Сәрсенбі, 19 Наурыз 2025
Әдебиет 402 1 пікір 18 Наурыз, 2025 сағат 16:11

Бекзада

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Көрнекті балалар ақыны Өтепберген Ақыпбекұлы хақында

Ағам бар еді мір тілді,
Жағам бар еді, жыртылды...
Сәкен Иманасов

Ұлы бесінін көре алмай, хәкім Абайдың жасында (57) өмірден өткен талай жақсыны білемін. Саналы ғұмырын туған елінің мүддесіне бағыштап, өмірі ат үстінде өткен ердің бірі де бірегейі – Өтепберген Ақыпбекұлы (8.10.1950 – 21.12.2007).

Иә-иә, Өтепберген Ақыпбекұлы! Сіз жақсы білетін қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, тарих зерттеушісі, кәсіби заңтанушы, аудармашы һәм журналист. Әкесінің қанымен тектілік пен бекзаттық, анасының ақ сүтімен жақсы қасиеттер берілген Өтепберген Ақыпбекұлы – сегіз қырлы, бір сырлы әрі жан-жақты шығармашыл тұлға. Бұл сөзімді оң қолымды жүрегіме қойып тұрып, зор сеніммен нық айта аламын. Және де осы сөзімді ешкім жоққа шығара алмас. Атпал азаматтың замандастары мен достары, ізінен ерген әріптес-бауырлары бұл сөзімді растап, куәлік те бере алады.

Өтепберген ағаның есімін алғаш рет «Шекара жырлары» («Жазушы» баспасы, 1987) деген кітабымен танысқанда білдім. Біздің тарихи Қапал – Қытай мемлекетімен қоңсы жатқан шекарадағы аудан. Бұл өңір шекаралық аймақ болып есептеледі. Суықсай деген көрші ауылда әскерилер қалашығы бар. Әйтеуір осы кітап әр үйдің төрінен табылатын. Кейін келе «Ана тілі», «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» пәндерінің оқулықтарынан тақпақ, өлеңдерін оқыдық. «Өлкетану» сағатында жерлес ақын-жазушылар туралы үнемі айтылатын. Бала күнімнен есімі жадымда сақталған, жүрегіме жақын ағам студенттік жылдары тағы да алдымнан шықты. Профессор Тұрсын Жұртбай ұстазымның бұйыруымен қазақтың ірі тұлғасы, заңгер, шығыстанушы жерлесім Барлыбек Сырттанұлының өмір жолын, мұрасын тану, іздеу жұмысын қолға алғанымда зерттеуші Өтепберген Ақыпбекұлының тоқсаныншы жылдардың соңында жазған мазмұны бірінен-бірі өтетін мақалаларының пайдасы тақырыбымды едәуір жете түсінуге септігін тигізген-тін.

Балалар жазушысы, ақын Арасанбай Естенов ұстазым үйіне барған сайын екі сөзінің бірінде «Өтеағам!» деп марқұм ағасын іңкәрлікпен еске алып отыратын. 2019 жылдың соңында, яғни біртуар ағамыздың жетпіс жылдық мерейтойы қарсаңында Арасанбай көкеме аманаттап кеткен бар мұрасының электронды нұсқасын алып, Өтепберген әлеміне барлау жасадым. Қуандым. Мұңайдым. Қуанғаным –  жарты ғасырдан сәл асқан ғұмырында «өлмейтұғын артына сөз қалдырған» ұстаттың сан қырлы шығармашылығымен танысып, көкжиегімді кеңейткенім. Мұңайғаным – қазаққа болсын деп өткен аймаңдай оғыланның ұмыт қалуы. Қазаққа деп сөз арнаған, ұлтының жұлдызын жаққан қалам иелері ұмытылуға тиіс емес.

Ана тілдің айбары

Аяулы Өтеағамды, Өтепберген Ақыпбекұлын ең алдымен ұлтшыл қайраткер деп танимын. Ол еліміз егемендігін алған күннен бастап жас мемлекеттің шаңырағын тіктеуге, уығын берік қылуға күш салып, ұлттық сананы қалыптастыруға бар жан-тәнімен кіріскен-тін. Өмірінің соңғы сәтіне дейін қазақ тілінің тұғырын биіктетіп, ана тіліміздің жолын, қолданыс аясын кеңейту үшін жан терін сыға жүріп, тіпті денсаулығын да құрбандыққа шалып қызмет қылмады ма! Ол тек үлкен мінберде «Тілім!» деп зарламады. Қазақ тілінің құқық, заң тіліне айналуы үшін қаншама заңнамалық құжаттар мен ресми актілерге қазақша ат қойып, айдар тағып, ұлттық реңк беріп, өңін өзгертті.

