Таиланд пен Камбоджа атысты тоқтатты

Таиланд пен Камбоджа бес күнге созылған қарулы қақтығыстан кейін шұғыл және сөзсіз атысты тоқтату туралы келісімге келді. Қақтығыс салдарынан кемінде 33 адам қаза тауып, он мыңдаған адам баспанасын тастап кетуге мәжбүр болды.
Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрагим атысты тоқтату – "бейбітшілік пен қауіпсіздікті қалпына келтіруге бағытталған маңызды алғашқы қадам" екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, атыс жұма күні түн ортасында тоқтатылады.
Бұған дейін Таиланд делдалдық ұсынысты қабылдамаған еді. Алайда АҚШ президенті Дональд Трамп екі елге сауда тарифтері бойынша келіссөздер тек соғыс тоқтағаннан кейін басталады деп мәлімдегеннен кейін тараптар келісімге келді.
Қақтығысқа екі ел арасындағы ежелгі шекара дауы себеп болды. Мамырда камбоджалық сарбаздың қаза табуынан кейін жағдай ушығып, екі тарап бір-біріне экономикалық шектеулер енгізіп, шекаралық өткізу бекеттерін жапты.
Соңғы аптада таиландтық сарбаз мина жарылысынан аяғынан айырылып, жағдай күрт шиеленіскен. Қос тарап өзара атысқа кінәні бір-біріне артып отыр.
Таиланд тарапының мәліметінше, елді мекендерге жасалған шабуылдар салдарынан бейбіт тұрғындар қаза тапқан. Камбоджа да 13 адамның, оның ішінде 8 бейбіт тұрғынның қаза тапқанын хабарлады.
БҰҰ мен ASEAN (Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығы) өкілдері келісімді бақылап, екі ел әскери күштерін шекарадан шегіндіру туралы келіссөздер жүргізуге кіріскен. Сонымен қатар бейтарап бақылаушыларды тарту ұсынылды.
Таиланд билігі Камбоджа тарапынан шынайы ниет байқалмайынша атысты тоқтату мүмкін емес деген ұстанымда болды. Олар зымырандық шабуылдар салдарынан 14 бейбіт тұрғын қаза тапқанын алға тартқан.
140 мыңға жуық тайлық азамат эвакуацияланған. Камбоджа да 135 мың тұрғынды шекара бойынан қауіпсіз аймақтарға көшірген.
Мамандардың айтуынша, екі ел армиясы арасындағы терең сенімсіздік пен ұлтшылдық көңіл-күй жағдайды күрделендіріп отыр. Қақтығыс ушыққан кезде тіпті реактивтік зымыран жүйелері қолданылып, бейбіт халық арасында шығын көп болған.
Еске салсақ, Камбоджа Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің жабық отырысында Таиландпен арадағы қарулы қақтығысты дереу тоқтатуға үндеді. Таиланд пен Камбоджа арасындағы қақтығыс курорттық аймақтарға жақындағаны жайлы да жаздық.