Ахмет Байтұрсынұлына қатысты құнды архивтік құжат
Мұрағат көмбесінен табылған архивтік құжат дерегі Ахмет Байтұрсынұлының Қарқаралыдан жер аударылып, Орынбор қаласынада өмір сүрген кезеңіне қатысты тың мәліметті көлденең тартады. 1910 жылдың 21-ші ақпанында Семей түрмесінде алдын-ала тергеу жұмысының созылуына байланысты 8 ай қамақта болған А. Байтұрсынұлына Қарқаралы уезінің жұртшылығымен жүргізген ағартушылық бағыттағы жұмысы үкімет саясатына қарсы үгіт-насихат деп танылып, Ішкі істер министрлігінің қаулысымен қазақ даласынан тысқары жерге 2 жылға қоныс аудару әкімшілік жазасы шығарылады.
Оны өтеу үшін ол 1910 жылдың 10-наурызында Орынбор қаласына келіп, уақыт өте келе Торғай және Орал облыстарына переселендерді қоныстандырумен айналысатын «Переселенческая партия Тургайско-Уральского района» (тарихи жазбаларда «управление» деп те аталады) деп аталатын мекемеге ерікті жалдамалы (по вольному найму) қызметкер ретінде жұмысқа тұрады. Аталған мекемеде ол, 1914 жылы «Қазақ» газетінің үстінен жазылған «Беймәлім бесеудің» домалақ арызы негізінде тіркелген жандармерия құжаттары бойынша, «Қазақ» газетін ұйымдастырғанға, яғни 1913 жылдың ақпан айына дейін қызмет жасаған.
Переселендер басқармасы Орынбордың Введенская көшесінде орналасты. Орынбор өлкесіне қарассты қалаларда пайда болған «Введенская» деген көшелер сол переселендер басқармасының мекен-жайына байланысты қойылған деп ойлаймыз. Мысалы, мұндай көше және автожол бағыты Қостанайда бар.
Біздің қолымыздағы құжаттың тарихи дәйек-дерегі мынадай мәліметті жарыққа шығарады: А. Байтұрсынұлы 1912 жылдың желтоқсан айының орта тұсында переселендер ісімен айналысатын мекемедегі қызметінен босап, Жолқатынасы министрлігінің (Министерство путей сообщения) Ташкент темір жол басқармасының статистика бөліміне (Служба сборов) жұмыс ауыстырмақ болады.
Бұдан арғы ой-пікірімізді талған құжаттың мазмұнын таныстырумен жалғастырайық. 1912 жылдың 14 желтоқсанында Ташкент темір жол басқармасының статистика бөлімінің басшысы «Торғай-Орал өңіріндегі переселендер партиясы» мекемесіне сауалхат жолдайды. Онда былай делінген: «В Переселенческую партию Тургайско-Уральского района. Ввиду поступившего ко мне прошения статистика при Переселенческой партии Тургайско-Уральского района Ахмеда Байтурсунова, ходатайствующего о предоставлении ему должности во вверенной мне Службе, имею честь покорнейше просить не отказать в сообщении мне отзыва о служебных и нравственных качествах г. Байтурсунова, а также о получаемом им содержании и действительной причине оставления им службы в Переселенческой партии» (сурет 1).

1 сурет. Ташкент темір жол басқармасының статистика бөлімі басшысының «Торғай-Орал өңіріндегі переселендер партиясы» мекемесіне жолдаған хаты.
Бұл хатқа сол жылдың 17 желтоқсанында «Торғай-Орал өңіріндегі переселендер партиясы» мекемесінің статистика бөлімінің меңгерушісі былайша жауап қатады (түсініксіз сөздер орнына көп нүкте қойылып, жақшаға алынды): «Байтурсунов вполне интеллигентный, знающий, образованный и усидчивый работник, легко ориентируется в каждом задании; знаком с канцелярским делопроизводством и бухгалтерией. Оставляет службу (... ) (...) по прекращению ассигнований на киргизскую статистику. Получал в 1910 и 1911 гг. по 50 руб., а в 1912 г. по 60 руб. в месяц. Желательно было бы его удержание на службе района» (сурет 2).

2 сурет. «Торғай-Орал өіріндегі переселендер партиясы» мекемесінің жауап хаты.
Мекеме арасында жазылған бұл екі хат А. Байтұрсынұлы Ташкент теміржолы басқармасына түпкілікті ауысты ма, әлде ауыспады ма, ол жағынан нақты хабар бермейді. Бірақ аталған құжаттың Ахметтанушылар үшін маңызды тарихи-танымдық құндылығы бар деп танимыз.
