Сейсенбі, 9 Қыркүйек 2025
Алашорда 279 0 пікір 9 Қыркүйек, 2025 сағат 13:08

Семей – цирктің отаны!

Сурет: semsk.kz сайтынан алынды.

Алаштың отаны болған Семей өлкесінде сал-серілердің дәурені өрлеген дала сахнасында «ағашаяқ» деген атпен танымал болған алғашқы ағашаяқ – Назаролла Жүндібайұлы бұрынғы Семей губерниясының Делбегетай болысы, кәзіргі Жарма ауданы, Саттық қыстағында дүниеге келген. 

1818-1898 жылдар аралығында өмір сүрген әнші, ақын, өнерпаз, сал-сері, батыр, балуан Назаролла Найман ішінде Матай руының Құдас бұтағынан шыққан.

Ағашаяқ – цирк өнерінің ерекше түрі. Қазақ даласына көшпенді елде ірі сауда орталықтары ашылып, мәдениетте ауыс-қиыс болып жатқан тұста екі аяғына балдақ таңып, желген атпен жарысудан бөлек жеті өнерді меңгерген біртуарлар Назаролла, Берікбол Семей өлкесінің тұңғыштары.

Керек жерде отты аузымен бай-манаптың мысын басып, білімдімен де, біліктімен де иықтаса жүрген алғашқы Ағашаяқ Назаролладан кейін Абай ауданы Мұқыр болысында Берікбол Көпенұлы келді. Оларды бүгінгі ұрпақ білмегенімен, бізге дейінгілер жазып кеткен.

Цирк – дегенде біздің көз алдымызға беттерін бояп, аңдарды секіртіп, балаларды күлдіріп жүретін сайқымазақтар елестейді. Ал, біздің  біртуар таланттар цирк өнерін көшпелі өмір салты мен мал шаруашылығынан алған. Ат құлағында ойнаған әр қазақ ер атану үшін шауып келе жатып, ат үстінен теңге алып, қылыш, шоқпар сермеп, садақ тартып, жау оғын дарытпау үшін оқыс еңкейіп, атының бауырына түсу секілді ат үстінде ойналатын барлық ұлттық ойындар асқан шеберлікті талап етеді.

Қазақтан шыққан тұңғыш Ағашаяқ Назар жастайынан қолына домбыра ұстап, ән айтып, серілік құрып, 18 жасыңда әнші, ақын, сері, балуан деген атаққа ие болды. Ол ес білгеннен бастап әбден бойынан күш кетіп, қартайғанша  екі аяғына ұзындығы жерден кемі екі-үш метр, тіпті одан да биік екі бақан таңып аттылы адаммен жарысқа түсуі оны ел ішінде «Ағашаяқ» атандырды. Түрлі аң-құстың әуеніне салып, неше алуан күлдіргі ойындар көрсететін болған. Бет-аузын құбылтып күлдіру, мылқау болып ымдау, екі сақаудың бір-бірімен сөйлесуі сынды сайқымазақ ойындар көрсеткен. Шапқан аттың үстінде түрегеп тұрып билеп, бауырынан әденеше рет айналып өтіп, жердегі тақияны аузымен алу Назар Ағашаяққа қиын шаруа емес. Сахараны сахна еткен жампоз әртіс үнемі тақпақтап сөйлейді екен. Көкпектілік айтыскер ақын Қ.Алтынбаевтың айтуынша, Назар қос балдақ таңып жүгіруді елден таса, тауға барып үйренген. Семейден 70 шақырым жердегі Карповка ауылында болған жәрмеңкелердің бірінен аяқ тірейтін кертпештері, қолтыққа басатын көлденең жақтаулары бар, құрастырмалы екі бақанды сатып алады. Содан ауыл адамдарынан жасырынып, тау ішіне барып жаттыққан. Бақанға не бір жартастың немесе үйдің төбесіне шығып мінетін көрінеді. Ағашаяқ Назар «Беташар», «Билерге», «Баласы Жүндібайдың атым Назар», т.б. мысқыл өлеңдерінде әділетсіз атқамінерлерді шенесе, «Атандым өзім Назар Ағашаяқ», «Жарқылдадым жас күнде», «Кәрілік» секілді өлеңдерінде көңіл-күйін, өмірден көріп-түйгенін  нақыл сөздер арқылы білдіреді. Оның «Қара жорға», «Ау, жаным, Жәнікей-ау», «Сары өзен» әндері ел ішіне кең тараған.

Назар Жүндібайұлының 10 баласы болған. Алайда онын бірдей жер бесікке тапсырған. Соңғы баласы қайтыс болғанда:

Топырағын томпайтып,
Тоғызды алған құдайым.
Жапырағын жалпайтып,
Жалғызды алған құдайым.
Өзі беріп, өзі алды,
Өлімнің иесі уайым, – деп шерленген.

Өкінішке қарай, қазаққа үлкен өнердің қақпасын ашқан өнерпаздың артында тұяқ қалмады. Ағашаяқтың өлеңдері Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар орталығында сақтаулы.

Екінші Ағашаяқ – Берікбол Көпенұлы шаршы топтың серкесі, шашбаулының еркесі болған, ақын, желаяқ, шабандоз. Дәстүрлі сегіз пернелі домбыраға тағы екі перне жалғап, үш ішек қосып тарту өнері осы Берікболға тиесілі. Домбыраны башпайымен тарту, дауыспен әр жастағы адамның, әртүрлі құстың үнін салу Ағашаяқ Берікболдың бір қыры ғана саналған. 1861-1932 жылдарда өмір сүрген Берікбол Көпенұлы «Аяғым-ай», «Ахахау-ахау», «Ой, жиырма бес», «Жиырма жеті қыз», «Жетімнің әні», «Ұмпа-ұмпа парадай», «О, дүние, кемпірім-ай», «Құдыреттің кер тайы-ай» атты күлдіргі әндер шығарған. Аяғына бақан байлап аттылымен жарысқан. Ағашаяқ өнеріне Әуезов жас күнінен тәнті болған. Онымен талай рет кездесіп, Абай әндері туралы әңгімелерін естіген. Ол Абай туралы зерттеулерінде ұлы ақын мұрасын жинап, насихаттаушылар қатарында ағашаяқ есімін де құрметтеп атап, «Абай жолы» роман-эпопеясында әнші-өнерпаз ретінде суреттеген. Берікбол Ағашаяқ шығарған «Ағашаяқ» әнін Әміре Қашаубаевтың Семейде ойын-сауық кештерінде орындағанын Әуезов талай рет естіген. Абыралы өңірінде туған Әміре Қашаубаев пен Ағашаяқ Берікболдың ауылы қатар орналасқан. Елге танымал екі өнерпаз Әміре Қашаубаев Ағашаяқтың “Ағашаяқ” әнін Париж сахнасында орындады. Әміреден оны А. Затаевич жазып алып, нотаға түсіріп 1933 ж. “Қазақтың 500 ән-күйі” кітабында жариялады. Ән мәтіні 1955 ж. “Қазақтың халық әндері” жинағында жарық көрді. Ағашаяқ өз жанынан күй де шығарған. Абайдан көп үлгі алып, ұлы ақынның әндері мен өлеңдерін ел арасына таратқан, оның Көкбай, Уәйіс, Ақылбай сияқты шәкірттерімен жақын дос болған. Семей топырағында дүниеге келген қос Ағашаяқ Ұлы өлке топырағының цирк өнеріне де бесік болғанын айғақтайды.

Алмахан Мұхаметқалиқызы

Abai.kz

0 пікір