Мағауинтану иниституты керек!
Халық жазушысы Мұхтар Мағауин шығармаларын оқымаған қазақ кемде кем.
Шығыс Қазақстан өңірінің тумасы, кезінде аудандық, облыстық комсомол комитеттерін басқарған Талғат ағам да ең алғаш оқушы кезінде әйдік жазушының қазақ жеріне күштеп жер аударылғандардың тағдырын суреттейтін «Бір атаның балалары» шығармасынан бастап оқығанын сағынышпен еске алады. Талғат аға да қаймана қазақ сияқты ұлы тұлғаның мұхиттың ар жағына жерленгенін қабылдай алмай, жаны күйзеліп жүр.
«Мемлекет көмектеспесе де, сүйегін ұшақпен елге әкелетін кәсіпкерлер бар еді ғой» деп күйінеді.
Өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы қытайдағы Алтай қазақтарының ағартушы көсемі Шәріпхан Көгедайұлы Сталинмен ауыз жаласқан қытай жендеттерінің жер асты түрмесіне қамалып, артынан із-тозсыз жоғалған да көз жасы көл болған анасы:
«Ұядан ұшқан қыран қонарда жоқ,
Іздесем алтын Алтай, Оралда жоқ.
Көңілді қайтып қана жұбатамын,
Болмаса құба балшық молаң да жоқ» – деп күңіренген екен.
Қазақ елінің аймен-күннің аманында рухани бағдаршы кемеңгерінен айырылып, Мағауиндей ұлы тұлғасын жабыла жоқтауы заңды да. Бірақ оның бәрі жеткіліксіз. Әркімнің әлеуметтік желідегі өз көзқарасы мен пайымы тұрғысынан ұлы тұлға туралы жазғандары Мағауиннің кемеңгерлік болмысын толық аша алмайды. Мағауин жел сөзбен желдірмелетіп, ода арнайтын ауылдың ақыны да, батыры да емес. Кеңес кезінде де, тәуелсіз кезеңде де саяси, мәдени, тарихи ерекше болмысын сақтаған, ұлт ұстазы деңгейіндегі ғылыми тұлға. Қазіргі кезде бізге ең керектісі Мағауинді сөз көкпарыныа салу емес, еңбектеріне ғылыми баға беру, тәуелсіздіктің рухани тұғырына айналдыру.
«Ескі Қазақстан» қазақ хандығының 550 жылдығын тойлады, «Жаңа Қазақстан» Жошы ханның 800 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өтті. Оның негізінде қазақ халқының рухани азығына, баға жетпес мұрасына айналған Мағауин еңбектері жатыр десек артық айтқандық болмайды.
Тарих тұрғысынан қарастырсақ, ұлы Абайдың «Қазақтың шығу тегі туралы бір-екі сөз» жазбасынан, Шәкарім қажының «Түрік һәм қазақ хандар шежіресі» еңбегінен басқа, ұлт тарихына қатысты қомақты еңбектері жоқ.
Патшалық Ресей мен большевиктерден еркіндік алу үшін саяси күреске жанқиярлық рухпен бел шеше кіріскен Алаш зиялыларының да қазақ тарихын көсіле жазуына мұрсалары болмады, қилы заман жар бермеді.
Сонау Ғұн, Түркі дәуірінен басталып, Қазақ хандығымен аяқталған ұлт тарихын, дала жеңімпаздарының өктем болмысын Мағауин ғана кемеліне келтіріп жаза алды. Тәуелсіз ел болудың тарихи, рухани, саяси ірге тасын айшықтап берді. Мағауинтанудың маңыздылығы да осында.
Қорыта айтқанда өткеннен сабақ алып, сөзден іске көшетін сәт туды. Ұлы абыздың артына қалдырған ұшан теңіз рухани мұрасының қадіріне жетеміз десек, екіленбей ел болып Мағауинтану иниститутын құруымыз керек. Сонда өшкен рухымыз қайта тіріліп, тәуелсіздігіміз де баянды болар еді.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz