Таңжарық пен Қойдым айтысқан ба?

Құрметті патша көңілді оқырман! Сіз оқуға асығып отырған Айтуған Көдекұлының «Таңжарық пен Қойдымның айтысы туралы» деген мақала Шынжаңдағы Қоғамдық ғылымдар бойынша үздік мерзімді басылым «Шынжаң қоғамдық ғылымы» (№1, 2002 ж.) журналында жарияланған.
Естеріңізде болса осыған дейін мен «Abai.kz» порталына белгілі баспагер, зерттеуші, ақын Тәліпбай Қабаев пен («Қойдымды әйгілі ақын жасап жүрген – Таңжарық», 11 желтоқсан, 2021 ж.) және белгілі аудармашы, ұстаз, ақын Құдаш Сабаншыұлымен («Таңжарық пен қойдым айтыспаған...», 15 қараша, 20023 ж.) өткізген сұхбатым жариялаған болатын. Менің бұл екі кейіпкерім ел арасында қазір тарап немесе кітаптарға басылып жүрген «Таңжарық пен Қойдымның айтысы» Нарынқолда болмағанын, кейін Таңжарықтың өзі жазып елге таратқанын айтып еді. Айтыс болған күнде де жай әзіл-қалжыңмен бірін-бірі қағытқан айтыс болған шығар, анандай сойқан айтыстың болуы мүмкін емес деген еді. Қазір екі кейіпкеріміз де о дүниелік болып кетті. Бірақ айтып кеткен пікірлері бізге құнды тарихи дерек болып қалды.
Ал, Көдекұлы Айтуғанұлының мына мақаласы ертерек жарияланғанымен жоғарыда айтқан екі қаламгердің пікірін одан ары тереңдетіп, тарихи шындыққа жақындата түседі. Енді біз сөз етіп отырған мақаланың авторы туралы қысқаша мәлімет бере кетейін. Айтуған Көдекұлы Қазақстан мен Қытай қазағына белгілі, өткір тілді, сыншыл ақын Көдек Байшығанұлы Маралбайдың жалғыз тұяғы. Айтуған 1928 жылы Қазақстанның Нарынқол ауданы, Сүмбе ауылында дүниеге келген.

Автор Айтуған Көдекұлы ақсақал отбасымен бірге.
Оқырмандарға түсінікті болу үшін араға қыстыра кетейін, «Таңжарық пен Қойдымның айтысы болды» деген 1925 жылы Көдек Маралбай Нарынқол Тұзкөл болыстық комитетінің төрағасы болып істеген.
1929-1930 жылдары Кеңес үкіметінің ұжымдастыру саясаты мен астыққты, төрт түлік малды күштеп тартып алу кесапатынан халық жаппай ашаршылықтың қайғылы кезеңіне тап болады. Осы аумалы-төкпелі заманның қара бораны мен ауыр қысымына шыдамаған бір бөлім ел шекара асуға мәжбүр болды. Сыртқа ауған елмен бірге ақын Көдек отбасы да 1930 жылдың күзінде арғы бетке өтіп, қазіргі Мұңғұлкүре ауданының Ақдала деген жеріне барып қоныс тебеді. Ол кезде баласы Айтуған әлі үш жасқа толмаған еді. Алғаш келгенде бірді-екілі міністік көлігінен басқа мал да, дүние-мүлік те болған жоқ. Өйткені өз отбасына жетерлік малы мен мүлкі, басындағы үйі сол қалпында жұртта қалып қойған болатын. Келісімен беткейге сүйеп жер үй қазып, төбесін шөп-шалаңмен жауып кіріп алған еді.
Мұны ақынның «Тышқан» деп аталатын, Қытайға барғаннан кейінгі жазған алғашқы өлеңі де дәлелдейді. Бір кездері елінің алақанында әлпештеніп, сый-құрметіне бөленген, бәлендей бай болмасада, «ішкені – алдында, ішпегені – артында» тұрмыс кешірген Көдекке бұл күн көріс өте ауыр тиеді.
«Біз көшіп Ақдалаға күзде келдік,
Бұрыннан жергілікті халықпыз деп,
Тышқан да араласты бізге келіп...
Рас бір аруақ атқыр «халық» екен,
Барлығын залалының білмеп едік
Бір қаптай жасап алған тарымызды
Жүріпті тасыпты да күнде келіп,
Жүргенін оның не қып байқамаппыз,
Емес қой ақылдасқан бізге келіп!
Әуелі онан ары ерегесіп,
Қашырды берекесін інге көміп.
Апырай, қорлығының өткенін-ай,
Ұйықтатпай қапты тескен түнде келіп!..» – деп, бір қыс мазасын алған тышқанмен айтысып шығады.
Былай қарағанда, бұл өлең әншейін бір күлкі үшін шығарылғандай болғанымен, шындығында бұрынғы өмірімен салыстыру мақсатында, өксіп отырып жазған өлең еді.
