Жұма, 10 Қазан 2025
Әдебиет 241 0 пікір 10 Қазан, 2025 сағат 12:50

«Қасқырлар патшайымы» романы хақында

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Қытай осы заман көрнекті жазушысы Шен Шиси ұзақ жыл далада жатып жан кештілікпен түз тағысы қасқырды терең зерделеп жазған романын қазақ тілінде сөйлету маған нәсіп болды...

Бас кейпкері көксұр қаншық патшаның апандағы жиырма қасқырға жанашырлығы, олардың әр біреуінің тағдыры үшін түні бойы көз ілмей аунақшып солардың ертеңі үшін қам жеуі. Патша болдым деп, тек бұйрық беріп отырмай, барлық істе өзі алда атойлап үлгі көрсетуі, мойнындағы ауыр жүкті сезінуі, өз ұлын қателігі үшін апаннан қууы оқырманның жүрегін тебірентеді... Қойшының көкшолағына барлық қасқырдың ауыздарың суы ағып аштықтан бұратылып, қыр басынан қарап тұрады, бәрі де Көксұр қаншық патшаның қас қабағын бағып рұқсатын күтеді, сол жылы жаз өте ыстық болып қуаңшылық жайлап, күзге қарай жердің қара топырағы шықты, қасқырлар тышқан қуалап қатты арықтады, қыста қатты болды, қалың қар белуардан асты, жерде түк жоқ аштықтан бұратылған байқұс көкжалдардың кез келгенінің шамасы келетін көкшолаққа енді міне тиісе алмай тұр, қаншық патша болса сан ойдың тұманында... «Адамдар шайтанның тілін алып көкте күнә жасап қойып жер бетіне жаза тартып түссе де, өз ортасына қожа болып келді, адамдардың темір қаруы бар ұңғысы суық, одан шыққан қорғасын жанымызды жалмайды, көкшолағын жесек, ізімізге түсіп тұқымызды құртады-ау» деп, кері шегінуге ыңғайлана беріп көкжалдар тобына көз салды. Бұрынғы патша Күйкүйдің інісі, ағасы, жиені, нағашысы арлан абадандардың қабырғасын санап алардай арықтаған, әдетте ешкімге көрсетпейтін күжірейген мойындары созылып жерге қарай түсіп кеткен. Иә, өзі патша тағына отырғанда қасқырлардың әдеті бойынша "саған бағынамыз" деп, барлығы ұятты да жанды жері жуан мойндарын ашып тамырын көрсетіп көлденең түсіп алдына жатқан, сол кезде олардың сенімін ақтауға, оларды аш қалтырмауға, жауға бермеуге, топтың жерін ешкімге таптатпауға, тұқымды тоздырмауға серт етіп мойындарынан сүйген. Міне қазір көріп тұр байқұстар ашыққанда әдетте еш ашпайтын ұятты жерін жинауғада шамалары келмей қалыпты, соғыс болса алда жүріп топ бастап өзге апанның қасқырын не бенгал жолбарысын, қодастар мен су сиырларды апырып-жапырып тастайтын батырлар...жаны ашыды, солар үшін патшаның жүрегі жылады, "тәуекел" деп бұйрық беруге шақ қалды, қайтадан адамның жауыздығын ойлады... Шешесінің ынжықтығын, тым асыра ойланатын ездігін іштей ұната бермейтін, әкесі Күйкүй осы қасқырлар үшін бенгал жолбарысына жекпе-жекке шығып басын берген батыр болған. Патша баласы көк сұр абаданның енді шыдамы таусылды, сайдағы көкшолаққа атылды, тамақтан орды...қалған арландар қаумалай жемтігін ортаға алды. Бәрі тойынды. Естерін жиып болған соң адамның атын жеп қойғандарын енді білді. Қорғанбаса "адам-жауыз" деп әрбірі шошыды.

