Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4018 0 пікір 21 Мамыр, 2009 сағат 09:41

Хан тұқымынан шыққан «большевик» Бақытжан Қаратаев алашқа қарсы болды ма?

«Большевизм өкімет басында қала ма? Ол меніңше, өздерін өздері өкімет еткендердің тіршілігі тоқтағанға дейін биікте тұра алады... Әзірге большевизм күллі ескі әрі іріп-шіріген дүниені күйретуші мәніне ие. Ал жасампаздар басқа адамдар болады...»

«Большевизм өкімет басында қала ма? Ол меніңше, өздерін өздері өкімет еткендердің тіршілігі тоқтағанға дейін биікте тұра алады... Әзірге большевизм күллі ескі әрі іріп-шіріген дүниені күйретуші мәніне ие. Ал жасампаздар басқа адамдар болады...»
ХХ ғасырдың басында қазақ елінің саяси сахнасында билікке төңкеріс арқылы қол жеткізген большевизмге осындай баға берген Бақытжан Қаратаевқа күні бүгінге дейін «большевиктердің бірі» деп қана қарап, ал оның қазақтан шыққан тұңғыш заңгер, энциклопедиялық білім иесі, ірі гуманист, реформатор, ең бастысы, ұлтын сүйген ұлы тұлға болғандығы қалтарыста қалуының сыры неде? Егер ол шын мәнінде қазаққа талай көресіні көрсеткен «большевиктердің» жақтаушысы болса, жоғарыда келтірілген сөздерді айтар ма еді? Қазақ даласын күңіренткен 1916 жылы соғысқа қазақтан қара жұмысқа адам алу жөніндегі Патша жарлығын жоққа шығару, оның заңсыздығын дәлелдеу мақсатында Петроградқа сапар шеккендердің бірі де бірегейі осы Бақытжан Қаратаев болды емес пе? Қазақтың жерін, содан соң алдындағы малын тартып алып, айтқанға жүріп, айдағанға көне беретін отар ұлтқа айналдырмақ болған Патша үкіметі мен кеңестік қызыл империя саясатының ұқсастығын анық байқағандардың бірі де Бақытжан Байсалұлы еді. Сондықтан да өмірінің соңына дейін қолынан келгенше қазақты құлдық қамытынан құтқаруға талпынды. Сонысы үшін «саяси сенімсіз» адам ретінде жер аударылып, тіпті өлер шағының өзінде туған жері Оралдан ығыстырылып, Ақтөбеде үйкүзетте ұсталған ұлықтың Қазақстанға келген Голощекинге Қазан төңкерісінің қателігін бетіне басқандығын біреу білсе, біреу білмес. Қазаққа солай қызмет еткен тұлғаның қадірі түгілі Ақтөбе қаласында қабірі жатқанын да бүгінгі ұрпақ білмейді-ау? 

