Сәрсенбі, 9 Шілде 2025
Ақмылтық 201 0 пікір 9 Шілде, 2025 сағат 17:43

Дұрысты дұрыс де, бұрысты бұрыс де!

Сурет: datnews.info сайтынан алынды.

Біз Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапимен тағдырлас адамбыз: ол өмірінің көп  бөлігін «Дат» газеті арқылы елімізде тамырын терең жайған авторитарлық‑коррупциялық  жүйемен күреске арнаса, осы газеттің тұрақты авторы ретінде мен де оған үнемі қолдау білдіріп, жүйеге сыни мақалалар жазумен болдым... Ол үшін ешкім де бізді бастан сипамады... Міне, қазір қоғамда депутат Е.Бапидың ақпараттық желілерде жарияланған «Ескі де, жаңа ел туралы қисынсыз мифтер» атты мақаласы қызу талқылануда ‑ үнсіз қала алмадық...

Бапи кенеттен «президентшіл» болған жоқ!

Елімізде, ұзақ уақыт өте келе авторитаризмнің бірден‑бір тірегі «суперпрезиденттік басқару жүйесі» кенеттен өз орнын босатып, ел билігіне Қ.К.Тоқаевты ұсынды. Сөйтіп, қоғамда біз күткен «революция» жүзеге аспай қалды...

Сол кездері, қоғам «билік трансформациясы» оқиғасын қызу талқылап жатты... Осы мәселеде біздің Ерекеңмен ойларымыз бір арнада тоғысты. Ол – Әл Фарабидің «ел басқарушы тұлғаға берген сипаты» және «жаңа президент Қ.К.Тоқаевтың сол сипаттарға мейлінше сәйкестігі» туралы сұрақтар болатын. Оған себеп, әуелі, біздің «Жүзі жақсыдан түңілме» деген қарапайым  қазақы ұстанымда болуымыз болса, екіншісі, жаңа перзиденттің алған білімі мен өмір тәжірибесі Әл Фарабидің ел басқарушыға айтқан талаптармен үйлесіп тұруы еді...

(Шынында да, қазақтың небір атақты зиялысын жастай  көріп өскен, одан қалды өз заманының озық оқу орнында тәлім алған адамның жабайы дүниеқоңыздық пен атақ‑даңққұмарлықтың жетегінде кетеді деу – адами да, тәңіри де қисынға келмейтін‑ді...).

Қоғам да осы ойға тоқталған болатын. Ермұрат та осы ойды түйіндеумен болды... Себебі, ол сынаған «жабайы капитализм» шын мәнісінде «елбасизм» деңгейіне жетіп, оның ел тәуелсіздігіне  қауіп төндіре бастағаны белгілі болды... Бұл туралы кандидат Е.Бапи өзінің сайлауалды кездесулерінде халыққа ашық айтты да!

Е.Бапи және т.б. ұсынған «Жаңа Қазақстан» атауына неге қарсы болдық?

Жаңа президент билікке келе салысымен «Жаңа Қазақстан» концепциясын ұсынды. Сол кезде бәрі  түсінікті болды: енді, Қазақстанның мемлекеттік құрылымы мен басқару жүйесі түбегейлі өзгеріске ұшырайтыны,  яғни, өмірге бұрынғыдан өзгеше мемлекеттік модель пайда болатыны айқындалды. Бірақ, бұл атаудың түп негізі бірқатар оппозицияшыл азаматтардың Ә.Қажгелдинмен Еуропадағы кездесуінен кейін пайда болғаны  жасырын емес. Бірақ бұл атау (Жаңа Қазақстан) бізге (бірқатар азаматтарға)  ұнамады. Соның ішінде мен де болдым. «Қазақ әдебиеті» газетіне сыни мақала жазуға тура келді. Ондағы айтылған ойлар «Жаңа Қазақстан» атауы қоғамды өзгерістерге бастауға қауқарсыз және оның деклорация күйде қалатыны баса айтылды. Ал, қоғамды талапқа бастайтын, саяси белсендгін арттыратын ұран «Әділетті Қазақстан» болуы тиіс. Өйткені, «әділеттілік» сөзі мемлекет басқару  принципі бола алады, ал «жаңа» дегенде ондай мағына анықталмаған. Бұның тек «ескі‑жаңа» деген қолданыста ғана өз орны бар. Халық, сөйтіп, «жаңаның» не екенін түсінбей, әрі‑сәрі күйде қала береді дедік.

