Сәрсенбі, 24 Желтоқсан 2025
Әдебиет 224 0 пікір 24 Желтоқсан, 2025 сағат 13:13

Шалкиіздің толғауы және Сейдалиндердің қыстауы

Коллаж: А.Әбсадық.

ШАЛКИІЗ ЖЫРАУДЫҢ ТОЛҒАУЫ ЖӘНЕ СҰЛТАН СЕЙДАЛИНДЕРДІҢ ҚОСТАНАЙДАҒЫ ҚЫСТАУЫ

АҢДАТУ: ЖЫРАУЛАР ПОЭЗИЯСЫ ЖӘНЕ МАҒАУИН

Шалкиіз жыраудың шығармалары қатарынан поэтикалық қуаты мен тарихилығы тұрғысынан ерекше көзге түсетін туындысы – Темір биге айтқан толғауы. Темір би – Ноғайлы Ордасының негізін қалаған даңқты әмірші, қолбасшы Едіге бидің ұрпағы. Бүгінгі таңда зерттеушілер аталған туындыны жыраудың «Би Темірге айтқан бірінші толғауы» және «Би Темірді хаж сапарынан тоқтатуға айтқаны» деп айшықтайды. Бірінші толғаудағы:

Аспанды бұлт құрсайды –
Күн жауарға ұқсайды.
Көлдерде қулар шулайды –
Көк шәуліден ол айуан
Соққы жегенге ұқсайды.
Көп ішінде бір жалғыз
Көп мұңайып жылайды –
Күйбендескен көп жаман
Сөзі тигенге ұқсайды! – деп торығу, қапалану, мұң шағумен басталатын толғаудың жыр шумақтары бұдан әрі ширығып, билік иесін көкке көтере мадақтайды. Жырдың соңғы шумақтарында жырау әміршіге берген сертіне адал және ол үшін жанын беруге даяр екендігін паш етеді:

Сен – алтынсың, мен – пұлмын,
Сен – жібексің, мен – жүнмін,
Сен – сұлтансың, мен – құлмын,
Сен – сұңқарсың, мен – қумын,
Жемсауыңа келгенде,
Сом жүрегім аяман!
Саған – дұспан, маған – жау,
Керекті күні алдыңда
Ғазизленген сұлтан, жаным аяман!

Бұл – ортағасырлық поэзияға тән ода жанрының, яғни мадақтау, дәріптеу жырының биік үлгісі. Жыраулық поэзияны ұлт руханиятына қайта оралтқан Мұқтар Мағауинның сөзімен айтсақ, «Құздан құлаған селдей екпінді, қуатты поэзия»!

Шалкиіз жыраудың аты аталған толғауын және жалпы жыраулық поэзияның үлгілерін руханият тарихтың көне көмбесінен аршып алып, қазіргі қолданыстағы жазу үлгісімен жариялаған және жыраулар шығармашылығына қатысты алғаш толымды ғылыми зерттеулер жүргізген ғалым – атақты жазушы Мұқтар Мағауин. Көне рухани мұраға қасаң таптық көзқараспен қараған кеңестік дәуірде жырау-жыршы туындыларын жариялау қарекеті ғалымға үлкен тәуекелділік пен ержүрек батылдықты қажет еткені – тарихи шындық. М. Мағауинның батылдықты «құрықтаған» ерлік ісі арқасында жыраулар поэзиясы бүгінгі таңда қазақ әдебиеті тарихының кең арнасы болып қалыптасты және оны кешенді түрде зерттеу өз жалғасын тауып келеді.

Шағын мазмұнға құрылған біздің мақаламыздың басты мақсаты – Шалкиіз жыраудың Би Темірге айтқан толғауы қай жерде алғаш  жазбаға хатталғандығын тарихи деректер мен архивтік мұрағаттар негізінде айқындау болып табылады. Негізінде, ауызша жеткен мұраның жазбаға түскен уақыты, мезгіл-мекені зерттеушілер үшін аса маңызды. Мұны шығарманың қайта дүниеге келуімен пара-пар құбылыс деп тануға және оны ғылыми тұрғыда зерде-пайым таразысына тартқанда, төрт тағандап табан тірейтін табалдырық есебінде санауға болады.

КӨМБЕ

Шалкиіздің толғауы 1875 жылы «Записки Оренбургского отдела Императорского Русского Географического общества» (ЗООИРГО) жинағының 1875 жылы Орынборда жарияланған ІІІ басылымында «Қазақ поэзиясының үлгілері» (Образцы киргизской поэзии) деп аталатын 170 беттік көлемді жинақтың құрамында жарияланды (1 сурет).