Сөйтіп жүргенде 1936 жылдың көктемінде Көдек белгісіз біртүрлі ауруға тап болады. Бұл ауру ауырғанда кенеттен сүйек-сүйегі қақсап, артынша өне-бойын қызыл бөрткен қаптап кетеді. Халық емшілеріне көрініп емделгенімен өнімі болмайды. Осы кеселдің салдарынан барған сайын жүдеп әлсірей береді. 1937 жылдың сәуірайында ең артық көретін сүйікті ұстазы, рухани досы Жүсіпбек қожа Шайхыслам дүниеден өтеді. Өзі ауырудан әбден салдырап, күйі нашарлаған Көдекке бұл ауыр тиеді. Көп уайым шегеді. Мамыр айында оқыстан алмасты қате істеткендіктен өмірмен мәңгілікке қоштасты. Артында аңырап өмірлік жан серігі Мәнім апа мен шырылдап тоғыз жасар жалғыз ұлы Айтуған қалады. Бірақ ел-жұрты оларға жетімдік көрсетпейді. Анау бір кезде Қызай елінің дана ұлы, ақалақшы (болыс) Дарубай: «Албанның шерлі ұлы» деп бағалаған Көдек Маралбай қайтыс болған соң ат жетер жердегі Албан мен Қызай және Суанның адамдары жыл уағына дейін бата оқып, ізін суытпайды. Ас-суын да аса молшылықпен өткізеді. Туын жығып, тұлын түсіргеннен кейін «Көкеңнің өлеңдерін көшіріп алайық» деп сұраушылар көбейеді. Алғандардан алушылар да көбейеді. Сөйтіп ақыннан қалған өлең-жырдың басы бірікпей елге таралып кетеді. Осыдан былай Көдек өлеңін жаттап, жиын-тойларда жатқа айтушылар көбейеді. Ел, ішінде «Көкең айтқандай» ақынның өлең жолдарын мақал-мәтел ретінде келтіріп сөйлеушілер де көбейеді.
«Жас өсіп, жарлы байымай ма» дегендей Көдек ақын қайтыс болғанда тоғыз жасында қалған Айтуған есейіп, оң-солын танып, ат жалын тартып мінгеннен бастап ел арасына таралып жүрген мол халық мұраларын жинай бастайды. Әкесінің көзін көрген қарияларды іздеп тауып әңгіме-дүкен құрады. Осылай көп ізденістің арқасында әкесі Көдектің 7-8 толғау, дастаны мен қырыуар ұзын-қысқа өлеңдерінің, 20 ға тарта дауыс (жоқтау) жырының негізін жинақтап оған мұрагерлік етеді. Оның үстіне өзі де әке жолын қуалап той-жиындарда бір кез айтыс ақыны болады. Ол тек өзінің әкесінің өлең-жырларын жинаумен қатар сол замандағы арғы-бергі бетің белгілі ақын-жазушыларының кітаптарын оқып, ел аузында айтылып жүрген өлең-жырларын жаттап, қағаз бетіне түсіреді. Таңжарық пен Қойдым ақын туралы да көп ізденістер жасайды. 1930 жылдары Нарынқолдан Қытайға өткен қарты бар, жасамысы бар, жасы бар бәріне жолығып, «Таңжарық пен Қойдымның айтысы» Нарынқолда болған, болмағандығына толық көз жеткізеді. Және ол туралы зерттеу еңбектерін жазады.

Суретте: Көдек Маралбай өлеңдерінің көшірмесі көзден кешірілуде. Солдан оңға қарай: Талғат Тәлімұлы, Айтуған Көдекұлы, Әзімбай Мырзағалиұлы, Тоқтасын Байсалов.
Айтуған Көдекұлы Мұңғұлкүре ауданының Ұзынбұлақ, Ағдала, Талдысай мектебінде 40 жыл мұғалім болып, құрметпен демалысқа шығады. А.Көдекұлы мектепте сабақ беру мен бірге қазақ әдебиетіне, әсіресе әкесі Көдек өмір сүрген кезеңдегі ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеулер жасап, тұшымды ойлар айтып жүрген қаламгердің бірі болатын. Айтуған қария 2007 жылы өмірден озғанымен, оның артына қалдырған мұралары қазақтың руханиятына қосылған олжа деп білеміз. Оның «Таңжарық пен Қойдымның айтысы туралы» деген бұл зерттеу еңбегі осы сөзімізге дәлел. Автор мақаласында «Таңжарық пен Қойдым айтысқан ба?», «Қалай айтысқан?», «Тәкең не үшін Таңжарық пен Қойдым айтысын «1931 жылы қыркүйек айында, Күнестің Адуынгер жайлауында «Ырымбектің кешкі өлең тойында» қайта жазған?», «Қойдым кім еді?» деген сұрақтар қою арқылы, оған сол замандағы бірнеше тарихи оқиғаны көлденең тартып дәлелдейді. Және Таңжарық пен Қойдым танушылар айтып жүргендей «Қойдым атақты ақын емес, жай өлеңші әйел» деген қортынды шығарады.
