Ел экономикасындағы көзсіз «соғыстар»: Қазақстанға инвестиция салуда кім көш бастап тұр?

2023 жылғы желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ел экономикасына инвестициялар тарту бойынша жұмыстың тиімділігін арттыру жөніндегі» жарлыққа қол қойды.
Мемлекет басшысы тартылған инвестиция көлемін 2029 жылға дейін 150 млрд долларға жеткізу міндетін қойды. БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) есебіне сәйкес, Қазақстан тікелей шетелдік инвестиция ағыны бойынша әлемнің ірі 50 елінің қатарына кіріп, транзиттік экономикалар арасында, посткеңестік 15 елдің және теңізге шыға алмайтын 32 дамушы елдің арасында көшбасшы болып табыла білді.

Сурет: akorda.kz сайтынан алынды.
ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ – ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫ ҮШІН ӨМІРШЕҢ МӘСЕЛЕ!
Бұрынғы билік кезінде инвестиция тек шетелдік компанияларды тартумен шектеліп, отандық бизнес өкілдері тек карнавалдық сипаттағы үкіметтің түрлі жобаларының демеушісі дәрегейінен аса алмай келгені жасырын емес. Енді жағдай өзгеріп, тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде өз еліміздегі бизнесін дөңгелетіп, кәсіптеріне шыр біткен бизнесмендерге «қалтаңды емес, халқыңды ойла» деген өмірлік талап қылаң берді.
ПРЕЗИДЕНТ ПӘРМЕНІ: ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАРЖЫ ҚҰЮҒА ДАЙЫН ЕКЕНДЕРІҢІЗДІ КӨРСЕТІҢІЗДЕР!
2023 жылдың қыркүйегі: «Еліміздің әлеуетті кәсіпкерлерін металлургия, химия, машина жасау және басқа да салаларда ірі жобаларды жүзеге асыруға атсалысуға шақырамын. Сіздерде қаржы да, тәжірибе де жеткілікті, әлемдік нарықтарға шығатын байланыстар да бар. Сондықтан елдің дамуына қаржы құюға дайын екендеріңізді көрсетіңіздер», - деді Президент.
2024 жылдың ақпаны: «Ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту керек. Қазақстанға инвестиция құюға ынталы кәсіпкерлердің жұмысын оңтайландырып, «бір терезе» қағидасын жүзеге асыру маңызды», - деді Президент.
2025 жылдың қаңтары: «Шетелдік және отандық инвесторларға қатысты ұстаным бірдей болуы қажет. Мемлекеттің қолдауына ие болған компанияларға тиісті талап қойылуы керек. Олар жұмыс орындарын сақтап, өндірісті жаңғыртуы тиіс», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Міндет – сіздерді, ұлттық буржуазияны еліміздің әлеуметтік-экономикалық моделін трансформациялау үдерісіне белсене атсалысуға тарту», – деді.
Тағы бір сөзінде Мемлекет басшысы: «Егер, болашақтарыңызды Қазақстанмен байланыстыратын болсаңыздар, онда қаражаттарыңызды өз елімізге салыңыздар. Бұл – Сіздердің Қазақстан алдындағы әлеуметтік және саяси жауапкершіліктеріңіз. «Мұнда табыс табамыз, ал басқа жерде жұмсаймыз» деген қағидатқа жол берілмейді», - деп кесіп айтты.
Шынтуайтына келгенде: Ел экономикасына инвестиция сала алатын, салуы тиіс «алпауыттар» өз арамыздан да табылады.

Сурет: kz.kursiv.media сайтынан алынды.
«FORBES-ТЕГІ» ОЛИГАРХТАР: ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫН ПЫСҚЫРА МА?
Оған дәлел «Forbes» журналы биыл жариялаған әлем ауқаттыларының дәстүрлі рейтингі. Аталған тізімге Қазақстаннан 7 ауқатты адам еніпті. Олардың кейбірінің дәулеті АҚШ президенті Трампты артта қалдырады. Қараңыз: Қазақстанның ең ауқатты адамы – Вячеслав Ким көрінеді (7,1 млрд доллар). Оның ізін баса Михаил Ломтадзе тұр (5,9 млрд доллар). Қазақстандықтардың ішінде алғашқы үштікте Ресей паспортын Қазақстан паспортына алмастырған олигарх Тимур Турлов тұр (5,8 млрд доллар).
Аталған тізімде «Ескі Қазақстанды» сауын сыйырдай сауып ішіп, емін-еркін байыған ескі есімдер де бар. Олар: Көнекөз Владимир Ким, әйдік Тимур мен Динара Құлыбаевтар мен Болат Өтемұратов.

