Қазақстанда нан қымбаттай ма? АШМ не дейді?

Қазақстанда нан қымбаттай ма? Елде астық бағасы көтерілуі мүмкін бе? деген сауалдарға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Егіншілік департаментінің директоры Назгүл Хатепова «Түйін» ақпараттық-талдамалық бағдарламасына берген сұхбатында жауап берді.
Спикердің айтуынша, қазір өңірлерде жаңа түскен бидайдың тоннасы 85-90 мың теңгеден сатылып жатыр. Бұл қолайлы баға, сондықтан қымбатшылық күтілмейді.
- Нанның өзіндік құнындағы бидайдың үлесі 50% шамасында. Қалғаны электр энергиясы, жанар май, жалақы секілді баламалы шығындар. Бидайға келетін болсақ, ішкі нарықта жаңа өнім бидайы 85-90 мың теңгеден сатылып жатыр. Қайта өңдеушілер үшін бұл қымбат емес, ыңғайлы баға. Сондықтан, қазір ішкі нарықта өте көп көлемде жаңа өнім түскеннен кейін яғни ұсыныстың көп болуына байланысты бидай бағасының одан әрі шарықтауын күтпейміз, - деді Назгүл Хатепова.
Бүгінде Қазақстан бидайын әлемнің 50-ге жуық мемлекеті сатып алады. Былтыр алғаш рет Мароккоға 60 мың тонна бидай, Вьетнамға алғашқы 15 мың тонна бидай жөнелтілді. Сондай-ақ Иранға 1 млн тонна арпа жеткізілді.
АШМ: ЕЛДЕ АСТЫҚ КЕПТІРУ АГРЕГАТТАРЫ ЖЕТКІЛІКТІ
Өңірлерде астық кептіру агрегаттары жеткілікті. Бүгінде ел бойынша 3,1 млн тонна астық кептіріліп, қамбаға құйылған. Ел бойынша 17 млн тонна астық бастырылды. Назгүл Хатепова «Түйін» ақпараттық-талдамалық бағдарламасына берген сұхбатында бұл жайында да тоқталды. Астық кептіру үшін 40 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген.
- Астықты өндіргеннен кейінгі ең негізгі мәселе бұл астықты сақтап қалу. Сақтау үшін кондициялығына жеткізіп оны кептіру керек. Біз бұл мәселені әкімдіктермен бірге жіті бақылауда ұстап тұрмыз. Қазір ел бойынша 1172 астық кептіру агрегаты бар. Бұл өнімді толыққанды кептіріп, одан кейін сақтауға жіберуге толығымен жеткілікті, - деді спикер.
Бағдарламаның толық нұсқасы:
Abai.kz