Бейсенбі, 13 Ақпан 2025
Тарих 354 2 пікір 13 Ақпан, 2025 сағат 14:39

Қырым хандығының елшісі жағалбайлы Жан Бұлдый хақында  

Сурет әлеуметтік желіден алынды

Кіші жүздің Жетіру бірлестігіндегі Жағалбайлы руының шығу тегі жайлы тарихшылардың пайым-болжамдары сан-алуан. Соның ішінде бірізділігі сақталған жорамал, ол Жағалбайлы атауының «жағалтай құсы» тотеміне байланысты аталуы және IX-X ғасырлардағы Оғыз-пешенег дәуіріндегі алаүйінділі (алаюнтли) тайпасынан тарап, Қыпшақ-Алтын Орда дәуірінде қыпшақ руларына жұтылып, Ноғай дәуірінде бөлек ру болып қалыптасқан деген жорамал.

Этнонимдік тұрғыдан, бұл жорамалға негіз, алажүнділі мағынасындағы «алаюнтли»  этнонимінің «жағал» этнонимімен мағыналас келуі ғана емес, алаүйінділі тайпасының да жағалтай (жағалбай, ягалбай) құсын кие тұтқаны және тайпалық таңбасының да жағалбайлы таңбасымен  ұқсастығы. Башқұрт халқының құрамындағы бурзян тайпасының да ежелгі руларының бірі мунаш пен яғылбай. Осы бурзян тайпасы мен қырғыздың жағалмай руының таңбалары да Жағалбайлының рулық таңбасымен сәйкес келеді . Жағалбайлының таңбасы қазақ арасында балға, шеккіш аталғанымен, башқұрттың таңбасын тарихшылар көнекөз қариялардың сөзіне сүйеніп «епкіні қатты құс» деп суреттейді.[1. 62,63,78 бет] Болмысында жағалтай - тұрқы шағын, екпіні қатты, жемтігін ұшып жүріп аулайтын, сұңқар тектес жыртқыш құс. Маңғыстау жерінде жатқан аңшылардың пірі Жағалбайлы Құсшы ата есімі де жағалтай тотемімен сарындас болса керек.

Ал рулық қалыптасуы жайлы жорамал, Жағалбайлы руының Алтын Орда ұлысын құраған «92 баулы өзбектің» (қыпшақ) ішінде аталмауына байланысты, бұл ру - бөлек ру ретінде Алтын Орда дәуірінен кейін қалыптасқан деген пайым негізінде түзілген. Бұл туралы тарихшы Р.Д.Темірғалиев өз баяндамасында «Жетіру бірлестігінің ішінде Жағалбайлы руы ғана 92 тайпаның ішінде кездеспейді. Басқа бірлестіктер ішінен кейін бөлініп шыққан ру болуы мүмкін. Еділ ноғайларында жағалбайлы руы найман тайпасының бір тармағы болған. Олардың «Т» әріптес таңбасы қазақ ішіндегі жағалбайлының таңбасымен бірдей. Ноғайлының қыпшақ тайпасының ішінде де  I «әліп» таңбалы яғылбайлы руы болған. Өзбек тайпалары арасында жағалбайлы тармағы найман, қыпшақ руларында кездеседі. Башқұрттарда ягылбайлы руы бурзян тайпасының құрамында болған. Қарақалпақтарда жағалтай руы қыпшақ тайпасының құрамына кірген», -деп баяндайды. [2. 56 бет].

Қазақ құрамындағы Жағалбайлы өз ішінде Мырза, Лез болып екі тармаққа бөлінеді. Енді осы заманда Жағалбайлының ноғай, башқұрт, қазақ, қырғыз, өзбек халықтарының құрамында сонау Қырымнан бастап Ауғанстанға дейінгі аралықта шашырай қоныстануын, кезінде Лез тармағының Қырым түбегі мен Қапқаз етегіндегі жазықта, ал Мырза тармағының Арал теңізі мен Жиделі-Байсында (Ферғана жазығы) қалыптасып, өмір сүргендігімен түсіндіріледі.

