Жұма, 9 Мамыр 2025
Мәдениет 580 0 пікір 8 Мамыр, 2025 сағат 12:27

Қазақтың Зулейхасы

Суреттер: Шеріхан Ұлпанның мұрағатынан алынды.

Кіріспе

Татар халқы – терең тамырлы, бай мәдениет пен өркениет мұрасын арқалаған, намысшыл қыпшақ ұрпақтарының бір тармағы. Бүгінде Ресейдің әр түкпірінде кеңінен таралып орналасқан татарлар, сан жағынан орыстардан кейінгі орында тұр. Тіпті ТМД-ның өзге елдерінде де олардың диаспоралары белсенді өмір сүріп келеді.

XIX ғасырдың басына үңілсек, қазіргі Алматы қаласының негізі болған Верный бекінісінің салынуымен бірге Батыс Сібірден қазақ даласына татар саудагерлері келе бастайды. 1860 жылдарға қарай Семейде татар медреселері мен мешіттері ашылып, бастауыш мектептер бой көтерді. Қазақтың көзі ашық зиялылары білімді осы татар оқу орындарынан алған. Айталық, Абай Құнанбайұлы да алғаш ауыл молдасынан сауат ашып, кейін Семейдегі татар медресесінде оқуын жалғастырғаны белгілі.

Қазақ топырағында театр өнерінің бастау табуына татар ағайындардың оқыған-тоқыған, көзі ашық азаматтары ат салысқаны белгілі. Бұл тілі, діні бауырлас халықтардың өзара ынтымақтастығы. Қыз берісіп,  келін алысқан жақындығынан болса керекті.

Татар халқының тарихи тағдыры, отаршылдық кезеңдегі күресі мен қайғы-қасіреті бүгінгі таңда заманауи драматургия арқылы көрерменмен қауышып жатыр. Соның бірі – татар драматургы Гузель Яхинаның «Зулейха көзін ашады» романы. 2010 жылы жазылып, 2015 жылы жарық көрген бұл туынды автордың әжесі Раисаның Сібірдегі қуғын-сүргін жылдардағы өмірінен алып жазған екен. Автор роман кейіпкерлерін нақты өмірлік прототиптерге сүйене отырып жазғанын айтып өтеді. Зулейха – репрессия құрбандарының жиынтық бейнесі болса, қатыгез ене Упыриха образы – жазушының шын өмірдегі туысынан алынған. Роман реализм бағытымен жазылып, психо-философиялық мазмұнға ие. 

Спектакль туралы

Бүгінде, түбі бір түркінің тарихына қызығушылық білдіріп, оны әркім өзінше сахналанап жатқаны  көңіл тойдырады. Соның бірі, Әлібек Өмірбекұлының режиссерлігімен жарық көрген «Зулейха» қойылымы жайында айтсақ.

Қазақ театрына жаңа леп берген, постдрамалық театрдың бір  өкілі Әлібек Өмірбекұлының шығармашылық әдістерінен хабарсыз жан  кемде-кем шығар. Бұған дейін көзім куә болған «Дон Кихот», «Қораз», «Құйын», «Қыз Жібек» сияқты ерекше қойылымдарымен танылған режиссер бұл спектакльде  жаңа форманы таңдағанын байқадық.

Актерлік құрамда: Зулейханы-Салтанат Бақаева, Мұртазаны-Бекжан Тұрыс, Упыриха және Иванды- Азамат Сатыбалды, Юзуфты- Рауан Ахмедов кесіндейді. Спектакльдің алғашқы сахнасынан-ақ қазақы салт-дәстүрдің белгісі анық аңғарылады: сәукеле киген Зулейха жалғыз кілем үстінде мұңлы күйде шығады. Бұл – еркінен тыс тұрмыс құрған қыздың бейнесі. Алайда, көрермен ретінде актрисаның актерлік шеберлігіне баса мән берілетін тұста біз оның бойынан ішкі трансформацияны толық сезіне алмадық. Зулейханың бастапқыдағы - жағаға шығып қалған шарасыз балық бейнесінен, соңындағы бүршік атып, жаңарған гүл кейпіне ауысуында нақты, айқын переход жоқ.