1 сурет. Жинақтың алғашқы беті.

Онда аталған толғаудан басқа «Қаратаудың басынан көш келеді», «Қоқандықтардың қоқайы», «Болық пен Елтайдың айтысы» (қыз бен жігіт айтысы - авт), сынды лирикалық және эпикалық сипаттағы жыр үлгілері бар. Сонымен қатар «Кенесары туралы жыр» атты көлемді туынды да енген. Өлең-жырлардың қазақ тіліндегі мазмұны араб қарпімен таңбаланып, жанына орыс тіліндегі аудармасы да қоса берілген. Халық мұрасын жинап, оны хаттаған авторлардың есімі мен әкесінің аты бас әріппен таңбаланып, ал олардың зәу-затын белгілейтін сойы толық көрсетілген. Жинақты басылымға дайындаған авторлар – Императорлық орыс географиялық қоғамының Орынбор бөлімшесінің мүше-қызметкері (мүше-корреспонденті - авт.) сұлтан Т. А. Сейдалин және қоғамның толық мүшесі С. А. Жантурин. Олардың аты-жөнін толық қазақы мәнерде тарқата айтсақ – Тілеумұхамбет Айтөреұлы Сейдалин және Сейітхан Ахметұлы Жантурин.

ЖАНТУРИН – СЕЙДАЛИН-2 – РАСПОПОВ

Жазбадағы авторлардың үлестері мынадай: С. Жантурин – жинақтың екінші бөлігіндегі Кенесары хан туралы көлемді жырды жазбаға түсірген және оның орысша нұсқасын аударған кісі. Мұны жырдың соңындағы «Аударған сұлтан Жантурин. 1-ші қазан 1972 жыл. Орынбор қаласы» (2 сурет) деген жазудан аңғарамыз (2 сурет).

2 сурет. Кенесары туралы жырдың соңына жазылған жазу.

Сейітхан сұлтан – Шығыс Орданының (кейін Қостанай уезі) билеушісі, аға сұлтан Ахмет Жантуриннің баласы. Ахмет сұлтан Орданың билеушісі ретінде қазақ би-бағландарының балаларын Орынборда ашылған орысша оқу орындарында оқытуға көп үлес қосқан лауазым иесі. Тарихшы ғалым Жәнібек Исмурзин Жантуриндерді Қазақ хандығындағы беделді, билеуші Жәдік әулетінің ұрпағы, ХҮІІІ ғасырдың 70-жылдары Хиуада билік құрған Қайып ханның зәузатынан тараған төре тұқымы деп таниды.

Сейітхан Жантурин зерттеушілерге ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы кезеңде баспа бетінен жарияланған басқа да еңбектерімен де таныс. Айталық, оның 1883 жылы Санкт-Петербургтен шығатын «Коннозаводства» журналының №7 санында Қазақтардың жылқы шаруашылығынан очерктер» (Очерки киргизского коневодства) деген көлемді, танымы мол зерттеуі жарияланады.

Жинақтың бірінші бөлімі, яғни қазақ поэзиясының сан алуан үлгілері (Шалкиіз жыраудың толғауы да осының ішінде) топтастырылған бөлігі – Тілеумұхамбет Сейдалиндікі. Ол өзі жинап, басылымға топтастырған өлеңдердің мазмұнын орысшаға жолма-жол аударған. Орысша аударманың «құйрық-жалын түзеп», «кекілін түйіп», поэтикалық өрнекпен өлшеп-өрнектеген кісі – Орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесінің толық мүшесі П. Н. Распопов.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қазақ зиялыларының қатарында Сейдалиндердің әулетінен екі атақты есім қатар аталады. Олардың бірі – Әлмұхамбет Күнтөреұлы Сейдалин. Ол – Торғай облыс Ырғыз уезі басшысының аға көмекшісі лауазымында қызмет жасап, уезд территориясында қазақ балаларына арналған орыс-қазақ мектептерін ашуға белсенді атсалысқан лауазым иесі. Екіншісі, біздің арнайы сөз ететін кейіпкеріміз, Тілеумұхамбет Айтөреұлы Сейдалин.

Сейдалиндер – Кіші жүз ханы Әбілқайырдың ұрпағы. Тарихшы Арман Қият бұл билеуші әулеттің шежіресін былайша тарқатады: Әбілқайыр – Нұралы – Сейдалы. Ал Сейдалыдан Күнтөре мен Айтөре туады. Күнтөреден – Әлмұхаммед, Айтөреден – Тілеумұхамбет (Толығырақ: Сейдәлин және Қостанай қаласы: жоғалған топонимдер // https://abai.kz/post/190238).