XVII-ғасырдың соңында, Тәуке ханның билігі кезінде, Алаштың алты биінің бірі, кіші жүздің төбе биі жағалбайлы Шеген би болған. [3. 82 бет].  Олай болса, Арал теңізі мен Жиделі-Байсынды мекендеген Жағалбайлының Мырза тармағы сол кездің өзінде-ақ бөлек ру ретінде қазақ хандығының құрамында болғанға ұқсайды. Ал «ел айрылған» болғанда Еділден кетіп, Жайықтың бергі бетіне шығып қалған Лез тармағы қазақ құрамына, Тәуке хан Жетіру бірлестігін құрған кезде кірсе керек. Осы тұста Жағалбайлының шежіресін түзген Шеген би Лез тармағын Бұлдый, Аққожа, Бөдес, Бескүрек, Есірқожа деген бес атаға, ал Мырза тармағын Біліс, Малатау, Сирақты, Балқожа, Ормантай, Құтпанай, Бозбет деп жеті атаға бөледі. [4. 260 бет]. Осылайша он екі ата Жағалбайлы түзіледі. Осылайша Жағалбайлы қазақ құрамына бөлек ру ретінде кіреді.

Осы жерден Қырым мен Ноғай даласында қалған Жетіру мен жағалбайлыға қатысты этнонимдер мен топонимдерді теріп талғамай-ақ, осы зерттеу мақаласының негізгі мақсатына бет бұрсақ, ол Лез тармағының бір атасы  болған Бұлдый жайлы ауызекі шежіреде айтылып жүрген жорамалдар мен деректерді саралап, ой түю.

XVI-ғасырда  Қырым хандығының Мәскеу кінәздігімен қарым-қатынасында 1558-1574 жылдар аралығында елшілік қызмет атқарып тарихта қалған Бұлдый (Жанбұлдый, Ел Болды) деген кісі бар. 1574-жылы Мәскеуде қартайып қайтыс болды деген дерекке сүйеніп, өмір сүрген жылдарын 1500-1574 жж шамасы деп болжаймыз. Орыс жазба деректерінде аты Болдуй, Ел-Болдуй, Джан-Болды, Ян-Болдуй, Янболдуй деп әр тілмаштың сөйлеу мәнеріне байланысты әртүрлі жазылады. Осы Жан Бұлдыйды халық ішіндегі ауызекі шежіре Жағалбайлының Бұлдый тармағының атасы санайды. [4. 260 бет].  Осы деректің шынайылығына көз жеткізу үшін, көзімді екі қолмен көлегейлей тарих терезесіне үңіліп, деректер суыртпақтап, тәпсірін тарқатып көрмекпін.

Қырым түбегінің құрлыққа ұласар мойнағындағы Ор-Қапы бекінісінен әрі қарай батыс Дәшті-Қыпшағының «жабайы даласы» басталады. Осы дала 1470-жылдардан бері Едігенің немересі, Үлкен Орданың бектербегі Темірдің иелігіндегі Маңғыт (ноғай) ұлысының жері еді. Шалкиіз жыраудың - «Темір еді биіміз, теңіз еді халқымыз» - деп жырлайтын заманы осы. 1502-жылы Үлкен Орда құлаған соң Қырым хандығына бағынған бұл ұлыс, кейін Ноғай ордасы ыдырай бастағанда, сапырылысқан көштен одан сайын көбейген. Осы «сансыз ноғай» Қырым тарихында Батыс ноғайлары (Едисан ордасы), Шығыс ноғайлары (Жембойлық, Едишкөл ордалары) деп аталып, жалпылама Қырым ноғайлары аталып кеткен.