Өтеағаң сөзі мен іс-әрекеті үйлескен жан. Ол аз сөйлеп, көп іс қылғанды ұнатыпты. Міне, оның туған тілге жасаған қызметі. Қараңызшы! «Гидрометеоролгиялық орысша-қазақша сөздік» (1996), «Авторлық құқық» (2001), «Авторлық құқықтың қазақша, орысша, ағылшынша ықшам сөздігі» (2001), «Мемлекеттік тілді меңгеру – мерей емес, міндет»  (2002),   «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» (2003),  «Тіл – мемлекет тірегі» (2003), «Заң терминдерінің қазақша-орысша және орысша-қазақша сөздігі – Русско-казахский и казахско-руский словарь терминов законадательства»  (2003), «Мемлекеттік тіл – тыңғылықты іс кепілі» (2003),  «Мемлекеттік тіл – рухани қуат көзі» (2003),  «Қазақ тілі» оқулық (2003), «Тілге де тірек керек»  (2004),  «Заң терминдерінің сөздігі» (2004), «Іс қағаздар үлгісі» (2005), «Аудармашыға көмек»  (2005),  «Ілеспе аударма: көркемдік шешім, терминология түйткілдері, сөзжасам...» (2007) осындай ірі де кесек кітаптар мен сөздіктерді жазып, құрастырып, құқық саласындағы тіл мәселесін шешіп, сірескен мұздықтарды ерітіп, мемлекеттік қызметкерлер мен әділет, сот қызметкерлері үшін «Тілашар» дайындап, сол уақыттағы Әділет министрі Зағипа Балиева бастаған қаншама шенді-шекпендінің «тілін» сындыруына себепкер болғаны бар. Қарап отырсаңыз, айдарлы айдын фәни ғұмырдағы соңғы сәтіне дейін қолынан қаламын тастамай, миллет хәлін ойлап өткен екен.

Ана тілдің айбары болған қайран есіл ердің публицистикалық мұрасына көз жүгірткенімде, тек 2003 жылдың өзінде тіл мәселесіне бірқатар мақала жазып, ұлысымыздың қос тілді өміріндегі түйткілді көтеріп, Үкімет пен Парламентке қаратып сауал тастаған екен. Сөзіміз дәлелді болсын, тек қана 2003 жылы жазған материалдарына назар аударайық: «Сөздік – бала соққан кездік емес...» («Қазақ әдебиеті», 26 қыркүйек, 2003), «Заң ережелері тіл заңына бағынбай ма?» («Қазақ әдебиеті», 10 қаңтар, 2003 жыл),  «Мемлекеттік тілде өткен алқа мәжілісі» («Заң» газеті, 3 қаңтар, 2003), «Тіл мамандары тәжірибе алмасты» («Заң» газеті, № 10, 5 наурыз, 2003),  «Тіл үйренуге тіленші де құлықты»  («Қазақ әдебиеті», 4-10 сәуір, 2003) «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметтің тірегі»  («Заң» газеті, 3 қыркүйек, 2003),  «Тіл – түрмеге қамала ма?»  («Қазақ әдебиеті»,  16 мамыр, 2003) «Тілге – тұғыр, ойға – нұр»  (Жамбыл  облыстық «Ақ жол» газеті, 18 наурыз, 2003),  «Мемлекеттік тілді меңгеру – міндет» («Заң» газеті, тамыз – қыркүйек 2003), «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметтің тірегі» («Заң» газеті, 13 күйек, 2003),  «Тіл төңірегіне топтасайық» («Жазаларды орындау – исполнение наказаний» журналы, №6 (20), 2003). Бұл жазбалар менің алған ең негізгі деп теріп, атап көрсеткенім. Әйтпесе 1991 – 2007 жылдар аралығында құдды бір тіл сақшысындай қызмет қылыпты. Ана тілі мәселесіне келгенде жарғақ құлағы жастыққа тимепті.

