Бейсенбі, 26 Ақпан 2026
Ақмылтық 2531 0 пікір 26 Ақпан, 2026 сағат 16:57

Қазаққа өз «Жириновскийі» керек!

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Осы өзі әбден жауыр болған тақырып!

Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бері солтүстік жақтан біртүрлі сасық та пасық иіс шығып, геосаяси сипаты бар арам пиғыл аракідік бой көрсетіп қалатынына бойымыз үйреніп қалғаны өтірік емес.

Тәуелсіздік алғанымызға дейін (1990 жылы) Солженицын секілді сұмырайдың Орталық Азия елдерін Ресейдің «подбрюшьесі» деп келемеждеуінен бастау алған бұл дәстүр РФ Украинаға қарсы соғыс ашқаннан бері үдеп келеді.

Міне, күні кеше ол жақтан тағы бір «әулие» шықты. Верхотуров деген ресейлік тарихшының кітабының атының өзі оның империялық ұстанымын, кешегі Совет одағының құрамында болған, бүгінде Тәуелсіз мәртебе алған дербес мемлекеттерге деген менсінбеушілік көзқарасын білдірсе керек: «Болмаған қазақ геноциді» («Казахский геноцид, которого не было»). Осыдан барып, оның кім екенін ұға беріңіз.

Басқа, әртүрлі саланы меңгерген арандатушылардан Верхотуровтың бір өзгешелігі сол: бұл тарихшы неоимпериялық, антиқазақтық ұстанымына ғылыми сипат бергісі келеді. Оның бір құйтырқылығы мынада: ол жалпы алғанда сталиндік режим тұсында халықтардың қырылғанын жоққа шығармайды (яғни, сырт көзге объективті боп көрінгісі келеді), алайда оның бәрін «асыра сілтеушіліктің» салдары» деп бағалап, тұтас ұлттардың көзін құртқысы келген коммунистік «геноцидті» мойындағысы келмейді.

Оның себебі де белгілі: 1991 жылы Совет одағы тарағанда Ресей өзін оның мұрагері деп жариялады да, мәселен, шет елдердегі КСРО меншігі басқаға емес, Ресейге өтіп кетті. Меншікті иелендің бе, КСРО тұсында орын алған қылмыстарға да тарих алдында жауап бер, геноцид секілді қырғындарды да өз мойныңа ал! Жоқ, Ресей олай еткісі келмейді! Верхотуров секілділер болса, сол сұрқия саясатты легитимді еткісі келетін ғалымдар.

«Вот эти вещи, связанные с голодомором, они для Казахстана не просто опасны, они опасны именно с точки зрения вообще существования государственности. Но, как вы понимаете, глядя на то, что стало с Украиной, что будет с Казахстаном? (…) Они могут провести политику точно такую же, как проводили вот, собственно говоря, вот эти вот майданщики на Украине, но это придет к вооруженному конфликту. Казахстан, во-первых, не готов, во-вторых, просто он слишком слаб и маленький, чтобы что-то противопоставить России», - деп көсіледі Верхотуров.

Оның ойынша, «Ашаршылықты айту мемлекеттігімізге қауіпті» екен. Яғни, ол тақырып Ресейдің жанды жеріне тиеді екен де, оның арты «қарулы қақтығысқа әкеп соқтырады» екен. Мәссаған, безгелдек! Сонда солтүстік көршіге жақпайды екен деп, төл тарихымызды бұрмалауымыз керек пе?!

Қазақстан ондай қақтығысқа «дайын емес», «тым әлсіз» дейді «Киевті екі-үш күнде басып аламыз», - деп, төрт жыл бойына Донбасс жақта шыға алмай жатқан Ресейдің идеологиялық қолшоқпары.

«Для нас украинцы – это очень близкие родственники, это практически свои. И тем не менее, да, они нас довели до такой ситуации, когда мы их стали бить, а казахи для русских – это не вполне свои. Да, с ними можно дружить и все такое, но это все-таки это люди подальше, и, как говорится, бить их будут охотнее и, кажется, и более жестко, чем те же украинцев»,- деп көлгірсиді ол тағы да.

Яғни, «украиндықтар жақын туысқанымыз болса да, біз оларды ұрып-соғып жатырмыз. Ал, қазақтар орыстар үшін онша жақын емес. Сондықтан оларды айызымыз қанып, әрі украиндықтардан бетер соққылаймыз» дегенге саяды бұл білгіштің ойы. «Ақымақ шынын айтамын деп, сырын айтады» дейді мұндайда атам қазақ!

Тұтас бір ұлттың намысына тиетін әрі екі мемлекеттің арасына от салатын арандатуға не айтуға болады?!

Болды! Жетті!

Қашанғы осындайлардың құйтырқылығына шыдай береміз?! Қашанғы көл-көсір мақала жазып, өз-өзімізді «жауап беріп, қатырдық, ә?!» деп алдай береміз?!

Сондықтан, кезінде Назарбаевтың маңайындағыларға айтқан, бірақ олар жауапсыз қалдырған бір ұсынысымды Тоқаевтың маңайындағыларға тағы да қайталайын.

«Таспен атқанды аспен ат» деген момыншыл, пацифистік, тым ымырашыл, толстойшыл, гандишіл ұстаным қазіргі күрделі геосаяси жағдайда жарамаса, жараспаса керек.

Сондықтан, ұлтыңды таспен атқанды сен де таспен атуға дайын бол!

«Ә» десе, «Мә!» де!

Яғни, бізге де ұлтымыздың намысын қорғап, шетел шибөрілерілерінің шатпақтарына дер кезінде әрі қатты-қатты (дипломатиялық протокол мен регламентке қарамай!) жауап беретін өз «жириновскийлеріміз» керек!

Қажет болса, онсыз да өзінің айтқанынан шықпайтын, қуыршақ партиялар мен қозғалыстарды құруға әбден машықтанып алған билік дәл осындай бағыттағы ұйымдар құрсын, өзіміздің жария насихатшыларымызды тәрбиелесін, соларды дер кезінде эфирге шығарсын!

Әйтпесе, солтүстік жақтан ертең тағы біреу тағы бір арандатушылық сипаттағы сөз айтып, біз тағы да мақала жазып әлек болып жатамыз.

Қашанғы сөйте береміз?!

Болды! Жетер!

Әміржан Қосан

Abai.kz

0 пікір