Сурет: Сайт скриндері
БАҚ-ТАҒЫ ДАУ-ЖАНЖАЛДАР...
Президент жыл сайын: «Инвестицияны әуелі өз елімізге салыңдар», - деп жатса да, бұл мырзалардың «ләм-мим» деп жақ ашып, ашық қолдау білдірген кезі есімізде жоқ. Керісінше, отандық және шетелдік БАҚ-та бұл есімдерге қатысты түрлі даулы материалдарға кезігеміз. Солардың бірсыпырасы:
2023 жыл – ulysmedia.kz: «Тимур и Динара Кулибаевы хотят продать долю Halyk Bank»;
2024 жыл – orda.kz: «Большая распродажа Тимура Кулибаева»;
2024 жыл – rus.azattyq.org: «Все олигархи равны, но некоторые равнее». Почему Тимур Кулибаев богатеет, хотя лишается активов».
Ал 2025 жыл БАҚ-тағы дау-жанжалдардың ішінде Тимур Турловтың есімі айғайлап тұр. 2025 жылдың сәуірінде «ulysmedia.kz» порталында: «Ақша күйіп кетті. Freedom құрылымын ірі көлемдегі алаяқтық жасады деп айыптауда», - деген материал жарияланды.
Ал «kaztag.kz» сайтында Тимур Турлов пен Freedom құрылымындағы «алаяқтық оқиғасы» бойынша сериалы түрде материалдар жарияланды. Солардың бірсыпырасы:

Сурет: Сайт скриндері
1) «Турлова обвиняют в создании финансовой пирамиды и выводе средств казахстанцев в офшоры»;
2) «Похищенные деньги вкладчиков переводили топ-менеджерам Freedom Finance – потерпевшие»;
3) «Показания потерпевших про Freedom Finance, Турлова и его подчиненных (видео)»;
4) «Юрист: Турлов – это тот же Мавроди, который выводит деньги казахстанцев в офшор».
Айтпақшы, дәл осы Тимур Турловқа қатысты тағы бір дауда жуырда қайтыс болған Александр Машкевич пен Қазақстанның есебінен байып, қазір Бельгияда шалқым өмір сүріп жүрген Патох Шодиевтердің де аты аталады.

Сурет: Сайт скрині
ЕRG-ДЕГІ ДАУ ҺӘМ ТУРЛОВТЫҢ ОҒАН ҚАНДАЙ ҚАТЫСЫ БАР?
Әйгілі «ЕRG» басшылығына Шухрат Ибрагимов келе салысымен, холдинг саясатын өзгертуге шешім қабылдаған еді. «Егемен Қазақстан» гәзетіне көлемді сұхбат беріп: «Ұлттық экономикаға инвестиция салуды басты басымдыққа айналдырамын», - деді. Осы мақсатта: Қазақстандағы өндірісті модернизациялау, инвестиция салу және холдинг басшылығының алып отырған дивиденттерін қысқарту туралы шешімдер қабылдады.
Әлбетте, Қазақстаннан дивидентті жыл сайын күректеп алуды әдетке айналдырған, өздеріне қарасты компаниялар мен өндірісті модернизациялауды, Қазақстанда өндірісті дамытуды тек сөз жүзінде айтып, іс жүзінде жылдық табысты, яғни, дивидентті офшорлық және басқа шетелдік есешоттарына аударумен – өз табыстарын еселеп отырған олигархтарға бұл жақпады.
Жуырда БАҚ-та: «Freedom» «Eurasian Financial Co.-ны» сатып алғысы келеді. Бұл ERG мұрагерлерінің өзара дауласуына себеп болды», - деген ақпарат елді шулатты. Анығында, «Холдингтің тапқан табысы Қазақстан экономикасына жұмыс жасалуы тиіс», - деген шешімге келген Шухрат Ибрагимовтің жаңа бастамасына Машкевич-Шодиев тандемі қарсы тұрып, «ЕRG-дегі» өз үлестерін біздің басы даудан арылмай келе жатқан олигархымыз – Тимур Турловқа сатпақ болған.
Жоғарыдағы ақпараттар легінен бір дүниені анық аңғаруға болады. Ол – аттары атан түйеге жүк боларлықтай алпауыт кәсіпкерлер әзірге Президент пәрменін орындауға анық һәм ашық ниет білдірер түрі жоқ...
ИБРАГИМОВ: ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАҒА ИНВЕСТИЦИЯ САЛУ – БАСТЫ БАСЫМДЫҚ!
Десе де, бес саусақ бірдей емес. Президент айтқанда, алғашқылардың бірі болып «Eurasian Resources Group» (ERG) директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов үн қосқаны бұлтартпас факт.
Ибрагимов «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатында: «Қазақстан азаматы ретінде өз еліме, ұлттық экономикаға инвестиция салуға басымдық беремін. Біздің кәсіпорындардың көбі және басым қуаттылық Қазақстанда орналасқан. Сондықтан бөгде нысандар үлесін төмендете отырып отандық өндірісті дамыту және жаңғырту – бірегей таңдауымыз. Қазақстан зауыттарына ERG әрқашан басымдық берген. Менің де басты мақсатым – елдегі өндірісті ұлғайту», - деді.
Осы ретте отандық кәсіпке инвестиция салу бойынша Шухрат Ибрагимов бастамасымен қолға алынған қос бірдей кәсіпорынды сөзмысал ретінде айта кеткенді жөн санадық.

