Карл Маркс сақалын неге қырып тастаған?!

1867 жылы «Капиталдың» бірінші томы жарық көрді. Бұл кітап бірнеше ұрпақ революционерлерінің Інжіліне айналды.
Ғасырға әсер еткен еңбектің авторы Карл Маркс ХХ ғ. коммунистік ілімнің «ең басты әулиелерінің» бірі болды. Кешеге дейін адамзаттың жартысы өзін “марксистпін” деп атады. Сондықтан да ойшылдың мифтік бейнесі Маркстың адами тұлғасын көлеңкеде қалдырды. Оның шынайы өмірі жұмбақ еді.
Жақында Батыста Фрэнсис Уиннің «Карл Маркс өмірде» атты кітабы шықты. Ол осы олқылықтың орнын толтырады. Тіпті, кейде сенсациялық деректер айтылды:
1883 жылдың 17 мамырында адамзат бір ұлы генийден айырылды. Ол- Карл Маркс еді. Алайда, оның жерлеуіне бар болғаны 11 адам қатысты. Ол туралы «Таймс» газеті әрбір қатеге толы қысқа ғана некролог жариялады. Оның қабіріне: «Мұнда Карл Маркс жатыр. Ол паспорты да, азаматтығы да жоқ адам» деп жазуға болар еді. Себебі, Германия оны қуып шықты, тұтқындамақ болды, Франция сенімсіздік танытты, ал Ұлыбритания азаматтық беруден бас тартты.Өзі еврей болған К.Маркс антисемит және русофоб еді. Ал, Карлдың әкесі Гиршель Маркс қуғын-сүргіннен қашып, атын Генрих деп өзгерткен-ді, әрі, лютеран дінін қабылдаған. Содан болар, Маркс өзінің шығу тегін жасырмаған, бірақ оны мақтаныш көрмеген. Алайда Энгельспен хат алмасуында оның антисемиттік көзқарасы байқалады. Ол неміс социалисі Фердинанд Лассальді бірнеше рет «жид» және тіпті «еврейлік ниггер» деп атаған. Ал «Еврей мәселесі туралы» еңбегінің кейбір тұстары кейіндегі гитлерлік «Майн Кампфпен» үндеседі.
Маркс патшалық Ресейді жек көрді. Бірақ, марксизм-ленинизм институты оның антиорыстық пікірлерін шығармалар жинағынан алып тастады. Себебі, Ресейге революцияны ұсынған адамның русофоб болғаны Ресейге қажет болмады.
Жастық шағында Маркс бұзық, төбелескіш және ата-анасына жақын болмаған. Ол Триердегі “Студенттік таверна” клубының төрағасы болды – бұл клубта мықтап шарап ішіп алу басты қасиет саналды. Ол жаппай төбелестерге қатысып, көше шамдарын сындырып, тапанша сатып алды. Тек әкесі Генрих Маркстың сотқа жазған көз жасқа толы хаты оны түрмеден құтқарды. Әкесі оның ысырапшылдығы мен ата-анаға құрметсіздігін сынға алған. Карл ата-анасының хаттарына сирек жауап берді, ауырып жатқан әкесінің өтінішіне қарамастан, үйіне барудан бас тартты. Әкесі қайтыс болғанда, Карл жерлеуге де келмеді – ол оны “Берлиннен Триерге жол ұзақ” деп түсіндірді.
Оны жақтастары ысырапшыл санаған. «Капиталды» жазып жатқанда, Маркс бұл еңбек шылымына кеткен ақшаны да ақтамайды деп шағымданған. (Солай болды да: Капиталдың алғашқы бес жүз данасы әрең сатылды. Кейін Америкада оның пираттық бес мың данасы сатылды. Себебі, жарнамада «бұл кітап қалай пайда табуға болатынын түсіндіреді» делінген еді).
Ол көбінесе Энгельстің көмегімен өмір сүрді – Энгельс тоқыма саласымен айналысты. Маркс кейде американдық газеттерге мақала жазып аздап табыс табатын. Пролетариаттың досы ақсүйектерді жақсы көріп, баронесса Женни фон Вестфаленге үйленгенін мақтан тұтты. Ол жеке хатшысыз, курортсыз, балаларына музыка мен би мұғалімінсіз өмірін елестете алмайтын. Бұл үшін әйелінің отбасылық күмісін ломбардқа өткізуге де дайын еді.
Карл Маркс кейде қарызға ақша сұрап, тіпті, өзі қарыз болған наубайшыдан да ақша алған. Бірақ шын тығырыққа тірелгенде, туыстарына жүгінетін. Мысалы, ол әйелін Нидерландтағы саудамен байыған ағасы Филипп Маркстан көмек сұрауға жіберген. Филипп оған 100 талер берді – бұл екі айға жетті. Кейін де ол көмек көрсетіп отырған. Бұл компания кейіннен «Philips» компаниясына айналды, қазір де бар.
Карл Маркс еңбекке мүлде бейім болмаған. 30 жыл ішінде екі рет жұмысқа орналасуға талпынған. Біріншісі – Америкаға керемет лак жеткізу жобасы, бірақ бұл алаяқтық болып шықты. Он жылдан кейін теміржолға кеңсе қызметкері болып жұмысқа тұрмақ болды, бірақ нашар жазуына байланысты қабылданбады.
Маркс көп балалы әке болды. Әйелі Филипп ағасына ақша сұрап кеткенде, үйде күтуші Хелен Демут – Ленхен Карлдан жүкті болды. Тарихшылар бұл оқиғаны «ең құпия коммунистік астыртын іс» деп атады. Тек 1962 жылы ғана неміс тарихшысы Блюменберг Маркстың некесіз ұлы Фредерик Демут туралы деректер тапты. Оны асырап алушыларға берген екен. Кейін ол токарь және лейбористік партияның белсендісі болған.
1882 жылы 28 сәуірде Алжирде жүрген Маркс Энгельске шаштаразға барып, сақалын қырып тастағанын жазды. Бұл оның “пайғамбар бейнесімен” қоштасудың символы еді. Бірақ ешкім оны сол қалпында суретке түсірген жоқ.
Тек қыздары үшін Маркс соңғы рет сақалмен бір суретке түсті.
Бүгінгі батыс әлемі Маркстың осыдан бір ғасыр бұрын қаржы күшінің Атлантикадан Тынық мұхитына көшетінін, азиялық айдаһарлардың пайда болатынын, кремний технологиялары дамитынын және Билл Гейтстің шығатынын болжағанына таңғалады. 1997 жылы «Нью-Йоркер» апталығы Марксты “ғасыр ойшылы” деп атады. Онда бір банкирдің сөзі келтіріледі: «Уолл-стритте жүргеніме қанша жыл болса да, жылдар өткен сайын Маркстың ілімінің дұрыстығын соғұрлым жақсы түсінемін» деді…
Міне, өз ілімімен адамзат тарихына елеулі ықпал еткен К.Маркстың біз білмейтін қырының бір парасы осы
Қазақша ықшамдар аударған
Әбдірашит Бәкірұлы
Abai.kz