Айтөреұлы Тілеумұхамбет (оны Әлмұхамбет Сейдалинмен шатастырмас үшін «Сейдалин-2» деп атаған) 1855 жылы Орынбордағы Неплюев атындағы кадет корпусын тамамдағаннан кейін әскери қызметте болады және Торғай облысы құрылған уақытта ұзақ жылдар Николаевск (Қостанай) уезі басшысының аға көмекшісі қызметін штабс-ротмистр әскери шенінде атқарады. Лауазымды әкімшілік қызметпен қатар қазақша хат танып, орысша білім алған зиялылардың өкілі ретінде ел арасынан фольклорлық мұраларды хатқа түсіріп, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі жайынан хабар беретін жазбалар жазған. Айталық, ол 1870 жылы Қазан қаласынан шыққан «ЗООИРГО»-ның І басылымында қазақтардың шаруашылығы жайында «Торғай алқабындағы егіншіліктің дамуы» (О развитии хлебопашества по бассейну реки Тургай) атты зерттеу еңбек жазады. Онда Торғай өңіріндегі егіншілік шаруашылығын қалыптастыруға тарихи үлес қосқан Қыпшақ Сейітқұл туралы толымды деректер бар. 1874 жылы Т. Сейдлиннің «Вестник Европы» журналының №12 санында «Қазақ өлеңдері» (Киргизские песни) деген тақырыппен қазақ лирикалық өлеңдерін жариялайды. Ол өлеңдер біздер тілге тиек етіп отырған жинаққа, яғни 1875 жылғы басылымға да кіреді. Ондағы өлеңдерді орыс тілінде поэтикалық өрнектегі аудармасын П. Распопов жасайды. Бұл көріністен біздер Т. Сейдалин мен Орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесінің толық мүшесі П. Распоповтың арасында шығармашылық байланыс болғанын байқаймыз. П. Распопов кейін, яғни 1885 жылы Орынбор қаласында «Образцы киргизской поэзии в песнях эпического и лирического содержания, переложенных в русские стихи» деген атаумен жеке кітап етіп бастырып шығарады.

Т. Сейдалин жинақтың өзі хаттаған бөлігіне «Аударған сұлтан Т. Сейдалин-2. Тобыл өзені. 6 қараша 1872 жыл» (2 сурет) деген мәлімет қалдырған.

2 сурет. Т. Сейдалиннің жазбасы.

ТОСЫН ТҰСПАЛ

Бұл мәліметтің зерттеушілер үшін маңызы зор. Себебі ол атақты толғаудың қай жерде алғаш хатқа түскенінен хабар береді. Ол, жазбада тайға таңба басқандай анық жазылған, Тобыл өзенінің бойы. Бірақ Тобыл – оңтүстік-батыстан солтүстікке қарай сұлап ағып жатқан ұзын өзен. Ғылым нақтылықты қажет етеді, сондықтан ғылыми ортада аталған толғау Тобыл өзенінің қай жерінде хатталған деген сауал өзінен-өзі туындайтыны анық. Бұған біздер «Шалкиіз жыраудың Би Темірге айтқан толғауы қазіргі Қостанай қаласында жазылған» деген тосын тұспалымызды ұсынамыз. Бұл – бұрын-соңды көтерілмеген, жыраулар поэзиясының мән-маңызын қаузап жүрген жандарды, сонымен қатар қалың жұртышылықты да елең еткізетін жаңалық. Себебі Шалкиіз жырау қайда, Қостанай қаласы қайда? Бір-бірімен теңеспейтін, қатарласпайтын, қабыспайтын ұғымдар!

Мұндай тосын жаңалыққа қисынды дәлел керек екендігі анық. Ал оған біздің қолымызда қандай дәлел бар? Дерек «қонған», дәмі бар дәлел ретінде Т. Сейдалиннің 1879 жылдың 30 қараша күні Троицк қаласынан Торғай облысының әскери генерал-губернаторының атына жазған рапортындағы мәліметтерге назар аударамыз. Сол баянхатқа тіркелген мәліметтер, біздің ойымызша, тосын тұспалдың шындыққа қисындылығын қуаттайды.

