Сейсенбі, 6 Мамыр 2025
Ақмылтық 272 0 пікір 6 Мамыр, 2025 сағат 12:42

Қазақ тілі - ұлттық мәдениеттің тірегі!

Сурет: Әдебиет порталы сайтынан алынды

Соңғы жылдары тіл саясаты жайлы, ұлттық сананың жаңғыруы хақында көзқарақты жұрт жиі айтып, жазып келеді. Айтары бар азаматтар, төңіректегі дос-жар, тіл жанашырлары жаппай қозғап, қаузап келе жатқан осы тіл (Қазақ тілі) тәуелсіздіктен бергі 35 жылдың бедерінде аз да болсын аяғын дұрыс серпіді ме? деген сұрақ көлденеңдей береді. Көппен бірге күңіреніп, бірге қуанып, кейде іштен тынып жүресің де қоясың. Ондаған жылдардан бері мектепте, балалар арасында қызмет ете жүріп, қазақ тілінің қоғам мен мектеп арасындағы сабақтастық хал-күйін аз да болсын түсініп, түйсінген адам ретінде бірер ой-тұжырымымды бөлісе кетуді жөн көрдім.

Әуелі қазақ тілінің құқықтық және саяси мәртебесі туралы айтайық:

ҚР Конституциясына сәйкес, қазақ тілі — мемлекеттік тіл. Мемлекеттік органдар мен мекемелерде іс жүргізу қазақ тілінде жүргізілуі тиіс. Дегенмен, бұл талап көп жағдайда қағаз бетінде қалады. Іс жүзінде орыс тілі мемлекеттік тілдің рөлін атқарып келеді, бұл жағдай қазақ тілінің толыққанды қызмет атқаруына кедергі.

Қазақ тілінің қоғамдағы қолданыс аясы әр салада әртүрлі деңгейде көрінеді. Білім беру саласын алсақ: Бүгінде қазақ мектептерінің саны артты. Университеттерде де қазақ тілді топтар көбейген. Бірақ, жаратылыстану мен техникалық бағыттағы пәндердің көбі орыс немесе ағылшын тілінде оқытылуда.

БАҚ және әлеуметтік желіде: Қазақ тіліндегі ақпараттық сайттар мен блогтар саны өсіп келеді. TikTok, Instagram, YouTube сияқты платформаларда қазақ тілінде контент өндірушілер көбейгенімен, олардың сапасы, ықпалы әлі де әркелкі.

Кәсіпкерлік пен қызмет көрсету саласын айтайық: Әр түрлі компаниялар мен қызмет салалары қазақша қызмет көрсетуге тырысқанымен, бұл үрдіс негізінен талап бойынша емес, маркетингтік қажеттілікпен іске асуда.

Жастар мен урбанизация факторын да қозғауға тура келеді: Жас буын арасында қазақ тіліне деген қызығушылық біршама артқанымен, урбанизация процесі кезінде аралас тіл (қазақ-орыс) немесе орыс тілінің басымдығы жиі кездеседі. Қазақ тілі көбіне тұрмыстық деңгеймен шектеліп, ғылыми, кәсіби, технологиялық салаларда шектеулі түрде қолданылады.

Цифрлық ресурстар мен терминологияны айтсақ: Цифрлық дәуірде қазақ тілі едәуір алға жылжыды: Qazlatyn.kz, Emle.kz, Sozdikqor.kz, Qazcorpus.kz, сынды платформалар пайда болды. Дегенмен, ІТ, медицина, заң, және инженерия салаларындағы қазақ тіліндегі сапалы ресурстар мен терминдердің жүйеленуі әлі де жеткіліксіз. Оған қазақ тілінің мүмкіндігі мен әлеуеті жеткілікті деп сеніммен айта аламыз. Бүгінде оның дамуы недәуір ілгерілеулерге қарамастан, жүйелі мемлекеттік қолдауды, нақты реформалар мен қоғамдық серпілісті қажет етеді.

Қазақ тілін ғылым, техника, бизнес, мәдениет пен күнделікті өмірде белсенді қолданысқа енгізу үшін:

әуелі, мектепке дейінгі және мектептегі білімде қазақ тілінің базасын сапалы қалыптастыру керек.