ХХ ғасырдың басында қазақ тілі ғылым тілі де, құқық заң тілі де болған. Міржақып Дулатұлы, Сейдәзім Қадырбай, Жаһанша Досмұхамедұлы бастаған алаштың айтулы перзенттері «Ақы заңы», «Неке, үй іші заңы», «Жауыздық низамнамасы», «Қылмыстық істер заңы» т.б. көптеген еңбектер жазғаны бар. Советтік кер заманда ұлт алыптарының көзі жойылып, мұрасы өртелді. Тіліміз өгей баланың күйін кешті. Халықтың рухын сындырып, кеудесін таптады. Еліміз егемендік алған тұста сол ерлердің орнын толтырып, қазақ тілін табалдырықтан төрге оздырамын деп ұлт мүддесі үшін қызмет қылған Өтеағаң сынды санаулы азаматтар өртеңге өскен гүлдей екен ғой... Меніңше, Өтепберген қазақ тілін құқық-заң тіліне айналдырған Әділет наркомы Сейдәзім Қадырбайдың рухтас інісі, мұрагер жалғасы еді!

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Балалар әдебиетінің классигі

Өтепберген ақын тірі күнінде-ақ балалар әдебиетінің классик ақыны атанып, әдеби ортада әбден мойындалған. Балалар әдебиетінің атасы Мұзафар Әлімбаев ақсақал батасын беріп, «классик» деп әдеби жыл қорытындысында айрықша бағалаған-тын.

Алғашқы кітабы 1979 жылы «Доп» деген атпен жарияланды. Тырнақалды еңбегіне балаусаларға арналған өлеңдері мен ертегілері еніпті. Балалар әдебиетінің ойын алаңына доп теуіп келген жас ақын алғашқы адымымен-ақ көзге түсіп, тез арада орталық ойыншыға айналды. Футболист ақын ала допты жақсы көргені соншалық, «Футболшы боламын»  (1982) деген кітап жазып, сосын  «Жарыс» (1985) бәйгесіне қатысып, айдарынан жел есіп, «Жарыстан соң жарыс» (1987) көріп, кубок алған шабуылшыдай өзінің қарым-қабілетін, дарынын, әлеуетін көрсетіп, оқырманын да, аға буын ұстаздарын да сүйсінтіп, республика көлеміне аты шығып, кеңінен танылды.

Тәуелсіздіктің екінші онжылдыққа қарай бет алған шағында еркетотайлар үшін әліппе жазуды қолға алыпты. Балалар әдебиетіне тың өзгеріс жасап,  «Балдай тәтті әліппе» (2002), «Қызықты әліппе» (2002) кітаптарын жазды. Сосын іле-шала   балалар мен жасөспірімдерге құқық туралы танымдық, тәлімдік түсінік беруге арналған «Құқықтық әліппе» (2004) оқулығын даярлады. Бөгенайы бөлек «әліппенің» оқырмандары көбейіп, сұраныс артқан соң, ақын «алтын шыққан жерді» тереңнен қазып, «Атлас – әлем картасы» («Географиялық әліппе», 2006) кітабын ұсынып, балдырғандарды қуантты. Оқырманы көп, сұранысқа ие автордың кітабын сатып, тиынның дәмін татқан баспа өтініш айтып, «Әлемге әйгілі қалалар» (2006) кітабын жаздыртты. Ақынымыз табиғат пен қоршаған ортаны аялай жүріп, «Экологиялық әліппе» (2007) жазып, әдебиетсүйер қауымды тамсандырды емес пе!

Сәби тілін, мінезін, психологиясын өте жақсы меңгерген шебер ақын  «Айдын-шалқар» (1979) кітабынан кейін «Жылдың төрт мезгілі» (1989) жырлап,  «Балабақтың бір күні» (1992) суреттеп, «Ажарлы Астана» (2002) кітабын бас қаланың көркін, тұғырын кестелеп,  «Қырық қызық» (2002) айтып, қыран топан күлдіріп, «Құпия оқулық»  (2002) ойландырып, «Керек кітаппен» (2006) сүйікті достарына адамшылық жолын нұсқап, бағыт-бағдар беріп, қимай қоштасып еді...

Өтеш ағам жасөскін әдебиетінің отымен кіріп, күлімен шықты. Ұлт, мемлекет, отбасы, қазақ тарихы, тарихи тұлғалар тақырыбынан бастап, балабақша, мектеп, спорт, медицина, құқық, экология, география және қоршаған орта, жан-жануар бәрін қамтып, бәрін жырлап, жанр тудырып, өрісін кеңейтіп, еркебұландардың ұлттық дүниетанымын қалыптастырар аса қажетті нәрселерді дер шағында жазды. Мен соларды оқып өскен баламын. Өтеағаңның өлеңін, тақпағын жаттаған шәкіртімін. Менің ғана емес, замандастарымның ойын, көзқарасын өзгерткен ұстаз еді!