ОРДАБАЙ – ҚОСТАНАЙ – НАРТАЙЛАҚ – ӨМІРТАЙ

1879 жылдың жаз айында Николаевск уезінің орталығы болып Торғай облысы ашылған 1869-70 жылдары белгіленген Тобыл өзенінің орта ағысындағы «Ордабай-тоғай» деген жерді өз көзімен көруге келген губернатор А. Константинович болашақ қала орынын санитарлық-экологиялық тұрғыдан жаратпай, «Ордабай-тоғай»-дан төмен жүріп, Тобыл өзені бойынан 18 верст жерді шолып, жаңа қоныстың орнын іздейді. Соның нәтижесінде ол өзі шолып шыққан алқаптағы қазақ қыстауларының иесі мен онда қыс мезгіліне дайындалатын мал азығының (шөптің) көлемін анықтауды штабс-ротмистр Т. Сейдалинге тікелей жүктеп, арнайы тапсырады.

Т. Сейдалин губернатордың тапсырмасын күз айында бұлжытпай орындап, 1879 жылдың 30 қазанында оған рапорт (баянхат) жазады. Онда ол жаз айында губернатордың өзі бас болып өзенді жағалаған 18 шақырымдық жағалаудың, яғни «Ордабай-тоғай» мен «Өміртай» қоныстары арасындағы географиялық ландшафтыны сипаттайды, көзбен шамаланған 1 шақырымдық межедегі сызба карта дайындайды. Рапорттың ресми атауы мынадай: «Описание Урдабай-тогая и смежно лежащих с ним ниже по течению р. Тобола местностей, обозревавшихся г. Военным Губернатором Тургайской области летом 1879 г., с приложенным к нему глазомерного плана в 1 верстном масштабе» (Толығырақ: Қостанай: Өзен өткелінен шаһар атауына дейін // https://abai.kz/post/197416 ).

Баянхатта Т. Сейдалин өзен жағалауының географиялық кескін-келбетін былайша сипаттайды: «...Начиная, приблизительно, с 2-х верстной ширины, Урдабай-тогай только в одном месте сузилась до 1 или до 1,5 верст, достигнув далее, ниже по течению реки, наибольшей своей ширины и кончаясь бродом Урус-уткуль, за которым начинается другой участок – Кустанай с бродом того же имени через Тобол и с смежно лежащим с ним ниже, по течению Тобола к урочищем Нартайляк и другим залежам последним до местности Умуртай, верхнею частью коего кончилось обозрение минувшего лета. Таким образом, в прилагаемый к сему описанию план вошел Урдабай-тогай со всеми участками, лежащими между ним и Умуртаем на протяжении, примерно, 18 с небольших верст».

Осылайша ол губернатор шолып өткен межеде «Ордабай-тоғай», «Қостанай», «Нартайлақ» және атауы белгісіз төрт қоныс бар екенін, онда қай ауылдардың қыстауы орналасқанын және қанша мөлшерде азық шөп дайындалатын кестелеп көрсетіп, нақты анықтайды (3 сурет).

3 сурет. Т. Сейдалиннің рапортындағы Қостанай қаласының орнындағы қазақ қыстаулары туралы кестелік мәлімет.

Айталық, «Қостанай» қонысынан кейінгі «Нартайлақ» қонысында кімдердің қыстауы орналасқанын ол былайша айқындайды: «На уроч. Нартайляк: 1-я зимовочная группа из 12 кибиток так называемых Туленгутов того же аула, 2-я и 3-я из 7 кибиток Абилевых, того же аула; 4-я, из 2 кибиток Акдавлетовых того же аула; 5-я, из 2-х кибиток Тумабаева того же аула; 6-я и 7 кибиток Утемиса Булекбаева того же аула; 7-я из 2 кибиток Султана Кунтюре Сейдалина, того же аула и 8-я из 12 кибиток Султана Айтюре Сейдалина того же аула». Архив мұрағатындағы аталған ақпарат оқырмандарға анық көрінуі Т. Сейдалин жазған ақпаратты біздер заманауи кестеге салып ұсынып отырмыз (4 сурет):

4 сурет. Т. Сейдалиннің рапортындағы Қостанай қаласының орнындағы қазақ қыстаулары туралы кестелік мәліметттің замануи нұсқасы.

Сейдалин кестелеген тізімінен «Нартайлақ» қонысында №7 және №8 реттік санмен белгіленген Күнтөре мен Айтөре Сейдалиндердің қыстауы қатар орналасқанын көреміз. Олай болатын болса, 1872 жылы Айтөреұлы Тілеумұхамбет Шалкиіз жыраудың Би Темірге айтқан толғауын «Қостанай өткелі» маңында орналасқан әкесінің қыстауында хатқа түсірген деп тұспалдауымызға болады.