Біз сөз еткелі отырған Бұлдый, осы айтылған Қырым ноғайларынан болуы бек мүмкін. Жалпы қазіргі тарих ғылымында Қырым хандығы тарапынан жеткен жазба деректер жоқтың қасы. Болса да өте тапшы, мардымсыз. Оған себеп 1736-жылы Ресей патшалығымен болған кезекті бір соғыста Бахшасарайдағы хан сарайының толықтай өртеніп кетуі деуге болады. Түрік саяхатшысы Әулие Челеби «Сарай емес жұмақ еді» деп суреттеген сол заманның архитектура жаухарының жойылуы Қырымның қасіреті ғана емес, өркениет тұрғысынан қарасаң жалпы адамзатқа қарсы жасалған қылмыс еді. Сол өрт баға жетпес хан архиві мен Бахшасарай кітпханасын да жалмап кетті. Сондықтан тарихшылар Қырым хандығына қатысты деректерді Ресей патшалығы, Осман патшалығы, Польша корольдігі, Литва кнәздігіне қатысты сақталған деректерден іздейді. Сол себептен Бұлдыйдың ата-тегі, Маңғыт ұлысының ішінде қай рудың құрамында болғаны, өмірі жайлы деректерді тап басып жазбасақ та, көзге ілінген жазба деректермен ауызекі шежіре деректерін ұштастырып көрейік.

Хандықтың елшісі болған Бұлдыйдың нақ осы жағалбайлы Бұлдый екенін нақтылау үшін, сол кездегі хандықтың жағдайы мен хан айналасына үңіліп көрейік. Қырым хандығын хан басқарғанымен, негізгі билік түбектің байырғы рулары Шырын, Арғын, Барын, Қыпшақ, Седжуит руларының басшылары қарашабектердің қолында еді. Хан әр шешімін қарашабектер құрайтын хан кеңесімен (диван) мақұлдайтын. Оның үстіне Османлы патшасына тәуелділігі тағы бар. Осындай жергілікті аристократтарға тәуелді хандарға түбектің солтүстігіне жағалай орныққан ноғайлар керек-ақ еді. Бір жағынан, сансыз ноғай соғыс кезінде түмен-түмен әскер шығарса, бір жағынан осы басқарушы руларға қарсы келіп балама бола алатын күш еді.  Сондықтан да келе-келе Маңғыттардың басындағы Темір бидің ұрпақтары Мансұр әулеті аталып (Темір бидің әкесі), қарашабек болып сайланып, Қырым аристократтарына айналған.

1551-жылы «хан ауыспақ» болып Қырым ханы Сақып Гирейдің (1532-1551 жылдары хандық құрды) орнына Османлы падишахы Сүлейменнің қалауымен Дәулет Гирей (1551-1577 жылдары хандық құрды) билікке келді. Билікке келудегі  падишахтың қойған негізгі тапсырмасы Мәскеу кінәздігінің ықпалында кетіп бара жатқан Қазан хандығын Қырым хандығы дәргейіне қайтару еді. Бұл тапсырмаға кейін Қажы-Тархан хандығын қайтару да қосылды. Бұл кезде Русь елінің патшасы тарихта Қаһарлы Иван деген атпен қалған Мәскеудің және бүкіл Русьтің Ұлы кнәзі Иван IV-ші болатын. Ұрыста тұрыс бар ма, Иванның да Қазан хандығы мен Қажы-Тархан хандығын басып алып, Ноғай ордасындағы алауыздықты қоздырып, черкес пен кабарданы Қырымға айдап салып, өзін Ұлық орда санайтын Қырым хандығының уысынан біржола шығуға бет алып, қарбаласып жатқан шағы. Десе де екі елдің арасында шабарман шаптырып хабар алмасау, елші алмасып елдесу, алым-салым, алыс-беріс дәстүрі үзілмей әлі жалғасып жатқан.

