Ауған соғысының басталу тарихы
25 желтоқсан күні Ауған соғысының басталғанына 45 жыл толып отыр. Осы соғыста мыңдаған жерлерісіміз опат болды. Осыған байланысты соғыстың басталу тарихына арналған тарих ғылымдарының докторы Болат Сайланның мақаласын Abai.kz ақпараттық порталының оқырмандарының талқысына ұсынғанды жөн санадық.
Кеңес Одағының тұсында ұзаққа созылған соғыстың бірі – Ауған соғысы. 1979 жылы 25 желтоқсанда кеңес әскерлерінің шектеулі континегенті мемлекеттік шекараны кесіп өтіп, Ауғанстан территориясына кірді. Бүгінгі күні осы бір сұрапыл соғыстың басталғанына аттай 45 жыл толды.
Бұл соғыстың тарихы қаншалықты жазылып жатқанымен, соғыстың басталу тарихы туралы әлі айтатын тұстары жетерлік. Әсіресе, 1978 жылы Ауғанстандағы «Сәуір төңкерісі» бұл соғыстың басталуына көп ықпал етті. Билікке келген Ауғанстан халықтық демократиялық партиясы (АХДП) 1978 жылдың 30 сәуірінде өздерінің бірінші мәжілісінде Орталық комитеттің Бас хатшысы қызметіне Н.М. Таракиді, орынбасарлыққа Б.Кармальды сайлады. Осы күні елді Ауғанстан Демократиялық Республикасы (АДР) деп жариялады. Өйткені «Сәуір төңкерісінің» нәтижесінде ел тізгінін қолына алған коммунистік бағыттағы АХДП көсемдері мен мүшелері, мемлекет пен үкіметті басқара алмай, халық наразылығына тап болды. Тығырықтан шығудың жолын іздеп аласұрды. Ақыры ел ішіндегі жағдайды Кеңес Одағын қатыстыра отырып шешкісі келді. Сөйтіп, Кеңес Одағына үстін-үстін әскер кіргізу жөнінде өтініштерін айтты. Мұндай өтініштер алғашында қарсылыққа тап болғанымен, соңында аяқсыз қалдырылмады.
Сәуір төңкерісінен кейін ел тізгінін қолына алған АДР үкіметіне негізгі қарсылас исламдық саяси партиялар болды. Осы партиялардың күшімен 1978 жылдың өзінде Пәкістан аумағында қарулы отрядтарды даярлау лагерлері мен базалары құрылды. Ол отрядтар Кабулға қарсы әскери іс-қимылдар жасау үшін Ауғанстан аумағына жөнелтіліп отырды. Кейіннен ол партиялардың барлығын Пәкістан өкіметі ресми түрде тіркеуге алып, аймақтағы бірқатар елдерден (Пәкістан, Сауд Арабиясы, Египет) және батыс елдерінен (АҚШ, Англия, Германия, Франция т.б.) материалдық және әскери көмек алды. 1979 жылдың аяғына таман Пәкістан аумағында орналасқан қарулы отрядтарды даярлауға арналған 23 лагерде 35 мың адам дайындықтан өтті. Оған қоса Ауғанстанмен көршілес елдерде 100-ден астам оқу орталықтары жұмыс істей бастады, ал олардағы бүлікшіл күштер 100 мың бандиттер мен жалдамалыларға дейін өсті. Сонымен қатар Ауған армиясындағы жағдай күрт нашарлады. Әскер саны 90 мыңнан 40 мыңға дейін азайды. 1979 жылдың мамыр айына қарай үкіметтік әскердің 10 мыңға жуығы моджахедтер лагеріне ауысып кетті. Мемлекеттік биліктің әліреуінен моджахедтер 1979 жылғы наурыз айының ортасына қарай, қаруды белсенді пайдалануға көшті. Хост, Гардез, Герат, Желалабад гарнизондарында ірі бүліктер ұйымдастырылды. Мамыр айының аяғында моджахедтердің осындай қарулы іс-әрекеттерінің арқасында Ауғанстанның 22 провинциясы соғыс жағдайына көшті. 1979 жылы қарашада жаңа үкіметтің бас орталығына нақты қауіп төне бастады.