Алдымен архивтік құжат тарихи хронологиялық тұрғыдан маңызды. Құжат дерегінен А.Байтұрсынұлы «Торғай-Орал өңіріндегі переселендер партиясы» мекемесіндегі статист қызметін 1912 жылдың желтоқсан айында тоқтатқан деген тұжырымды түйіндеуге болады. Бұл қызметтің тоқтауына басты себеп – аталған мекемеге қазақ жұртына қатысты статистиканы жүргізетін штатқа қаржының бөлінбеуі. А.Байтұрсынұлынің переселендер ісімен айналысатын мекемедегі айлық жалақысы алғашқыда 50 сом, кейін 60 сом болған.
Ал танымдық һәм тұлға тану тұрғысынан қарағанда, құжат – патша заманында ұлт ұстазының зиялылық білімпаздығына, кәсіби шеберлігіне, біліктілігіне берілген баға, маңызды мінездеме. Оны жазған мекеме – Орынбор әкімшілігіне бағынған қазақ өлкесінде переселендер мәселесімен айналысатын арнайы құрылым. 1905 жылғы Қоянды жәрмеңкесінде жарияланған «Қарқаралы құзырхатында» Алаш зиялылары патшалық Ресейдің переселендер саясатын аяусыз, қатты сынаған болатын. Сонымен қатар 1909 жылдың 1 маусымынан бастап Семей түрмесіне жабылған А. Байтұрсынұлының ісін тергеген Омбы жандармериясы басшысының Семей қаласы бойынша көмекшісі, ротмистр С.Леваневскийдің 1910 жылдың 19 қаңтарында рапортында ағартушыға « Орыс патшасына салық төлемеңдер. Қазақтар переселендерге поселение құру үшін жер бермеуі керек, егер патша үкіметі бұл саясатын тоқтатпаса, қазақтар Қытайға көшіп кетуі қажет»-мыс деген жала сөздердің негізінде үкімет саясатына қарсы үгіт-насихат жүргізді айып тағылып, қазақ даласынан сытқары жерге 2 жылға жер аудару қаулысы шыққан болатын. Соған қарамастан Орынборда орын тепкен мекеме оған «нағыз зиялы, білімді, парасатты әрі еңбекқор қызметкер, тапсырманы орындауда оңай тәсіл табады» деп жоғары баға береді. Тіпі, «оны осындағы қызметінде қалдырған орынды болар еді» деген өкініш білдіреді. Мұндай мекеменің мұнтаздай, яғни жақсы мінездеме беруі А.Байтұрсынұлының жеке басының қадыр-қасиеті, білімпаздығы, кәсіби шеберлігі мен дағдысының жоғары болғандығына байланысты екені сөзсіз.
Құжаттағы тағы бір назар аудартын қызықты ақпарат – А. Байтұрсынұлы «канцеляриялық іс жүргізумен және бухгалтериямен таныс» деген мәліметтер. Шындығында да солай болатын. Себебі А. Байтұрсынұлының ғұмырнамасында «ісжүргізуші» деген лауазымды атқарған кезең болған еді. 1902 жылдың 1 мамырынан 1904 жылдың қыркүйек айына дейін ол Омбы қаласындағы «Ақмола және Семей облыстары халық мектептері директорының» (А.Алекторовтың) ісжүргізуші қызметінде болады.
Ісжүргізушілік қызметте қалыптасқан кәсіби дағды оның өмірінің ең ауыр кезеңінде оған «көмекке» келеді. 1931 жылы Мәскеудің Бутырка түрмесіндегі тергеудің нәтижесінде ату жазасына кесілген үкім 10 жылдық концлагерьге қамау жазасына ауыстырылған соң, А. Байтұрсынұлы 22 айға созылған мерзім аралығында Ақ теңіздің Соловецк аралында жазасын өтейді. Денсаулығы нашар оған концлагердегі азапты күндер өте ауыр тиеді. Оны бұл жағдайдан концлагерьдің кеңсесіндегі ісжүргізушілік және ағаш ойыншықтарын бояу сынды жұмыстар құтқарады. Ал 1933 жылдың қараша айында лагерьдегі қамақтан Архангельск қаласына ауыстырылып, «вольное поселение» деп аталатын әкімшілік жазаны орындау кезінде аурушаң, сыртқы киімі жұқа А.Байтұрсынұлы аштыққа ұшырап, суыққа тоңған тұста күнкөріс үшін кеңседегі ісжүргізуші қызметіне тұрғысы келеді. Бірақ оған ОГПУ рұқсат бермейді.
