Өз ұлын өз ерлері ескермесе...

Жыл басынан бері әдебиеттің алыптары бірінің соңынан бірі “көшті”. Жалғанды тәрк етті деуге келмейді. Уақыты келді, ажал сағаты соқты… Бар қазаққа ортақ қаза болған соң бір-бірімізге көңіл айттық, басу айттық, бір-бірімізді жұбаттық. Ал бүгін тірілер жайлы айтайық, ардақтыларымызды қадірлеп жүрміз бе, таланттарымызды тани алдық па? Дарабоздарымызды қаншалықты бағалай білеміз? Біртуарларымызды тірісінде итше таламайтын күніміз бола ма?
Соңғы жылдары “Қазақфильмнің” басына бұлт үйірілгенін Ерлан Төлеутай бауырым айтып та, жазып та жүр. Селт етпейміз-ау, селт етпейміз… Селк еткізді-ақ Ерлан бауыр. Меңіреуміз, кереңбіз, мылқаумыз, соқырмыз… Етіміз өліп кеткен. Кешегі Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықовтар қандай еді! Олар нағыз қазақ киносын жасап кеткендер ғой! Ал бүгін… Бәрі жалғыз тек Ерланға ғана керектей көреміз, әлде “Ерлан бар ғой, сол жүгіріп жүр” деп бейқамбыз ба?
Кино мен театр — егіз ұғым. Өз басым театрға деген адалдықты сақтадым, солай өтем. Ал Ерлан… Ерлан — алдымен дәстүрлі әнші, Ерлан — сосын өнертанушы. Әйгілі Сұлтанмахмұттай: “Қазақтың әніне тиіспеңдер, қазақтың әні өлсе — жаны өледі, әні кетсе — сәні кетеді”, — деп жүрген жан. Сөйткен Ерлан: “Тырнадан би қойсаң төбеңнен қиқу кетпес”, — деп өнер ордасындағы былық-шылыққа жанын ауыртып, жалғыз айқасып жүр. Өнерге жасалған қиянатты көріп тұрып айтпау — қылмыс, ал кемшілікті бетке айта білу — адалдық. Ақиқатты айта білу — абырой. Оны айта білу де кез келгеннің маңдайына жазыла бермеген. "Үнсіз қалу — ақиқаттың алдында адам үшін ақырзаман" деген еді бір ойшыл. Үндемей қалуға дәтім шыдамады, илеп жүргеніміз бір терінің пұшпағы емес пе… “Өмір — тән, өнер — жан, тән тұншыққанда, жан шыңғырады”. Асқар Сүлейменовтен асырып не айта алам? Ерекеңнің жанайқайын ұққандықтан да осыны жазып отырған жайым бар, саналы адам бұрмаламай дұрыс түсінер.
Өткен жылдың аяғында "Әбіл" көркем фильмі Швеция (еуропалық премьера) мен Франция (франциялық премьера) мемлекеттерінде өтетін халықаралық кинофестивальдерге жолдама алғанын, солай шақырылғанын біраз кедергілер болғанын Ерекеңнің парақшасынан оқығанбыз. Шындап келгенде, табандылығының арқасында кинофестивальге барды, қатысты. Тұп-тура бір ғасыр — 100 жыл өткенде атақты Әміре ән салған театрға табаны тиген Ерлан мен Елзатты Әміре атамыздың аруағы қолдағаны ғой,
Елзат Ескендірдің (режиссер) "Әбіл" фильмі Франция мемлекетінде, ақпанның 11-18 аралығында өткен 31-Vesoul халықаралық Азия кинофестивалінде бірден үш бірдей номинация бойынша:
- Jury Grand Prize (Гран-при, әділқазылар жүлдесі);
- Critical Jury Prize ( киносыншылар жүлдесі);
- NETPAC Jury Prize (Қазылар жүлдесі – NETPAC) мәртебелі марапатқа ие болып, фестиваль жеңімпазы атанып оралды. Бұл —жүрекке де, жүйкеге де салмақ түсірген сапардың жемісті нәтижесі. Күнделікті күйкі тірлік қой дер уақытта бас бұрғызбай қалатын, кеш те болсын Ерекеңді құттықтаймын.
Сөз басында асылдарымыздан айырылғанда ғана олардың қадірін білетінімізді бекер сөз етпедім.
“Өз ұлын өз ерлері ескермесе,
Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді” (Ілияс Жансүгіров). Киноның қара шаңырағы “Қазақфильм” басшылығының сүйіншілететін, қуанышты шашудай шашатын жөні бар еді, әттегені-ай!
Бекжан Тұрыс
Abai.kz