Айтпақшы, жаңа қонысқа көшкен перселендерді орналастыру мәселесін алғашқы жылдары Т. Сейдалинге жүктеліп, ол 1881-1884 жылдар аралығында болашақ қаланың уақытша басшысы қызметін атқарады. Бұл қызметті ол, тарихи деректердің баяндауынша, қаланың іргесіндегі әкесінің қонысында отырып жүргізеді. Сол жылдардың бірінде қазақ жұрты мен жаңа қонысқа келіп жатқан переселендер арасында қанды оқиғаға ұласқан қақтығыс кезінде бас сауғалап қашқан қазақ кісілері Сейдалиннің қыстауын паналағаны, сол кезде Тілеумұхамбет өзін қуғыншыларға үкіметтің лауазымды қызметкері ретінде таныстырып, оларды сабасына түсіргені де тарихи жазба деректерге тіркелген.

ТҮЙІН: ТОБЫЛ НЕМЕСЕ ҚОСТАНАЙ ДӘПТЕРІ

Түйіндей келгенде, Тобыл өзенінің сол жақ жағалуына бір-бірімен қатар түскен ағайынды Сейдалиндердің қыстауы қазіргі Қостанай қаласының орнында болды және ол қонысты қазақтар «Нартайлақ» деп атаған. Сол қоныста Тілеумұхамбет Сейдалин ақ қағазды ала түске айналдырған қолжазбасының соңғы нүктесін қойыпғ қазақ поэзиясының озық үлгілерін өшірілмес сиямен «қаптауды» тамамдаған. Бүгінгі таңда «Нартайлақ» қонысы – Тобыл өзені бойына қанатын жайған Қостанай қаласының «КСК» деп аталатын солтүстік-шығыс бөлігі.

Алғашқыда үкімет қамқорлығымен «Қостанай өткелі» мен «Әбіл-сай» арасындағы тұрғын-жайлардың салынуы негізінде пайда болған перселендер қонысы кейін кеңейіп, Торғай губернаторы шолып өткен 18 шақырымдық өзен жағалауын жағалай орналасты. Қаланың өзен бойындағы шет-шекарасы кешегі кеңес дәуіріне дейін сол меженің төңірегінде болды. Ағайынды Сейдалиндер қыстауы, сонымен қатар қазақтың өзге ауылдарының қоныстары да бірте-бірте кеңейген қаланың астында қалды.

Қостанай қаласы біз білмейтін «құпияларды» бүгіп жатқанын бұған дейін де бірнеше мәрте жазғанбыз. Т. Сейдалин жазбаға түсірген Шалкиіз жыраудың толғауына қатысты тосын мәлімет те сол бастамалардың қатарынан орын алатыны сөзсіз. Қазақ руханиятына қызығатын көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар тарапынан аталған толғау қай жерде алғаш жазбаға хатталаған деген сауал туындағанда, бүгінгі Қостанай шаһарын еске алуымыз қажет-ақ!

Алғашқы демекші, Темір бидің атасы, Алтын Орданың даңқты билеушісі Едіге би туралы жыр да Қостанай өңірінде алғаш рет жазбаға түскен еді. Оны 1842 жылы Құшмұрын көлінің жағасында Шыңғыс Уәлиханов пен Ахмет Жантурин, жеті жасар Шоқанның қатысуымен Жұмағұл жыршыдан жазып алған алғаны зерделі зерттеушілерге белгілі. «Едіге» жыры сынды Алтын Орда дәуірінің асыл мұрасы хатталған қолжазбаны ғалымдар Ш.Уәлихановтың «Құшмұрын дәптері» деп атайды (Толығырақ: Қазыналы Құсмұрын құпиясы: https://egemen.kz/article/251432-qazynaly-qusmuryn-qupiyasy ). Енді осындай таным-түйсікті Шалкиіз жыраудың Би Темірге айтқан толғауына қатысты да айтуымызға болады. Мұны Тілеумұхамбет Сейдалиннің «Тобыл дәптері» (түпнұсқалық негізде) немесе қазіргі қалыптасқан тарихи-географиялық шындық негізінде «Қостанай дәптері» деп атасақ та, орынды әрі қисынды болатын сынды!

Алмасбек Әбсадық,

филология ғылымдарының докторы.

Қостанай қаласы

Abai.kz

0 пікір