Ал мекеме атап өткен «А.Байтұрсынұлы есеп-қисап (бухгалтерия) ісін біледі» деген мәселеге келетін болсақ, бұл да шындыққа әбден жанасатын ақпарат. 1904 жылдың 1 қыркүйегінен 1909 жылдың жаз айларының басына дейін А.Байтұрсынұлы Қарқаралыдағы 2 сыныптық уездік мектептің меңгерушісі қызметін атқарады. Уездік мектепке болыстық және ауылдық мектептер әкімшілік және оқу-әдістемелік тұрғыдан толық бағынып, оның меңгерушісі уезге қарасты мектептердің кадр мәселелері мен керек-жарағына, мұғалімдер жалақысының есеп-қисабына жауап беретін.
Ғасырдан астам уақыт мұрағат сөресінде сарғайып ақпарат тарайтын жарық күнге шығар күнін ұзақ күткен архивтік құжаттың сыры осындай...
А. Байтұрсынұлының ғұмырнамасына қатысты мұндай тосын мәліметтермен тереңірек танысқысы келетін оқырман біздің «Серт: Ахмет Байтұрсынұлының ұстаздық қызметі мен шығармашылығының беймәлім деректері» (Алматы, 2022), «Алаш жолы және Ахмет Байтұрсынұлы» (Алматы, 2024) атты зерттеу еңбектерімізден және архивтік құжаттар мен тарихи дәйек-деректер топтастырылған «Тауқымет» (Алматы, 2024) атты көлемді жинағымыздан кеңірек мәлімет алуына болады. Бұған қоса ашық дерек көздерінен шетелдік жоғары рейтингтегі ғылыми журналдарда жарияланған мына сериялы мақалалармен танысуына болады:
1. The Path of the Teacher A. Baitursynov: from Bestamak to Karkaralinsk (1895–1910) // Bylye Gody. 17 (2): 890-901. DOI:10.13187/bg.2022.2.890 https://www.bg.cherkasgu.press/journals_n/1654613276.pdf ;
2. The Newspaper “Kazak” and its Opponents in the Kazakh Society during the First World War // Bylye Gody. 17(3): 1470-1481. DOI:10.13187/bg.2022.3.1470 https://bg.cherkasgu.press/journals_n/1662109067.pdf
3. Omsk-Karkaraly Period: the Origins of A. Baitursynov's Educational and Political Activities // 2023. 18 (3): 1455-1466 Bylye Gody. DOI:10.13187/bg.2023.3.1455 https://bg.cherkasgu.press/ru/archive.html?number=2023-09-01-14:25:16&journal=76
4. Baitursynov Educational Activities in Aul Schools of Kustanay District in Turgay Region // Bylye Gody. 2025. 20 (2): 991-1000 DOI: 10.13187/bg.2025.2.991 https://oaji.net/articles/2023/7-1749926495.pdf
Түптеп келгенде, тыңнан табылған құжаттың мазмұн-мәйегі А.Байтұрсынұлының бойындағы зиялылық, білімпаздық, алғырлық, кәсіби шеберлік пен мамандық дағды оны «Торғай-Орал өңіріндегі переселендер партиясы» мекемесіне таптырмас, бағалы қызметкер қатарында болғанын көрсетеді. Демек, патша заманында А. Байтұрсынұлына деген көзқарас, оның қызметіне берілген баға азаматтық мекемеде бір бөлек, күштік құрылымда мүлдем өзгеше болғандығын тағы бір танытады.
Аталған көрініс азаматтық қоғамның өзекті мәселесі ретінде әрдайым жұртшылықты бүгінгі таңда да ойландыруға тиісті деп санаймыз! Күштік құрылымның азаматтық қоғамға тізесі батып, зияны тимеу жолдарын қарастыру маңызды. Бұл мәселе халықтық жаңа Конституцияны қабылдауға бет бұрған қазақстандық қоғамды бей-жай қалдырмауы тиіс!
PS! Түйін сөздің бір түйнегі ретінде бұл құжаттың біздің қолымызға қалай тигенін атап өткіміз келеді. «Бір жоқты – бір жоқ табады» дегендей, өткен жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті»-нің тапсырысымен республика көлемінде кешенді, жүйелі түрде жүргізіліп жатқан «Қазақстан аймақтарының жер-су атауларын диахрониялық зерттеу» Жобасында жұмыс жасау бұйырды. Жоба мақсатын жүзеге асыру барысында Қостанай-Торғай өңіріне далалық экспедиция ұйымдастырылып, зерттеу тақырыбы бойынша отандық және шетелдік архивтерде ізденістер жүргізілді. Соның барысында Жоба жетекшісі, А. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының профессоры Гүнәр Шияпқызы Бекенова аталған құжатты мұрағаттан кездестіріп, «Ақаң туралы зерттеп жүрсіз ғой» деп бізге ұсынды. Бұл орайда, Гүлнәр ханым Бекенова ризашылығымызды білдіреміз!
Алмасбек Әбсадық,
филология ғылымдарының докторы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры
Abai.kz