Дүйсенбі, 2 Ақпан 2026
Ақмылтық 414 0 пікір 2 Ақпан, 2026 сағат 15:28

Осы үш сұрақты ойласам жылағым келеді, Пан ханым!

Сурет: baq.kz сайтынан алынды.

МТҚБ «Парламентаризм институты» ШЖҚ РМК директоры
Н.В. Пан ханымға!

Құрметті Наталья Виссарионовна!       

Бірінші, Сіз менің ЖТ-2026-00355397-өтініш-хатыма жауап беріп: «Азаматтың мемлекеттік органға сайлану құқығына қатысты айтқанда, Конституцияның 33-бабының 2-тармағына сәйкес, егер азамат сайланбалы мемлекеттік органның депутаты болу үшін партиялық тізімге енгізілсе, оның пассивті сайлау құқығы бұзылмайды», - депсіз.

Бірақ, жауабыңызда активті сайлау құқығы дауыс берушілердің құқығының бұзылатыны не бұзылмайтыны туралы ештеңе айтпапсыз.

Шамасы, менің уәжімді мойындай бастаған секілдісіз!

Құрметті Наталья Виссарионовна!

Пассивті сайлау құқығы бұзылғанның көкесі осы жерде болып тұр!

Қараңыз, мен Сізге соны асықпай дәлелдеп берейін:

Қазақстан Республикасы Конституциянының жаңа Жобасында «Құрылтай конституциялық заңда белгіленген тәртіппен біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорциялы өкілдік жүйесі негізінде сайланатын бір жүз қырық бес депутаттан тұрады» (53-баптың бірінші тармағы), - деп жазылыпты.

Ал, осы Жобаның 36-бабының екінші тармағында былай деп жазылған:

– Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқығы бар.

Көрдіңіз бе, тағы да «Қазақстан Республикасы партияларының» емес, «Қазақстан Республикасы азаматтарының» деп тұр.

Сондықтан, сайлаушылар ең алдымен «Қазақстан Республикасы партияларын»  емес, «Қазақстан Республикасы азаматтарын» сайлауға құқықты;

Ал, сайлануға ең алдымен «Қазақстан Республикасы партиялары» емес, «Қазақстан Республикасы азаматтары» құқықты.

Астын сызып тұрып, мұқият оқыңызшы, осы жерде ерекше ескеретін тағы бір өте ҚЫЗЫҚ әрі өте КҮЛКІЛІ сұрақ бар.

Конституцияның жаңа Жобасының 53-бабының бірінші тармағы бойынша, сайлаушылар партиялық тізіммен сайлауға түскен кандидаттарға емес, тек қана партияға дауыс береді.

Сөйтіп, біздің болашақ жаңа Конституцияның 36-бабына сай, Партиялық тізіммен сайлауға түсіп, ең көп дауыс алған Қазақстан Республикасы азаматы Құрылтай депутаты болып сайланну керек қой.

Сонда, сайлауда партия ұсынған кандидаттар өздеріне қай өңірдің сайлаушылары қанша дауыс бергенін және өзінің жалпы сайлау қортындысы бойынша қанша дауыс алғанын қалай есептейді?!

Немесе, партиялық тізіммен сайлауға түскен, бірақ сайлаушылардың тікелей дауысын алмаған кандидаттарды Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттығына қалай іріктемек?!

«Құрылтай депутаттары жалпыға бірдей, тең жəне төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады.» деген жаңа Конституцияның 54-бабының бірінші тармағы қайда қалды?!

Осы үш сұрақты ойласам, жоғарыдағы Қазақстан Республикасы Конституциянының жаңа Жобасының 53-бабы мен 54-бабының бірінші тармақтарына қарап, еңіреп тұрып жылағым келеді! 

Құрметті Наталья Виссарионовна!

Сіз менің қара әріппен жазылып, асты сызылған осы екі сұрақғыма міндетті түрде жауап беріңіз!

Президентіміздің «Әділетті Қазақстан» құру арманы мен «Заң мен Тәртіп» қағидаты жаңа Конституциядан көрініс тауып, салтанат құрып жатқан кезде, Президент Әкімшілігі мен партия басшылары «Мына патиядан мұнша депутаттан болсын...» деп, 145 депутаттық орынды үш жүздің баласы мен диаспора өкілдеріне «лайықтап» бөліп беріп беретін тұрпайы дағды ескі Конституциямен бірге кетуі керек!

Демек, Құрылтай депутаттары осыған дейінгі «сайлаулардағыдай» жалаң партияларға «дауыс беру» тәртібімен «сайланса», онда болашақ жаңа Конституцияның да 53-бабы мен 54-бабының бірінші тармақтары ӨЛДІ деген сөз!

Жай емес, тағы қайталап айтам, АРАМ ӨЛДІ деген сөз!!

Сондықтан, Конституцияның жаңа Жобасының 53-бабының бірінші тармағын төмендегі редакциямен ауыстырып қабылдауды ұсынамын:

- Құрылтай конституциялық заңда белгіленген тәртіппен біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорциялы өкілдік жүйесі негізінде КАНДИДАТ ПЕН СОЛ КАНДИДАТТЫ ҰСЫНҒАН ПАРТИЯ ҚАТАР САЙЛАНАТЫН бір жүз қырық бес депутаттан тұрады.

Құрметті Наталья Виссарионовна!

Тағы да кесіп айтайын, маған Сіздің «Құрметті Ауыт Мұқибек! Қазақстан Республикасының Парламенттік реформаның міндеттерін терең түсінуді көрсететін ұсыныстарыңыз үшін Сізге алғыс білдіреміз. Сіздің идеяларыңыз парламенттік мәдениетті дамыту мен заң шығару үдерісін жетілдіру ісінде тұжырымдамалық тұрғыдан маңызды болып табылады. Барлық ұсыныстар мұқият зерделеніп, Қазақстан Республикасы Парламентінің қызметін реформалау мәселелері бойынша одан әрі аналитикалық және сараптамалық жұмыста ескерілетін болады...», - деген «жауабыңыздың» керегі жоқ.

Өзіңіз де енді түсінген боларсыз, бұл ұсыныс өте маңызды!

Жоба осы беті қабылданып кетсе, ертең Коныституцияның 33-бабы бұзылып, Құрылтай сайлауы дағдарысқа тап болуы мүмін!!

Сондықтан, маған нақты ЖАУАП керек!

Өткен жылы 21 қазанда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин Сізді қабылдап, тараптар келіп түсіп жатқан ұсыныстарды жүйелеу механизмдерін, ақпаратты аналитикалық өңдеу тәртібін және Парламент қызметін жетілдіруге арналған нақты ұсыныстарды қалыптастыру мәселелерін талқылағаны есімде.

Сол үшін, Конституциялық комиссияның құрамына кірмейтін болсаңыз, онда менің жоғарыдағы қара әріппен жазылып, асты сызылған екі сұрағыма Өзіңіз жауап бере отырып, бұл ұсынысымды Праламенттік реформа бойынша Жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Қарин мырза өз аяғыңызбен барып, өз қолына жеткізуіңзді және жақсылап түсіндіруіңізді өтінемін.

Сондай-ақ, аталған өтініштің аталған тұлғаларға жеткені не жетпегені туралы анық жауап беруіңізді талап етем.

Жетпесе, оның да себебі ашық көрсетілуі тиіс...

Ескерту: үш парақ «Салыстырмалық кесте» мен Сіздің жауабыңыздың көшірмесі қоса тіркелді.

Құрметпен,

Ауыт Мұқибек,

«Құрмет» орденінің иегері

Abai.kz

0 пікір