Әділетті сөзі ше? Ол халықты оятады, барлық деңгейде  халық әділеттілікті талап ете бастайды. Яғни бұл, сөйтіп, ұлттық сапаны арттырады, халық осы талапты қоя отырып, ескі жүйе қалдырған «әділетсіздікті» қирата бастайды дедік. Сөзіміз жетіп, көп ұзамай мемлекеттік даму принципі ретінде «Әділетті Қазақстан» термині айтыла бастады. Бірақ, осының қолданысқа енуіне Ермұрат Бапидың және өзгелердің «жаңа Қазақстанды» өмірге әкелуі қажет еді. Онсыз, отыз жылдық авторитарлық езгіден әбден бейсаясаттанған халықтың өз бетімен ояна қоюы екіталай болатын...

Депутат Е.Бапи кімнің мұңын мұңдайды?

Жоғарыда аталған мақалада Ермұрат Бапи қоғамдағы іргелі мәселелерді көтерді. Кейбір «авторлар» мұны «оппозициядан айну» деп те бағалап жатыр. Шындығында, Ерекең өзінің «халықшыл‑мемлекетшіл» позициясынан ауытқыды ма? Жоқ, олай деп айтуға ешкімнің қақысы жоқ. Неге десеңіз, Ерекең үшін бүгінгі өзекті мәселелердің бәрі президенттің жеке басына тіреліп тұрған жоқ. Ол үшін Ел билеушінің өзінен де оның халықты мемлекеттік дамудың «саяси субъектісіне» айналдыруға үндейтін үні маңызды. Мейлі, президент ертең ауыссын, алайда, содан кейін президент Тоқаевтың «халықты тыңдайтын билік болсын» деген талабы ешкімге керек болмай қала ма? Қалмайды, әрине. Ендеше, Ерекең де президент үшін емес, «тыңдайтын үкімет болса» деп күресуде! Ал, бұл, шын мәнісінде әділеттілікті аңсаған халқымыздың көкейкесті арманы емес пе?

Сондықтан, мен депутат Ермұрат Бапидың көзқарасы еш өзгерген жоқ, сол мемлекетшіл‑халықшыл бағытта қалды деп сеніммен айта аламын. Ал, енді, ол қарапайым азамат ретінде барлық деңгейде мемлекетшілдікті орнықтыруды, азаматтық қоғамды қалыптастыруды көтеріп жүрген президентті қолдаса – оны қалай түсінеміз? Бұрынғыға салып, «жағымпаздық» дейміз бе? Демейміз, олай деу ұят. Әлде, бұрынғының «тек мені тыңда, мен ғана жақсылық жасаймын» дегенін қарама‑қарсы  бағытқа бұрып, «менімен бірге болыңдар, жақсылыққа бірге жетейік» деген адамды (президент пе, басқа ма – маңызды емес) қаралауды әділеттік дейміз бе?

Міне, Ермұрат Бапидың мақаласын оқи сала, ойға келген экспромт ойлар осы болды. Әрине, оның көлемді мақаласының әрбір пунктіне жеке‑жеке тоқталу қажет‑ақ. Өйткені, Ерекең өзі айтқандай, халқымыздың жігері езгіден әбден мұқалып, жасып қалған деген сөздің де жаны  бар. Сол себептен, елдің еңсесін көтеріп, осындай мақаламен халықты мемлекетшілдікке шақырып қоюды Ерекең осы жолы да өзіне мақсат тұтқан болар деп ойымды аяқтаймын. Әрі қарай талдау қажет боп жатса – оны да көрерміз...

Әбдірашит Бәкірұлы,

философ, «Қазақ әлемі» қоғамы жетекшісі

Abai.kz

0 пікір