Сөз зергерінің әдеби шеберлігі кісіқызығарлық деңгейде. Осы күні өзіміз де балалар жазушысы атанып жүрміз ғой. Бірақ балдырған әдебиетін жазу да, жасау да қиын екенін мойындау керек. Өтепберген ақын биігіндегі туындыларды жазу өмірлік және отбасылылық тәжірибемен келетін, шеберлік машықпен дағдыланатын құбылыс екеніне көз жетті. Мысалы, біздің кейіпкер әр түрлі жастағы ботақанның жас ерекшелігіне сай жазған алуан түрлі тақпақ, өлеңімен дараланып тұрады. Оның бөбекжай мен балабақша тәрбиеленушілеріне арнап жазғаны біртөбе болса, бастауыш мектеп оқушыларына арнап жазғаны тағы бар. Оның сыртында 5-7 сыныптағы ұландарға деп танымдық бағытта жазған шығармалары да жетерлік. Айтқандай, бөбекжай мен балабақша жырлары өз ішінен екіге бөлінеді: алдыңғысы – тілі енді-енді шығып, былдырлап сөйлеп, өз аяғына өзі шалынып-сүрініп жүрген 2-3 жастағылар үшін шүлдір-күлдір тақпақтар болса, кейінгісі – тілі шыққан, сөзі нық 4-6 жастағы ересектер тобына арналған тақ-тақ шумақ пен нақ-нақ ойын түрлері.

Педагог ақынның шығармашылығы зерттелер болса, ізденуші кенен байлық, мол қазынаға кезігер ме еді. Шығармашылық зертханасы бай, түрлі жанрды қамтитын классик жазушының санамақ, мазақтама, жаңылтпаш пен жұмбақ, ертегі мен аңызы, сөз қалтасы бәрі-бәрі жаңа түр, жаңа ой, жаңа тәсілмен жазылған ерек шығармалар.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Тарлан тұлғаларды түгендеген тарихшы

Өтепберген Ақыпбекұлы қазағымен бірге түлеген ер. Еліміз өз алдына отау тігіп, еншісін алғаннан бастап қаламгердің де шығармашылық тұрғыдан өсу кезеңі басталды. Алғашқылардың бірі болып, совет заманында айтылмай қалған ақтаңдақтар мәселесін тануға ден қойып, тарихтың босаған қоржынын толтыру үшін құм арасында қалған қазынаны іздеген.

Әсіресе, Матай Бөрібай батыр, Қыдыралы би, Дөсет би, Тәнеке батыр, әйгілі меценат Маман қажы Қалқабайұлы, оның ұлдары Тұрысбек қажы, Сейітбаттал қажы және Есенқұл қажы туралы жазған зерттеу мақалаларының шоқтығы бөлек. Ақын Сараның қайын сіңлісі Биғайша Әкішбекова мен Ұлтай Оразбеккеліні апалардың айтқанын хатқа түсіріп, Сара Тастанбекқызы туралы толымды зерттеулер жазды. «Әсеттің көзін көріп, сөзін терген» («Алматы ақшамы», №106, 1992), «Ұлы жырау әлдиі» («Ақ желкен», №10, қазан, 2005),  «Тұмар қыз» («Халық Конгресі», 1995),  «Ақын Сараға соқтыға береміз бе?» («Жас Алаш», 1996), «Әріп ақын Сараға ғашық болған ба? («Қазақ әдебиеті», №47, 19 қараша, 1996),   «Қапал ма, Копал ма, әлде... » («Ана тілі», № 28, 10 шілде, 1997), «Сегіз сері» («Ақ желкен», №8, тамыз, 1997), «Қайшылыққа толы тарих», («Жас Алаш», 26 тамыз, 1997 жыл), «Бөрібай батыр» («Қазақ батырлары», №11 (16), қараша, 1999), «Шоңай батыр» (Қазақ батырлары, №3 (8), тамыз, 1999), «Барлыбек, Тұрлыбекпен аман болса...» («Қазақ әдебиеті», №11, 12-19 наурыз, 1999),  «Абай – қазақтың төбе биі» («Парасат» журналы, №2, 2007) сынды зерттеу мақалалары дерегімен, ұлттық мүдде турасындағы көзқарасымен ерекшеленеді. Әр материалын сол оқиғаның я болмаса сол тұлғаның көзін көрген көнекөз қариялармен кездесіп, ескі сөзді таспаға түсіріп, шымыр ойлармен толғанып жазып, ұмыт қалған тарауихқа сәуле түсіріп, жарыққа шығарыпты.