Кейіпкер бастапқыда енесі мен күйеуінің озбырлығынан жапа шеккен жесір болса, финалда — «енді өз жолымды таптым» деген күйде шығуы керек еді.

Бұл ретте спектакльдегі екінші пландағы кейіпкерлердің  ішкі драмасы әлдеқайда айқын, өткір әрі көркем берілгені байқалды. Нәтижесінде, Зулейханың бейнесі кейіпкер ретінде емес, символ ретінде ғана көрініс табады.

Айта кетсек, Зулейхадан гөрі, айналасындағы ер адамдар – Упыриха мен Иван бейнелері көрермен назарын көбірек аударады. Әсіресе Азамат Сатыбалдының қос бейнені қатар сомдауы – кәсіби шеберліктің дәлелі. Оның ене образын «Құйын» спектакліндегі Анна Ивановна рөлімен ұқсастығын байқауға болады: толық денелі, суық келбетті гримм жасалған кейіпкер - Упыриханың қатыгез,тасбүйректігін айқындай түседі. «Ұйықтап қалыңдар, сонда қарындарың ашпайды» деген жолдар – 1930 жылдардағы ашаршылық символикасымен астасып жатыр. Режиссер, Упыриханың төрт баланың өліміне жанама түрде кінәлі екендігі осылай көркем түрде жеткізген.

Бекжан Тұрыстың жаңа кейіпкері - Муртаза. Бұл бейне - бұрынғы көрермен үйреніп қалған жарқын, еркін, шешен образдардан өзгеше. Жасық, өз пікірін айта алмайтын, жалғыз шешесінің ықпалынан шыға алмаған, ішкі еркіндігі тұншыққан адам бейнесі. Бір қарағанда, сахнадағы басты назар Зулейхада сияқты көрінгенімен, оқиға желісінің шынайы драматизмі дәл осы Муртазаның характері арқылы ашылады. Оның ішкі қақтығысы, екіұдай күйі – Зулейханың тағдырына да, көрерменнің эмоциясына да тікелей әсер етеді.

Муртаза – тек Зулейханың күйеуі ғана емес, сонымен қатар заман мен тәрбие тұсауында еркін бола алмаған ер-азаматтың жиынтық бейнесі. Осы арқылы спектакль әйел тағдырымен қатар, еркек болмысының да күрделі әрі қайшылықты табиғатын көрсетеді.

Жас актер Рауан Ахмедовтің алғашқы спектаклі. Режиссердің айтуынша актерден бір ерекше талпыныс байқап, соны қалың көрерменге паш етуге тырысқан. Бірақ,біз Юзуф бейнесін көре алмадық. Анасының жатырында сөйлеп, өмірге әлі келмесе де тағыдырынан хабардар болып жатқан сәбиге бір шынайылық жетіспегендей. Немесе, театр сахнасын жатырқап тұрғаны ма белгісіз, бірақ образ ашылмады.

Білгілер

Әлібек Өмірбекұлының режиссерлік қолтаңбасының ерекшелігі – символдарды терең мағынада қолданылуында. «Зулейха» қойылымында да осы тәсіл шебер қолданылған. Мәселен, сахнаның төріне төселген жалғыз кілем – үш сағаттық спектакль барысында бірнеше мағынаға ие болып, түрлі қызмет атқарады.

Бастапқыда бұл кілем – кейіпкердің туған жерінің символы, ал спектакльдің ортасына қарай ол адамның ішкі күйіне айналады. Зулейха мен Муразаның төсегі, кейін Юзуфқа өгей әкесінен алыстар, қорғаныш панасына айналады.

Сахна ауысқан сайын қойылым кеңістігін қоршап тұрған мультимедиялық бейнежазбалар да үнемі өзгеріп отырды. Бұл көріністер Зулейханың психологиялық хал-күйін көрсетіп, көрерменге визуалды түрде жеткізіп отырды. Мысалы, басында жағаға шығып қалған, демі тарылған балыққа теңелсе, спектакль соңына қарай Иванмен қосылған сәтінде бүршік атқан гүлдің бейнелер шығады. Мұндай шешімдер – кейіпкердің ішкі өзгерісін, рухани өсуін астарлы түрде бейнелеп береді.

Шеріхан Ұлпан, театртанушы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 1978
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 2777