Жұма, 18 Шілде 2025
Ғылым-білім 122 0 пікір 18 Шілде, 2025 сағат 12:34

Ғылым – адамзат санасының өркениеті

Сурет: Abai.kz.

Ғылыми сана – адамзаттың үздіксіз эволюциялық дамуының нәтижесі. Адамзат ғылымның арқасында мыңдаған жылдық дамуын өте қарқынды ете бастады. Ғылым дамуымен бірге, бұрын ондаған‑жүздеген жылдар атқарылатын жобалар, енді, уақыт жағынан мейлінше қысқарды: жол салу, көпір салу, алып ғимараттар тұрғызу, мың шақырымда құбырлар тарту, айшылық алыс жерге бару және т.т. – айлар мен жылдар емес, санаулы сағаттан бастап бірнеше айда іске асатын болды.

Ғылым – технология мүмкіндіктерін үздіксіз арттыру арқылы, өмір сүру аясы – Жер шарының барлық мүмкіндіктерін, ғарышты да зерделей алды, соған сай, экологиялық сананы, жалпыадамзаттық моральдік сананы, саяси ережелерді қалыптатыруда.

Ғылымның қоғамдық сана форматы ретінде, өзіне дейінгі мифологиядан,  мифтермен ұштаса отырып, догмаға негізделген  діни санадан үлкен айырмашылығы бар:

* Біріншіден, ғылыми сана – ашық сана форматы болып табылады. Яғни, ғылым үшін мына шексіз макро және микро әлем үздіксіз қозғалыста болады. Сондықтан, оны танып білуі үшін де адам санасы «қозғалыстағы әлемді» санада «бөлшектеп» (анализ), сосын ол бөлшектерді «қайта құрастыра» (синтез) алуы керек;

* Екіншіден, ғылым өзі зерттеген объектінің жағдайын үнемі оның болашақтағы өзгеруі мүмкіндігімен байланыста қарайды. Соған сай, бүгінгіні ғана емес, болашақты да болжайды;

* Үшіншіден, ғылым, өзі қолданатын ғылыми әдістерді де, өзінің қоғамдағы жағдайын да, өзіне деген қажеттілік пен сұранысты да «ғылыми жолмен» тексеріп, ақиқатын көрсетіп, қателігін түзеп отыруды қажет етеді. Яғни, ғылым ашатын «объективті ақиқат» сол ғылымның өзіне де байланысты қарастырылып отыруы тиіс. Оны зерттейтін «ғылым философиясы» да ХІХ-ХХ ғасырларда арнайы пән ретінде қалыптасып үлгерген.

Әрине, осы «үш ерекшеліктен» өзге де ғылымның астарлы мәселелері көп. Сондықтан, ғылым олардың бәрін жинақтап, «ғылым философиясы» аясына біріктіреді, сол арқылы ғылым «өзіне өзі тура, объективті ақиқатқа сай жолын» өзіне және қоғамға көрсетіп, жол сілтеп отырады.

Соның бірі, бүгінгі айтылмақшы «Қазақстандағы ғылымның дамуына кедергі келтіріп отырған объективті және субъективті факторлар» мәселесі де жатады. Бұл ‑ еліміздің ғылыми әлеуетін шектеп отырған күрделі, өзара байланысты мәселелер жиынтығын анықтау, соған сай, ғылымды одан әрі дамыту шараларын тудыру, ғылыми сананы өзектендіру және т.т. Біз осы мәселе туралы алдыңғы мақалада шолу түрінде айта кетттік. Алайда, осы тақырыпқа арнайы тоқталу – ғылым дамуы үшін аса маңызды екенін ескеріп, оның  кейбір мәселелеріне қайта оралдық.

Кедергілерді «объективті» және «субъективті» деп бөлеміз

(Мұндағы ескеретін нәрсе: «объективті» ‑  еркімізден тыс пайда болған кедергілер болса, «субъективті» ‑ өзіміздің әрекетіміздің нәтижесінде пайда болған кедергілер):

1. Объективті кедергілер

а) Қаржыландырудың жеткіліксіздігі.