Әрине, мақаланы оқыған соң бұған келісетін, келіспейтіндер де табылатыны анық. Бұл тақырып мұнымен тоқтамайды, әлі де ары қарай тереңдетіле зерттеле беретіні ақиқат... Сондықтан қарсы мақала жазғыштар болса ғылыми, салиқалы пікір айтуға тырысады деп сенеміз.
Айтпақшы, А.Көдекұлының осы мақаласы Шынжаңда жарияланғанда қарсы мақала жазған қаламгерлер көп болған екен, егер қолдарыңызда осы авторлардың мақаласы бар болса, оның жариялануына қол ұшын берсеңіздер жақсы болар еді. Өйткені, қалың оқырман кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс, кімнің дәлелді басым, кімнің дәлелі әлсіз, кімнің пікірі ғылыми, кімнің пікірі жүйесіз екедігін ой елегінен өткізер еді. Содан барып осы мақалада сөз болған жағдайдың тарихи артқы көрінісінің анық-қанығына, ақиқатына бірге көз жеткізген болар еді.
Енді Айтуған Көдекұлының аталған мақаласына кезек берейік.
Құрметпен Әлімжан Әшімұлы.
«Таңжарық пен Қойдымның айтысы» туралы
Таңжарық пен Қойдым айтысқан ба? Қалай айтысқан? Тәкең не үшін Таңжарық пен Қойдым айтысын «1931 жылы қыркүйек айында, Күнестің Адуынгер жайлауында «Ырымбектің кешкі өлең тойында» қайта жазған»[1]. Бұл көпшілік білуге тиісті, тарихи астарлы сыры, қоғамдық маңызы бар мәселе. Алдымен бірқанша қаламгердің Қойдым туралы айтқандарынан үзінді (цитата) алайық: зерттеуші Орекең (Оразанбай Егеубаев): «Таңжарық ақынның айтыстарының туылу тарихы өте қызғылықты. Таңжарық ақын ержеткен кезінде кез-келген ақындармен айтыса берген, руынан, аймағынан ақындарды қырқай жеңген. Ел-жүртқа аты шулы ақындарды әдейі іздеп барып айтысқа түскен»[2].
«Таңжарықтың әріптесі, керемет айтыс сайыскері Қойдым әйел заты бола тұрса да, өз кезінде қазақ даласында, Таңжарықтан басқа ешкімнен жеңіліп көрмеген от көзді, орақ тілді өткір де, тапқыр ақын болған кісі»[3].
«Қазақстанның Талдықорған облысының бүкіл облыстағы ақындарын тиып жүрген Қойдым есімді ақын әйелмен айтысып оны жеңеді»[4].
Осы үзінділерден қазақтың айтыс тарихында Қойдым сынды бір алыптың болғандығы, Таңжарықтың «ХХ ғасырдың маңдай алды ақыны» болуының алыпты алып ұрғандығымен де байланысты екендігі тек осы үш үзіндіден ғана емес, Таңжарықты зерттеген көп мақалалардан кезіктіру қиын емес.
Ендеше, Қойдым кім еді?
Ендеше, Қойдым кім еді? Қойдым Дарубайқызы, елі Албан, Албан ішінде Алжан руынан. 1897 жылы Нарынқол (Мұңғұлкүренің өр Текесімен іргелес отырады) ауданында туылған. 1921 жылы Албан елі ішіндегі «Құрт бөбектің» бірі Бәйсейіт руының жігіті Біржанмен үйленген. 1930 жылы Мергенбай батырдың (Құсық руы) бастауымен өр Текестің Шегірті деген жеріне қоныстанған. 1932 жылы бірқанша түтінмен бірге Қойдым отбасы Күнеске көшіп барып үш жыл мекендейді. 1934 жылы Текес ауданының Шолақтерек деген жерінде екі жыл мекендеп, 1937 жылдары Шегірті – Қарасуына қайта көшіп келеді. 1943-1944 жылғы қалың сүзекте Қойдым қайтыс болады. Сүйегі бас Қарасуда, орны белгісіз.
Қойдым атақты айтыс ақыны емес. Әдетте тойда өлең айтатын әйел болуы әбден мүмкін. Таңжарықпен әдеттегі тойда әдеттегідей айтысқаны да шындыққа жақын, олай болатыны Таңжарықты оқытқан нағашысы Биеке руы мен Бәйсейіт руы туыс болып келеді де, Қойдым Таңжарыққа жеңге болатындығы табиғи. Бір өрт тілді жас жігіттің өлең сүйер елдің жастарымен жақындасуын да шетке қағуға болмайды. Ал Таңжарықтың қамқоршысы Мергенбай батырдың руы да Биеке руымен бір Досалы туыс болып келеді. Осындай ілік-шатыстық, Таңжарыққа Қойдым жөнінде жақсы әсер беруі шетке қағар жайт емес. Бірақ бұл арадағы мәселе іргелес Алматы облысы, тіпті Талдықорған облысындағы қазақ арасында Таңжарық жазып шыққан басқа қазірге дейін ел арасында Қойдымның ақындығы жөнінде ешбір сыбыс болған емес.
