Сенбі, 19 Сәуір 2025
Әне, көрдің бе? 1175 0 пікір 16 Сәуір, 2025 сағат 14:10

Өкпешіл Трамп Украинаның тағдырымен ойнап отыр...

Сурет: bbc.com сайтынан алынды.

Жалпы саясатта кешірім деген ұғым бар. Бірақ «кешірім» деген сөз Трамптың лексиконында жоқ. Дональд Трамп – өкпесін орамалға түйіп жүретіндердің қатарынан болғандықтан ол үшін ренішін ашық айтып, саясатқа айналдыру түк емес.

2019 жылы Трамп Ақ үйдегі алғашқы президенттік мерзімінде өзінің басты қарсыласы Джо Байденнің ұлы Хантер Байденді мұқатып, саясаттағы бас бәсекелесін барынша тұқыртып қалуға тырысты. Ол кезде Байденнің ұлы Украинаның газ өнеркәсібінде қызмет етіп жүрген. Трамптың қалауынша, Зеленский арнайы тергеу бастап, «Хантердің қылмысын ашуы» керек болатын. Бірақ Зеленский мұндай арандатуға барған жоқ. Ол өзінің президент ретіндегі саяси бейтараптығын сақтап қалды. Бұл шешім оның халықаралық абыройын асырғанмен, Трамптың алдында оны мәңгілік дұшпанға айналдырды.

Трамптың Зеленскийге деген ашуы бір ғана реніштің көрінісі емес. АҚШ-тың ішкі саясатына сырт елдерді араластыруға бағытталған жеке жоспары жүзеге аспаған адамның өшпенділігіне айналып барады. Осы реніштің нәтижесінде Трампқа импичмент жарияланды. Сол жолы Ақ үйдің басшысы биліктен кетпеді, бірақ есесіне естен кетпейтін сабақ алды. Кім дос, кім сатқын екенін анықтап алды. Сол тізімнің бел ортасында Зеленскийдің аты жазулы тұр.

Осыдан кейін араға бірнеше жыл салып, Украина мен Ресей арасындағы соғыс басталды. Путиннің агрессиялық әрекеті әлемді есеңгіреткен тұста, Зеленский ержүрек саясаткер ретінде елдің тізгінін ұстады. Ол НАТО мен ЕО-дан, АҚШ пен Ұлыбританиядан көмек сұрады. Әлемдік қауымдастық Украинамен бірге екенін білдірді. Ал жыл басында Ақ үйдің тізігін-шылбырын қолына алған Трамп олай істемеді. Ол, керісінше, Ресейге емес, Зеленскийге шүйлікті. Соғысты кім бастады деген сұраққа оның жауабы дайын. Трамптың пайымынша соғысты Путин – бастады, бірақ Зеленский де қателесті.

Таяуда Сумма облысына жасалған зымыран соққысы бейбіт тұрғындарды қырып салды. Өз кезегінде Трамп бұл трагедияға саясиландыруға тырысты. «Бұл соғыста миллиондаған адамның өліміне Путин, Байден және Зеленский кінәлі» деп Зеленскийді тағы да түйреп өтті. Бұл аздай «Ол Ресейдің әскери күші 20 есе артық екенін ойламастан, соғысқа араласты» деп соғыстың мәнін бұрмалады. Трамптың логикасы бойынша, әлсіздер күштіге бағынуы керек секілді.

Зеленский соғысты бастаған жоқ. Ол – соғыстың құрбаны болған елдің басшысы. Бірақ бұл шындық Трамп үшін маңызды емес. Оның саяси көзқарасын эмоция мен реніш билейді. Ол үшін Зеленский – «ыңғайсыз адам». «Ақ үйге керек емес әріптес». Байденге адал, бірақ Трампқа қарсы шыққан тұлға.

Әңгіме басында айтқанымызда саясатта эмоцияға орын жоқ деуші еді. Бірақ Трамп үшін бұл қағида жүрмейді. Оның саяси стратегиясы – жеке мүддеге негізделген. Ал Зеленский оған көне қоймады. Сондықтан да Трамп енді оның елін қолдауға құлықсыз. Украина қанша қиындық көрсе де, Трамп бұл елдің күресіне тек саяси пайда тұрғысынан қарайды.

Осы тұста бір парадокс анық байқалады: Зеленский – әлем мойындаған лидер. Оның соғыстағы батылдығы, стратегиялық шешімдері, халықаралық аренадағы беделі – орасан. Ол жайында CNN, BBC, Politico сынды беделді ақпарат құралдары тұрақты түрде жазып келеді. Ал Трамп болса, жеке өкпесін саясатқа айналдырып, бүтін бір ұлттың тағдырымен ойнап отыр.

Сөз соңында айтарымыз, Трамп Зеленскийге ешқашан кешіріммен қарамайды. Бұл реніш – тек Хантер Байденнің мәселесімен шектелмейді. Бұл – екі мүлде бөлек саяси мәдениеттің, екі түрлі дүниетанымның қақтығысы. Бірі – халық үшін күресіп жүрген көшбасшы, екіншісі – өзінің көлеңкесінен ұзап шыға алмай жүрген саясаткер. Тарих бұл тартыстың әділ бағасын береді.

Нұрлан Жұмақанов

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 2036
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 4897
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 4093