Н.М. Таракидің бастауымен ауғандық жетекшілер бірінші рет кеңестік әскерлерді жіберу туралы өтініштерін 1979 жылдың 18 наурызында А.Н. Косыгинмен (КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы) телефон арқылы болған әңгімесінде айтты. Ал әскер кіргізу әлемде Кеңес Одағының басқыншылық саясаты деп бағаланатын еді. «Сондықтан да болар Косыгин бұл күрделі де саяси, халықаралық мәселе» – екенін атап, нақты жауап бере алмады.
Телефонмен болған әңгімеден кейін Ю.В. Андропов (КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы), А.А. Громыко (КСРО Сыртқы істер министрі) және Д.Ф. Устинов (КСРО Қорғаныс министрі) жиналды. (Бұл кезде осы үшеуі «Ауғандық үштік» аталып, Ауғанстан мәселесімен көп айналысты). Ақылдаса келе бәрінің пікірі бір арнаға тоғысып, Ауғанстанға кеңес әскерлерін кіргізуге болмайды, бұл ол жақтағы жағдайды күрделендіре түседі және Кеңес Одағына халықаралық саясатта зиянын тигізеді деп шешті. Сөйтіп АДР басшысы Н.М. Тараки жасырын түрде жедел Кеңес Одағының астанасы Мәскеуге шақырылды. Мәскеуде және Кабулда бұл істі ат төбеліндей адамдар ғана білді. Н.М. Тараки 20 наурызда Мәскеуге келді. А.Н. Косыгин кеңес елінің барлық басшылығы атынан, оның өтініші жөніндегі мәселеге тоқталып: «тағы да айтатыным, кеңес әскерлерін енгізу жөніндегі мәселе біздің жағымыздан жан-жақты талқыланды, біз барлық жағдайды ескере отырып мынадай шешімге келдік. Егер біз әскерімізді кіргізетін болсақ, сіздің елде жағдай жақсармайды, керісінше қиындай түседі» – деген байлам айтты.
Н.М. Таракидің көңілі күпті болмас үшін сол күні Л.И. Брежневпен АДР басшысына кездесу ұйымдастырылды. Бұл кездесуде Л.И. Брежнев дайындалған материалдарға сүйене отырып Н.М. Таракиге: «Сіздің А.Н. Косыгинмен телефон арқылы және осында Мәскеуде қойған сұрағыңыз жөніндегі мәселеге тоқталсақ, біз кеңес әскерлерін Ауғанстанға кіргізу жөніндегі өтінішті мұқият қарадық, жан-жақты шештік. Нақтылай айтатын болсам, мұндай шешімге келуге болмайды» – деп, КСРО-ның бірінші басшысы да бұл сұрақты кері қайтарды.
Бірақта 1979 жылы мамыр айының басында Орта Азиялық республикалардың түкпілікті ұлтынан жасақталған арнайы батальон құру жөнінде шешім қабылданды (бұл батальон, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (МҚҚ-ң) арнайы бөлімдерімен бірлесе отырып Х.Аминді өкімет басынан шеттетуде айырықша рөл атқарды). Арнайы мақсаттағы 1-мұсылман батальон үшін жауынгерлер Түркістан және Орта Азия әскери округінің «мұсылман» ұлты өкілдерінен, әсіресе барлаушылар, атқыштар және танкішілер бөлімшелерінен таңдалынып алынды. Шығыс тілін білу және қайратты болу – басты талап болды. Батальон тек жаңа техникамен және қару-жарақпен жасақталынды. Ол арнайы екі топқа бөлінген бес ротадан тұрды. Саны –500 адамнан сәл артық болды. Батальон командирі болып өзбек ұлтының өкілі Халбаев Х. Т. тағайындалды. Мамыр айының аяғына қарай «мұсылмандық» батальон құрылып бітті. Ол Ташкентке жақын Шыршықтағы әскери қалашыққа жайғасты. Жаз бойы батальон арнайы жауынгерлік дайындықпен айналысты. Ал жаздың соңында батальон өзінің дайындықтарын көрсетіп, сынақтан өтті. Оларға қоса бірте-бірте КСРО МҚК-нің айырықша мақсаттағы бөлімшелері дайындыққа кірісті. Олардың кейбіреулері Кабулға ертерек апарылып тасталынды.АДР басшысы Н.Тараки 8 қазанда орынбасары Х.Аминнің бұйрығымен өлтірілді. Х.Амин Ауғанстанның бірінші тағын тақымына басты. Бұл жағдайды Мәскеу өте ауыр қабылдап, әрі қарай не істеу керек деген ойға кетті. Ал Амин болса бұл уақытта өзіне қарсы шыққан, сонымен бірге өзімен иықтаса түскендердің барлығының да көзін жойды. Мәскеуде бірте-бірте Х.Аминді қызметінен шеттететін және оның орнын оған қарғанда адал істейтін қайраткермен алмастыру ойлары пайда бола бастады. Бұл уақытта Чехословакиядан жасырын түрде келген «Парчам» фракциясының көшбасшысы Бабрак Кармаль Мәскеуде жүрді. Бабрак Кармальға Х.Аминнің көзін құртып, оның орнына отыру ұсынылды. Ол оған келісім беріп, тез арада КСРО МҚК-нің бақылауына алынды. Ал бұл уақытта «1-мұсылмандық батальонның» жауынгерлері 10-12 қарашада Ташкент және Шыршық әуежайынан ұшырылып Ауғанстандағы Баграм авиабазасына түсірілді. Мұсылмандық батальондағы барлық офицерлер мен солдаттарға ауғандық әскери киімдер кигізілді, сырт көзбен қарағанда олардың ауғандық әскерилерден айырмашылығы да болмады.
Ауғанстанға әскер кіргізу жөніндегі соңғы саяси шешім 12 желтоқсан күні түс ауа шағын ғана кеңес басшыларының тобымен қабылданды. Бұл топта Л.Брежнев, М.Суслов, Ю.Андропов, Д.Устинов және А.Громыко болды. Осылайша жағдай КОКП ОК Саяси бюросының толық мүшелерінсіз-ақ шешілді. Ауғанстанның заңды үкіметінің өтінішін ескеріп және 1978 жылғы 5 желтоқсандағы екі ел арасындағы Шартты, сондай-ақ БҰҰ Жарғысының мемлекеттердің өзін-өзі қорғау құқығы туралы 51-бабын алға тартып, КСРО Ауғанстанға қарулы күштерін кіргізуге келісті.
Шешім қабылданған күннің ертесіне КСРО Бас штаб бастығының бірінші орынбасары, армия генералы С.Ф. Ахромеевтің басшылығымен КСРО Қорғаныс министірінің Оперативті тобы құрылды. Бұл топқа Бас штабтың генералдары мен офицерлері, оған қоса КСРО Қарулы күштерінің барлық саласынан өкілдер кірді. КСРО Қорғаныс министрлігінің Оперативті тобына жетекші етіп, Кеңес Одағының маршалы С.Л. Соколовты тағайындады.
Бас штаб басқармасында Ауғанстанға 40-армияны кіргізуді қамтамасыз ету үшін Қарулы күштердің барлық саласынан генералдар мен офицерлердің арнайы тобы жұмыс істеді. Олар арқылы Ауғанстанға әскерлерді кіргізуді қамтамасыз ету үшін нұсқаулардың жобалары дайындалды. Ауғандық шекараға әскер мен техниканы, қару-жарақ пен басқа материалдық қажеттіліктерді тасу жоспарланып жүзеге асты, басқа да түрлі ұйымдастыру шаралары жүргізілді. Ауғанстандағы әскери-саяси жағдайлар туралы хабарлар алынып, ол жөнінде ұсыныстар баяндалды. 16 желтоқсанда Түркістан әскери округінен (ТүрӘО) 40-армия бөлініп, армия қолбасшылығына генерал-лейтенант Ю.В. Тухаринов тағайындалды. Барлығы 100-ге жуық бірлестіктер ұрысқа бағытталды. Әскерлерді жасақтау үшін резервтен 50 мыңнан аса офицерлер, сержанттар мен солдаттар шақырылды, ауыл шаруашылығынан 8 мыңға жуық автомобильдер мен басқа техникалар бөлінді.
