Бейсенбі, 6 Наурыз 2025
Аласапыран 1407 1 пікір 6 Наурыз, 2025 сағат 13:11

Қытай: «АҚШ-тың кез келген соғысына дайынбыз!»

Сурет: asiaplustj.info сайтынан алынды.

Канада мен Мексикаға, Қытайға Трамптың «кедендік салық» ұртоқпағы тағы үйірілді. 4-ші наурыздан бастап Ақ үй қожайының аталған үш елге кедендік салықты үстемелеу туралы жарлығы күшіне енді.

Арада бір күн өткенде Америка тарабы екі көршісі - Мексика мен Канадаға белгіленген экономикалық жазаны тағы бір ай кешіктіріп атқаратынын жариялады. Ал Америкаға кіретін Қытай тауарларына кедендік салықты үстемелеу бұйрығы күшінде қалды.

Оған Қытай тарабы да қатқыл жауап қатты. Қытайдың Америкадағы елшілігі: «АҚШ билігінің көксегені соғыс болса, мейлі кедендік салық, сауда соғысы болсын, басқа түрдегі соғыс болсын, біз сақадай саймыз», - деп мәлімдеді. Бұл Қытай тарабының Трамп президентікке келгелі-бері жасаған ең қатаң мәлімдемесі. Наурыздың бесінде ашылған Қытай уәкілдері құрылтайының ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қытай Үкіметбасы Личяң биыл қорғаныс бюджетінің 7,2 пайызға (1.78 триллион юань) жететінін атап өтті.

Трамптың кезекті кедендік салық бопсасына жауап ретінде АҚШ-тың ауылшаруашылық өнімдеріне 10-15 пайыз кедендік салық салуға, 20-ға жуық американдық компанияларды қара тізімге енгізуге шешім қабылдады.

Қытайдың Сыртқы істер мәлімдемешісі Трампптың: «Америкаға Мексика мен Канада ақылы енетін химиялық есіріткінің қайнар көзі – Қытай», - деген тұжырымын терістеп, оны «жай ғана сылтау» деп бағалады.

2008 жылы Қытай Жапонияны басып озып, АҚШ-тан кейінгі әлемдік екінші экономикасы қуатты елге айналғанан кейін, АҚШ пен Қытай жаһандық геосаясаттағы екі басты ойыншыға айналды. Бұрын жақын сауда әріптес болып келген АҚШ-Қытай қатынасы әлемдік деңгейдегі бәсекелестікке ұласты.

Трамп ұлықтау мүрәсіміне Қытай басшысын шақырып, оның арнаулы өкілі қатысқаннан кейін, екі ел қатынасы реттелетіндей көрінген. Трамп Қытай басшысымен телефон арқылы сөйлескенін де жеткізген. Бірақ Орта Шығыс, Украина мәселесінде бөлек ұстанымда болғандықтан, арасы әлі жақындай қоймаған.

Трамп Қытайға экономикалық жазаны күшейтіп, керісінше, Ресейді өзіне тартуға барын салуда. Трамптың АҚШ-тың ең жақын одақтасы болып келген Еуропа елдерінің тауарларына кедендік салық салу, керек болса НАТО-дан шығу, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Париж келісімінен шығу, АҚШ-тың жұмсақ күшін әлемге тарататын ұйымдарды қаржыландыруды тоқтату сияқты шешімдері Қытайға жаңа орай, әлемдік ықпалын еселеуге мүмкіндік ашайын деп тұр.

Сарапшылар «Қазір екі тарап, бір-бірімен іштей арбасып, жүрісін аңдып, орайлы сәтті күтір отыр» дейді.

Abai.kz

1 пікір