Желтоқсан оқиғасы кезінде қайда болдыңыз?
Тосын сауалға белгілі тарихшы ғалым, ҰҒА академигі, қоғам қайраткері Ерлан Бәтташұлы Сыдықов жауап береді.
"Желтоқсан көтерілісі" азаттықты аңсаған қазақ жастарының ондаған жылдарғы Тәуелсіздік үшін күресінің нәтижесі. Жастар заман қиындығы, идеология сұрқиялығына қарсы тұру үшін шындалды. Әсіресе тарих факультетінде оқитын студенттер "Тарихқа қиянат жүрмейді" деп әділеттілік іздеді. Түні бойы пікір таласып, қайтсек Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болады деп көз ілмей, таңды таңға жалғады. Кей-кейде бұл пікірталастарға сол кезде университетімізде оқитын қырғыз жастары да қосылатын. Бірде есте қаларлық оқиға болды. Әлі көз алдымда. 1974 жылдың күзі. Жатақханада тұратын біраз жігіттер қызбалықпен, алды-артымызды ойламай, көшеге де шығып кеттік. Көбі жоғарғы курс студенті болатын. Олардың қатарында көрші бөлмеде тұратын Әміржан Әлпейісов, Батық Төлебаев, Бауыржан Тойшыбеков, Жатқанбай Қайранбеков, Амантай Калиев тағы да басқа балалар болды. Шеруіміз ұзаққа созылған жоқ. Кім шақырғанын білмейміз, екі- үш жеңіл машина жолымызды кесіп тоқтай қалып, ішінен 10-15 милиционер шыға келді. Олар әй-түйге қарамай біздің қолымызды бұрап, милиция бөлімшесіне алып кетті. Аудандық милиция бөлімшесінің астында темір торлы камералар бар екен, соған апарып қамады. Түні бойы ұйықтатпай жауап алып, әйтеуір келесі күні босатты. Ең қызығы милиция бастығы қазақ жігіті екен. Бұндай бұзақылық жасамаңдар, бір жолға кешіремін, университеттеріңе де хабарламаймын, тектен текке отқа түспеңдер, күйіп кетесіңдер деді. Біз аң таң болдық...
Қазір қарап тұрсақ, ұлттық болмысымыз ерте оянып, санамызды серпілткен екен. Ұлттық зейненің күш қуаты ата-бабаларымыздың арманы болып, қанымызға сіңген екен. Өмір диалектикасына сүйенсек, ғайыптан пайда болатын ештеңе жоқ. Кешегі мен бүгінгі, бүгінгі мен ертеңгі - бәрі бір-бірімен табиғи де, тарихи де байланысты. Желтоқсан көтерілісі 60,70 жылдарғы ой сана көтерілісінің жалғасы. Бұл жай бас көтеру емес, ұлттық рухтың оянуының нәтижесі болатын. Ал, міне бүгін сол ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІ ұлтымыздың рухани мұрасына айналып отыр .
Тоталитарлық жүйе қанша жерден әрекеттенгенімен адамдардың ой-пікір бостандығын біржолата тұншықтыра алмады. Мен ол кезде Семейдемін. Ал, жұбайым, Шырын Асылханқызы Құрманбаева кандидаттық диссертация қорғауға Алматыға барған-ды. Алаң теңіздей толқып жатса керек. Университетті бетке алған Шырын отырған 32-автобусты мұздай қаруланған содырлар тоқтатып, есік-терезесін жауып, вокзал жаққа алып кетіпті. Кешкі ымырттың соңынан таңғы шапаққа дейінгі аралықта сыртқа шығармай ұстаған. Бүгінде Шырын – ғылым докторы, профессор, Әлихан Бөкейхан Университетінің Президенті.
Семейде жүрген бізге де Желтоқсан оқиғасы қатты әсер етті. Шар қайрақтай ширыққан семейлік жастардан ши шығып кетпесін деп билік шыр-пыр болды. Оның үстіне бірер жылдан соң Желтоқсан оқиғасының бас қаһарманы Семей абақтысына қамалды, кейін ол белгісіз жағдайда қайтыс болып, белгісіз жаққа жерленді деген сөз шықты.
Қазақ жастарының мұқалмас рухын танытуға Семей облыстық «Қазақ тілі» қоғамының іргетасын қалаған әкем Бәтташ СЫДЫҚҰЛЫ көп еңбек сіңірді. Өңірдегі беделін салып, Қайрат Рысқұлбековтың жасырын жерленген зиратын тауып алуға кіріседі. Мендегі «Москвичпен», тағы бір «Волгамен» облыстық атқару комитетінде тіл саясатына жауапты Аман Тілеубаев, халықаралық қазақ тілі қоғамында әкемнің оң қолы болған Орал Шәріпбаев бар, облыстық ішкі істер бөліміндегі жауапты қызметкерлер бар Курчатов қаласы бағытымен Шағыл өзегіндегі қорымды бетке алдық. Сонда маған қатты әсер еткені бірінен бірі аумайтын нөмірленген тақтайы бар сансыз төмпешіктер. Денеңді аяз қаритындай көрініс. Құжатталған нөмір арқылы Қайраттың зиратын да таптық. Сол жерде тізе бүгіп, тағзым еттік. Құран бағыштадық. Белгі қойдық. Батыр рухына арнап ас беретін боп шештік. Әкемнің бұйымтайымен Қайраттың анасы Дәметкеннің жол қаражатын көтеріп, оңтүстіктен алдырттым.
Қарап отырсам, сол бір елең-алаңда әкем өзі басқаратын «Халықаралық қазақ тілі қоғамы» ұлт руханияты жолында үлкен белсенділік танытқан. Облыс орталығындағы қалалық партия комитетінің ішінен қоғамға бөлме бөлдіртті. Көп ұзамай сол ғимарат алдында тұрған Лениннің орнына Қайрат Рысқұлбековтың ескерткішін қойдыртты.
Алып империя ыдырап, қоғамның тұрақты дамуына ықпалы зор құбылыс - халықтың тарихи санасы осылай қалыптаса бастаған еді!
Abai.kz