Қабдеш Жұмаділдің 90 жылдығына орай ел бойынша 84 іс-шара өтеді

Биылғы жылдың 18 ақпанында Мәжіліс депутаты, "Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев халық жазушысы, қоғам қайраткері Қабдеш Жұмаділдің 90 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өткізуді ұсынған еді.
- Қабдеш Жұмаділ барлық шығармаларында ұлтын ұлықтап, тіліміз бен дініміз үшін басын бәйгеге тігіп, тарихымызды қара күйеден тазартып, елдік рухымызды көтеру жолында жасаған жанкешті еңбегін мойындағанымыз жөн.Сонымен қатар ол тек жазушы ғана емес, сондай-ақ ұлт тағдырына ерекше үлес қосқан қайраткер еді, - делінген депутаттық сауалда.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпаратына сәйкес, жазушының 90 жылдық мерейтойын атап өту үшін еліміздің барлық өңірлерінің мәдениет ошақтары мен білім беру ұйымдарында танымдық сағаттар, әдеби және шығармашылық кештер, дөңгелек үстелдер, кітап көрмелері, ғылыми конференциялар, әдеби оқулар, тәрбие сағаттары, оқырман конференциялары, кітап оқу конкурстары, жазушы портреттері, бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар мен естелік басылымдарды жариялау бойынша 84 іс-шара ұйымдастырылатын болады.
Abai.kz