Суреттер: Abai.kz
ОТАНДЫҚ КӘСІПКЕ ИНВЕСТИЦИЯ: «ШҰБАРКӨЛ АРНАЙЫ КОКС» ЗАУЫТЫ
Бүгінгі таңда Ш. Ибрагимовтың бастамасымен «Шұбаркөл көмір» өндірістік алаңында көмірді терең өңдеу бағдарламасы өмірге келіп, арнайы кокс шығаратын зауыт іске қосылған. Төмен температуралы құрғақ тазарту технологиясы бойынша арнайы кокс өндіретін зауыттың жалпы өндірістік қуаты 210 мың тонна жалпы өнімді құраған. Ал 2021 жылы кәсіпорын алаңында арнайы кокс шығаратын жаңа зауыттың құрылысы басталып, бүгінде толықтай іске қосылған. Зауыттың қуаттылығы жылына 400 мың тонна өнімді құрайды.
Бұл өндірісті әртараптандыру мақсатында іске қосылған жоба. Қазақстанда баламасы жоқ, арнайы кокс шығаратын зауыт жобасына ұзын-ырғасы 60 млрд теңгенің инвестициясы құйылған.
Қолымыздағы деректерге сенер болсақ, ҚР тау-кен металлургиялық кәсіпорындары қауымдастығының мәліметтері бойынша, арнайы коксқа деген Қазақстанның ішкі қажеттілігі жылына 1 миллион тоннадан асады екен. Ал арнайы кокстың басым бөлігі қазіргі таңда елімізге Ресей мен Қытайдан әкелініп жатыр.
Қазіргі таңда «Шұбаркөл көмір» өндірісті әртараптандыру бойынша көмір өнеркәсібін мейлінше дамытып, көмірден түрлі өнімдер алуда. Енді соларды санамалай кетейік:
1) «Шұбаркөл көмір» өндірістік алаңында негізгі өнімдерден басқа, жылына 72 мың тонна көмір шайыры мен көмір майы өндіріледі. Сондай-ақ, тағы бір ауқымды жоба – кокс-химия цехында арнайы кокс ұсақтарынан белсендірілген көмір өндірілуде.
2) «Шұбаркөл көмір» өндірістік алаңында 2022 жылы гуматтар өндірісі басталған. Бұл – гуминді тыңайтқыштар (натрий гуматы). Оның шикізаты Шұбаркөл кен орнының тозған көмірлері. Бұл өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу мәселесін шешуге көмектесетін маңызды экологиялық жоба.
3) 2024 жылы тыңайтқыштың тағы бір түрі – калий гуматы өндірісі бойынша жұмыстар басталды. Сонымен қатар, көмірді тереңдете өңдеудің тағы бір бағыты – көмір шайыры мен көмір шайырының қалдықтарынан көміртекті талшық өндіру қарастырылуда.

Сурет: primeminister.kz сайтынан алынды.
ЖАҢА ЗАУЫТ: БЕКТЕНОВ САПАРЫ ҺӘМ 500 МЛРД ТЕҢГЕНІҢ ИНВЕСТИЦИЯСЫ
Шухрат Ибрагимовтің бастамасымен қолға алынған тағы бір ірі жоба – Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі аумағындағы металдану дәрежесі 90%-дан жоғары ыстық брикеттелген шойын (ЫБШ) өндіруге бағытталған зауыт құрылысы.
Зауыттың жобалық қуаты жылына 2 миллион тонна ЫБШ болады. Инвестиция көлемі 500 млрд теңгеден асып, 1,1 мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жоба 2028 жылдың соңына дейін аяқталады.
Жуырда Рудныйға іс-сапармен барған Үкімет басшысы Олжас Бектенов аталған кәсіпорынға арнайы ат басын бұрып, инвестициялық жобамен егжей-тегжейі танысқан болатын.
Бүгінгі таңда «Соколов-Сарыбай» ТКБ АҚ Қазақстанның тау-кен өнеркәсібіндегі темір рудасының алыбы болып табылады. Зауыт жылына 35 миллион тонна руда, 9 миллион тонна концентрат және 8 миллион тонна түйіршіктер шығарады. Ішкі нарықтан басқа өнім Ресей мен Қытайға экспортталады, оларда ағымдағы жылдың 11 айында 371 миллиард теңгенің 9 миллион тоннадан астам тауарлық өнімі жөнелтілген.
Түйін: Дәл қазіргідей жаһандық экономикалық соғыстар мен геосаяси шиеленістер ушыққан кезеңде президент кәсіпкерлерге үндеу жасап, инвестицияны ел экономикасына салуға шақырды. Ал бұған есімдері әлемдік олигархтармен қатар аталатын ауқаттылар не деп жауап қатты? Шухрат Ибрагимовтің қос жобасы өзгелерге үлгі бола ма? Жүре көрерміз...
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz