Қазақ тілі – Тәуелсіз елдің тірегі ме, әлде ұмыт қалған үміт пе?

Міржақып Дулатовтың ғасыр бұрынғы жанайқайы бүгінгі күнде де өзекті. Қоғам қайраткері Дос Көшімнің пікірінше, қазақ тілі әлі де толыққанды мемлекеттік тіл мәртебесіне ие бола алмай отыр. Оның айтуынша, тілдің қоғамдық және ресми салалардағы қолданысы өте төмен деңгейде қалып отыр. Бұл жағдайды өзгерту үшін нақты заңнамалық шаралар қажет. Дос Көшім жаңа «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдауды ұсынуда, бұл заңда мемлекеттік тілдің қолданылуы мен оны бұзғандарға қатысты жауапкершілік нақты көрсетілуі тиіс.
«Мен заманымда қандай едім? Мен – ақын, шешен, ділмар, бабаларымның бұлбұлдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Жарға соққан толқындай екпінді едім. Енді мен қандаймын? Кірленіп барамын, былғанып барамын, жасыдым, мұңайдым…» – деп, қазақ тілінің мұңын ғасыр бұрын-ақ Алаш арысы Міржақып Дулатов тебірене жеткізген еді. Бұл сөздер – ұлттық тілдің тағдырына жаны ашыған жүректің шынайы үндеуі. Қазіргі кезеңде де бұл жанайқайдың мәні мен маңызы жойылған жоқ. Осы орайда біз қоғам қайраткері Дос Көшіммен тіл мәселесі жайында сұхбаттасқан едік.
– Бүгінгі таңда қазақ тілінің қоғамдық және ресми саладағы қолданыс ауқымы қандай?
– Өте төмен. Жалпы мемлкеттік тіл өзіміздің заңымыз бойынша Қазақстан территориясының барлық саласында қолданылуы керек, қоғамдық, экономикалық, саяси, есеп саласында, бюджет, бизнес тағы басқасында. Қазақ тілі ондай дәрежеге жеткен жоқ. Қазақ тілі әлі де отбасының қасында қалды, одан кейін БАҚ біршама қазақ тілі бар, бірақ орыс тілімен салыстыруға келмейді. Менің ойымша орыс тілде БАҚ бізден 10 есе көп сияқты. Қысқасы ешқандай ауқымын көріп отырған жоқпыз және мемлекеттік тілдің қолданыс ауқымы қандай, басқа тілдердің қолданыс ауқымы қандай дегенді зерттеген, мониторинг жасағанды осы уақытқа дейін естіген жоқпын. Сол зерттеуден ұялатын да сияқты, бірақ сол зерттеуден кейін қазақ тілінің нақты қолдагнылу деңгейі көрінеді. Сондықтан бұл сұраққа ешкім жауап бере алмайды. Ал егер салыстырмалы түрде жауап берітін болса, жауап біреу-ақ6 қазақ тілінің қоғамдық және ресми салада қолдану ауқымы өте төмен. Басқа елдердегі мемлекеттік тілдің қолданылу ауқымымен салыстыруға келмейді.
– Мемлекеттік тілді дамыту мен кеңінен қолдану үшін қандай нақты шаралар қолға алынуы керек?
– Осы соңғы 30 жыл тәуелсіздік алғаннан кейінгі айтылып жатқан мәселе тілге байланысты көрестіліп жатқан тіл туралы заң, мемлекеттік тіл тіралы заң жасалу керек, Соның ішіне біздің қазіргі кезектегі көтеріп жатқан барлық мәселелер жеке – жеке бап болып енеді. Мысалы неліктен елдің басшылары,ресми тұлғалар ресми тілдегі кездесулерде мемлекеттік тілде сөйлемейді? Ол міндетті болу керек, Президенттің жолдауы да жартысын орысша, жартысын қазақша айтады, ол заңсыздық деген сияқты мәселелердің барлығын айтып, бір заңға сыйғызу керек. Сондықтан тілді дамыту үшін және оның қолданылуын нақтылау үшін заң керек. Заң сол үшін арналады, заңның ішінде мемлекеттік тілдің орны, оның қолданылуы, қажеттілік жасауы, талап етілген жерде қолданылмаса жазасы берілетін жайттардың барлығы заңның ішіне кіруі керек. Ондай заң жасалып шықты, біз оны 13 жасадық. Ол менің кітабымда жарияланды. Сол уақытта 5 газетке жарияланды. «Қазақстанның мемлекеттік тіл туралы заң жобасы» деп аталады, бірақ қазіргі депуттатардың бірде – біреуі дайын заңды ұсынбай отырғандары таңғалдырады.
– Бүгінгі уақытта еліміздегі қазақ тілінің қолданылуы деңгейіне көңіліңіз тола ма?
– Жоқ, өкінішке орай қазақ тілінің қазіргі қолданылу деңгейіне еш көңілім толмайды.
Қазақ тілінде осыншама мектеп ашылда, осынша балабақша ашылды дегеннің бәрі жәй сөздер. Иә, мүмкін ертең 90% қазақ тілін білетін адамдар, қазақтар болатын шығар. Бірақ қазақ тілінің қолданылу аясы 3-4% қана болып, 95 пайыз орыс тілін қолданатын болсақ онда біздің ұлт есебінде жойылғанымыз.