ҮШ ЖҮЗ ҮЙДЕН ҮШ-АҚ ЖІГІТ...
Осы тектес өкпе-назды біз бабасының барша мұрасын жинап, ұрпақ жадынан өшірмеуге ат салысып жүрген немере келіні Бибіажар апайдың аузынан естідік. 
- Сіз Хамза Есенжановтың «Ақ жайық» романын оқып па едіңіз? - деп бастады әжеміз әңгімесінің әлқиссасын. Сонда мынадай жолдарға назар аударған боларсыз? – деп келесі сауалының жауабын күтпестен әлгі кітапты немересіне алдыртып, белгілеп қойған бетінен мына жолдарды оқыды.  
Әбдірахман сәл бөгелді де, Күбайраға қарап:
-    Сіз Бәкеңді білетін бе едіңіз?
-    Е, Бәкеңді білеміз, білмегенде...
-    Білеміз.
-    Ой, Бәкең деген жампоз ғой! – десті Асан, Ақмадия, тағы бір шаруа Күбайраға дес бермей жамырап.
-    Бақытжан деген кісіні біздің ел тұтас қадірлейді. Балаға «Бәкеңдей бол!» деп бата береміз. Ондай кішіпейіл адам аз ғой. Осында отырған адамның Бәкеңе мұңын шақпағаны, Бәкеңнен жәрдем көрмегені жоқ шығар. Ана жылы жігіт аларда сол Бәкең ғой біздің елді құтқарып қалған. Біздің үш жүз үйден үш-ақ жігіт шығарып бердік сол кісінің жақсылығымен, - деді Күбайра.
Осындағы Бәкең деп отырғаны біздің атамыз да, «ана жылы» 1916 жыл ғой. Заң-закүннен алдына жан салмайтындығының арқасында мінекей халқын қандай қатерден сақтап қалды? Бақытжан Қаратаевтың халқы үшін басын қатерге тігіп, шырылдаған тұсы тек сол ма? Бұл – жүзден бір мысал ғана...
... Енді өзімнің Бақытжан Қаратевқа кім болатынымды түсіндіру үшін алдымен тарихи шежірені түп-тамырынан қозғауға тура келеді, - деп әжей  әңгімесін осы тұста кілт бұрды. Әппақ кимешек киген, жүзінен нұры тамып тұрған әжейдің де әрбір іс-қимылынан тектіліктің исі аңқып тұрғандай. - Нұралы ханнан Есім, Қаратай және Сейдалы атты үш ұл туған. Қаратай хан Ырыс деген қалмақ қызына үйленіп, содан Бисалы, Бисалыдан Дәулетжан, Дәулетжаннан атамыз Бақытжан, Мағзұм, Батыр атты үш ұл тарайды. Бақытжан атамыз бен Әбуханифа анамыздың Ғаббас, Мұрат, Шамиль атты үш ұл және София деген бір қыздары болған. Менің жұбайым Жәрдем Ғаббастан туған. Демек мен Бақытжан Қаратаевтың немере келіні болам. Туыстарымыздың барлығы Қаратаев та, біз ғана бірінші Бақытжанов болып атамыздың атына жазылдық. 