Сақып Герейдің кезінен қырым хандығының орыс бағытындағы саясатын басқару өкілеттігі Сүлейман ишан басқаратын Яшлалықтар әулетіне тиесілі еді. Өйткені, қырым аристократтарының арасында орыны ерекше бұл әулеттің басшысы Сүлейман ишан 1740-жылы Мәскеуде елшілік қызметте жүріп, Мәскеу басшыларымен Қырыммен қарым-қатынаста «амиатство» өкілеттігі (амиатство - дипломатиялық қарым-қатынаста араағайын) туралы шарт жасасқан. [5.] Яғни, Мәскеу хан елшісі ретінде тек осы әулеттің мүшесін мойындайтын. Бұл әулет хандықта Мәскеудің елшілері мен ханның арасында араағайындық жүргізетін. Мәскеуден келген алым-салымды реттеуге, сый-сыяпатты хандықтың белді әулеттеріне үлестіруге жауапты да осы әулет.  Бірәқ Дәулет Гирей 1553-жылы Мәскеуге елші қылып Яшлалық әулетіне қатысы жоқ Шахмансур ұланды, ал 1558 жылы Жан Бұлдыйды жібереді. [5.] Бұл шешім, ханның Яшлалық әулетінің хандықтағы құзіретін мойындағанымен, Мәскеумен алауыздық жағдайда орысқа жұмсақ көзқарастағы елшіні жібермеуді жөн көргені болса керек. Орыс деректерінде Жан Бұлдыйдың қай рудан немесе әулеттен екені айтылмайды. Дегенмен, ол кезде Дәулет Гирей ханның әскери әлеуеті Маңғыт ұлысының күшіне иек артып тұрған. Ол жылдары Маңғыт ұлысының басында Мансұр әулетінен шығып, әр жылдары қарашабек сайланған, Қожа-Ахмет пен орыстар  «славный богатырь и великий кровопиец христиан» деп суреттейтін Дебей баһадүр отырған. Маңғыт ұлысы, түбекке жау келсе қалқан, жауға шапса күш топтастырар орталыққа айналған. Осы күш бірде ханның бастауымен, бірде қалғаның бастауымен, бірде Дебей баһадүр өзі бастап, орыс жеріне жорыққа шығып тұратын. [6. 395 бет] Осындай жағдайда, орыс мемлекетімен ашық күреске бел буған Дәулет Гирейдің елшіні де Мансұр әулетіне қарасты мырзалардан таңдауы бек мүмкін.

Жағалбайлының Бұлдый тармағының жазба деректердегі шығыс ноғайлары жазығында қалған ізінің бірі, итальян картографы Риччи Занонидің 1767-1772 жылдары түсірен Қара теңіздің солтүстік өңірін қамтитын картасы. Сол картада Қара теңіздің солтүстігіндегі Шығыс ноғайлары жазығында, Днепрдің Қара теңізге құяр қолтығында Dzegal-boldi деген елді мекенді көрсетеді. Бұл жер жоғарыда аталған Жембойлық ордасына тиесілі жер.

Сурет 1. Риччи Занонидің картасының фрагменті.

Және бір дерек, швед тарихшысы И.Э.Тунманн, 1777-жылдар шамасында жазылып 1784-жылы Германияда жарық көрген «Қырым хандығы» деген еңбегінде, Шығыс ноғайларының Жембойлық, Едишкөл ордалары жайлы жаза келе: «Шығыс ноғайларының арасында бұл үлкен ордалардан бөлек Хаджи-Герай, Чазлу, Кангли-Аргакли, Ивак, Казай-Мирза, Игури, Исмаил-Мирза, Телиак, Ирхан-Кангли, Бадраки, Джегал-Болди, Бояташ және Баютай деген үлкен ордалардың тармақтары саналатын кішілері де (кіші рулары да. Н.Ы.)  болды» - дейді. [7. 49 бет]

Бұл екі деректегі Dzegal-boldi, Джегал-Болди атауларының өзге тілде жазылып транслитерацияға ұшыраған Жағалбайлы Бұлдый атауымен барабар екенін аңғару қиын емес.  Дегенмен, бұл Бұлдый өмір сүрген кезден екі ғасырдан кейінгі жазба болғандықтан, бұл деректерді Бұлдый әулетіне қарасты рулы ел жайлы деректер деп қабылдаймыз. Бірінші деректен Бұлдый руының бөлек қоныс болып отырғанын көрсек, екінші деректен жағалбайлы Бұлдый тармағының орданы құраушы әлдебір негігі рудың құрамдас бөлігі екенін көреміз. Сондай-ақ, бұл деректер Бұлдый руының XVIII-ғасырдың аяғында, Ресей империясының қол астына өтіп жатқан Қырым жерінде де қалғанын көрсетеді.