– Қазақ тілі – елішілік мәселелерде ықпал етуші, шешуші рөл деңгейіне жетті ме?
– Қазақ тілінің Ұлт аралық қатынас тілі деген бір бағыты бар елшілік мәселеге кіретін. Бірақ ондай деңгейге жеткен жоқ. Елшілік мәселерде орыс тілі бірінші орында тұр және жақын уақыттарда бірінші орында тұра беретін сияқты. Бұл тілді қоғамдағы қажеттілік жасау деген мағынаға кіреді. Қоғамда қазақ тілі деген қажеттілік бар ма? Қазақ тілін білмейтін адам нан сұрап жей алмайтындай жағдайға жетті ма? Қазақ тілін қолдану өмірлік міндетке айналды ма? Мысалы Германияда жүріп неміс тілін білмесек қандай жағдайға түсетініміз белгілі ғой. Міне осындай мәселелерді тілге қажеттілік жасалу дейді. Елшілік мәселе осыдан шығады. Ондай шешу деңгейге қазақ тілі жетпек түгілі жақындаған жоқ.
– Қазақ тілі - мемлекеттік тіл ретінде лайықты дәрежеде қорғалған тіл деп айта аламыз ба?
– Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде лайықты дәрежеде қорғалған деп айта алмаймын. Себебі қазақ тіліне қатысты айтылып жатқан сөздерге заң жүзіндегі баптарды көрген жоқпын. Енді екінші бір мәселе бар. Соңғы уақыттарда мынандай пайда болды жалпы қазақтар ұлт есебінде біріне - бірі ақыл айтады, бірін-бірі сын айтады. Ол барлық халықта бар. Қазақ қазаққа қазақша сөйле, сен не тіліңнен айырылып мәңгүрт болып кеттік пе деп айтуға құқығы бар. Қазір айта алмаймыз, ол үшін сені жазаға тартуы әбден мүмкін. Біреудің ар-намысы, жеке басына тиетін сөз айттың дегенге байланысты. Өйткені Магнумдағы соңғы мәселе сондай ойға алып келді. Тапсырыс берген жігітке алып барған қазақ жігіті неге қазақша сөйлемейсіз, қазақ тілде сөйлесеңізші деген сөз үшін жұмыстан шығып кетті. Ал қазақ халқының біріне-бірі айту, бірін-бірі дұрыстау құқы бар. Ол біздің ұлттық қасиетіміз. Қазір болса біз соны айтқызбайтын деңгейге жеттік. Көрдіңіз ба тілді сонда қалай қорлаймыз. Тілді қорғайтын ешқандай орган жоқ. Керек десеңіздер тіл заңы бұзылған уақытта прокуратура араласа алмайды. Ол тіл басқармасының, әкімшіліктің мәселесі деп. Мен бірнеше соттарда болдым сонда түсінгенім мүлде қорғалмаған, заңдық негізде де басқа түрде де қорғалмаған. Тіпті қазақша жазылмаған жерлерде ескерту де беруге болмайды. Мойындауымыз керек мемлекет барынша қазақ тілін қорғамаудың жолдары мен , тәсілдерін жасап қойғандай.
– Қазақ тілі - доминант тіл ме?
– Өкінішке орай қазақ тілі доминант тіл емес. Қазақстанда қазір орыс тілі доминант тіл және жылдан жылға оның доминанттылығы ұлғайып келе жатыр. Енді ең соңғы сорақы мәселе оңтүстік облыстар ғана, бір 3 облыс қазақтанып келе жатқан, қазақ тілін қолданып келе жатқан облыстарды көрген мемлекетет И.В.Путиннің мектептерін саламыз деп Ресеймен келісімге келді. Басқа өңірге, басқа аймаққа емес қазақтанып келе жатқан жерді қайтадан орысқа айналдырамыз деп. 3 мектеп біреуі Қызылордада, біреуі Таразда, біреуі Түркістанда салынатын болды. Ең қызығы, ең масқарасы сол жерде ешқандай уақытта бізде орыс тілге қажеттілік бар, орыс тілді мектепке баратын бар дегенді 30 жылдың ішінде естімеппін. Балалалар туралы конвенцияға қол қойылды, сол бойынша балаларды қай мектепке беретіні ата-аналардың құқығы. Бізде осы құқықтан айырып, Ресеймен келісіп орыс мектебін салып жатыр. Оған ешкім бармайтын шығар, жоқ мемлекет салып жатыр ма мемлекет оқушыны табады. Қысқасы біздің балаларымыздың қай мектепке баратынын мемлекет шешетін болды және орыс тілді мектептерге баруға мемлекет бағыт беріп отыр. Бұндай сорақылық бүкіл әлемде жоқ. Қазақ тілді облыстарға орыс мектептерін салу бұл не деген үлкен заңсыздық? - деп жауап қатқан болатын.
Аружан Рымқұл, Қазтай Айгерім
Abai.kz