«РУССИЯ ХАЛҚЫНА АШЫҚ ХАТ»
- Қазақ елінің ауылшаруашылығын көтеру керектігі жайлы Думада алғаш мәселе көтерген осы біздің атамыз болатын, - деді Бибіажар әжей. Сонан соң алдында жатқан суреттерді алақанымен сипап – ол кісі тумысынан бетің бар, жүзің бар демей, тіке айтатын турашыл да батыл адам болған екен. Сонау студенттік кезінің өзінде саяси партияларға мүше болып, ұлттық мәселелерді қозғағаны үшін сан мәрте қудалауға да ұшыраған. Бірақ өзінің төзімділігінің, тілтабыса білетіндігінің және заң мен құқықтан хабары молдығының арқасында оқуын аман-есен аяқтайды ғой. Ертеректе Николай патшаның алдына қазақ делегациясын басқарып барған міне осы Бақытжан Қаратев болғандығын зерттеушілер жақсы біледі.
1891 жылы «Дала уәллаяты газетінің» 10-санына мынадай мақала жарық көреді: «Император хазіретінің есіміне ашылған Петербург қаласындағы университет курсын екінші дәрежелі дипломмен үздік аяқтаған Торғай облысы, Іле оязы, Бурта елінің сұлтаны Бақытжан Қаратайұлы юстиция министрлігінің қарауына кіргізіліп, департаменттік басқару сенатындағы екінші мекемесіне қызметке қалдырылды».
1863 жылдың 10 мамырында Орал облысының Қаратөбе ауылында дүниеге келген Бақытжан Қаратев әуелі Орынбор қаласындағы гимназияда оқиды. Сонда оқып жүргенінде ол саяси қуғынға ұшырап, қудаланып келген озық ойлы, демократиялық бағыт ұстанған орыс зиялыларымен жолығып, солармен пікірлесіп, болашақ өміріне сабақ алады. Әңгіме арасында көбіне Санкт-Петербург жайлы, ондағы болып жатқан саяси жағдайлар жөнінде мәліметтер беріп отырған ұстаздар сөзі жас жеткіншекке ой салғандықтан, ол Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түсуді алдына мақсат еткен еді. Бақытжан Байсалұлының білімі мен дарынды тұлғасы  патша өкіметінің назарынан тыс қалған жоқ. Қазақ арасынан шыққан Бақытжандай озық ойлы азаматты Санкт Петербургте қызметке қалдырған патша үкіметі оның білімі мен халық арасындағы беделін өз халқына қарсы отарлық саясатты жүргізуге пайдаланбақ болады. Бірақ, Бақытжан «халықтар түрмесі» атанған Ресейдің шет аймақтарда жүргізіп отырған отарлық саясаты мен зорлық-зомбылығымен, қазақ жерін талан-таражға салып жатқан әрекеттерімен ымыраға келе қоймады. Әрине, патша үкіметіне Бақытжан Қаратаевтың мұндай батырлық іс-әрекеттері жаға қоймайды. Оларға өз ұлтының құқын қорғап, мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын қайраткер керек емес еді. Сондықтан одан тез құтылудың амалын ойластырған патша шенеуніктері арнайы тағайындаумен Бақытжан Қаратевты Санкт Петербургтен алыс аймақ – Грузияның Кутаиси қаласына тергеу жүргізу қызметіне ығыстырып тастайды. Содан жеті жылдан соң барып елге орлаған Бақытжан Байсалұлы халықтың шекесіне қатты батқан жер мәселесіне ерекше көңіл бөледі. 1905 жылы шілде айында орыс қоныс аударушылары мен казактардың қазақ жерін талан-таражға салып жатқан әрекеттерін тоқтату мақсатында Санкт-Петербургке барып, Орал, Орынбор облыстарынан арнайы делегацияны патшаның тікелей қабылдауында болатындай ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді. Дегенмен делегацияны патша қабылдамай жібереді. Бұл оқиға Бақытжан Қаратаевтың монархиялық режимге деген наразылығын одан сайын арттырып, 1907 жылы ол «Орал» газетіне «Руссия халқына ашық хат» жазады. «Руссия граждандары! Біз қырғыздар үкіметтен біздің жерімізге Руссия ішіндегі крестяндарды көшіріп талауда... Бұл үшін бізге зорлық болған секілді бүтін Руссия халықтарына бек зарарлы деп өтініп қарадық. Біздің ыхтяирымызға үкімет бір де ілтифат етпеді. Үкімет біздің надандылықпен, біздің оқымағандығымызды пайдаланып, біздің бүтін облыстардағы жақсы жерлерімізді талап алып, көшіп келген адамдарға беріп тура. Бізге құмнан әм шағыр, әрім өсетін жерлерден басқа бір нәрсе де қалмады».
Міне Бақытжан Қаратаевты Орал облысының жұртшылығының екінші Мемлекеттік думаға депутат етіп сайлауының мәнісі де осында жатса керек.
Бұқараны бір жұдырықтай жұмылдыруда Байтұрсынов айтқандай «халықтың құлағы, көзі һәм тілі» боларлық газет шығарудың аса маңызды екендігін түсінген тұлға 1911-13 жылдары алғашында Орда, кейіннен Орал қаласында Елеусін БҰЙРИН, Ғұмар Қарашевтармен бірігіп «Қазақстан» газетін шығаруға мол үлес қосады. Сондай-ақ 1911-14жылдары  «Айқап» журналында Ж.Сейдалин, Р.Мәрсеков сияқты қайраткерлердің тез арада жалпы қазақ съезін шақыру туралы идеяларын қолдап, оны өткізуге патша үкіметінен арнайы рұқсат алуға үндейді. Ондағы мақсат – ат төбеліндей қазақ зиялыларын қуғыннан, жазалаудан аман сақтап қалу еді.