Керемет айтыстардағы ұшқыр, тапқыр, өткір сөз, көңілге сол майданда ұялап, ақыл-ойдан кетпестей болып орын алып қалатын. Керегенің жанынан жатталып, дұйым елге таралатын. Міне бұл қазақ айтысының шын ерекшелігі. Албан елінен өткір тілді Әсел деген әйел шыққан, Бағашар Нарынбаев секілді қаламгерлер газет-журналдарға «Әсел мен Жұлмабайдың айтысы», «Әселдің Жанбаба Жартыбаймен айтысы», «Әселдің Шерниязбен айтысы, т.б. жариялап жүр. Бұлар әрі қызық, әрі сол адамның характирі, әрі сол адамның сипаты. Енді Әселдің Шернияз ақынды қалай жеңгенінен мысал келтірейік: «Әселді қазақ жеңе алмадыңдар, мықты болса менімен айтысып көрсін» деп Әселдің тұсына келе салып:
«Әкем сарт, шешем қазақ тудым будан,
Жасымнан ақын едім өлең қуған.
Екі ұлттан қосылып, қорытылып,
Ерекше арғымақпын артық туған», – деп, десімен баспақ болғанда, Әсел өз сөзін ұстап:
«Әкең сарт, шешең қазақ тудың будан,
Қалмадың өлең іздеп той мен даудан.
Несіне мақтан етіп айта бердің?
Есекке бие қосса қашыр туған», – депті. Осы кезде Шернияз орынан тұрып, етегін қағып кетіп қалыпты.
Құлжа ауданындағы Мешпет ақынмен Тамашаның, Мақсұт ақалақшы мен жас балдыз қыздың қағыстары да сол майданнан алынып, ел аузында жатталып қалды. Бірақ Қойдымнан титтей сөз қалған жоқ. Таңжарық ақынды көтермелеу үшін Қойдымды жоғарыдағыдай жалған мадақтау ұят!

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.
Таңжарық пен Қойдым қашан, қай жерде, кімнің ауылында айтысып еді?
Қазақстанда «Таңжарық пен Қойдымның айтысы» дегенді зерттеп баспаға ұсындым деп жүрген адамның бірі – Тілеужан Сақалов («Таңжарық пен Қойдымның айтысы» дегеннің Қытайдағы нұсқасы (вариант) мен Қазақстан нұсқасының жеңу-жеңілу мәселесінде ұқсас емес екендігіне көңіл бөліңіз! Тілеужан нұсқасында Қойдым басым келеді де, «Жеңсең де, жеңілсең де жол сенікі» деп шапан жабады болып аяқтайды, ал бізде (Қытайда) мүлде жеңген деген желік сөз басым). Мен бұл түйінде мынаны ашалап кеткім келеді, Абай айтқандай «Қазақты көктетпей жүрген рушылдығы». Мен де осы тар рушылдық Алашты арандатып жүрген жегі құрт «Таңжарық пен Қойдымның айтысы» да кейде осындай пасық идеяның жетегінде майданға шыққан ба екен» деп сезінемін.
Тілеужан өр Текестік, елі Албан. Ол қазақ халқының оқу-ағарту, мәдениет, әдебиет және көркемөнер істеріне аз болмаған еңбек сіңірген аяулы, алымды, азаматтардың бірі. Бірақ тар өрісті рушылық оны да шарпымай қалмапты. Қазір Тілеужан ол дүниелік. Солайда істің шын сырын айтпау марқұмның аруағына да ауыр. 1988 жылы Тілеужан ауылымызға туысшылай келгенде, өз үйімде сырласып отырып: «Тілеужан, саған не болған? Қойдым туралы құйдай сыпырдың-ғой! Таңжарық пен Қойдым Нарынқолда қашан, қай жерде, қалай, кімнің ауылында айтысып еді? Сен кімнен естіп жүрсің? Сені Таңжарықты зерттеп жүр дейді, зерттеу – шындық болады емес пе?» деп кейістік білдірдім. Ол: «Ой, аға-ай! Әзір екі мемлекетте де Таңжарық жөнінде заңғар, заңғар бағалар беріліп жатпай ма? Қойдымды Таңжарықпен бірге барлығы ірі ақын дейді. Қойдым біздің жақынымыз (Тілеужан қайын болып келеді. Құсық Мергенбай батырдың жақын туысы). Ол әлдеқашан қайтыс болды. Қызайдан шыққан мықтылар ақын десе, мен ақын емес десем бола ма? Қызайдан ақын шыққанда Албаннан ақын шықса не болыпты? Таңжарықпен айтысқан делінсе деліне берсін» деп кейігендей рай білдірді. Мен ендігары үйіме келген қонақпен айтыса беруді рауа көрмедім. Менше жалғыз Тілеужан емес, бір топ үмітті, ел жүгін арқалар деген азаматтарымызда Тілеужан ойлаған ойдан арыла алмай жүр. «Таңжарық пен Қойдымның айтысы» туралы бейне Тұрсынәлі Ырыскелдиев айтқанлай: «Замандастарының айтуына қарағанда, Тәкең Қойдыммен, Ұлжалғаспен айтысарында өзі зерттеп жазып шыққан екен» деген сөзіне нанамыз»[5].

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.
Не үшін Тәкең «Таңжарық пен Қойдымның айтысын» 6 жылдан кейін жазды?
Не үшін Тәкең «Таңжарық пен Қойдымның айтысын» 6 жылдан кейін «1931 жылы қыркүйек айында, Күнестің Адуынгер жайлауында, Ырымбектің кешкі өлең тойында» қайта жазып шыққанын оқиды? Мен мұнда тарихи сыр бар екенін ескерте кеткім бар. Бұл сырды ашу «Таңжарық пен Қойдым айтысы» дегеннің қалай шыққанын кейбір тарихи оқиғаларды сөйлеу арқылы оқырманмен ортақтасуға тура келеді.
1916 жылы қырғыннан аман қалған Албан елінің есті азаматтары мен батырлары 1926 жылдан бастап бас қосып, құпия ақылдасып, тағы бір ойранды қырғынның барлығын сезеді. Олар Іле өңіріндегі қазақтар қоныстанған райондарға астыртын өкіл жібереді. Өйткені Албан елінің басшылары ол кездегі Қытай мен Кеңес одағының саяси түзімі ұқсас емес, қашып барсақ қайта айдап бермейді деп топшылады. Соңғы амалиатта (іс жүзінде) олардың топшылауы мен жоспарын расқа шығарады. Олар өкілдерді үш бөлікке бөліп, Іленің үш өңіріне аттандырады.
Бірінші бағыттағысы, Албанның үлкен руы Бозымның өкілі болған Оқас деген адам қасына адам алып, өр Текес (Мұңғұлкүре) пен Текесті (Қызылкүрені) аралайды. Мұнда 6 болыс Албан (ақалақшы) бұрынырақ келіп отырақтасқан, Қызай рулары аралас қоныстанған болатын. Бұл өкілдерді Албан, Қызайдың барлығы қызу мереймен қарсы алады.
Екінші топтағы өкілге Айт – Сүйіндік Елеусіз батыр қасына екі адам ертіп Тоғызтараудағы Дарубай ақалақшымен тілдесіп келіседі.
Үшінші топтағы өкілдікке Албанның Досалы – Құсық руынан Мергенбай батырды Күнес еліне баруға бұйырады. Ол қасына Шүйке Арынбекті атқосшылыққа алады. Себебі, Арынбек ауылы 1916 жылы үркінде Күнеске барып паналайды. Сасанның Нүптебек деген баласы Арынбектің қарындасын алады. 1923 жылы Нүптебек өлген соң, Еркінбек әменгер болады. Олар осындай құда-жұраттық байланыстан пайдаланып, Албанның 6 ақалақшысына хатшы болып жүрген Шүйке Тойынбай деген пысық жігітті Текес Шиліөзектегі ақалақшы Нақысбектен сұрап алып, ертіп барады. Тойынбай Күнестегі бүкіл Қызай еліне танымал жігіт болғандықтан Қызай елі қарсы алады. Олар алдымен Таңжарықтың руы болатын Алпысбай, Ісләмқан ақалақшылармен келіседі.
Ел үшін еңіреген бұл ел басылары «түбі бірге кетпейді, түлені бірге түртпейді» десіп, «Күнеске мың түтін сиғызамыз» деп уәделеседі. Ал Сасан ауылына Арынбек өзі барып қайтады. Осы байланыста Алпысбай ақалақшы мен Сүлеймен зәңгі Таңжарықты Мергенбай батырға аманаттайды. «Сасанның бәйге Көгін Таңжарық мініп кеткендігі үшін, Сасан ауылы Садыны (Таңжарықтың руы) шауып аламын деп пәле салады. Араға адам түсіп жүріп Сады руы Шаңға деген бай сібенің жылқысынан бес бесті таңдап алып береді, бір бестінің бағасы 6 тана болып, Сады руы 30 тана төлем төлеттің. Енді бәйге Көк Таңжарыққа тән болады. Таңжарық та, бәйге Көкте сізге аманат жоғалып кетпесін» дейді.
Алпысбай мен Сүлейменнің сөзінің құрметі үшін Мергенбай батыр Таңжарығын да, бәйге Көгінде өз қамқорлығына алған, Таңжарықтың оқу, серілік құру барысын Мергенбай батырдың қамқорлығымен Албан елінде ерке жүрген болатын (Мергенбай Таңжарыққа нағашы, Құсық, Биеке рулары қыз алыспайды). Ғажабы осындай ел ішінде «Таңжарық пен Қойдымның» айтысынан із қалмауы Қойдымның топ жарған ақын емес екенін толық дәлелдейді.
