Қазақстандағы ЖЭС құрылысы: Оңтүстік Корей Ресейді алмастыруы мүмкін

Қазақстан 2,4 миллиард долларлық үш станса жобасына Оңтүстік Корея мен Қытай серіктестерін тартуды қарастыруда.
Қазақстан үш жаңа жылу электр стансасын салу жобасында Ресейді Оңтүстік Корея мен Қытай компанияларымен алмастыруы мүмкін, деп хабарлайды бірқатар шетелдік БАҚ.
Ресейлік «Интерфакс» агенттігі 9 шілдеде «Қазақстанда үш жылу электр стансасын салу жобасына Оңтүстік Корея мен Қытай компаниялары қатысуы мүмкін, бұл бағытта барлық ықтимал мердігерлермен келіссөздер жүріп жатыр» деп хабарлады.
Агенттік Қазақстан Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілиястың сөзіне сілтеме жасай отырып: «Келіссөздер “Самұрық-Энерго” арқылы жүргізілуде, және қоршаған орта талаптары мен заманауи энергия үнемдеу стандарттарына сай келетін басқа да әлеуетті әзірлеушілермен байланыс орнатылған» деді.
Хабарламада «кандидаттар қатарында Оңтүстік Корея мен Қытайдың энергетикалық компаниялары бар және бірнеше нұсқа қарастырылуда» делінген.
Бұған дейін, сәуір айында, Қазақстан үкіметі Семей (360 МВт), Өскемен (360 МВт) және Көкшетау (240 МВт) қалаларында үш жаңа жылу электр стансасын салу жоспарын жариялаған болатын. Жобаның жалпы құны — 2,4 миллиард доллар (шамамен 3,29 трлн вон). Алғашқыда бұл жобаны Ресейдің мемлекеттік «Интер РАО» компаниясы іске асырады деп жоспарланған еді, Кремль жобаға қаржылық қолдау көрсетуге уәде берген болатын.
Алайда, Ресей тарапынан жобаға қажетті жабдықты экспорттауға қатысты қаржыландыру мәселелері туындаған соң, Қазақстан үкіметі Оңтүстік Корея мен Қытайдан балама серіктестерді қарастыра бастады.
Мамыр айында Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр: «Жылу электр стансаларын салу мен іске қосуға қажетті жабдықты қаржыландыруда Ресей тарапынан қиындықтар болды», — деп мәлімдеп, «Қазақстан жаңа инвесторларды тартуға ниетті» екенін айтқан еді.
Қазір Қазақстандағы электр энергиясының 80%-ы жылу электр стансаларынан өндіріледі. Алайда осы нысандардың жартысынан көбі 30 жылдан астам уақыт бұрын салынған, бұл ел энергетикасының жаңартуды аса қажет ететінін көрсетеді.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан үкіметі бұл жобаларды уақытылы аяқтауға ниетті болып отырғандықтан, Оңтүстік Корея мен Қытай үшін бұл жақсы мүмкіндік болуы мүмкін.
Оңтүстік Кореяның Doosan Enerbility компаниясы алғашқы үміткер ретінде қарастырылуда. Аталған компания 2020 жылы Қарабатандағы біріккен циклді электр стансасын сәтті аяқтаған, сондай-ақ былтыр Шымкентте ұқсас стансаны салуға 1,15 трлн вондық келісімшартқа қол қойған болатын.
Биыл маусым айында Doosan компаниясы Қазақстанның мемлекеттік «Самұрық-Қазына» (қаржы) және «Самұрық-Энерго» (энергетика) құрылымдарымен ескі екі стансаның және жаңа үш стансаның экологиялық жүйелерін жеткізу жөнінде Өзара түсіністік туралы меморандумға (МоУ) қол қойды.
Abai.kz