Қазақстанда ғылымға бөлінетін қаржы өте төмен деңгейде қалып отыр:

Ол Жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ-нің) 0,13%-ы ғана құрайды екен. Ал, 2024 жылы Қазақстанның ЖІӨ мөлшері 286 млрд $ болды.  Ал, әлемдік орташа көрсеткіш — 2,2%; Дамыған елдерде  бұл көрсеткіш ‑ 3%-дан асады). Ендеше, 3%  бен 0,13% арасындағы алшақтық өте зор екенін көруге болады.

Оның үстіне, біздегі мемлекет тарапынан берілетін ғылыми-зерттеу жобалары тұрақты қаржыландыруға ие емес, бұл ұзақ мерзімді зерттеулер жүргізуге мүмкіндік бермейді. Тек қана соңғы жылдары «зерттеу мерзімі» ұзартылып, қазіргі жобалар үш жылдық мерзіммен атқарылуда. Ол осымен аяқталады.

1. Қазақстандағы ғылымды қаржыландырудың жалпы көрінісі

Қазақстанда ғылымға бөлінетін қаржы көлемі соңғы жылдары белгілі бір өсім көрсеткенімен, ЖІӨ-ге шаққандағы үлесі өте төмен деңгейде қалып отыр. Бұл көрсеткіш Қазақстан ғылымының даму қарқыны мен сапасына тікелей әсер етеді.

Нақты деректер (ресми статистика негізінде):

Жыл Ғылымға бөлінген қаржы (млрд теңге)  ЖІӨ-дегі үлесі (%)

2010            ~21 млрд                                            0.18%

2015            ~37 млрд                                            0.16%

2020            ~55 млрд                                            0.12%

2022            ~75 млрд                                            0.13%

2023            ~130 млрд                                                   0.22%(біршама өсім)

(Ескерту: 2023 жылы ғылымға бөлінген қаржы көлемі өсті, алайда бұл өсімнің басым бөлігі инфляциялық өзгерістермен байланысты нәтижелік тиімділігіне кері әсер етті).

2. Дамыған елдермен салыстыру:

Ел ҒЗТКЖ-ға бөлінетін қаржы (ЖІӨ-дегі үлесі) Ескертпе
Оңтүстік Корея 4.9% Әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Ғылым мен технология — экспорттың өзегі.
Израиль 5.4% Ғылымды ұлттық қауіпсіздікпен байланыстырады.
Германия 3.1% Индустриялық және технологиялық держава.
Жапония 3.2% Зерттеу мен инновацияға тұрақты инвестиция.
АҚШ 3.4% Ірі корпорациялар мен университеттік зерттеулер қатар дамыған.
Қытай          2.6% Соңғы 15 жылда ғылым мен технологияға бағытталған ұлттық стратегия.
Қазақстан 0.13–0.22% Әлі де әлемдік орташа көрсеткіштен 10 есе төмен.

(Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, әлемдік орташа көрсеткіш – 2.2%. Қазақстан одан 10 есеге жуық төмен).

3. Қаржының құрылымы мен сипаты:

Қазақстанда ғылымға бөлінетін қаржының құрылымы да тиімділігін шектейді:

* Гранттық қаржыландыру – қысқа мерзімді (3 жыл) жобаларға бөлінеді.

* Негізгі (базалық) қаржыландыру – аз көлемде беріледі, ол ғылыми мекеменің өмір сүруін ғана қамтамасыз етеді.

* Жеке сектордың қатысуы – өте төмен. ҒЗТКЖ-ға салынатын жеке инвестициялар дамыған елдермен салыстырғанда әлдеқайда аз.

4. Қаржы динамикасының ерекшеліктері

* Өсім бар, бірақ баяу және үзіліспен – 2023 жылы ғылымға бөлінетін қаржы күрт өскенмен, бұл тұрақты үрдіс емес, көбіне саяси конъюнктура мен сыртқы қысымға байланысты.

* Инфляциялық әсер – бөлінген қаржы көлемі теңгемен өскенімен, нақты сатып алу қабілеті жағынан ол шектеулі.

* Ғалымдарға бөлінетін жеке гранттар аз – жас зерттеушілерге арналған бағдарламалар енді ғана жолға қойылып жатыр.

