Қазақты кірме сөз қабылдаудан қалай айырды?
Қазір жазу тілі – 42 әріптік, сөйлеу тілі – 28 дыбыстық екенін ешкімге ұқтыра алмайсың. Себебі: «Тек сөйлеу тілі ғана термін қабылдауға негіз болады». Жазу тілі – тек сауатты жазуды ғана білдіретін көрсеткіш. Оның астарында сөйлеу тілінің транскрипциясы бұғып жатады. Мысалы: қазақ «қыз» сөзін үш түрлі айтады: «қыз», «ғыз» және «ғұз» болса да қазіргі жазуда «тек қыз» деп жазуға мәжбүрлеп қойған.
Орыс тілінде Ф мен Ы дыбыстарынан төл сөздері басталмайды.
Ал, қазақ тілінде сөз басталмайтын дыбыстарға: Ң, Р, Л, И, У және Е жатады.
Қазақ тілінде сөздер не бірыңғай еріндік (әм жуан, әм жіңішке), не бірыңғай езулік (әм жуан, әм жіңішке) болып айтылады. Еріндік пен езуліктің аралас келуі сирек мысалы: жұма, жұра т.б.
Жуан айтылатын езулік/еріндіктер: О, Ұ, Ы, А
Жіңішке айтылатын езулік/еріндіктер: Ө, Ү, І, Ә және сөз соңы мен сөз ортасындағы Е еріндігі
Қазақ тілінде И мен У деген дауысты жоқ, ЫИ, ІИ және ҮУ, ҰУ қосарлары бар.
Қ-К, Ғ-Г дауыссыздары Қалам – Кәлә, Ғалым – гүлү(і)м сынды не жуан, не жіңішке дауыстылардың өзінен кейін келуін қажет ететін талғаулы қолданысқа ие. Қалған қазақ дауыссыз дыбыстары әмбебап қолданыста ұшырасады.
Бұның бәрі жазуда ескерілмейтін дәрежеге жетті.
Дауыстылардың бір сөздің бойында ұшыраспауы: А мен О (жалғыз сөз Атой ғана кезігеді), А мен Е, О мен Е, Е мен О, Е мен А.
Екі дауысты не екі дауыссыздың қатар келмеуі айтылмауы бұзылды. Хаос, Клан, Ислам т.б.
Егер біз осы төл дыбыстарымыздарымыздың айтылу ерекшелігін қалпына келтіретін болсақ, онда тап бабаларымыз сияқты өзге тілден сөз қабылдай аламыз.
Мысалы жазу бүлдірген Хаос, Клан, Орден, Ислам және Секта сияқты сөздер бар. Қауұс, Кілән, Өрдөн, Ісіләм және Ісектә. Бұл арада қазақтың С дыбысы сөз басында не ы мен і-ні керек ету мен керек етпеу ерекшілігін ескеруге тиіспіз.
Қазақтың төл дыбыстарының комбинаторлық орналасуын және оның термін жасауға қатысуын арнайы зерттеп қолға алуға тиіспіз.
Біздің Қоғамдық Қор осы бағытта жұмыстар жасап жатыр.
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz