Қарағандыдағы тарихи-өлкетану мұражайы жаңғыртудан кейін қайта ашылды
Қарағандыда облыстық тарихи-өлкетану мұражайын ауқымды жаңғырту жұмыстары аяқталды. Бір жарым жыл ішінде экспозициялық залдар толық жаңартылып, ғимаратқа жөндеу жүргізілді. Енді өңір тарихы заманауи форматта — мультимедиялық және цифрлық шешімдер, жасанды интеллект мүмкіндіктері арқылы ұсынылған. Бұл жоба соңғы жылдары облыстағы музей кеңістігін жаңғырту бағытындағы ең ірі өзгерістердің бірі болды.
Жаңартылған мұражайды алғашқылардың бірі болып Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, қоғам өкілдері, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері тамашалады.
Өңір басшысының айтуынша, мұражай бүгінде тарих жаңа форматта ұсынылатын заманауи кеңістікке айналған.
— Ұсынылған тәсіл ерекше ұнады. Жоба таныстырылымында көргеніміз бүгін толық жүзеге асқан. Мұнда облысымыз бен еліміздің тарихы ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін қамтылған, әрі жасанды интеллект пен заманауи технологиялар қолданылған. Келушілер мұны жоғары бағалайды деп сенемін. Жобаны жүзеге асыруға қатысқан барлық мамандарға — құрылысшыларға, сарапшыларға және музей қызметкерлеріне алғыс айтамын, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тарих факультетінің деканы Жарас Кенжеғали жаңартылған экспозиция білім беру жұмыстары үшін маңызды алаң болатынын атап өтті.
— Экспозиция көлемді түрде ұсынылған, Қарағанды облысының тарихына қатысты көптеген жаңа материалдар қосылған. Біз бұған дейін де музеймен тығыз жұмыс істеп келдік: студенттерді әкеліп, тәжірибеден өткіздік. Енді бұл жұмыс жаңа форматта жалғасады — студенттер мен магистранттар үшін бұл оқу мен тағылымдамадан өтуге өте жақсы база, — деді ол.
Мәдениет саласының ардагері Рымбала Омарбекованың пікірінше, мұражай келушілер үшін анағұрлым заманауи әрі тартымды бола түскен.
— Мен мұражайдың бұрынғы қалпын жақсы білемін — ол да жақсы болатын. Бірақ бүгін көргеніміз мүлде басқа формат. Заманауи технологиялардың арқасында көне экспонаттар тіріліп кеткендей әсер қалдырады. Ең бастысы — экспозиция жастардың қызығушылығын оятады, — деді мәдениет қайраткері.
Қарағанды тарихи-өлкетану музейі 1932 жылы құрылған. Соңғы реэкспозиция шамамен 15 жыл бұрын жүргізілген. Жаңа дизайн-жоба конкурс негізінде таңдалды. Жұмыстар басталар алдында мұражай қызметкерлері еліміздегі және шетелдегі жетекші мұражайлардың тәжірибесін зерттеген.
Abai.kz