* ЖІӨ-дегі үлесі өте төмен және халықаралық стандарттардан 5–10 есе артта;

* Қаржының тиімділігі мен құрылымы — ғылымды стратегиялық тұрғыда дамытуға сәйкес келмейді.

Мынадай ұсыныстар айтамыз:

  1. ЖІӨ-нің кемінде 1%-ын ғылымға бөлу – бұл Қазақстанды халықаралық деңгейге жеткізу үшін қажетті ең төменгі шек.
  2. Инновациялық стартаптарды қолдау үшін жас ғалымдарға бағытталған арнайы қорлар құру;.
  3. Жеке секторды ынталандыру – салықтық жеңілдіктер арқылы кәсіпкерлерді ғылымға тарту және жеке тұлғалардың ғылыми жобаларының жүзеге асуына қолдау білдіру, ҮЕҰ‑дың ғылыми жобаларына да назар аударып, оған да қаржы бөлу жағын қаастыру ;
  4. ҒЗТКЖ нәтижелерін экономикаға (өндіріске, кәсіпкерлікке) ендірудің жобасын бекіту, нақты механизмін жасау, жүзеге асыру.

ә) Ғылым мен өндіріс арасындағы алшақтық:

а) Ғылыми жаңалықтардың экономикаға ендіру тетігі әлсіз. Инновация мен технологияны коммерцияландыру жолға қойылмаған.  Өндіріс орындары көбіне дайын шетелдік технологияны сатып алуды жөн көреді. Бұлардың да өзіндік себептері бар: ең алдымен, отандық индустриялық кешендер жекешелендіру барысында шет елдік инвесторлар мен компаниялардың қолына өтті. Олар ұзақ жылдарға контрактілерге ие болып, отандық ғылымның дамуына қажеттілік танытпады. Екіншіден, еліміз шикізат сатушы елге айналды. Кәсіпкерлік пен халық тұтынушы тауарлар өндірісі дамымай қалды.  Соған сай, дайын өнімдер шет елдерден тасылды. Яғни, Қазақстан өзінің «өндірістік қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуші ел» деңгейіне көтерілген жоқ. Бұл ғылым мен ғылыми жаңалықтарға сұранысты азайтады.

Қазір еліміз үлкен өндіріс орындарын ашуға бет бұруда: ол – жылу және атом электростанцияларын салу, энергетика саласын толық автоматтандыру, жол құрылысы, қоймалар мен қайта өңдеу саласын дамыту, жеңіл өнеркәсіпті дамыту, агроөндірісті жолға қою, гидромелиоративті саланы жаңғырту, ІТ саласын дамыту... Мұның бәрі болашақта елімізде ғылымды меңгерген жастарға деген сұранысты еселеп арттырады.

Ендеше, қазіргі таңда елімізге «Ғылым құндылығын» қалыптастыратын патриоттық‑идеологиялық іс‑шараларды күшейту керек. Ол нақты жоспар негізінде, мақсатты түрде жүзеге асырылуы тиіс.

(Мысалы, қазіргі кездегі дамып бара жатқан «дін құндылығы» сияқты...).

ә) Ғылым кадрларының қартаюы: Орташа жасы 50-ден асқан ғалымдардың үлесі жоғары. Себебі, жалақысы төмен  болғандықтан, жастар ғылымға қызықпайды немесе тез кетіп қалады, себебі, ғылымда тұрақты табыс пен әлеуметтік қолдау жоқ. Ғалымдардың жұмыстары насихатталмайды.

б) Ғылымның жаһандық бәсекеге қабілетсіздігі. Қазақстан ғалымдарының әлемдік дәреже мен беделге ие журналдарда жариялану көрсеткіші төмен. Бұл мәселеде, «Қазақстанда ғылым дамуының ұлттық стандарты» қайта қаралуы тиіс дейміз.

Мысалы, елімізде гуманитарлық ғылым саласында мынадай парадокс орын алып отыр:, философтардың (басқа ғылымдар да осы жағдай) магистратура мен доктарантураға түсуіне «ағылшын тілін меңгеруі» көп кедергі келтіруде.

