Сәрсенбі, 21 Мамыр 2025
Алаш арысы 506 0 пікір 20 Мамыр, 2025 сағат 16:16

Әлмерек абыз

Сурет: uyguravazi.kazgazeta.kz сайтынан алынды

Ақын Көдек Маралбайұлының «Албан тарихы» атты жырында:

«Айт, Бозым – Сүймендінің екі ұлы бар,

Осылай түсінеді парық еткен.

Өркені тамырлаған бүрлі ағаштай,

Бозымнан – Сары, Жаншық анық өткен.

Сарыны батыр болған деген сөз бар,

Жаншықты Қызыр атаң шалып өткен.

Жаншықтан Әлмерек пен Олжай туып,

Әлмерек батыр өткен бағы өктем...» – деген жолдар бар.

Әлмеректен бұрын өткен бабалар хақында, ілгеріде аз да болса Шоған абызға тоқталдық. Енді Әлмеректің кім екені жайлы азырақ тоқталайық.

Тарихи зерттеулерге қарағанда, Әлмерек Жаншықұлы 1658-жылы туылып, 1754-жылы 96 жасында қайтыс болған. Ол кісінің сүйегі Алматы қаласының шығыс солтүстік шегіндегі «Әлмерек қорымы» деген жерге жерленген.

Әлмерек бабаның туылған уақыты қазақ ханы Жәңгірдің хандық құрған (Жәңгір 1645-жылдан 1680-жылға дейін хан болған) дәуіріне тура келеді. Есімханның орнына отырған Жәңгір ханның басы үлкен, кеудесі кең, бойы аласа адам болғандықтан «салқам Жәңгір» аталыпты. Жасынан соғыс өнеріне жатылып, қайраты таси бастаған Әлмерек осы тұста Жоңғарға қарсы соғысқа енді араласа бастаған екен. 1680-жылы кескілескен қанды соғыста Жәңгір хан қайтыс болып, орнына баласы Тәуке отырды. Ол әкесі Жәңгірдің тұсында асқынған феодалдық алауыздық пен бытыраңқылықты жойып, қазақ елін бір орталыққа бағындыруға күш салды. Ташкент қаласының маңындағы Күлтөбеде үш жүздің басын қосқан құрылтайлар ашып, елдің келелі жұмыстарын ақылдасып щещіп отырды. Осыған қарап қазақ халқы Тәукені – «Әз Тәуке», «адаммзаттың данасы» деп атаса, ол бастаған құрылтайды – «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деп мадақтады. Тәуке хан сыртқы елдермен тыныш-бейбіт қатар өмір кешіру бағытын ұстанды. Оның Қазыбек биді жоңғарлармен тыныш көршілік қатынас орнатуға елші етіп жібергені де осы кезең еді. Бірақ әбден жауығып алған жоңғармен қазақтың келісімге келуі қиын еді. Сондықтан бұл екі жақтың соғысы Тәуке заманында да толастамады. Әлмерек те сол толассыз соғыстың қақ ортасында қол бастап жүрді.

1718-жылы Тәуке хан қайтыс болған соң бұрыннан орталықтан іргесін алшақтатқысы келген кіші хандар мен сұлтандар иелігінің ырың-жырыңы шықты. Осы орайды пайдаланған жоңғарлар 1723-жылы Қазақстанның оңтүстігіне баса-көктеп кіріп, бейғам жатқан елді шауып, қырып-жойып өрттей жалмады. Тірі қалғандардың бір бөлімі жоңғарларға бағынып, ауыр алым-салық төлесе, бір бөлімі бас сауғалап қаша жөнелді. 1724-1725-жылдары жоңғарлар ұлы жүз қазақтарының ең бір шоғырлы, шұрайлы жері Сырдария өңірін басып алды. Орта жүз бен ұлы жүз қазақтары Шыршық өзенінен ары Алқакөл маңынан Бұхара мен Самарханға ағылды. Кіші жүз қазақтары Хиуаға аууға тура келді. Мұны қазақтар «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деп атасты. Қазақ елінің басына түскен осы қырғын апат 1725-жылдан 1728- жылға дейін(үш жыл) жалғасты. Бірақ осындай қиын кезеңде де қазақ халқы жаумен жағаласып, өзінің елдігін қорғауға талпынып, азаттық алу күресін тоқтатқан жоқ.