Шынымен романда қойшының торына түсіп сайдың ішінде қамалған қасқырлардың екеуі орға түсіп қолды болса, арпылдап жеткен танадай төбеттердің жолын бөгеп басқаларды аман жіберу үшін топтың әжесі жиырма жастан асқан кәрі қаншық қасқыр құрбан болды. Апанға келіп шұғыл жиналыс ашқан көксұр патша үш қасқырдың өліміне себепші болған өзінің жалғыз ұлының етегін кесіп топтан қуды, қасқыр заңында одан асқан жаза болмайды, жалғыз қасқырды адамдар оңай жайратады, не басқа топтағы қасқырлар оны талап өлтіреді, не жалғыз өзі азық таба алмай аштан қатады....алайда ана байқұс егіле жарым түнде ақ түтек боранда қалың қарды омбылап кетіп бара жатқан ұлының артынан жылап тұрды...әр түні басқа қасқырлар ұйықтаған соң екінші асқазанындағы тамақты апарып ұлым жүреді-ау деген жерлерге тастап отырды...

Апандағы сегіз ұрғашы өлекшіннің үйлену істеріне көксұр патша жоспар жасады, ұрпақтың сапалы болуы үшін оларға жар таңдау ісінде болашақ күйеудің жеті атасын зерделеп өте жіңішке талдау да патша мойнындағы шаруа.

Шен Шиси, бұрын Шен Йимин деген атпен белгілі. Қытай жазушылар одағының мүшесі, Шанхай жазушылар бірлестігінің төрағасы, Ұлттық балалар әдебиеті комитетінің мүшесі. 1980 жылдардың басында табиғат әдебиетіне әуестеніп, әдеби шығармашылықпен айналыса бастады. Негізгі шығармалары: «Жетінші ит», «Қызыл сүтті қой», «Қасқыр патшаның арманы», «Жарымқанды шақал патша», «Құс» т.б. Ол жазған жан-жануарлар туралы романдары өте қызықты. Онда жазушы өмір бойы жиған білімін ұштастыра отырып, философиялық ойларға жетелейді, адамдардың өз табиғатынан алыстап, қоғамдық тәртіптің бұзылғанын, ал жануарлар дүниесіндегі қоғамдық тәртіппен, қасаң ережелердің әлі сақтауы екенін көз алдыңа әкеліп отырады. Оның шығармасы үлкендер мен балалардың да ыстық ықыласына бөленген ерекше стильге ие. Ұлттық үздік балалар әдебиеті сыйлығы мен Биң Шин балалар әдебиеті сыйлығын бірнеше рет жеңіп алды және Қытайдың бастауыш және орта мектептерге арналған оқулықтарына енді.

Жазушының ата жұрты Чжэцзян провинциясының Сиши деген жері. Қаламгер 1952 жылы Шанхай қаласында дүниеге келді. 1969 жылы Юньнань провинциясының Сишуанбан деген жеріне әскерге барды, сол жақта тура 36 жыл өмір сүрді. Ол жазған жануарлар туралы романдар коннотация мен ерекше стильге ие, оқырмандар оны «Қытайдың жануарлар романдарының патшасы» деп атайды.

Жазушының «Қызыл шакал» романы Ұлыбритания, Ресей, Германия, Польша, Түркия, Чехия, Швеция және Болгарияда 2012 жылы жарық көрді. «Мен қолымдағы қалам арқылы адамдардың ар-ожданын биік ұстап, жануарларды өз жайында тыныш қалдыру, адамдарды табиғатпен үйлесімді өмір сүруге шақырамын және жершарын гүлдендіруге үндегім келеді» дейді жазушы. 2014 жылдың мамыр айында «Қасқыр қаншық патшасы» романы мемлекеттік баспасөз, радио, кино және телевидение басқармасының «2014 жылы ұлттық жасөспірімдерге ұсынылатын 100 тамаша кітап» тізіміне енген.