2000-жылы Атамұра баспасынан жарық көрген Ш.Уалиханов атындағы тарих және этнология институтының көрнекті этнографтары Х. Арғынбаев пен М. Мұқановтың «Қазақ шежіресі хақында» атты монографиясында Жағалбайлы руының шежірелік кестесінде Бұлдыйдың жеті баласының бірі деп Мәлікжанды көрсетеді. [8. 406 бет] Бұлдый балаларының ішінде ең көп тарағаны осы Мәлікжан ұрпақтары. XVIII-ғасырдың аяғы, XIX-ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанның батыс өңірінде болған көптеген ұлт азаттық көтерілістерден кейін, кіші жүздің Тама, Серкеш, Жағалбайлы руларының бірәзі қәзіргі Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданындағы Сарысу өзені бойын мекендеп қалған. Осы Арқа жағалбайлыларының дені жоғарыда айтылған Бұлдыйдың баласы Мәлікжанның  ұрпақтары. XIX-ғасырдың аяғында Ұлытау, Кішітау, Сарысу бойын аралап дерек жиған Мәшһүр Жүсіп өзінің «Алшын шежіресі» деген жазбасында осы Арқа Тамалары мен Жағалбайлысының шежіресінен біраз деректер келтіріп, «Жағалбайлының ұраны «Елді-ай, Болды-ай» - дейді. [9. 87 бет]  Бір айта кетерлігі, Мәшекең осы ауызша деректерді қағазға түсіруде бірәз ауытқулар жіберген. Мәселен, Әліпті – Алып, Жөгіні – Жөкі, Тайатқан Шұнақты – Айатқан Шүкімән, Лез бен Мырзаны – Елсіз мырза деп көрсетеді. Осы ерекшелікті ескерсек арқа жағалбайлысының ұраны ауытқи жазылған немесе фонетикалық өзгеріске түскен «Ел Болды» екеніне күмән жоқ. Тағы бір атап өтер жәйт, қазақ ру-тайпаларының ұраны ретінде құрметке ие ата-бабасының, асыл аналарының аты ғана қолданылтынын ескерсек, Бұлдый ұраны да, бұл этнонимнің тайпа мекеніне қатысты топонимдік, ойконимдік атау емес, рудың айтулы адамының аты екенін айғақтайды.

Жан Бұлдыйдың елшіліктегі өміріне келер болсақ, Ресей архивтерінде де біршама құжаттардың жоғалғанына қарамастан, орыс тарихшыларының Ресей мемлекеттік көне құжаттар архивіндегі деректерге сүйене отырып жазған «Мәскеу мемлекетінің Қырыммен байланысы жайлы елшілік кітабының» 13, 14 кітаптарында Жан Бұлдый жайлы біраз деректер жазылған. Ол кезде Кремль қамалының аумағында Қырымның елшілік сарайы болған. Бұл сарайда елшілік қызметкерлері, қонаққа келген хан әулетінің мүшелері мен қызметшілері тоқтайтын. Сол жылдары Мәскеуде болған, тіпті Қаһарлы Иванды жеке танитын ағылшын дворяны Джером Гостей өзінің «Ресей жайлы жазбаларында» қырымдықтар туралы мынадай мәліметтер келтіреді: «Олар жақсы ат мініп, белдемшесі бар ішік пен қара бөрік киіп, садақпен және керемет өрнектелген қылышпен қаруланатын....». [10. 96 бет] Алайда, жоғарыда атап өткеніміздей, бұл кезең Мәскеудің күш алып Қырыммен текетіреске түсе бастаған кезі еді. Иван IV елшілермен Қазан мәселесін талқылаудан бас тартып, ал Қажы-Тархан қолдан қолға өтіп тұр. Осындай алмағайып кезде 1558-жылы қаңтар айында Жан Бұлдыйдың елшілігі мен Қырымна қайтқан орыс елшісі Ф.Д. Загряжский  Мәскеуге келді. Жауап ретінде Мәскеудегі хан елшісі Шахмансұр ұлан қасына Мәскеудің жаңа елшісін ертіп Қырымға қайтуы тиіс еді. Қырымнан елші болып амиат Сүлейман ишанның ұлы Мұрат мырза келеді деп тосса керек, Мәскеу басшылығы Жан Бұлдый елшілігіне жылы рай таныта қоймайды. Ақыры Жан Бұлдый Мәскеуде қалып, Қырымға барар орыс елшілігі кейінге шегеріліп бармай қалды. Ондағы мақсат, Қырымнан Мұрат мырза Сулешовты (Сүлейман ишан-ов. Н.Ы.) алдырып, Бұлдый елшілігін өз елшсі Афанасий Нагоймен бірге Қырымға қайтармақ еді. Сөйтіп Шахмансұр ұлан елге жалғыз қайтты. Оған ашуланған хан әскер жинап Русьтің оңтүстік бөлігін шауып алып, қыстың қаттылығынан әрі жылжый алмай кері қайтады. Екі ел арасы суып, патша қырым елшілігін Мәскеуден аулақтау Ярославльге жібереді. 1563-жылға дейін сонда болып, тек арасында Қырымнан шабармандар келгенде ғана Мәскеуге келіп, хан шабармандарымен бірге патша қабылдауында болып тұрды. 1563-жылдың көктемінде ғана Мәскеу билігі Қырымға А.Нагой бастаған елшілікті жібереді. Оның міндеті, ханды Речь Посполитамен соғыста қолдау көрсетуге көндіріп, Мурат мырза Сулешевті елші етіп жіберуін өтіну еді. Алайда екі ел қатынасы бірде жылып, бірде суып елшілік алмасудың сәті түспеді. А.Нагой сол кеткеннен 1573-жылдың аяғына дейін Қырымда қалып қойды. Бұл жылдары Жан Бұлдый елшілігі 1563-1568 жылдары Калугада, Волокаламскіде, 1568-1571 жылдары Владимирде, 1572-1574 жылдары Дорогобуж қаласында болды. Дорогобуж қаласы ол жылдары қайту мерзімі шегерілген Қырым дипломаттарын орналастыратын жер болған. Осы жылдары тек Қырымнан хабаршы шабармандар келгенде ғана Мәскеуге келіп елшілік дәстүрі бойынша шабармандарды бастап келіссөздерге қатысып жүрді. [11. 359 бет] Мұндай кездесулер әлбетте ресми амандық-саулық сұрасумен басталып, шабарманның келу себебі, әкелген хабарына қарай патша мен елшінің Қазына сарайында бір дастарқанда ас ішіп, сый-сыйапат алмасып, құшақтасып көрісумен (кореш, корашеваться) аяқталатын. Қырым елшілері мен шабармандары Қырым сарайында тоқтайтын.