Осы қан төгіс күрес барысында да Әлмерек баба жүрді, қол бастап, талай шайқастарға қатынасып ерен ерлік көрсетті. Енді бір жағынан, елдің ішкі ынтымағын сақтау үшін де, тұрмыс-тірлігін орналастыру жөнінде де көп қызмет етті. Әлмерек айтты дейтін: «Мал емгеннің бір бүйірі тоқ, жер емгеннің екі бүйірі тоқ» деген сөзі мен «Қазақтың үш баласы ошақтың үш бұтына ұқсайды. Үш бұт бірлесіп қазанды көтеріп тұр. Ошақтың бір бұты кетсе қазан төңкеріледі», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Тозыққаннан торыққан жама» дейтін ақылиялары қазақты оң жолға бастауда елеулі рөл атқарды.

Аңыздарға қарағанда, Әлмерек баба көріпкелі бар, әулие адам болғаны да байқалады. Ол соғыста жаудың қашан, қай шетінен қалай келіп тиісетінін біліп, қазақ қолын сақтандырып отырады екен. Соның нәтижесінде бір сыпыра шайқаста қазақ қолы ырықты орында тұрса керек. Бұрынғы шабуылдарда ылғи жеңісті орында тұрып келген жоңғар қосындары мұның себебін таба алмай дал болады. Бір күні моңғұлдың бір жауырыншысы мұны біліп қалады да, әскерлерін атқа теріс мінгізіп ұрысқа аттануды, сол арқылы қазақтың көріпкелі бар Әлмерек әулиені алжастыруды айтып, жорыққа сол бойынша беттетеді. Әлмерек абыз күндегі әдеті бойынша дөңге шығып, жау жағдайын ойша барлайды. Сонда ол кісінің көзіне беті ары, арты бері қараған қалың қол көрінеді. Мұның не жағдай екенін алғашында айыра алмаған абыз орнынан бір тұрып, бір отырып дегбірсізденіп кетеді. Мұны көрген сарбаздары:

– Тақсыр, бұрын мұндай күйге түспейтін едіңіз, мұныңыз қалай? – дейді.

Сонда Әлмерек абыз:

– Алла-ау! Алла-ау! – деп айқайлап жібереді.

– «Аллауы» несі? – дейді жанындағылар.

– Қалың қолды атқа теріс мінгізіп келе жатыр. Бүгін түс болмай жетеді. Жаудың әскері бұрынғыдан неше есе көп екен. Сақадай сайланайық! – дейді.

Соның арасынша шолғыншылар келіп, жаудың әлгінде абыз айтқан тәсілді қолданып келе жатқанын мәлімдейді. Алдын ала қамданған қазақ қолы өзінен әлденеше есе көп жаудың тас-талқанын шығарып шегіндіреді.

Сол әулие бабадан – Жәнібек, Құрман, Баба, Тоқан, Қаракісі және Еділ (Елдей деп те аталады), Жайық, Жұмық деген сегіз бала туылады. Зерттеуші Ораз Қауғабаев өзінің «Әлмеректің бес баласы және Еділ-Жайық» дейтін еңбегінде, ел арасындағы аңыз-әңгімелерге сүйеніп Әлмерек балаларының қасиет,ерекшеліктерін былай баяндайды:

«Найман еліндегі атақты бір бидің асында Жәнібек жамбы атудан, Құрман палуан күрестен, Тоқан жорға жарыстан, Баба шешендік сөзден, Қаракісі тағы бір өнерден алдарына жан салмайды. Бұдан кейін болған бір шіріген байдың асында Әлмерек тағы бес баласымен барып, бір күннің ішінде байып, күллі албан-дулатты аузына қаратты. Өзіне және балаларына дарыған жақсылық ниет, бақ, қасиетпен бұлар бәйгеде бәстесіп, 50 сайгүлік тігіп, оны 500 жылқымен қайтарып алды. Күш-қайрат сынасатын бәйгедеекі ұлы құнан өгіз, тайлақ көтеріп, бір ұлы өзегіне қорғасын құйған қамшымен түйе құлатып, бұрын-соңды болмаған керемет көрсетеді...»

Ел ішіндегі тағы бір аңыз да оның ел қорғаны, ақыл айтар серкесі болғанын көрсетеді: бірде абыз баба түс көреді, түсінде екі етегі екі жақта, айдалада жалғыз шауып келе жатады. Сонда құлағына «етегіңді жи, еліңді жи» деген бір дауыс келеді. Жан-жағына қарап дауыстың қайдан шыққанын айыра алмайды. Дауыстың қаттылығынан оянып кетеді. Сонан өз түсін өзі жорып «Е, бұл еліңнің бас-аяғын жина» дегені екен ғой деп албанның бас-аяғын бір жерге жинап, қайтадан байырғы қонысы Іле мен Текес бойына бастап келген екен дейді.