Автор романның алғы сөзін «Аналық күш» деп атаған, оқып көріңіз:

«Мен жануарлар патшасы туралы ұзақ уақыттан бері жазғым келді және «патшаның» нақты рөлін мұқият зерттедім. Мен өте қызықты құбылысты байқадым: табиғаттағы жануарларда патшалар көбінесе еркек болады. Әрине, патша болатын аналықтары да бар, бірақ олар негізінен жәндіктер әлемінде болады. Мысалға, құмырсқалар мен араларда ғана патша ұрғашысынан болады екен. Кейбір бауырымен жорғалаушыларда еркегі әлсіз ұрғашысы күштісі кездеседі, сондықтан оларда аналықтары патша. Бірақ жануарлардың көпшілігі, әсіресе сүт қоректілерде негізінен патшалары еркегі. Тек бірнешеуін айтпағанда, мысалы африкалық жабайы иттер, гималайлық жабайы иттер және т.б., міне осындайларда ғана аналықтары патша болатын иттер тобын байқадым. Еркегінің патша болуы табиғатта кең тарап, әдетке айналған сияқты. Соның ішінде ең танымал – ол арыстандар. Африка сахарасындағы арыстандардың патшалары – бәрі еркек арыстан. Осыған ұқсас мысал бар: барлық приматтар, мысалы орангутан, бабун, маймыл және т.б., бұлардың бәрінде еркектері патша.

Жануарлар әлемінде еркегі – патша. Себебін түсіну қиын емес, өйткені жануарлардың көпшілігінде еркектер аналықтардан үлкен және аналықтардан мықты болады. Әлсіздерді күштілердің жеп қоюы табиғат заңы, онда еркек – патша. Еркегінің патша болуы табиғи заңдылық. Бұл жануарлар әлемінде ғана емес, сонымен қатар өздерін жетілген жануар деп атайтын адамдарға да қатысты. Қытай әулеттерінің тарихи жазбаларында шынымен айдаһар креслосына отырған жалғыз әйел У Цзэтиан болған. Егер сіз император мәртебесіне ие болмасада, бірақ елдің барлық ісін басқарған Льв Хоу мен Цсиді қоссаңыз да, Қытай өркениетінің бес мың жылдық ұзақ тарихындағы осындай үш ханшайым бар. Солтүстік Юннань үстіртіндегі биік тауларда қасқырлардың өмірін бақылаған ғалымдар патшалары еркек патша екенін біледі. Юннаньнің солтүстік үстіртіндегі қасқырлар топқа бөлінеді. Анатомиялық тұрғыдан алғанда ересек еркек пен аналық арасындағы дене өлшемі мен дене күшінің айырмашылығы қатты алшақ емес. Әдетте, еркек қасқырлар ұрғашы қасқырларға қарағанда біршама үлкен, қарапайым еркектеріне қарағанда әлдеқайда күшті көрінетін кейбір аналық қасқырлар да бар екен. Алайда біз қасқырлардың үйірін бастайтын аналық қасқыр туралы ешқашан естіген емеспіз.

Еркектерінің патша болуы әйелдерге қарағанда мықты болғандықтан емес, ерек тумысынан нағыз патша сияқты көрінеді. Мұның басқа себептері болуы мүмкін, мысалы еркектер дөрекі, қатал, агрессивті, өктем, қатыгез, үстем, қаһарлы және жауыз болады. Бұл сипат айлакер және бәсекелестікке құмар еркектердің билік шыңына оңай жетуіне көмектеседі. Сонымен қатар бейбітшіл, тыныштандыру, төзімділік, жомарттық, парасаттылық, әділ, қанағатшылдық, еркелету, парызды білу, сенімділік, тез мойынсұну, жұмсақтық, әлсіздік, жанашырлық, шыдамдылық, табандылық пен кішіпейілділік, сонымен қатар өмірге деген эмоционалды болатын бұл әйелдерге тән қасиет билік үшін күрес барысында оңай жеңіліске ұшыратады.