Мәселен, әдетте, философияда қабілетті, оны ана тілінде оқып,  меңгерген жастарда шет тілін жеткілікті игеруге уақыты бола бермеуі мүмкін. Сол себепті ол докторантураға түсе алмайды: философия (қазақ тілді)‑ 10 балл алса да, шет тілі – 0 балл. Ал, докторантураға қалайда докторант қабылдау қажет. Сөйтіп, докторантураға шет тілін оқығандар, немесе, қолы боста ағылшын тілін меңгеріп алған суретші‑дизайнер, экономист, құрылысшы, және т.т. саладан келіп, философиядан (тілі маңызды емес) ‑3‑4 балл, шет тілі – 9‑10 балл бағамен оқуға түсуде.

Сөйтіп, жақын болашақта, қазақстандық (ұлттық) философияны әлемге осы мамандар, яғни, базалық білім деңгейі жоқ, философиядан не мақала жазып жарытпаған «мамандар» таныстыратын болады. Аудиторияларда мың‑мың студенттерге де осы «мамандар» философияны оқытатын болады...

Сол себепті, «шет тілін білуді» барлық ғылымдар үшін «басты көрсеткіш» деп санау үрдісін – қазақ тілді ғылым мен қазақ тілді дара ғалыми тұлға пайдасына шешу керек деп санаймыз.

(Ескерту: Кез келген дарын иесі, қажет болғанда кез келген шет тілін үйреніп алуға қабілетті. Ал, философия, не математика және т.т. – адамға Табиғат пен Жаратушы берген қабілет емес пе?). Нәтижесінде, ҒЗТКЖ нәтижелерінің сапасы мен саны халықаралық деңгейге жетпе жатады.

2. Субъективті кедергілер

а) Ғылымды басқарудағы бюрократия ғылыми жобаларды қаржыландыруда, есеп тапсыруда шамадан тыс бюрократиялық рәсімдер жасап алған. Себебі, бюрократ – ғылымды емес, заңды қорғайтын қызметкер. Әрине, заң керек! Бірақ, егер ол коррупциямен, не тамыр‑таныстықпен жалғасар болса – ғылымға басты қатер осы! Сондықтан, ғалымдардың уақыты мен энергиясы ғылыми жұмысқа емес, есеп-қисапқа және библиографизациялауға  кетіп жатады. Негізінен, ондай есеп‑қисапты дәл осы бюрократияның өзі жасауы керек емес пе?!.

ә) Мотивация мен моральдық ахуалдың төмендігі 

Ғалымдар өз еңбегінің қоғамда бағаланбайтынын сезінеді. Ғылыммен айналысу – әлеуметтік мәртебесі төмен, «перспективасыз» сала ретінде қабылданады. Өйткені, академик Асқар Жұмәділдаевтың сөзінің жаны бар: «Бізде шеттен біреудің «мұрнын бұзып» келгенге үй береді, машина береді. Ал, математикадан халықаралық олимпиадада бірінші орын алып келгенге велосипед те жоқ» деген еді ол... Содан болар,  ғылыми ортада «иммитациялық ғылым» түрі кең таралуы орын алуда. Яғни, Көптеген «ғылыми» мақалалар шынайы емес, рейтинг пен көрсеткіш үшін жазылады. Кейбір жобалар плагиат. Мағынасыз тақырыптар да жиі кездеседі. Сондықтан, академиялық ортадан ұсынылатын «тақырыптардың» өзектілігі еліміздің стратегиялық дамуына сай қарастырылып, қаржыландыруда оның күтілетін нәтижесі басым ескерілетін болса – ғылымға да, еліміздің дамуына да орасан қолдау болар еді дейміз.

Міне, бүгінгі тақырыптың кейбір өзекті мәселелері осы. Одан шығар қорытынды сөз – ол, енді, министрлердің білігіндегі және құзырындағы сұрақ болса керек...

Әбдірашит Бәкірұлы, философ‑публицист.

Берік Аташ, Әл‑Фараби атындағы Ұлттық университеттің Философия кафедрасының ұстазы.

Abai.kz

0 пікір