Совет үкіметі құлағаннан кейінгі кезеңде қазақ қоғамында бір жылымық пайда болып еді. Халықтың өткенін тану, ұлттың ұлттық қалыбы мен болмысын (ID, идентификация) іздеу, рухын ояту. Тоқсаныншы жылдардың соңында бұл бағытта қаншама ұлттық рухты оятар ізденістер жасалды. Зерттеулер жазылды.

Заңтану саласынан магистрлік диссертация қорғады. Ғылыми жұмысы негізінде «Қара қылды қақ жарған» (2006) деген монография жазды. Зерттеу еңбегінде шешендік сөздер мен билер шешіміндегі құқықтық нормалар және сот прецеденті мәселесі жан-жақты талқыланып, Қазақ хандығы тұсындағы билер мен Алаш оқығандарының құқықтық ой-пікір, көзқарастары сараланған. Зерделі зерттеуші ағамыз аман-есен жүргенде,  не ғылым кандидаты не ғылым докторы дәрежесін иеленер еді.  Десе де ағекеміз бірқатар жоғары оқу орнының құрметті профессоры атанып, академикиялық ортаның мантиясын киген-тін.

Мәдениет, тарих тіл мен құқық мәселелеріне арналған бес жүзден астам зерттеу мақаласы мен «Ұлылық қалғыса, ұлт ұйқыға кетеді...», «Ұлы адамдар ұлағаты» кітаптарының авторы ретінде есімі жадымызда мәңгі жасары анық.

P.S: Біздің қасиетті Қапал атырабы ұлттық әдебиетімізге Біләл Сүлейұлы, Фатима Ғабитова, Ғали Орманов, Сайын Мұратбеков, Дариға Шаймерденова, Дубек Мұсанов, Өтепберген Ақыпбекұлы, Арасанбай Естенов, Қуат Қайранбаев, Әділбек Ыбырайымұлы, Дәурен Қуат сынды әйдік қаламгерлерді сыйлады. Қазақтың аса көрнекті классик жазушысы Сайын аға Мұратбеков пен осы Өтепберген ағамыз бірінен соң бірі келместің кемесіне мініп кете барды. 2006, 2007 жылдары Қапал-Ана маңдайына біткен қатар шапқан қос тұлпарынан айырылып, Қыдыралы бидің жұрты қара жамылып қалған-тын. Мен ол жылдары оқушы едім. Әдебиетке бар ынта-шынтасымен берілген кітапсүйер оқырман ем. Тағдырыма айтулы жерлестеріммен кездесу, әңгімелесу жазылмаған екен. Шіркін-ай, Өтеағам ортамызда болса екеуіміз жақсы дос-жар болар едік деп ойлаймын. Әңгімеміз жарасар еді, ортақ қызығушылығымыз көбейер еді...

Биыл, өмірден сый-құрмет көрмей, «ер-тұрманы түгенделмей» өткен бекзада жанның туғанына мерейлі 75 жыл. Салауат айтып, рухы шат болсын деуден басқа қолдан келер шара бар ма? Артында қалған жары, айтыскер ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Жұмаш Оспанбекова жеңгеміз бен ұл-қыздары ырзықты, байқуатты болсын!

Сөз орайы келгенде айтпай кетуге болмас бір жәйт бар, ол – Өтепберген Ақыпбекұлын адақтау, ардақтау мәселесі. Туған ауданында 60, 70 жылдық мерейтойлары аталып өтілмеді. Не атына берілген көше, не мектеп жоқ. Облыс әкімінен бастап қаншама атқамінерге жазылған хаттың санынан өзіміз жаңылып қалдық. Ендігіде Ақсу ауданының әкімдігі бұл жағдайға селқос қарамай, Көшкентал (ақын туған жер)  ауылындағы жаңадан салынған мектепке есімін беруін сұраймыз.

Елдос Тоқтарбай

Abai.kz

1 пікір