Қазақ ел басыларының берік ынтымағы нәтижесінде 1929 жылдан бастап, ел жасырын қашып өте бастайды. Бірақ қатты қырғынмен өткеннен кейін де бұлап-талауға ұшырайды. Осыдан кейін 1930 жылдың басында ел батырлары бас қосып ресіми құралмен қорғап көшуге келіседі. Жәнібек Жақыпберді батыр бастаған құралды қосын Қалжат шекарасынан; Мергенбай батыр өр Текес (Мұңғұлкүренің), Сүмбе шекарасынан Үйсін тауының батысындағы Қасаң тауымен және Байынғолдың басымен (Хан-Тәңірі шоқысының Алайғыр - Сайқал аңғарының басымен) елді қорғап аман өткізеді. Мергенбай үш бағыттағы босқындарға бірдей басшылық етіп, қарсы жағын қатты қырғынға ұшыратып атағы жер жарады. 1931 жылы бір моңғол тонаушының жасырын тұрып атқан оғынан қаза табады. 1930 жылы Сүмбе шекарасынан өткен Досалы руының ішінде осы Қойдым да бар еді. (Досалы, Биеке, Бәймен, Есен-Аман, Бәйсейт, болып бөлінеді. Мергенбай Құсық руы).

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.
Тәкеңнің айтысты жазуына Көдектің «Сасан ауылына барғанда» атты толғауы себеп болған
Әкем Көдек ақын босқын елдің мұңын, жоғын жоқтап көп өлең шығарды. Халқы хан көтеріп, барған жерінде «Көкелеп» өлеңдерін жалпақ елге таратты. 1931 жылы көктемде, Көкем Күнеске қоныстанған елдің жағдайын ұғысу үшін Дарубай ақалақшының ауылынан аттанып Күнеске барады. Оның үстіне Сасан ауылы Албан елімен қан құда, сондықтан әрі білікті ауыл, әрі құда-жұрағат ауыл, бірақ барған соң көңілі толмай, атақты «Сасан ауылына барғанда» деген толғауын шығарған болатын. Өлең сахараны жайлаған қараңғылық пен езгіні, надандықты сөзбен әбден түйреген болатын. Ол кезде де ел іші қайдан тегіс болсын! Бұдан басқа да басына күн түскен туыстарына кең етегін жайып, елдің елдігін көрсеткен азамат ел басшылары, азаматтары да аз емес еді. Міне бұлардың өкілдері Дарубай, Жабықбай, Ісләмқан, Алпысбай, Нақысбек, Әлімжан секілді арыстар «Ел басына күн туып, етігімен су кешкен заманда», «Албанның қызы аразан» деп күлместен, халықтың күйзелісіне күңірене білді. Іргесіне отырғызып ашына айналып, тоғына толғанды. Олар туралы да халықтың ақыны болған әкем Көдек көптеген өлең шығарып, халық өмірін жырларына арқау етті:
«Қызырлы Қызай елі Наймандағы,
Найман шалдың оңай ма шалған шағы.
Келіні ақыл-ойлы нысапты боп,
Үзіліп сынған өмір жалғанғаны.
Найманның бір бұтағы Қызай елі,
Іле өңірін қоныс қып айланғаны.
Қызайдың бір ауылы Сөрті ауылы,
Алысқа аты жеткен шалғайдағы.
Дауысын Дарубайдың естіп жүрміз,
Кегенге сейез би боп барғандағы.
Қақ жарып қара қылды билік айтқан,
Әділдігін қолдаған Албан жағы».
Бірақ Мақсұт ақалақшы пендешілік етіп өзінің хатшысы Таңжарыққа «Сасан ауылына барғанда» деген толғауға жауап жаз, одан кек алу керек деп түйеді. Таңжарық та Мақсұттан қорытты ма жоқ, өз білген өресі солай болды ма? «Таңжарық пен Қойдым айтысын» жазып шығады және оны «Ырымбектің кешкі өлең тойында» айтып, соңынан әкем Көдекке жолдап жібереді. Әкем Көдек «Жауап хат» деген өлең жазып оны жолдамақшы болып отырғанда, сол кездегі Құлжадағы Қазақ-қырғыз ұйышмасының қызметшісі Қанапия әкеме сәлем бере келгенде, әкем оған «Жауап хатты» көрсетеді. Қанапия: «Көке, тек Таңжарыққа жібергеніңізбен жұрт естімей қалады. Одан да Қызайдың білермендеріне жіберіңіз» деп өз қолымен үш нұсқа етіп көшіріп, қайтарында ала кетіп Жабықбай ақалақшы мен Дарубай ақалақшыға бір нұсқадан береді. Жабықбай ақалақшы Құлжада Таңжарықты шақырып алып: «Жауап хатқа» қалай жауап бергің бар? Біз сені Көдек ақынмен бетпе-бет айтыстырсақ қалай?» деп сұрайды. Таңжарық: «Жазбаша хат арқылы айтысамын, бетпе-бет айтыса алмаймын» дейді.