2000-жылы «Дәуір» баспасынан шыққан «Хантәңірі етегі – Райымбек баба мекені» атты кітапта:

«Болашағын болжағыш көріпкел әулие баба бірде түс көріп, өз түсін өзі жорып, балалары туралы жорамал жасаған екен. Сонда: Құрманым – көптің белгісі екен, алды кең, айтар сөзі жарлық екен. Тоқаным – торым екен, ыстық-суыққа бірдей қолым екен. Қаракісімде қалар шаңырақ, өрісім осы жаман немемде қалады екен депті» деп жазады.

Албандар ішінде таралып жүрген тағы бір аңызда айтылуынша: «Жәнібегім – қаруға әуес еді, игі-жақсының ажалы оқтан бола ма, Бабам – сөзден ұпайын жібермес» депті.

Кейін сол әулие бабаның айтқаны келсе керек. Әлмерек баласының ішінде Құрман ең көп өскен ру, албанның басқа рулары құрманның көптігін – «қабырға жетпес қара құрман» деп бейнелейді. Ал Жәнібектен Бәйсейіт батыр, оның немересі Пұсырманбай батыр, оның баласы Тазабек батыр, оның немерелері Жақыпберді батыр мен Әубакір батырлардың тағдыры сол әулие абыз айтқандай болғаны рас.

Жалпы Әлмерек балаларының ұрпақтарынан, бұл аталғандардан сырт, Малыбай батыр, Түменбай батыр, оның баласы Алпар батыр, оның баласы  Сауырық батыр, оның баласы Ұзақ батыр және Шалтабай батыр, атақты күйші Қожеке батыр, Қашаған би, Қаба би, Божбан би, Сыбанқұл би, Саза болыс, Мұсатай болыс, Кәрібоз болыс қатарлы атақты адамдар өткенінайтуға болады.

Өмір жолын жоңғарға қарсы күресте сарбаз болудан бастаған Әлмерек баба 1730-жылдардағы жеңістен соң ел-жұртының етек-жеңін жиып байырғы үйсін жұртына қоныстандырғаннан кейін елінің екі бүйірін тойғызу үшін ата кәсіп малмен бірге егіншілікпен шұғылданған. Қазақстанның Алматы облысына қарасты Шелек ауданының Шелек өзенінің шығыс қыратындағы кең жазыққа Баба, Бәйсейіт, Малыбай қатарлы ұрпақтары тоған қазып, су шығарып, егін егіпті, сол тоғанның жүлгесіне кейін көп ел қоныстанып қалың мәліге айналған. Сол тоған жағалап салынған елді мекендер қазірде «Бәйсейіт», «Баба», «Малыбай» деп аталады.

Қазақтың бір туар ұлы перзенті Дінмұхамет Ахметұлы Қонаев бірде жазушы Тұрсын Жұртбаевты қабылдап: « Алматының іргесінде Әлмерек бабаң жатыр. Мені кішкене кезімде әкем басына ертіп барып, құран оқып, жолаушы жүргенде ол кісінің басына ат басын бұрып, құран оқымай кетпейтін, ондай қасиетті адамды ұрпақтары білсін, насихаттап айтыңдар!» – деп кеңес беріпті.

Өмірінің соңына дейін тағдырын ел тағдырымен берік байлаған осы әулие бабаның ұрпақтары ол жатқан «Әлмерек қорымына» сегіз баласын бейнелеп сегіз құлақты зәулім кесене (күмбез) және тәуапшыларға арнап сегіз бөлмелі жатақ үй салды. 2002-жылы сегіз баласынан тараған ұрпақтары 150 ден артық үй тігіп, үлкен ас берді. «Әлмерек тарихи-мәдени қоры» құрылды.

Әлмерек аты сегіз баласымен шектелмей, тіпті ұлы атасы Бозымнан тараған албанға ұран болды.

Тәліпбай Қабаев

әдебиеттанушы баспагер

«Көдек Маралбайұлы» зерттеу кітабынан (ҚХР Ұлттар баспасы 2004-жыл)

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 2759
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 4496