Берік Уәли: Жауапкершілік жүгі жеңіл болмайды
![](https://abai.kz/content/uploads/2025/02/berik-u-li-k-azak-stan-respublikasy-prezidentinin-ken-esshisi-baspasoz-hatshysy-zhauapkershilik-zhugi-zhen-il-bolmaydy_1739218558.jpg)
– Берік Уәлиұлы, жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Мемлекет басшысы аталған жиында еліміздің даму мақсаттарына сай келетін көптеген міндетті белгіледі. Оның ішінде қандай маңызды бастамаларды атап айтар едіңіз?
– Бұл – жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін өте кең форматтағы басқосу. Жиында Үкімет мүшелерінің алдағы жылы атқаратын қызметінің негізгі бағыт-бағдарына басымдық беріледі. Сондықтан кеңейтілген отырыстағы Президенттің кез келген тапсырмасы мен бастамасы еліміздің дамуы үшін аса маңызды. Қасым-Жомарт Кемелұлы саясаттағы ұтқырлықты әлеуметтік-экономикалық дамудағы нақты қадамдармен үйлестіруді жөн санайды. Яғни, түбегейлі өзгерістерге жол ашқан реформалардың орындалуы еліміздің әл-ауқатынан да көрініс табуға тиіс. Осы ретте бір жыл бұрын жаңадан жасақталған Үкіметке өте үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Өйткені Президентіміз айтқандай, қазіргі кезең жаһан жұртшылығына жеңіл тиіп отырған жоқ. Ірі державалар арасындағы әртүрлі текетірес, соның ішінде экономикалық санкциялар саясатын күшейту, әр жерде маздаған кикілжіңдер мен бейбіт тұрғындардың мазасын қашырған қарулы қақтығыстар бүгінде әлем елдерін қатты алаңдатады. Сондай-ақ соңғы жылдары климаттық өзгерістер де анық байқала бастады. Технологиялық жарыс нәтижелері бұрын-соңды болмаған бәсекелестік тудырды. Міне, осы іспетті сын-қатерлер елімізді барлық салада бетпе-бет келетін күрделі күрмеулерді дер кезінде, тіпті алдын ала шешіп отыруға міндеттейді. Шиырып айтқанда, көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Мемлекет басшысы бюджет қаражатын оңтайлы жұмсау, мемлекеттік құрылымның тиімділігін арттыру, артық шығынды болдырмауға баса мән беру керегін қадап айтты. Президент баяндамасының негізгі жүлгесі осыған саяды.
– Мемлекет басшысы биылғы баяндамасында да экономикалық даму мәселелеріне көп тоқталғанын байқадық...
– Экономика – мемлекеттік дамудың негізгі өзегі. Әлбетте, отандық экономика, жоғарыда айтқандай, күллі әлемде орын алып жатқан түрлі тартыстың салдарын сезініп отырғаны белгілі. Өйткені біздің басты қағидатымыз бойынша, Қазақстан – әлемдік қауымдастықтың белсенді мүшесі. Бұл экономикаға да тиесілі ұстаным. Сондықтан жаһандық сауда тізбегіне келтірілетін қандай да бір нұқсан біздің экономикамызға да әсер етпей қоймайды. Осы жағдайда орнықты дамуды қалай қамтамасыз етеміз деген орынды сауал туады. Бұл жөнінде Президент бұған дейін де айтып келеді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы бағыттағы стратегияны тағы да пысықтап, Үкімет пен құзырлы органдар басшылары үшін негізгі мәселелерді қайтара еске салды. Мәселен, ел экономикасын әртараптандыру – өте маңызды бағыт. Соның ішінде осыған дейін оң өсім тіркеліп келе жатқан өңдеу өнеркәсібіне барынша жағдай жасалып жатқанына тоқталды. Ерекше назар аударатын дүние, ірі өнеркәсіп жобаларының іске асырылуы баяу жүріп жатқанын сынға алды. Оны елден шығарылған заңсыз активтерді қазынаға қайтару ісімен қатар жүргізу қажеттігін айтты. Үкіметке орта буындағы кәсіпорындар шоғырын қалыптастыру туралы тапсырма берді. Қазір әлемде көптеген ел тиімді пайдаланып отырған туризм саласынан да қаржы табуды жөн санайтынын жеткізді. Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру бағытындағы маңызды бастамалар бар. Екінші деңгейлі банктердің экономиканы қаржыландыруы тұрғысынан нақты міндеттер жүктеді. Игерілуі күрделі кен орындарын экономикалық айналымға қосу туралы ойымен бөлісті.