Жабықбай ашуланып: «Екі елдің ортасына ит қоспай жүр, өтіріктен жасаған нәрсеңді ендігары бықсытпа!» дейді. «Жауап хат» Көкемнің «Көдек» атты жинағына кірген. Ал содан кейін Таңжарық өзі қашан қайтыс болғанша «Жауап хатқа», жауап хат қайтарған жоқ. «Таңжарық пен Қойдымның айтысы» іс-жүзінде Албан – Қызайдағы екі ірі ақынның айтысы болып табылады.
Ғылым – шын нәрсе. Таңжарықтану ғылымын жасау бүкіл отанның, бүкіл елдің игілікті ісі. Бірақ құм араласқан топырақтан там тұрғызуға болмайтыны сияқты, ғылымның да тазалығы ғылымның дамуына пайдалы. Оның үстіне ел бірлігі мен мүддесін қорғаған жоғарыда аталған арыстардың аруағы алдында істің шын сырын айтпау, соңғы ұрпақты дұрыс жолмен тәрбиелеуге немқұрайды қарау Көдек ақынның баласы болып отырған маған ауыр күнә сезіліп осы мақаланы жаздым. Оқырмандардың факті мен қисынға құрмет ететініне сенемін.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- [1],[2] Оразанбай Егеубаев. «ХХ ғасырдың маңдай алды ақыны», «Іле айдыны», №4, 1998 ж. 68, 70 бет.
- Тауқиден Раменұлы. «Таңжарықтың әріптесі Қойдым жайындағы деректер», «Іле кеші» газеті, 19-тамыз, 1998 ж. 4- бет.
- Қабыл Оспанұлы. «Не жазсақ та игеріп алып жазайық!», «Шұғыла» журналы, №4, 1998 ж. 105-бет.
- Тұрсынәлі Ырыскелдиев. «Ақын образы және жасампаздығы жайлы». «Шынжаң қоғамдық ғылымы» журналы, №4, 1998 ж. 28-бет.
Айтуған Көдекұлы

Айтуған Көдекұлы жазған-сызғандарын реттеп қомен көшіртіп отырған кезі.
Айтуған Көдекұлының мақаласында әкесі Көдек Маралбайдың Таңжарық ақынға жазған «Жауап хат» атты толғауы айтылғандықтан, осы толғауды бірге беріп отырмыз.
Жауап хат
Аман ба, ағайындар, мал-басың-ай,
Көңілді қайғы бұлты шалмасын-ай,
Жаралып жер бетіне келгеннен соң,
Бір нәубет келмей қоймас жанбасыңа-ай
Мысалы, ұшқан құста жүре бермей,
Қанаты талған жерге қонбасын ба-ай.
Жетіліп, кемеліне келгеннен соң,
Ай толып жарық болар онбесінде-ай.
Бір келіп, дүниенің бір кетерін,
Осындай азаматтар болжасын-ай.
Жалғанның жарығы – кең, опасы – тар,
Дүние кімнен өтпей қалғасың-ай.
Дүниенің алды – семіз, арты – артық,
Түйенің қатпа болған солмасындай.
Тұрғандай бір қалыпта көрінбейді,
Іленің егілмелі борбасындай.
Жамандық аяқасты болғанында,
Жақсылық ұзағырақ таубасында-ай.
Дүние кімге жолдас болар дейсің,
Бір күні жерге тиер жамбасың-ай.
Ұстаса құзға қарай лақтырар,
Қол тисе түп етектен жармасып-ай.
***
Маңызды, өнегелі әңгімеге,
Сусыны естігеннің қанбасын ба-ай.
Қайғырған жас талабын жарамайды,
Боз бала заманында зауласын-ай.
Кезінде әр заманның-тіршілікте
Сыйласып жүрген жақсы қолдасып-ай.
Білімді, зерек болар боз баланың,
Белгісі он беспенен он жасында-ай.
Ақылы терең жігіт мыңнан біреу,
Байлардың астық қойған қоймасындай.
Кең ойлы, миы толық кемеңгердің,
Ақылы өзеннің кең арасындай.
Баяғы Қарқараға келгеніңде,
Бір мақал айтып еді жан досым-ай.
Сабырлы, сара туған сабаз еді,
Зауыттың асыл соққан балғасындай.
Қайраты бір кісінің келмес деген,
Оралды жылан менен арбасып-ай.
Таралық өсіп өнген Албан, Қызай,
Қай жақтан кәдік болса, қатер содан,
Ұстар деп етегінен жармасып-ай.
Тар жолда былай тартсаң өгіз өліп,
Қалмайды былай тартсаң арба сынып.
Астарлы әңгіменің түйіні бар,
Білермен түбін ойлап шарласын-ай.
