Сейсенбі, 1 Шілде 2025
Әдебиет 388 0 пікір 1 Шілде, 2025 сағат 12:41

Арқақасыр

Сурет:Ақиқат - kazgazeta.kz сайтынан алынды

«Сен ғылым докторысың» деп сыбырлап тұратын ішіндегі үнді тыңдап, Ғалымбек талай жылды өткізді. Ақыры алданғанын білді, апақ-сапақта Алматы көшесінде бір кәріс олиграхтың баласымен жолға таласты, зулаған қорғасын оқ желкесін сипап өтіп жаны ажалдан қалып Құдайын таныды.

Мешіттің жаны адамдар ығы-жығы, жол сақшылары да көліктерін уылдатып намаз оқымаса да қабаттасып жұр. "Қалай ғана елдің өкшесіне басымды ұрып, неге тоңқаңдауым керек, батыр аталарымыз ешқашан ешкімге бас имей қасқайып өтті емес пе?! "саған не жетпейді, бұнда неғып жүрсің" деп басқалар айтса не деймін... Ғалымбек күмбірлеп өзімен өзі сөйлесіп келеді... жүйткітіп келіп бағдар шамға тоқтады, енді сифрды санап жасылдың жанысына газды басқаны сол қызылға қарамаған алып жип оқтай зымырап жанын алып кетуге шақ қалды. Ғалымбектің жүрегі тоқтай жаздады, тұрған жерінде рухы көкке ұшып әлмисақта Жаратушыға берген сертін есіне алды...Әлемді жайлаған тәж кеселімен ауырып өкпесі үлкейіп тыныс алуы қиындай жасанды апаратқа қосылды, сол сәтте "осыдан аман шықсам Иа, Алла мешітке барамын" деп іштей уәде еткен-ді, су ішерлігі бар Ғалымбек міне қазір өз әлсіздігін мойындап, маңдайын сәждеге ұрып Жатушысынан оғаш ойларына кешірім сұрап, қатқыл жүрегі жұмсарып, жүзі нұрланып апта бойы жасаған кіші күнадан тазарып, бақытты адамдардың қатарында қотарыла сыртқа шықты, қара нөпір ел, көбі жастар көшеге симай жөңкіледі. Айналаның бәрі күліп тұрғандай, адамдар бір-біріне шаттана қарайды. Әр жартылыстан Құранды оқыған тақуа жандар өзідерімен өздері күбірлеп төмен қарап кетіп барады...Яхуди қауымы сенбі құлшылық жасайды, хиристандар жексенбі шіркеуіне барып шоқынады...

Мешіт сыртында пловтың исі мұрын жарады, «тегін тамақ алыңыздар, тек Алла ризалығы үшін бізді іштеріңізден бір өткізіп дұға жасап, ала берсеңіздер бізге сол жетеді» деп кеудеше тартып, салафан қолғап киген жас жігіт көз ілестірмес жылдамдықпен тайқазаннан буы бұрқыраған марқаның азу тісіндей ақсары күрішті араластыра дайын пласымас ыдысқа салып, үстіне туралған еттен там-тұмдап тастап, екінші адамға қол созады, Ғалымбек те ел қатары бір полвты алып көлігіне келді...

Жол тосып тұрған алып денелі қазан бас ақсақалдың жанына тоқтай қалды. Ақсақал деп жас шамасына қарап айтып тұрғаны болмаса, сақал түгіл мұрт та жоқ. Көктайғақ кемпір бет үлкен еркек. Машинаға мінгенде бірден аяғына көзі түсті тапсырыспен тіктірмесе дүкендерде ондай аяқ киім жоқ-ау, абажадай алып аяқ. Алдыңғы орынға жайғасқан ақсақал отырысына әңгімені өзі бастай жөнелді.

-Әлгі қожанасырдың қайран жастығым-ай дейтіні бар емес пе... жас кезім-ай...

-Ата қаншаға келдіңіз.

-Сен маған қанша жас бересің?

- Меніңше жетпістің желкесіндесіз-ау.

-Биыл 89 ға келдім.

-89 ға ұқсамайсыз. Сіздің әлі жағыңыз солып, етіңіз таймапты, екі иғыңызда екі жігіт отырғандай, тек солғын тартқан жанарыңыз жасыңызды аздап айтатындай...

-Жастығым деп қалдыңыз, үстіңіздегі костюм-шалбарыңыздың сыры кетседе сыны кетпей тұр, шенді-шекпенді болғансыз-ау шамасы.

-Дәл айттың, сен өзі көзі өткір жігіт екенсің. Мен зам министір болған адаммын.

-Бәсе, бәсе әлі күнге басыңызды тік ұстап сергек жүреді екенсіз.

-Екі универді орыс тілінде тауысып, еңбегіммен төменнен өстік-қой. Орыстың тілін жеттік біліп, заң оқыдым. Басында мысық болып бергенін іштік, кейін түлкі болып бұлаңдауды үйрендік, кейін шибөріше таластық, одан аз жылдан кейін көкбөріше жұлқыстық, одан соң ақырындап арыстан болмасақта жолбарыс мінез байқаттық....министірдің дәл өзі болуға шақ қалғанда зейнет жасым толып кеткенін білмей қалыптым. Өмірде өтіпті....