Денесінің үлкендігі еркек қасқырмен бірдей болатын аналық қасқыр неге қасқыр патшасы бола алмайды? байтал шауып бәйге алмастың кері ме, жер бетінде шынымен де тыныштық кетіп, әлем аласапыран күй кешті ме? Егер ұрғашы қасқыр шынымен қасқыр патшасы болса, қандай болар еді? Қасқырлар аналықтардың агрессивтілігі мен эмоционалды бола алмауынан біртіндеп азайып, біртіндеп азып-тозып кете ме? Немесе әйелдің жеңіске жететін күші мен аналық құдайдың сүйіспеншілігі арқылы жаңа біртектілік пайда бола ма, ал қасқырлар бір толқын қалыптастыра ма? Бұл бірінші немесе екінші тоқырау болуы мүмкін. Қасқырлардың қаншық патшалары оларға бақыт пен соры бар жаңаша бір түрлі өмірді әкелді».

Автор осы романды жазуға итермелеген жайттарды былай түсіндіреді: «Мен өзім ұнататын жануарларға эксперимент жасадым, шынымен өмірде жоқ қаншық қасқыр патшасын ойдан жасадым, және ол менің жыныстар арасындағы айырмашылықтар туралы өзімнің талдауларым мен пайымдауларым, өзіме өмірдің мәнін терең түсінуімді әрі шындықты қабылдауды үйретті. Қол астындағыларды басқару, аң аулауда қолданатын жылдамдық, табандылықпен өмір сүру, ғажайыптар жасау. Мен сипаттаған қасқырдың қаншық патшаның шындыққа жанасымды ма, жоқ па, ол өмір қисынына сәйкес келе ме, жоқ па, оны оқырмандар бағалайды. Бірақ мен қатты сенетін бір нәрсе бар: ер адамның денесі толық, бұлшық еттері және жұдырықтары жуан – бұл күштілік, ал әйелдің әдемі келбеті, жұмсақ көрінісі мен асыл темпераменті де өзіндік нәзік күші бар. Бір кездері әйгілі британдық зоолог, «Жалаңаш маймылдар трилогиясының» авторы Десмонд Моррис: «Егер әйелдер қолдарын жерге тигізіп жүрген еркектерді ұнататын болса, онда біз адаммен төңкерілген көшелерді көреміз. Бұл сөйлемнің мағынасы мынада: әйелдер сыртқы жағынан әйелдік және нәзік болып көрінгенімен, сезім күші жоғары және олар түрдің эволюциялық бағытына әсер ете алады. Шындығында, әйелдердің сезім күші күшті деп ойлаймын, бұл ана күші. Аналық өмірді өмір тәрбиелейді, олар ұрпақ таратады, жанды қалыптастырады. Ананың мейірімі – бәрін өзгерте алатын ұлы күш. Өмір күші болмақ» деген екен.

Роман былай басталады:

«У-У-» деп Көксүр қаншық қасқыр ұлыды, көзін ашып, қайта тұруға тырысты, Күйкүйдің қабағын тілімен жалады. Күйкүй – үлкен абадан, ол Паядин қасқырларының – патшасы. Қасқырдың денесі құрыштан құйылған. Оның басы өте мықты. Кейбір жерлерде адамдар балға деген сөзді «қасқырдың басы» мен байланысты пайда болған дейді. Үлкен еркек қасқырды Күйкүй деп атайды, өйткені оның басы өте үлкен және қатты. Құдды басына дулыға кигізіп қойған сияқты. Қасқырдың басы бенгал жолбарысының өткір тістеріне төтеп бере алмайды. Қасқырлар патшасы Күйкүйдің бас сүйегінен тістегенде екі терең жарақат пайда болып, қызыл қаны ағып, ақ миы сыртына шықты. Қасқыр Патшасы Күйкүй әлі тыныс алып жатты, ол құлап түсті, ал оның көмейінен күңгірт және бұлыңғыр дыбыс естілді, бірақ оның көздері жұмылып, тіршілік тынысы үзіле бастады.