1572-жылы Иван IV Қазан мен Қажы-Тарханды қайтарудан түбегейлі бас тартқан соң, 1573-жылдың аяғында Дәулет Гирей хан Мәскеумен дипломатиялық қатынастан бас тартып, орыс елшісі А.Нагойды елден шығарып жіберді. Бұл елші де соңғы жылдары Қырымда жүріс-тұрысы шектеліп, аманатта отырған еді. Ендігі кезекте Жан Бұлдыйдың елшілігі де елге қайтуы тиіс еді. Жан Бұлдый 1574-жылдың 30-қаңтарында Мәскеу түбіндегі Ядрино селосында патшамен соңғы рет кездесіп, қайта Дорогобуж қаласына қайтты. Сол жылдың 28-ші мамырында елшілік жанындағы патша приставы Иван Кайсаров патшаға елші Жан Бұлдыйдың қайтыс болғаны жайлы хабар жазады. [12. 159 бет] Жан Бұлдый алпысыншы жылдардың аяғынан бері қарттық дендеп аурушаң еді. Елшілікте соңғы жылдары келіссөздерді аты-жөні белгісіз, деректерде «Тетмлеш» (тет-имельдеш) деп көрсетілген кісі жүргізді. Орыс зерттеушілері бұл терминді «тет» - бауыр, «имельдеш» - емшектес деп түсіндіреді. Яғни тетелес сүт бауыр. Бірақ кімнің бауыры, ханның ба, әлде елшінің бе деген сұраққа қалады. Менің ойымша елшілікке хан өз бауырын жауға аманат бергендей қылып жібермесі анық, сонда бұл кісі Жан Бұлдыйдың бауыры сияқты. Әдетте, елшілік мүшелері елшінің орынбасары, тілмаштар, олардың отбасы сияқты бас-аяғы отыз шақты адамды құрайды. Деректерде Жан Бұлдыйдың қасында әйелі мен бір баласы болғаны жазылған. Жан Бұлдыйдың өлімі хабарланған соң бір аптадан кейін Тетмлеш бастаған елшілік Қырымға қайтар алдында соңғы рет патша қабылдауына келді. Бұл туралы елшілік кітабына - «Маусымның 4-күні Тетмлеш бастаған елшілік өкілдері және шабармандар Шығай мен Мұстафа Мәскеу маңындағы Братошкино селосындағы сарайда патша қабылдауына келді. Ал патша мен ханзада Иван және боярлар мен шонжарлар қаралы киім киіп тұрды. Сол күні елшілер мен шабармандар патша үстелінен ас ішті... Ас үстінде патша оларға ішік кигізді... Тамыздың 14-ші күнінде Тетмлеш бастаған елшілік Қырымға қайтты», - дейді. [12. 161 бет]

Сөз соңында бір айта кетерлігі, қазірде Смоленск облысындағы Дорогобуж қаласынан он бес шақырым жерде Болдино деген деревня орналасқан. Бұл да бір «сәйкестік пе , әлде ....» - деп ойға жетелейтін жәйт.

Қолданылған әдебиеттер:

  1. Нурумбаев А.А. «Заметки о происхождении родоплеменной группы жетиру/карт-казак». Ашхабад-2019. 62,63,78 беттер.
  2. Сборник докладов участников V Всероссийской (национальной) научной конференции «История, экономика и культура средневековых тюрко-татарских государств Западной Сибири». Доклад Темиргалиева Р.Д. «К предистории казахского родоплеменного союза Жетыру». Курган -2023г. Стр.56.
  3. М.Тынышбаев. Материалы к истории киргиз-казакского народа. Ташкент 1925г. Стр 82.
  4. Қ.Орманов. «Моя малая родина – Жітіқара». Костанай 2020. ТОО Костанайский печатный двор. Стр. 260.
  5. http://old-kursk.ru/book/razdorsky/putivl/page018.html#p22anc Электронный ресурс. А.В.Виноградов. Путивиль в сношениях России с Крымским ханством в XVI веке (по материалам посольского приказа)
  6. В.В. Трепалов. История Ногайской орды. Казань-2016. Стр 324.
  7. Тунманн. Крымское ханство. Государственное издательство Крым АССР. 1936 год. Стр.49.
  8. Х.Арғынбаев, М.Мұқанов, В.Востров. Қазақ шежіресі хақында. Алматы 2000ж. 406 бет.
  9. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы. Көп томдық шығармалар жинағы. 10 том. Алматы «Ел-шежірі» 2010. 87 бет.
  10. Гульнара Абдуллаева. Золотая эпоха Крымского ханства. Симферополь 2012. 96 бет.
  11. Посольская книга по связям Московского Государства с Крымом 1567-1572гг. Книга №13. Страница 359. Москва 2016.
  12. Посольская книга по связям Московского Государства с Крымом 1571-1577гг. Книга №14. Страницы 159...161. Москва 2016.

Нұржан Ынтықбаев

Abai.kz

 

 

2 пікір