру керек.
• Үйге кіргенде қамшыны құрметпен босағаға немесе арнайы орынға қою керек.
• Машһүр Жүсіптің қамшы жайлы жазбалары қазақ халқының тұрмысы мен салт-дәстүрін зерттеуде үлкен рөл атқарды. Оның қамшыны тек құрал ретінде емес, рухани мәдениеттің бір бөлігі ретінде қарастыруы қазақ мәдениетінің байлығын көрсетеді.

Қамшыгерлердің мәдениеттегі орны

• Қамшыгерлер тек жауынгер ғана емес, көшпелі мәдениеттің көрнекті тұлғалары болды. Олар қамшыны пайдалану арқылы жауынгерлік рухты сақтап қана қоймай, халық арасында тәртіп орнату, әділдікті қорғау, ұлттық болмысты көрсету қызметін де атқарды.
• Қазақтың қамшыгерлері ұлттық рухтың, батырлықтың және әділдіктің символы болды. Қамшыгерлік өнер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халқымыздың рухани қазынасына айналды. Қареке, Мешел сынды қамшыгерлер қазақ халқының қаһармандық рухының бейнесі ретінде тарихта қалды.

Қамшының заманауи қолданысы

Қазіргі кезде қамшы ұлттық мұра ретінде сақталып, мәдени шараларда, этнографиялық көрмелерде кеңінен көрсетіледі. Қазақ қолөнершілері оны тұрмыстық және сәндік бұйым ретінде қайта жаңғыртып, қазақ халқының ұлттық символдық мәні бар құрал ретінде ғана дәріптеп жүр. Ары кетсе оның жасалуы, қолданылуы, әдептері мен символдық мәндерін, байырғы болмысы мен өмір философиясын ғана танытады. Менше бұл жетпейді.

Бұл ата-бабадан қалған асыл мұра келер ұрпаққа аманат болып, ұлттық мәдениеттің алтын қазығы ретінде мәңгі сақталуы тиіс. Ол ғана емес. Қамшыны ұлттық брендке айналдыру және халықаралық спорт ретінде дамытумыз керек.

Қамшы – қазақ халқының рухани және тұрмыстық мәдениетінің ерекше символы. Бұл мұра тек этнографиялық жәдігер ғана емес, адамның физикалық, психологиялық, және рухани дамуына ықпал ететін әмбебап құрал ретінде бағаланады. Қамшыны заманауи қоғамда ұлттық бренд ретінде қайта жаңғыртып, халықаралық спорт деңгейіне көтерудің маңызы өте зор болмақ.

Қамшы — жетілген спорт құралы

Денсаулыққа пайдасы

1. Көздің көру қабілетін жақсартады. Қамшыны дәлдікпен пайдалану көздің нысананы тануы мен назарды шоғырландыруы жақсарады.
2. Қол мен иықтың бұлшықеттерін дамытады. Қамшыны тиімді сермеу арқылы қол, иық және кеуде бұлшықеттері жақсы жетіледі және шынығады.
3. Бүкіл дене қозғалыстарын бір ретке келтіріп, Координацияны жақсартады. Қамшыгерлік өнер бүкіл дене қозғалыстарын, көздің өткірлігін, қол және аяқтың үйлесімді жұмысын тез әрі үйлесімді әрекет жасауды талап етеді.
4. Есту қабілетін жетілдіреді. Қамшының дыбысына назар аудару есту қабілетін жақсартып, шапшаң әрекет етуге дағдыландырады.

Рухани-эмоционалдық әсері

1. Рухты көтереді. Қамшы қазақтың батырлық пен тектіліктің белгісі болғандықтан, оны қолдану тұлғаның рухани қуатын арттырады.
2. Батырлыққа баулиды. Қамшыны меңгеру арқылы адамның ерік-жігері күшейіп, батылдық қасиеттері қалыптасады.
3. Сабыр мен тәртіпке үйретеді. Қамшыгерлік өнер шеберлікті, шыдамдылықты және өзін-өзі бақылауды талап етеді.
4. Миды дамыттады. Қамшыны қолдану кезінде шапшаңдық пен дәлдікті қажет ететін жаттығулар адамның когнитивтік қабілеттерін жетілдіреді. Бұл реакция жылдамдығын, шешім қабылдау қабілетін және назарды шоғырландыруды дамытады.

Қамшыны халықаралық спорт ретінде дамыту жолдары

1. Қамшыгерлік жарыстардың ережесін әзірлеуміз керек.

• Жарыс түрлері: дәлдікпен нысана көздеу, уақытқа қамшы сермеу, шеберлік көрсету.
• Қатысушылардың шеберлік деңгейіне сәйкес жарыс санаттарын енгізу.

2. Ұлттық спорт ойындарымен біріктіру:

Қамшыны ат бәйгесі, қыз қуу, көкпар, садақ ату, жамбы ату сияқты дәстүрлі ойындарға қосу арқылы жарыстың тартымдылығын арттыру.

3. Қамшыны сәндік және тұрмыстық құрал ретінде экспорттаумен бірге қамшыгерлік жарыстарды жаһандық спорт түріне айналдыру арқылы әлемдік аудиторияға таныту бүгінгі біздің ұлт жауһарын құрметтеу сезімімізді арттыра түседі.

Қамшы – қазақ брендке айналдыру арқылы әлемге қазақ мәдениетін танытып, қамшыгерлік жарыстарды халықаралық спорт түрі ретінде дамытуға зор мүмкіндік бар. Бұл тек ұлттық болмысты сақтау ғана емес, денсаулықты нығайту, рухты шыңдау және қазақтың бай дәстүрін жаһандық деңгейде дәріптеудің маңызды қадамы болмақ.

Қуаныш Біләлұлы Қамшының рухани мұрасын жаңғыртушы

«Қамшы порталының» жетекшісі Қуаныш Біләлұлы – қазақтың ұлттық мұрасы мен салт-дәстүрін жаңғырту жолында елеулі еңбек етіп жүрген тұлға. Ол бала қамшыдан алтын қамшыға дейін қамшының оннан астам түрін жасап, ұлттық құндылықтарды қазіргі заманға сай қайта түлетуде. Сонымен қатар, заманауи үлгідегі қамшы дизайнын ұсына отырып, ата-бабадан қалған асыл мұраны жас буынның санасына сіңіруге ерекше күш салуда.
Қуаныш Біләлұлы қамшыны тек тұрмыстық зат ретінде ғана емес, рухани символ ретінде де қарастырады. Оның балалар бақшаларына арналған «Қамшы» және «Дүр қамшы» атты ән мәтіндерін шығарып, жас ұрпақтың рухани дүниесіне ұлттық тәрбие дәнін егіп жүргені – осының айқын көрінісі.
Қамшының қазақ өміріндегі терең мәнін ұғындыра отырып, Қуаныш Біләлұлы ұлттық мұраны жаңаша қырынан танытуға бар күшін жұмсап келеді. Оның еңбегі – тек шығармашылық емес, рухани жаңғыру жолындағы үлкен үлес.

Болат Бопайұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1958