Егер ол қатты әлсіреп ашықпағанда бенгал жолбарысынан олай оңай жеңілмес еді-ау.

Бұл кез сондай бір суық қыс еді, қатты қарлы боран төрт тәулікке созылды. Паядин қасқырлар үйірінің аш болғаны соншалық, олар аштықтан өз құйрықтарын жей бастады. Қасқырлар Патшасы Күйкүй де бірнеше еркек қасқырды қарлы боранда аң аулауға алып барды, бірақ қатты жел мен қалың қар оларға ештеңе істетпеді. Ауыздарына еш жемтік түспеді, тамақ таба алмады. Қасқырлар патшасы Күйкүй де күні бойы көп тырбанды, қатты қалтырап тоңды, бірақ олардың бір тышқанға да қолы жетпеді. Қасқырлар көптен күткен қалың қар, алғашқы тұман, олар даланы жортып әдеттегідей жемтік іздеді, бірақ олардың жолы болмады, олар қалың қардың бетінде бүлкек желіске салып, Рикука қарлы тауының оңтүстік етегіне дейін барды, тамақ болатын бірде-бір шөп қоректі жануарды таба алмады. Мүмкін аштық пен суықтан ба, әлде жастығынан ба, әлсіздігінен бе, көксұр мен Ян Яньян атты аналық қасқырдың жүрісі баяулап тәлтіректей бастады, бір кезде теңселіп барып тайып, құлап түсті. Көксүр жас ұрғашы қасқыр болсада Рикука қарлы тауында кішкентай кезінен бастап өмір сүрген, оның қарда өмір сүруде тәжірибесі бар, ашықты және шаршағанын білді, егер тамақ жемесе көп дегенде бір-екі сағатта құлайды. Одан ары орнынан тұра алмай, мұздай мәйітке айналады».

Бұл үзіндіден біз жазушының табиғатты барынша түсінгенін және ішкі жан-дүниесін көре аламыз. Қасқырлардың аштыққа шыдай алмай қиналғаны. Күйкүй патшаның басқа қасқырлардың аштықтан әлсіреп құлағанын көрген кезде, енді тамақ тауып бермесе тұқымдары құритынын сезінеді. Сол себептен КүйКүй патша қауіп – қатерді ойламай өз халқы үшін өмірін қиюға дайын болды. Патшаның келесі қимылын оқыңыз:

«Бенгал жолбарысы да қасқырларды байқады, ол арқарды кеміруін тоқтатты, маңайына патша мінезімен паңдана басын көтеріп, қарап тұрды. Осы кезде, егер бенгал жолбарысы үйірлі қасқырларды менсінбей тамағын жей берсе, ашуланған бейнеде аяқ-қолын бүгіп, құйрығын көтеріп, құлшына жұлмалап жатса, Көксүр қасқыр патшасы Күйкүй ешқашан жолбарыстың тырнағының астындағы арқар туралы ойлай алмас еді.

Осы уақытта Бай Янян есімді кішкентай аналық қасқыр аштықтан есін жиғанда, Көксұр қасқыр патшасы Күйкүй ешқашан ондай ажалға бармас еді.

Қасқыр мен жолбарыс екі бөлек жыртқыш аң. Қасқыр – орта ет қоректі жыртқыш, ал жолбарыс – аса ірі ет қоректі жыртқыш. Қасқырдың тістері жолбарыстың тістері сияқты өткір емес, қасқырдың тырнақтары да жолбарыстың тырнақтары сияқты мықты тегеурінді емес. Қасқырдың атылу күші жолбарыстан мықты. Жер бетінде кездесетін жолбарыстардың арасында Бенгал жолбарысы физикалық формасы бойынша Сібір жолбарыстарынан кейінгі екінші орында, бірақ қатыгездігі бойынша бірінші орын алады. Сондықтан, қасқыр бенгал жолбарысына кездескенде, бірінші ой оған жақындау емес жасырыну керек еді. Оның қанды тегеурінінен алыс кету керек. Бенгал жолбарысы қасқырларға қарағанымен агрессивті ашуланған жоқ және асыққан жоқ, керісінше, ол жарты минут ойланып, кенеттен қасқырларды таңдандыратын қимыл жасады – арқарды мойнынан тістеп көтерген бойы тау баурайындағы жолмен, орман ішіне қарай ығысты.