ҚУЖАҚТЫ ҚУҒАН ТҰЛҒА
Патша тақтан құлағанда шын қуанғандардың бірі осы Бақытжан Байсалұлы болды. Алғашында большевиктердің қатарына қосылған ол кісі кейін ол үкіметтің де қазаққа жаны ашымайтындығын біліп, теріс айналады. Негізінен ол большевиктердің «жер шаруаларға берілсін», «зауыттар жұмысшыларға» деген жалаң ұранына сеніп қалған еді. Дегенмен, анықтай келгенде Бақытжан Қаратаевтың қазақ  сахарасында Кеңес өкіметін орнатуға небары екі жалдай ғана ат салысқаны белгілі болған. Осы уақыт аралығында қазақтарға күшпен енгізілген социализм идеясының астарында халықты  дінінен, әдет-ғұрпынан, тілінен бездіріп мәңгүртке айналдыратын ілімнің жатқанын дер кезінде түсінген Бақытжан Қаратаев:  «Большевизм өкімет басында қала ма? Ол меніңше, өздерін өздері өкімет еткендердің тіршілігі тоқтағанға дейін биікте тұра алады. .. Әзірге большевизм күллі ескі әрі іріп-шіріген дүниені күйретуші мәніне ие. Ал жасампаздар басқа адамдар болады...», - деген ой түйген. Сондықтан 1927 жылы қайраткер партия қатарынан өз еркімен шығады.
- 1932 жылдары Сталиннің Қазақстандағы бас жендеті қазақтар «Қужақ» атаған И.Голощекин «Кіші қазанды» жан аямай ұйымдастырып жүрген кезінде Ақтөбе қаласына да келіпті. Қазақтың аштықтан қойша қырылып жатқан кезі. Сондағы орын алған  мынадай бір оқиғаны көзкөргендерден естігенім бар еді, - деп жалғады Бибіажар әжей әңгімесін - Атамыз бір күні көшеде келе жатса, вокзал маңында қарақұрым халық топырлап тұр екен. Еңкейген кәріден еңбектеген жас сәбиге дейін үй-жайларын ұмыттырып, осы жерде бірін-бірі таптап кетердей алға ұмтылдырған не болды екен деген таңданушылықпенен атамыз да солай қарай ат басын бұрыпты. Сөйтсе, ортада көсіле сөйлеп, жұртты аузына қаратып Голощекин тұр екен. Онсызда халықты аштыққа ұрындырған саясатқа наразы болып, билікке тісін қайрап, атарға оғы болмай жүрген атамыз сол жерде митинг өткізіп тұрған Голощекиннің дәл алдына барып, отырған арбасынан түспестен: «Разве большевики боролись за то, чтобы люди гибли как мухи от голода? Прекратите болтать!» деп айқай салыпты. Ашудан жүзі түтігіп кеткен, сақал-шашы аппақ қарияның ызғар шашқан жүзіне шыдай алмаған  Ф.И.Голощекин сол жерде сөзін тоқтатып, вагонына мініп кетіпті. Сонда  түскен суреті де бар.
Осы оқиғадан көп ұзамай, бірер жылдан кейін-ақ көз жұмады. Егер тірі тұрғанында  Кеңес үкіметі алаш зиялыларының қатарында Бақытжан Қаратаевты да аяусыз жазалап, атып тастар ма еді? Есесіне, қуғын-сүргін мен жазалауды оның артында қалған ұрпағы көрді. 1937-38 жылдары қуғын-сүргін басталған тұста Бақытжанның үлкен ұлы Ғаббасты Алғадағы тау-кен институтын бітіріп, жұмыс істеп жатқан жерінен ұстап әкетіп, түрмеде небары он күн ұстаған да атып тастаған. Одан кейінгі Шәмілі Орынборда атылған дейді, бірақ сүйегінің қайда қалғаны белгісіз. Қазақ әйелдерінің ішінен «халық жауы» деген айып тағылып, ату жазасына ұшыраған жалғыз әйел Шахзада Шонанова да осы әулеттен еді. 
Бүгінде өмірінің соңын үйкүзетте, құсалықпен өткізген Бақытжан Қаратевты көбіміз «большевик болды, алаштықтарға қарсы шықты» деп кінәлаудан арыға бара алмай жүрміз. Бұл кешегі кеңестік идеологияның шеңберінен шыға алмаушылық қой, әйтпесе ұлтын жан-тәнімен сүйген азаматтың бірі осы Бақытжан Қаратаевтай-ақ болсын. Жаман болса, барша жұрт ол кісіге «жампоз» деп сүйсініп, балаларына «Бәкеңдей бол!»деп бата берер ме еді?..

 

 

Мәриям ӘБСАТТАР

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5539