Сәрсенбі, 26 Ақпан 2025
Мәдениет 223 0 пікір 26 Ақпан, 2025 сағат 15:10

Әмина Өмірзақованың отбасы сыйға тартқан қыш құмыра

Сурет: Анаға құмет музейінің қорынан алынды.

Қыш құман – қазақ халқының көне дәуірден келе жатқан асханалық ыдыстар тобына жатады. Пайдалану мақсаты сұйық тағамды (сусындар, сут және т.б.) тасымалдау және сақтауға арналған қыш ыдыс бүгінде Анаға құрмет музейінің «ыдыстар эволюциясы» экспозициясында көрмеге қойылған.

Қыш құманды музей қорына қазақ кино және театр өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған дарынды артист Өмірзақова Әмина Ерғожақызының отбасы (немерелері) табыстаған. Бүгінде музейдің қосымша қорына тұрақты сақтауға алынған қыш құманды Әмина апамызға кезінде сыйға берген көрінеді. Ал қыш ыдыстың өзі Сырдария өңіріндегі ортағасырлық Сауран қаласынан табылған деседі.

Қыш құманның бүйірі шар тәріздес, су ағар мойыны бүйірінен шығарылған. Ал ыдыстың қақ ортасынан қиғаш шыққан тұтқа су ағар мойнына барып жалғасады. Құманның ернеуінің диаметрі – 2,8 см; тұтқасына дейінгі биіктігі – 18,5 см; түбінің диаметрі – 8,1 см; шар тәріздес бүйірінің диаметрі – 13,2 см және құманның иығына дейінгі жалпы биіктігі – 12,3 см. Бүйірінен жоғары қарай айнала өсімдік стилінде қызыл-қоңыр түсті ангобпен өрнек түскен. Бірқатар өрнектер арабша жазуға да келеді.

Қыш құманның тарихи-археологиялық параллельдері Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі ортағасырлық ескерткіштерде кездеседі. Мысалы, Е.И. Агеева мен Г.И. Пацевичтің зерттеулерінде ұқсас құмандар табылған. Алайда бүйіріндегі өрнектер/орнаменттері сызық түрінде түскен. Авторлар қыш құманды – VIII-X ғасырлармен мерзімдеп, қарлұқ кезеңіне жатқызады.

Т.Н. Сенигова зерттеулерінде ежелгі Тараз қаласынан да осыған ұқсас құмандар анықталған. Алайда тараздық құмандардың ернеулері үлкен болып келуімен ерекшеленеді. Т.Н. Сенигова құмандарды VIII-XI ғасырлармен мерзімдейді.

Е.А. Смағұловтың Қаратөбе (ежелгі Сауран) қаласындағы зерттеулерінде біздің қарастырып отырған құманға  ұқсас ыдыстар табылған. Ғалымның зерттеулерінде қарастырылған құманның өлшемдері біздің зерттеп отырған құманға өте жақын. Сонымен қатар, мұндай құманды мұсылман қауымның діни ғұрыптық амалдарды орындау алдында жуынуға пайдалануы мүмкін деп көрсетеді. Алайда, осы типті құмандар Орта Азияда көп таралмағанын және пайдалану мақсаты тек жуынуға ғана емес, асханалық мақсатта да қолданылғанын тілге тиек етеді.

Олай болса, Анаға құрмет музейінің экспозициясынан орын алған қыш құманды археологиялық ұқсастықтарымен сәйкестендіріп, алдын-ала болжам бойынша VIII-X ғғ. мерзімдеуге болады. Құманның өз заманында қандай мақсатта қолданылғанын қазір дөп басып айту қиын. Алайда, ғалымдардың зерттеулерінде асханалық ыдыс немесе арнайы жуынатын құман ретінде пайдалануы мүмкін деген пікірлерге қарап, әрі құманның арнайы шарықта өте сапалы жасалғанын ескере келе, ортағасырдағы дәулетті отбасының асханалық немесе тұрмыстық жағдайларында қолданған болуы мүмкін деп тұжырымдаймыз. Құманның бүйіріндегі жазудың араб графикасына () сәйкес екені байқалды. Араб тіліндегі аталған сөз – «білетіндер» немесе «біледі» деп аударылады. Дегенмен, құмандағы жазу әлі де терең зерттеуді қажет ететіні анық.

Тілеуберген Балгүл Сапарбекқызы,

Анаға құмет музейінің экскурсия жетекшісі

Abai.kz

0 пікір