Мәнісі жұмыр сөздің байқалмайды,
Тарттырған тиірменнің қармасындай.
Кейінгі жас өспірім азаматтар,
Сөзімнің соғар жерін аңласын-ай.
Алыстан арқан созып оралатын,
Малшының лақтыратын шалмасындай.
***
Таралып өсіп-өнген Албан, Қызай,
Екпенің күзге піскен алмасындай.
Ұйқылы соны түбек әркімде бар,
Секілді құтпан айғыр жалдасым-ай.
(Мұнда ақын «құтпан айғыр» деп Мақсұтты айтып отыр)
Түріне дүниенің қарағанда,
Шәрінің алып-сатар саудасындай.
Ынтымақ тұрар жерде ырыс тұрар,
Жүріңдер бір-біріңе жалғасып-ай.
Пенденің несібесі шашылғанда,
Әр жерге дәм-тұз қуып бармасын ба-ай.
Күнеске ана жылы барғанымда,
Еркінбек қондырмады алғашында-ай.
Бір жігіт артымыздан шақырған соң,
Сасанның бір күн қондық ордасына-ай.
Біреуі көп жылқының өлген екен,
Науқастың бір ет жедік қалжасындай.
Баяғы Солтанқұлдың үлгісінің,
Емес қой жақтасада пормасындай.
Ақылшы, мампаңына қарағанда,
(Мампаң – мәнсап аты, болыс, ақылақшылардың көмекшісі)
Бәрібір мінезде екен ол да осындай.
«Бұл жақта шаруаңыз бар ма еді» деп.
Әуелі сұрамады жол болсын-ай.
Әркімнің атасының үлгісі бар,
Алты күн аш жатса да қарны ашып-ай.
Бұрынғы Ұзақ батыр айтпады ма:
«Әйтеуір алдымызда бар болсын-ай».
Бұл жауап бұныменен тұра тұрсын,
Басқа сөз енді келсін қамдасып-ай.
***
Үйіне Алпысбайдың айтып едік,
Арынбек сөзің жерде қалмасын-ай.
Қағазын оқып көрсек болар еді,
Күнеске бізден кейін барғасың-ай.
Ауызша әңгімесін айтқаныңда,
Мақсұт бір хат жаздырған молдасына-ай.
(«Молдасы» деп ақын Таңжарықты айтып отыр)
«Жолықпай маған неге кетеді» деп,
Өкпелеп қалған екен ол басында-ай.
Сөзіне сөз қайтарып жіберейік,
Із қуған сонаршыдай қар басылмай.
Ауылына біз барғанда үйінде жоқ,
Жүр екен Дағытыда жол тосып-ай.
(Мақсұтты айтып отыр).
Кісіден барып-келген сұрағанда,
Бір қонып жетеді екен жол басып-ай,
Арасы қашығырақ көрінген соң,
Болды алыс көрісуге жол қашық-ай.
«Қойдыммен айтыстым» деп ел жамандап,
Таңжарық, не қылайын жолдасыңды-ай!
Осы жерден орыс жерге қашып барып,
Содан Албан көрмеп пе еді көз жасыңды-ай?!
Озынған Қойдым болса ақын емес,
Жүрген жан бойын түзеп, сән басып-ай.
Кететін ақын бар ед бор қаптырып,
Ізінде жасыратын шаң басып-ай.
(«Кететін ақын бар ед бор қаптырып» деп Әсел ақынды айтып отыр)
Бәлки ол сол сиқты болды ма екен,
Түлкінің ән айтқызған қарғасындай.
Сұрадым кейін келген Сұраншыдан,
«Бар депті айтысқанда сол қасымда-ай».
«Жамандап елді сырттан өзі айтыпты,
Ағайын жалған сөзге нанғансың ба-ай».
Өлеңі бір-екі ауыз бар көрінеді,
Жылқының үш аяқты жорғасындай.
Сарыны серпініне жуықтамай,
Бағдарын кете алмаған дәл басып-ай.
Әдеп пе ауыз екі айтыс етіп,
Басқаны көкімегі алжасып-ай?
«Таңжарық бір ықтасын тапқан екен,
Шіріген қарағайдың қордасындай.
(«Ықтасын» деп Мақсұтты айтып отыр).
Өзіне тиер сөзді болжамаған,
Бұқаның ақылың бар дорбасындай.
Салмақтап ақ-қарасын салмақтағанда,
Әуелі тазалап ал өз басыңды-ай.
Қойындай саудагердің борыш ұрған,
Жылқының айыбың бар таңбасындай.
Білермен жақсы жігіт болса егер,
Жамандап рулы елді қорласын ба-ай.
Халықтың түгел бәрін шынағандай,
Қытайдың келіп пе екен олжасын-ай.
Жауабым оған айтар толып жатыр,
Пешеті тұра тұрсын аузы ашылмай...
Көдек Маралбай
Дайындаған Әлімжан Әшімұлы
Abai.kz