Тағы бір мән беретін мәселе бар: Үкіметтің кеңейтілген отырысында қосымша құн салығын көтеруге қатысты ұсыныс айтылғаны баршаға аян. Бұл жайт қоғамда қызу талқыланды. Қарапайым жұртшылықтан бастап сарапшыларға дейін осыған қатысты ойларымен бөлісті. Президент те аталған мәселеге жіті көңіл бөліп, өткен аптада отандық бизнес өкілдерімен кездесуде өзінің пікірін жеткізді. Мемлекет басшысы кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн екенін атап өтті. Президент бұл тарапта түрлі нұсқаны қарастырып, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс екеніне ерекше мән берді. Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, сарапшылар мен депутаттардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керегін қадап айтты.
![](https://abai.kz/content/uploads/2025/02/a-1-2-1024x516.jpg)
Сурет: aikyn.kz
Осылайша, Мемлекет басшысы стратегиялық бағыттарды белгілеп, желдің қай жақтан соғатынын, оған қарсы амалдарды санамалап айтып берді. Енді Үкімет мүшелері мен басқа да тиісті органдар осы міндеттерді орындауға жан-тәнімен кірісіп, бүкіл күш-жігерін жұмылдыруы керек. Бұл ретте Президент экономиканың барлық саласына инвестиция тартудың өте өзекті екенін атап көрсетті.
– Шынында, Қасым-Жомарт Тоқаев шетелден инвестиция тарту жөнінде жиі айтты. Жалпы, елімізде қазіргі инвестициялық климат қандай?
– Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде Инвестициялық штаб құрылғанын жақсы білесіздер. Бұл бюрократиялық кедергілерге, топтық мүдделерге қарсы тұратын, құқықтық тұрғыдан инвесторды қорғай алатын қабілетке ие институтқа айналуға тиіс. Штабтың тиімді жұмыс істеуіне қажетті барлық жағдай жасалып, оның орындалуын Қасым-Жомарт Кемелұлы тікелей бақылауында ұстап отыр. Дегенмен Президент Үкіметтің міндеті инвесторлардың жекелеген мәселелерін шұғыл шешу ғана емес, еліміздегі жалпы инвестициялық ахуалды жақсарту екенін ерекшелеп айтты. Былтыр жыл соңында республикалық басылымдарға жазған мақаламызда да атап өткенбіз, Президент 2024 жылы жиырмадан астам мемлекетке сапармен барды. Көптеген халықаралық жиынға қатысты. Соның бәрінде ең әуелі мемлекеттер басшыларымен және шетелдік бизнес өкілдерімен кездесіп, еліміздегі шешімін таппай жатқан салаларға қаражат тартуға тікелей бастамашы болып келеді. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан экономикаға инвестиция тарту көрсеткіштері бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Бірақ Президент оған тоқмейілсуге болмайтынын жеткізді. Өйткені біріншіден, елімізде бюджет тапшылығы орын алып отыр. Инвестицияның азаюын бюджет есебінен өтеу қысқамерзімді ғана нәтиже беретінін тілге тиек етті. Сол себепті өңірлерге, Алматы қаласына құйылатын шетел инвестициясын арттыру міндеті қойылды. Үкіметтен барлық деңгейде, яғни орталық болсын, ірі қалаларымыз болсын, өңірлеріміз болсын, инвестор әкелуге қолайлы жағдай жасайтын біртұтас экожүйе құру талап етіледі. Екіншіден, қазір әлемде сирек кездесетін металдарды өндіру мен өңдеуге артып келе жатқан сұранысты тиімді пайдалану керек. Осы мақсатта еліміздің әлеуетін дұрыс іске асырған жөн. Мәселен, Үкімет басшысы елімізде аталған бағытта 17 кен орны ашылғанын айтты. Оның ішінде литийдің орны ерекше. Міне, осы салаға инвестиция тартылса, озық технологиялар келсе, шетелдік және отандық инвесторларға бірдей жағдай жасалса, еліміздегі инвестициялық климатты айтарлықтай жақсарта түсетіні анық. Қазір бұл тарапта геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу үшін инвесторларға үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Яғни, олар өз шығындары есебінен әрі барлау жүргізеді, әрі жер қойнауын пайдалану құқығына ие болады. Осы ретте елімізде Жер қойнауын пайдалану бойынша реформа жүргізіліп, оның заңнамалық платформасы әзірленіп жатыр. Жалпы былтырғы құйылған қаржы көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда шетелдік инвестицияның біршама кемігенін көрсетеді. Бұл – түсінікті. Себебі қазір дүниежүзі бойынша инвестицияға талас жүріп жатыр. Елдің орнықты дамуын қамтамасыз етуде инвестицияның рөлі өте үлкен. Мемлекет басшысы экономикаға инвестиция тарту еліміздің әлемдік картадағы орнын анықтайтынын айтып, бұл істің мәні зор екенін жеткізді.