Екінші, ғылыми және кәсіби салаларға арналған қазақша терминдер мен әдебиеттер қорын кеңейткен жөн.

үшінші, қазақ тілінде сапалы, тартымды медиа-контент жасау.

төртінші, мемлекеттік мекемелер мен бизнес орталарында қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап деңгейіне жеткізу қажет. т.с.с.

Тағы бір маңызды дүние – қазақ тілі мен әдебиетін ҰБТ-ға міндетті пән ретінде енгізуді жүзеге асыру:

Ең ауелі, «Қазақ тілі» оқулығының бастапқы статусын қайтару маңызды. Қазақ тілі пәні — тілді грамматикалық, лексикалық, орфографиялық, пунктуациялық тұрғыдан терең меңгертуді мақсат етуі керек. Қазіргідей аннан-мұннан құранды мәтіндерді топтап, оның арасынан тауыққа шашқан тарыдай қылып бірер теориялық мазмұн тауып алатын жүйесіз оқулықтың қажеті шамалы. Қазіргі «Қазақ тілі» оқулығын «қотарма конспект» деуге болады яғни сапалы білім стандартын қалыптасырып үлгерген елдердің, ағылшын, неміс, француз... тілдеріндегі оқу материалдарын көзсіз қотарып, оқулық түзе салу үрдісі сияқты. Сол елдердің Ғылым мен білімдегі ықпалы, мәдени ықпалы мен контенттінің таралуы, экономикалық қуаты мен демографиялық факторы, жүйеленген тілдік инфрақұрылымы біздің қазіргі хәлімізбен әсіресе тіліміздің бүгінгі күйімен салыстыруға келмейтінін, жалына жармасып, қосақтала жөнелуге жарамайтынын оқулық құрастырушылар елеп-ескермейтін секілді.

ҰБТ-да қазақ тілі «оқу сауаттылығы» деген статуспен ғана міндетті емтихан пәні болып белгіленген. «Оқу сауаттылығы» қазақ тілі пәнінің орнын түгелдей алмастыра алмайды. Оқу сауаттылығы — мәтінді түсіну, логикалық байланыстарды анықтау, ақпаратты талдау және қорытынды жасау сияқты дағдыларға бағытталған. Мұнда грамматикалық білім, орфография немесе тілдік нормалар екінші орынға ығыстырылған немесе мүлдем жоқ. Бұл жалпы функционалдық сауаттылықты тексеретін мәтіндер жиыны.

Ал қазақ тілі — тілдің құрылымын, табиғатын және қолдану мәдениетін үйрететін пән. Бұл — принципті айырмашылық. Қазақ тілі – пән ғана емес, ұлттық мәдениеттің тірегі. Қазақ тілі пәні арқылы оқушылар тілдік дағдылармен қоса, ұлттық болмыс пен дүниетанымды меңгереді. Мәтіндерде тарихи тұлғалар, әдеби мұралар, тілдік мәдениет көрініс табады. Оқу сауаттылығында кез келген мазмұндағы құрама мәтін ұсынылалды, олар тілдің ұлттық ерекшелігін жеткізе бермейді. Мысалы, оқушы грамматиканы білмей-ақ мәтінді "түсіне" беруі мүмкін, бірақ бұл — тіл білімінің толық көрінісі емес. Грамматикасыз – тіл жүйесіз, ал жүйесіз тіл – ұлтты біріктіруші күш бола алмасы анық.

Мемлекеттік тілді дамыту мәселесі тек тіл саясатына емес, білім беру жүйесіндегі басымдықтарға да байланысты. Қазақ тілі пәнінің ҰБТ-дан алып тасталуы — сол пәнге деген мотивацияның төмендеуіне, мектептерде оған деген салғырт көзқарастың қалыптасуына әкеледі. Бұл өз кезегінде тілді терең меңгерген ұрпақ қалыптастыруға кедергі емес пе?! Бір сөзбен айтқанда: Қазақ тілі пәні — тек емтихан ғана емес, ұлттық сана мен тілді ұрпаққа жүйелі түрде жеткізетін құрал. «Оқу сауаттылығы» (мәтіндер топтамасы) «Қазақ тілінің» орнын баса алмайды. Сондықтан: Қазақ тілі пәні ҰБТ-да міндетті емтихан ретінде қалуы керек; Оқу сауаттылығын қосымша немесе бөлек бағыт ретінде енгізген орынды болар; Тілдік білім мен функционалдық сауаттылықты тең дәрежеде дамыту қажет.