-Арқақасырыңыз бар ма?

-Е...ол кісі бірнеше жыл болды кеткен арғы дүниеге...

-Бала-шағамен тұрасыз ба?

-Үш ұл, екі қызым бар. Бәрі де осы Алматыда. Бірақ мен жалғыз тұрамын.

-Оныңыз қалай.

-Қызымның қолына барып көрдім, байқұстар азаннан кешке дейін жұмыста, жерге жарық түспей кетеді, ел жатқанда сүрініп жығылып үйлерін зорға табады. Ол жерде жалғыз омалып үй баққанша деп өзімнің үйіме қайтып келдім.

-Ұлдарға бармадыңыз ба?

-Ұлдар құрсын әйелінен аса алмайды....

- Тамақ, кір, қол тағы басқа дегендей... оны қайтып атқарасыз.

-Ақшасын төлесең арқақаситындар көп емес пе? Соларға...тамақ істетіп, кір қолды жудырып тағы басқа қажетті дегендей... (Ғалымбек шошына шалдың бетіне бажыраия қарады).

-Сонда қалай?

-Қалайы несі, әйел көп емес пе қазір...

-Ата-ау, некеңізді қидырып арқақасытпасаңыз үлкен күна болады-ғой.

-Ей, балам күна-пұнаңды білмеймін. Кәдімгі адамдарша өмір сүрудемін.

-Ата-ау, Құдайдың ең жек көретіні кәрі зинақор. Кім көрінгенге арқа қасытсаңыз ол зина болады. Ал  неке қидырып бірге тұрсаңыз сауап аласыз...

-Анау көп тоқалы барлар, көшеде өзін сатып тұрған қыздар да жүр, оның жанында менікі қалыпты адамның ісі емес пе?

-Әр кім Құдайдың алдында өзі ісіне өзі жауап береді. Елде неңіз бар...Өзіңізді ойлаңыз.

-Маған ондай ертегіңді айтпа...Тоқтат көлігіңді, басқа машинаға мінем...

Жол шетіне тоқтай беріп,

-Ата мен сізге жаным ашып айтып отырмын... үлкен жасыңызды сыйлап тоқтағам, ақшаңызда керек емес...

-Ей, мына заманда үлкенді сыйлайтын, ақшаға қызықпайтын адамдар бар ма?

-Міне мен бармын. Қаласаңыз сізді ұлдарыңыздың біреуінің үйіне апарайын...керек десеңіз сөйлесейін...

Бір аяғын тысқа шығарған шал аз кем ойланып қалды...

- Ақшасын төлеп әйел шақырсам, қате деп тұрсың ба?

-Ата-ау. Қатесі былай тұрсын. Үлкен күна болады.

-Зина деген сөзді түсіндірші.

-Некесіз бөтен әйелге арқа қасыту.

Асау шал бағанағыдай емес аздап жуасып қалды.

-Е, сонда болмайды де. Арқа қасытпай-ақ тамақ жасатып, киім жудырып тұрсам да болмай ма?

-Болмайды. Күнаға жақындауға болмайды. Сіздің бір өзіңіз бөтен бір әйелді үйіңізге шақыруыңыз күнаның басы саналады.

-Онысы қалай?

-Сіздің күшіңіз бойыңыздан қайтып қаусап тұрғаныңыз шамалы. Бөтен әйелмен екеуіңіз отырғанда үшінші бір бөтен нәрсе келеді. Ол сізге де, әйелге де ақырындап ой салады. Сол ойлар үлкейіп бір жол болмасада келесі жолы арқаңызды қастып қоясыз.

-Әй, сен өзі бір жақсы жігіт сияқтысың.

- Үшінші ой беретін пәле сауыт кимеген адамды шалқасынан түсіреді.

-Ол не жасырып отырған үшіншің.

-Ол шайтан.

-Ол бұрын болған шығар, қазір жоқ емес пе?

-Қызыл үкімет бізді шайтан жоқ деп, дінімізден айырды емес пе?

-Сол сенің дініңді заманға сай қайта жасауға болмай ма?

-Атасы-ау, Алла бізді бір тамшы лат судан жаратып, ас-суы таусылған тірі жан иесін қайтадан өзінің алдына есеп беруге жинайды? Сіздер әуелі осы заңдылықты өзгерте алар ма едіңіздер...

-Ол өзгермейтін нәрсе...емес пе.

-Онда сол заңдылықты жасаған Жаппар Хақ барша әлемді хикіметпен жаратқан....Қазақтың ғұламасы Абай адамның ақылы қысқа жіп сияқты сол қысқамен Жаратушының шексіз ілімін қайтып өлшемексің демеп пе еді.

Шал аяғын көлікке қайтадан салды...

Шал да үнсіз, Ғалымбек те үнсіз... көлік зулап келеді...

Нұрхалық Әбдырақын

Abai.kz

0 пікір