Бұл жемтіктің салмағы отыз-қырық кило тартады. Бенгал жолбарысы ауыр жүкті алып кетіп барады. Оның аяғы қалың қарға бір кіріп бір шығады. Жолбарыс бірде биік, бірде төмендейді, қинала басып барады. 30-40 қадам жүрген соң жемтігін жерге қойып, аз тыныс алып, содан кейін тағы алға қарай жылжыды. Бұл Бенгал жолбарысының неге алыстап кетіп бара жатқанын Құдай біледі. Мүмкін, ол бірнеше күннен бері қарлы боранның салдарынан тамақ жей алмаған шығар, ол ашығып осы тамағын қолға түсіргенше әбден шаршап қалған шығар, енді ол аш қасқырлар тобымен жұлысқанша деп, бір тыныш жер іздеп бара жатқан болар, солай тыныш тамағын жеуді ойлаған. Мүмкін, бенгал жолбарысының көкейінде басқа есебі де бар шығар, Паядин қасқырлар тобында 20 дан астам қасқыр бар, олар шашыраңқы түрде қарда шоқиып отыр, мүмкін ол әр жерде қараңдаған топтан қорыққан шығар. Мүмкін, жауларының саны өзінен көп болуын қаламаған болар, сондықтан да жылыстап бара жатқан шығар. Мүмкін, бұл егде жастағы жолбарыс, оның күш-қуаты жыл санап әлсіреп, осы уақытта ол тіпті күші сарқылған болар, өзіне еш сенімділігі жоқ болар, содан да аш қасқырлар тобымен күресу мүмкіндігі болмай, тыныштықты іздеп осы стратегияны қабылдауға мәжбүр болды ма, кім білсін ... Қандай себеп болса да, Паядин қасқырларын көрген соң Бенгал жолбарысы ештеңе демей, тыныш кетіп барады.

Қырсыққанда осы кезде Бай Янян атты кішкентай ұрғашы қасқыр көздері қарауытып, шалқасынан жерге суық құлап, аштықтан есінен танды. Дүниеде балаларына қарамайтын, жаны ашымайтын ана жоқ. Ол жылаған сәтте ол кішкентай күшігінің аузына тілін салды – бұл ерекше «тамақтану» әрекеті. Қасқырдың күшігі кішкене болған кезде ересек қасқыр тіл қолданады, тілін оның аузына салып, жартылай қорытылмаған тағамын өз балаларына береді. Бұл тамақтандыру тәсілі «тоғыту» деп аталады. Бірақ, өкінішке орай, Көксұр қасқыр өзі аш, іші бос, күшігіне беретін асқазанында ештеңе жоқ, оның аузына кішкене ғана жылы сілекей тамызды. Кішкентай ұрғашы бөлтірік Бай Янянның тірлігі әлі де қыңыр, анасының сілекейін жұтқаннан кейін, ол есін жиып, бірнеше адым жүруге тырысты, қасқырлар патшасы Күйкүйге аянышпен қарап, еріндерін қозғап, аздап күңкілдеді. Көмек сұрап жылап жатқан сияқты: Мен қатты ашпын, көмектесіңізші! Мен шынымен ашпын, маған көмектесіңізші! Мені құтқар! Қасқыр патшасы Күйкүйдің арқа жүні кенеттен тік тұрды, көздерінде от жанды, ол сүйір аузын көтеріп сүйді: «Оу ...» - деп бір ұзақ ұлыда да, қасат қарды басып, Бенгал жолбарысының артынан жүрді. Күйкүй ол – қасқырлардың патшасы және Паядин қасқырлар тобының арасында ең жоғары билік осыда. Қасқырлар үйірінде қатаң ішкі тәртіп, бұйрықтар мен тыйымдар бар. Қасқыр патшасының мінез-құлқы, іс-әркеті кландағы барлық қасқырларға демонстрациялық әсер етеді. Сонымен, бес күшігіне тамақ табу үшін қадам басты, басқа қасқырлар оның артынан ерді, солай Бенгал жолбарысына тез жақындады. Қу құлқын, аштық оларға осылай қадам жасатты.