Ал әдебиет пәнінің ҰБТ-да міндетті пән ретінде болмауы онсызда әдебиет әлемінен алыстап бара жатқан ұрпақты оған мойын бұрып та қарамас хәлге жеткізуі бек мүмкін. Сол үшін «Қазақ әдебиетін» де барлық талапкерлер үшін міндетті пән ретінде енгізу керек. Қазақ әдебиеті пәні бойынша тест сұрақтарын қазіргі білім беру мазмұнына сай әзірлеп, сол арқылы талапкердің ойлау қабілетін, шығармашылық дағдысын бағалайтын тапсырмаларды енгізу ләзім.

Бұл қадамдар мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып қана қоймай, жастардың тілдік, әдеби, мәдени деңгейін де жоғарылататынына сенім бар.

Тағы бір маңызды түйін: Қазақ тілінің халықаралық деңгейлік емтиханын қалыптастыру қажеттілігі. Жаһандану дәуірінде кез келген ұлттық тілді халықаралық деңгейде таныту – сол ұлттың мәдени және саяси беделін арттырудың маңызды жолдарының бірі. Ағылшын тіліндегі IELTS, TOEFL, қытай тіліндегі HSK, француз тіліндегі DELF/DALF сынды емтихан үлгілері әлемде кеңінен танылып, осы тілдерге деген қызығушылықты арттырып отыр. Осындай тәжірибені қазақ тіліне де енгізу – ішкі қажеттілік секілді.

Қазақ тілі – түркі тілдерінің ішіндегі бай, құрылымы жүйелі, тарихы терең тілдердің бірі. ҚР мемлекеттік тілі ретінде оның мәртебесін халықаралық деңгейге көтеру үшін жүйеленген, деңгейлік тіл меңгеру стандарты және соған сәйкес емтихан жүйесі болуы қажет деп ойлаймын.

Бүгінде өзіміз бен қоса, шетел азаматтары мен өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеру деңгейін ресми түрде растайтын халықаралық сертификат жоқ. Бұл түрлі оқу орындарына түсуге, жұмысқа орналасуға, көші-қон процестеріне және халықаралық ынтымақтастыққа кедергі келтіруі мүмкін. Сол үшін де, қазақ тілінен HSK, IELTS, TOEFL үлгісіндегі (Мысалға, «QazTest», «TsotKL (The scope of the Kazakh language)» дегендей) халықаралық емтихан жүйесін қалыптастырсақ, тақиямызға тар келмейін шығар.

Айталық: CEFR (Common European Framework of Reference for Languages) жүйесіне сәйкес қазақ тілінің меңгерілу деңгейлерін (A1–C2) нақтылау әлде басқалай бағалау шкаласын түзу; тыңдалым, оқылым, жазылым және сөйлесім дағдыларын бағалайтын тапсырмалар әзірлеу; емтихан материалдарын әзірлейтін, тексеретін және сертификат беретін тәуелсіз орталық құру; бұл емтиханды онлайн және оффлайн форматта тапсыру мүмкіндігін қамтамасыз ету; қазақ диаспорасы мен шетелдік білім беру мекемелеріне тарату жұмыстарын жүргізу дегендей.

Қазақ тілінің халықаралық деңгейлік емтиханын жасау – тіл саясатын жаңа сатыға көтеруі мүмкін ғой. Қазақ тілін оқуға ынталы қауым мен жастар үшін нақты мотивация болары анық. Сондай-ақ Қазақстанның мәдени-гуманитарлық ықпалын кеңейтіп, мемлекеттік тілдің халықаралық мәртебесін нығайтады деп сенуге болатын сияқты. Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Халықаралық байланыс мекемелері мен тіл мамандары бірлесіп, қазақ тілінің халықаралық емтиханын әзірлеуді бастап кеп жіберсе, құба-құп қадам емес пе?!

Төлеген Меллат ақын, аудармашы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 1760
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 1953