– Инфрақұрылымды дамыту мәселелерінде айтылған жобалар қаншалықты орындалады?
– Кейінгі жылдары еліміздің бірқатар қаласының жылу жүйелері қыстың көзі қырауда апатқа ұшырағаны қоғамға мәлім. Мұндай оқиғалардың елдің беделіне нұқсан келтіретіні де күмәнсіз. Осы орайда Президент нарық талабына сай тариф саясатын қайта қарауды тапсырды. Өйткені ТМД елдеріндегі баға біздің нарықтан әлдеқайда жоғары. Бұл – контрабандалық қылмысты өршітетін жағдай. Тіпті, шекара бағандарының астынан тоннель қазып, жанар-жағармай тасыған оқиғалар орын алғанын құзырлы органдарымыз анықтады. Сондықтан энергияға, жылуға, суға қатысты тұтыну бағаларын өзгерту коммуналдық нысандарды дер кезінде жаңа стандарттарға бейімдеуге мүмкіндік беретінін ұмытпаған ләзім. Президент айтқандай, ескірген энергетикалық нысандарды инновациялық стансалармен алмастыру керек. Қуат көзі тапшылығы артқан сайын атом энергиясын пайдалануға сұраныс күшейеді. Бұл тұрғыда Қазақстан атом өнеркәсібіне қажетті отын көзінің үлкен қорына ие екені белгілі. Яғни, уранға бай елміз. Сонымен қатар электр желілерін біріктіру, газ-бу қондырғылары мен құбыр желілерінің құрылысын аяқтау туралы нақты тапсырмалар жүктелді.
![](https://abai.kz/content/uploads/2025/02/280149-entry-0_1-1739218559-1024x611.jpg)
Сурет: aikyn.kz
Қазақстан соңғы жылдары көлік-транзит инфрақұрылымы бойынша өте ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатыр. Қытайдан Еуропаға жеткізілетін жүк тасымалының Қазақстан аумағы арқылы өтуін қамтамасыз ету үшін автокөлік жолдарымен бірге темір жолдар, теңіз арқылы тасымалдау ісі жолға қойылып, көптеген нысан пайдалануға берілді. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Транскаспий бағдарын дамыту аясында «Мойынты – Қызылжар» бағытында жаңа темір жол құрылысын бастауды, Қызылжар бекетінен Ақтау портына дейінгі күре жолдың көптеген учаскесін жаңғыртуды тапсырды. Сонымен қатар «Алтынкөл – Жетіген» темір жолын кеңейту міндетін жүктеді. Мұның бәрі Қытай мен Орталық Азияның арасындағы көлік дәлізін дамытуға септігін тигізбек. Былтыр еліміздің бірқатар қаласының әуе терминалдары жаңадан салынып, пайдалануға берілді. Осы орайда ел аумағында халықаралық әуе хабын құру ісі қолға алынғанын атап айту керек. Президент жүк және жолаушылар терминалдарын, логистикалық орталықтарын, заманауи қызмет көрсету орындарымен қамтылған толық экожүйені құруды міндеттеп отыр. Бұл салаларда да Қазақстан өзінің экономикасына тиесілі пайдадан қағылмауы қажет. Қауіпсіздік Кеңесінің алдағы отырысы осы көлік-транзит, логистикалық әлеуетті дамыту тақырыбына арналады.
– Цифрландыру саласында жетекші рөлге ие бола аламыз ба?
– Қазір әлемдік сауда электронды жүйеге көшкені белгілі. Еліміз мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру бағытында үлкен жетістікке жетіп отыр. Бұл тарапта көптеген дамыған елдердің цифрлы жүйесінен озық екенімізді мақтанышпен айтуға болады. Дегенмен бұл сәт сайын дамитын сала болғандықтан, ақпараттарды қорғау, аталған экожүйені ұдайы дамыту ісі өте өзекті. Ақпарат құралдарынан америкалық және қытайлық платформалардың өзара бәсекесі туралы оқып, біліп отырмыз. Айталық, Қытай тарапы бар-жоғы 6,5 миллион долларға DeepSeek платформасын жасады. Оның тиімділігі миллиардтаған доллар жұмсалған платформалардан асып түсті. Міне, осындай қазіргі заманның сұранысын жетік біліп қана қоймай, оны Қазақстан қоғамына дендеп енгізу мақсатында Мемлекет басшысы жасанды интеллекті саласындағы озық ойлы тұлғалармен жиі кездеседі. Жуырда ғана осы саладағы қытайлық кәсіпкер Ли Кай Фуды қабылдаған болатын. Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы сөзінде де қытай тәжірибесін кеңінен зерделеу жөнінде тапсырма беруі бекер емес. Бұл салада біз бағындыратын биіктер әлі алда. Жалпы, цифрландыру саласына мыңдаған маман даярлаудан бастап, елордада Al-Sana жасанды интеллектіні оқыту орталығын ашуға дейін бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр деуге болады. Сонымен қатар жаңа қауіп-қатерлер де бар. Қазіргі кезде кибералаяқтықтан қорғану мәселесі өте маңызды. Осы қылмыстық істердің 80 пайызының әшкереленбей қалуы арнайы құзырлы органдарымыздың цифрлы әлеуетін әлі де жетілдіруін қажет етеді. Өйткені мемлекет үшін азаматтардың қауіпсіздігі ең басты орында болуы керек.