Ол өз әрекетінің салдары мен өз күшін бағамдай алмады, бұл қасқырлар королі Күйкүй өз өмірін қатерге тігіп, Бенгал жолбарысына соққы жасауға өзін итермеледі. Бәлкім, қиналған кішкентай қасқыр Бай Янянға қарап қасқыр патшасы Күйкүйдің әкелік сүйспеншілігі оянған шығар. Қасқыр – табиғатта әкелік сана-сезімге ие аз жануарлардың бірі. Еркек қасқырлар мен аналық қасқырлар ерлі-зайыптылық құрғаннан кейін, олар бірге болады және балаларын бірге тәрбиелейді. Қасқырлар отбасында әкенің рөлі және әкенің махаббат сезімі бар. Қасқыр патшасы Күйкүй өз қызының көз алдында аштан өлгенін көруге шыдамай, қауіпті ұмытып кеткен болуы мүмкін. Мүмкін қасқыр патшасы Күйкүй өз күшін бір көрейін деген де болар – Бенгал жолбарысы қатал болса да, ол жалғыз, қасқыр жолбарыстың алдында қауқарсыз әлсіз болсада, бірақ қасқырлар көп. Паядин қасқырлар тобында үлкенді кішілі 20 қасқыр бар, олардың саны өте көп. Сабырлы жауап пен ақылды қарым-қатынас арқылы ептеп тамақты жолбарыстың аузынан тартып алуға болатын ба еді. Мүмкін Қасқыр Королі Күйкүй өзінің мықты дене бітімі мен ақылдылығына тым сенімді шығар - Қасқыр патшасы Күйкүй бірнеше рет тау барыстарының, сілеусіндердің және аюлардың аузынан тамақ тартып алған. Ең атақтысы - қасқыр патшасы Күйкүй мен екі еркек қасқыр күш біріктіріп, тау аңғарында қысты күні бір жұп қар барысынан жемтігін тартып алды. Сол табысы қасқыр патшасы Күйкүйді масайтты, жеңіске паңданды, міне сол даңқ қасқыр патшасын өлімге әкеліп соқтыратын қателік жасатты ... Бенгал жолбарысы арқарды көтеріп, тез жүгіре алмады, көп ұзамай-ақ қасқырлар оған 20-30 метр қашықтыққа жетті. Қасқыр патшасы Күйкүй, мойынын қисайтып, қиғаштай басқа үлкен еркек қасқырларға қарап, Бенгал жолбарысының артынан, шабуыл жасайтын бейнеге енді, осылай қасқыр патшасы Күйкүй жолбарысты тістемекші болды, бұл жұмыртқаның тасқа тиіп жарылғаны сиқты тірлік еді. Ол қарсыласын ашуландыру үшін блиффиң әдістерін қолданып, қарсыласты қудалау тактикасын қолданады, қарсылас өзін қуу үшін тамағын тастауға тура келеді, осы кезде басқа қасқырлар арқарды ұрлап алу мүмкіндігіне ие болады. Жарты ай бұрын Паядин қасқырлары жабайы қабанның күшігін қоңыр аюдың қолынан сәтті жұлып алу үшін осы тактиканы қолданды. Техника қайталанды, мен соны қайта жасауға тырысамын деп үміттенді».