1979 жылы 24 желтоқсан күні бірінші жазбаша құжат пайда болды. Бұл құжатқа КСРО Қорғаныс министрі Д.Ф. Устинов пен Бас штаб бастығы Н.В. Огарковтың қолы қойылып әскерге жіберілді. Құжатта: «Орталық Шығыстағы әскери-саяси жағдайға байланысты Ауғанстан үкіметінің соңғы өтініші дұрыс деп танылды. Достық ниеттегі ауған халқына интернационалдық көмек көрсету мақсатында АДР-ға елдің оңтүстігінде орналасқан әскердің кейбір бөлімдері кіргізіледі, сондай-ақ кейбір мемлекеттер тарапынан антиауғандық әрекетке тыйым салып, қолайлы жағдай жасау үшін шешім қабылданды» – деп, қабылданған шешімнің қысқаша түсініктемесі берілді.
Құжат бойынша АДР-ға кіретін әскери топ құрамы былай көрсетілді: 40-армия (108-ші және 5-мотоатқыштар дивизиясы, 860-дербес мотоатқыштар полкы, Орта Азия әскери окуругінен (ОАӘО) 56-шы дербес десантшылар бригадасы, 353-ші артиллериялық және 2-зенитші-ракеталық бригадалар, ТүрӘО-дан 103-ші әскери-десантшылар дивизиясы және 345-ші дербес парашютшы-десантшылар полкы, 34-ші аралас авиациялық корпус) болып белгіленді. Оған қоса резерв ретінде Кабул бағытына қарай ОАӘО-дан 201-мотоатқыштар дивизиясы, ал Кушка бағытына қарай ТүрӘО-дан 68-мотоатқыштар дивизиясы кіретін болды. 1979 жылы 25 желтоқсан күні таңертең Н.В. Огарков телефонмен мемлекеттік шекараны кесіп өту Мәскеу уақыты бойынша 15.00 (жергілікті уақыт бойынша 17.00) екенін хабарлады. Белгіленген уақытта Кеңес әскері әуеде де, жерде де мемлекеттік шекараны кесіп өтті. Сөйтіп, осы күннен бастап кеңес әскері Ауғанстан территориясында 10 жылға жуық тұрақтап, соғыс қимылына қатысты.
Қорыта келгенде, Ауған соғысы жалынынан 620 мың адам өтсе, оның 525 мыңы Кеңес армиясының жауынгерлері болды. Кеңестік әскер тарапынан орасан зор адам шығыны орын алды. 15 мыңға жуық адам қаза тапты, 50 мыңнан аса адам жараланды, 311 адам із-түзсіз жоғалды. Біздің республикамыздан 22 мың адам Ауған соғысында болып қайтты. Олардың 1000-ға жуығы осы соғыста құрбан болды және Қазақстан жерінде жерленді, 20 адам із-түзсіз жоғалды. Ал жалпы шығынның 362-сі қазақ ұлтының өкілі екендігі анықталды. Соғыс аяқталғанмен Ауған синдромы салдарынан және түрлі аурулардан 5 мыңнан аса қаруластарымыз өмірден өтті. Солақай саясаттың салдарынан қабылданған шешімнің кесірінен қаншама боздақтар өмірдің ең жоғарғы өлшемі өліммен есептесіп, сыртқы елдердегі қанды қақтығыстарда опат болды. Бірақ амал қанша, бұйрық талқыланбайды, орындалады. Осылайша 1979 жылдың 25 желтоқсаны кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстанға кірген және соғыстың басталған күні ретінде тарихта қалды.
Болат Сайлан
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Ауған соғысына қатысушы
Abai.kz