– Әлеуметтік салада мемлекет қолдауымен іске асырылып жатқан жобалар туралы нақты не айтар едіңіз?
– Президент мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерді орындауына баса мән береді. Бұдан бұрынғы несиелердің белгілі бір бөлігін өтеу, атаулы әлеуметтік көмек беру, жәрдемақы беруді жүйелеу сынды халық көңілінен орын алған бастамаларынан бөлек, қазіргі кезде денсаулық сақтау мен білім және ғылым салаларындағы жобаларды әділ қаржыландыруға назар аударып отырғанын атап айту керек. Оның барлығы заңнамалық тұрғыдан негізделді. Ауылдарда алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін 460 нысан пайдалануға берілді. Тағы 200-ге жуық нысан жыл соңына дейін беріледі. Биыл 32 ауруханаға жөндеу жүргізілмек. Президент осы ауқымды жұмысты ширатуға тапсырма берді. Сонымен қатар келесі жылы барлық аудандық ауруханаларға жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Осыған дейін ел көңілінен орын алған «Жайлы мектеп» жобасы биыл аяқталады. Оның басым бөлігіне сыбайлас жемқорлық фактілерінен өндірілген қаржы пайдаланылғаны белгілі. Үш жыл ішінде Президент тапсырмасымен тағы 1 300 мектеп жаңғыртылады. Ең бастысы, биыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Атаулы жыл аясында сұранысқа ие кадрлар даярлауға, еңбек адамының абыройын арттыруға үлкен мән беріледі. Мемлекет басшысы азаматтардың өтінішіне құлақ асу қажеттігін айтты. Өйткені әр өтініштің артында адам тағдыры бар. Бұл ретте мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру міндеті қойылып отыр.
– Президент баяндамасында көпшіліктің назарын аударғаны – елімізді лақап атпен атаушыларға қатысты сөзі. Мемлекет басшысы елдің бет-бейнесін қалыптастыруда қоғамдағы барлық үдерісті қадағалайтынын байқадық...
– Әлбетте. Қазір адамдар әлеуметтік желілердегі қажетті-қажетсіз ақпарат тасқынынан өзін қорғай алмай, сана сүзгісінен өткізбей, әртүрлі ойдың жетегіне оңай ілесетінін байқауға болады. Бұл, өкінішке қарай, кейбір азаматтарымыздың алтын уақытын тиімді пайдалана алмайтынын, жеңіл-желпі бөстекі сөзге үйір екенін меңзегеннен айтылған пікір болатын. Мемлекет азаматтардың қалауын шектемейді. Бірақ әлеуметтік желіні де тиімді пайдаланып, табыс табуға, қоғамдық ой-сананы озық ету үшін үлес қосуға болады. Сондықтан әлдекімдердің қарау ниетінен, тіпті қоғамдық пікірді манипуляциялаудан туатын, мемлекет беделіне нұқсан келтіретін арзан сөздерді қоғам болып тыйған ләзім. Президент осыған үндеді. Еліміздің жақсы атын ел азаматтары шығарады. «Заң мен тәртіп» қағидаты да осыған негізделген. Біз өзіміздің құқығымызды қалай қорғасақ, мемлекетіміздің де беделін солай сыйлауға әрі қорғауға тиіспіз. Сонда ғана еліміздің еңсесі көтеріледі. Сол үшін бір-бірімізді бекер жәбірлемей, ортақ игі іске жұмылып, мемлекетшілдік сананы орнықтыра бергеніміз жөн. Қадыр Мырза Әлінің «Тәуелсіздікті сәт сайын қорғау керек» деген қанатты сөзі бар. Мемлекеттің ар-намысы әр азаматының ұяты мен ожданына айналуы керек.
Сұхбаттасқан Гүлзина Бектас
Дереккөзі: aikyn.kz
Abai.kz