Бұл үзіндіден біз патшаның басқа қасқырлардың өмір үшін күресін көре аламыз. Бұл романда қасқырлар әлемі анық және айқын суреттелген.

Бенгал жолбарысының аузында өлген қасқыр патша туралы баяндалады да одан кейін оның жұбайы көксұр қаншық Паядин қасқырларының патшасы болады. Ол көптеген қиындықтарды, апаттар мен азаптарды бастан өткерді. Қақаған қыста қасқырға жем болып, құйрығымен балшықта қиналған еркек қасқырды құтқарып, қасқырлардың сеніміне ие болады. Ақырында, олар басқа қасқырлармен күш біріктіріп, қатыгез жолбарыспен күреседі және әйел патша батылдықпен, мейірімділікпен және төзімділікпен барлық қиыншылықтарды жеңіп, жеңімпаз қасқыр патшасына айналады.

Бұл роман әсерлі оқиғаны баяндайды. Қасқыр патша өз өмірін қатерге тігіп, «жолбарыстың аузынан жемтігін жұлып алу» үшін өмір мен өліммен арпалысып, өкінішке орай қайтыс болды. Қасқырлар аштықтан өз патшасының мәйітін жеуге нитеі бұзылғанда, бас кейпкер көксұр қаншық қасқыр асқан тәуекелге барып жардан секіріп, киікті ұстаймын деп өмірмен қоштаса жаздайды. Осы ісі арқылы апандағы барлық қасқырға өзін мойындатады. Бұл қандай үлкен жауапкершілік сезімі! Қандай әсерлі арнау! Жануарлар әлеміндегі джунглиге келетін болсақ, адамдар физикалық тұрғыдан күшті, батыл адамдарды күшті деп санайды. Алайда, егер тұрақтылық, табандылық, жауапкершілік, кішіпейілділік пен сүйіспеншілік біріктірілсе, нағыз батыр сол болмақ. Бұл кәрі қаншық қасқыр Дуо Дуоджуды қатты елжіретті. Қасқырлар тақ үшін таласып қанды шайқас бастағалы жатқанда, кәрі ұрғашы Дуо Дуоджу көксұр қаншық қасқырға алғашқы болып мойынын созып жаңа қасқыр патша етіп тағайындайды.

Паядин қасқырлар тобының тарихындағы жалғыз әйел қасқыр патшасы, Оның бойындағы ешқашан өзгермейтін жауапкершілік сезімін көре аласыз, ең алдымен, ол күйеуінің алдындағы жауапкершілік. Бастапқы қасқыр патшаның жесірі ретінде ол қасқырлардың бір-бірін жеуін тоқтатады және топтағы еркек қасқырлармен тіл табысуы. Еркек қасқыр мен ұрғашы қасқыр ерлі-зайыпты болғаннан кейін олар бірге тұрып, балаларын бірге өсіреді. Қасқыр отбасында табиғи түрде әке рөлі бар, сонымен қатар әкелік махаббат сезімі де бар.

Романның сюжеті үзілмейтін үлкен желіге құрылған. Жазушының өмірдің заңын жете түсініп жазғаны анық байқалады. Бұл романдағы қаншық патша қасқырдың жан қиналысы, жан арпалысы шебер суреттеледі. Жазушы қасқырдың қасқырды жеу сияқты қатыгездігін суреттеп қана қоймайды. Қасқырлардың бірлескен күш-жігерінің арқасында барлық қиыншылықтарын жеңгенін бейнелейді. Бұл романда жан-жануарлар туралы әңгіме болғанымен, біздерге тәрбиелік мәні де терең, балаларға жақын, кім де кім оқып бастаса еріксіз аяғына дейін шығады.

Қасқырлар жасаған қоғамдық тәртіптің деңгейіне жету үшін адамзат баласының алдында әлі де талай ұзақ жол жатыр...

Нұрхалық Абдырақын

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 801
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 9850