Әлихан Бөкейханға арналған халықаралық конференция өтті
Еуразиялық ұлттық университетінде Алаш қозғалысының жетекшісі, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның 160 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция өтті. Іс-шараға Қазақстан мен шетелден келген ғалымдар, алаштанушылар, қоғам қайраткерлері, студенттер мен магистранттар қатысты.
Конференция барысында «Ақ жол» демократиялық партиясының атынан сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты, партия төрағасы Азат Перуашев Әлихан Бөкейханның қазақ мемлекетшілдігінің қалыптасуындағы тарихи рөліне тоқталып, Алаш қайраткерлерінің идеялары бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтпағанын атап өтті. Сондай-ақ баяндамада Алаш қозғалысының бірқатар ұстанымдары қазіргі таңда халық талқылап жатқан Жаңа Конституция жобасында көрініс тапқанына назар аударылды. Бұл – Алаш идеяларының тарихи сабақтастығы мен олардың бүгінгі саяси-құқықтық жүйедегі маңызын айқындай түседі.
Халықаралық конференцияға университет ректоры, профессор Ерлан Садыков, «Қазақ газеттері» қоғамының президенті Диқан Қамзабек, «Алаш» институтының докторы Сұлтан Хан Аққұлы, Тарих институтының директоры Зиябек Қабылдинов, «Ақ жол» демократиялық партиясының Мәжіліс депутаттары Қазыбек Иса, Серік Ерубаев, Берік Дүйсембинов, сондай-ақ Чехия мен Жапониядан келген тарихшылар және өзге де алаштанушы зерттеушілер қатысты.
Конференция аясында Алаш қозғалысына қатысты жаңа ғылыми деректер де ұсынылды. Атап айтқанда, жақында Прага қаласында табылған Алаш қайраткерлеріне байланысты тың архивтік мәліметтер ғылыми қауымдастыққа таныстырылды. Осыған орай аталған деректерге негізделген екі кітаптың тұсаукесер рәсімі өткізілді.
Ғылыми жиын соңында қатысушылар Алаш қайраткерлерінің мұрасын зерттеу мен насихаттаудың маңызын атап өтіп, олардың мемлекетшілдік идеялары бүгінгі Қазақстан қоғамы үшін де маңызды екенін айтты.
Кешкісін ауызашар дастарханы ұйымдастырылып, «Ақ жол» демократиялық партиясының атынан конференция қатысушыларына Әлихан Бөкейханның рухына бағышталған ас берілді.
Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:
– Қадірлі Алаш елі!
Ең алдымен баршаңызды ұлт көсемі тәуелсіздікті армандаған, еліміздің азаттық жолында жанын пида етіп, құрбандыққа ұшыраған Әлихан Бөкейханның 160 жылдық мерейтойымен құттықтағым келеді.
Бұл тұлғаның тарихи рөлін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Әлихан Бөкейханның еліміздің Қазақ халқын саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани дамуына үлесі ерекше.
Ол кісі біздің елімізге берген серпінін еліміздің бетке ұстар азаматтары, зиялы қауым әлі күнге дейін сезіп тұр.
Кезінде көпшілікке белгісіз болған Абайды және оның шығармаларын тауып, зерттеп, жинақтап, жүйелеп, жеке кітап етіп шығарып, кең халықты Абай мұрасымен таныстырған Әлекең ХІХ-ХХ ғасырлардың тоғысында өз тұлға ретінде, өзінің дербес дамуымен елімізге Қазақ халқының өздік тарихи жолын табу керек екендігіне көз жеткізді.
Сол заманда еліміз алдында қандай да бір сынақтар болса - холера сияқты індетпен күресу, қазақ тұрғындарының жерін тартып алу саясатына қарсылық білдіру, соттардың әділетсіз шешімдерін әшкерелеу, еліміздің дамуы мен экономикалық потенциалын ашу, өндіріс пен ауыл шаруашылығында, әскери, медициналық, білім салаларында кадрлар дайындау сияқты, бұдан да басқа көптеген бастамаларға жол ашқан - сол Әлихан Бөкейхан.
Алаш Республикасын құрастыру идеясында тәуелсіздік жолында қадам басуға өзі де, жанындағы мыңдаған қолдаушыларды осы идеяға бағыттаған екені мәлім.
Алаш Республикасын жариялап, оның тәуелсіздігі үшін қажетті күрестен бас тартпай, тіпті әскери күштерді дайындауға дейін барып, большевиктердің шабуылына төтеп беріп, біздің ата-бабаларымызға рух берген ұлт көсемі – Әлихан Бөкейхан.
Совет үкіметін мойындауға мәжбүр болғаннан кейін де, Әлекең өзінің қасына сол кездегі ең білімді, көкірегі ояу, санасы ашық ел азаматтарын жинақтап, оларды қайтадан өз еліне қызмет етуге жұмылдырды.
Смағұл Сәдуақасов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанбек Қожанұлы, Әлімхан Ермекұлы және басқа да үзеңгілестерімен бірге заманауи білім нысандарын ашып, халық арасында ағартушылық жұмыстарымен айналысты.
Заманауи технологияларды ауыл шаруашылығында, жер қойнауын пайдалану саласында енгізу ісіне атсалысып, халықтың рухани ұстанымын жаңғырту жұмыстарын жүргізді.
Өз қолымен жиналған деректеріне сүйене отырып, қазақ жерінің тұтастығын дәләлдеп, тоталитарлы билікті де ұлттық автономиялық, кейін – одақтас республиканы жариялауға келтірді.
Алайда, ақырында Сталин режимінің құрбандығына ұшырады.
Осы конференцияға менен де артық алаштанушылар, Әлихан танушылар бас қосып отыр. «Ақ жол» Демократиялық партиясы үшін Алаш ұлттық идеясы - ең алғашқы құндылық және өз алдымыздағы ең үлкен борыш деп қабылдаймыз.
Біздің саяси бағдарламамызда да ең алғашқы бап «Тәуелсіздік пен Алаш ұлттық идеясы» деп көрсетілген.
Қазіргі кезде кейбіреулер Алаш идеясын тек тарихшылардың тақырыбы деп айтып жүр. Бұл үлкен қате. Себебі Алаш - бұл еліміздің тек тарихы ғана емес. Бұл - біздің бүгініміз, бұл - біздің болашағымыз да.
Қазақ халқының бүгінгі күні де, болашағы да Алаш идеясымен тығыз байланысты. ХХІ ғасырдың ортасында біздің жастарымыз ашық дүниеде оқып жүріп, қызмет етіп, жұмыс істеп, заманауи технологияларға ат салысып жүрсе де, баршамыз үшін өз еліне қызмет ету Әлихан Бөкейхан айтқандай «Тірі болсам, қазақ халқына қызмет етіп қоймаймын» - деген сөзі аспандағы Темірқазықтай жарқырап тұру қажет деп білемін.
Баршамыза, әсересе жас буынға бұл ашық дүниеде ақ жол көрсететін, білімге, жаңа тәжерибеге, жаңашылдыққа итермелейтін, оған серпін, рух беретін күш деп бұл Алаш идеясы.
Осы күндер бүкіл ел Жаңа Конституциямыз жобасын талқылауда. Ал сол жаңа Ата заңымыздың көп ұстанымдар – преамбулада, жер тұтастығы, жер қойнауын туралы баптарда, мемелеттік жүйесіні тепе-тендігі әрі тұрақтылығы, ұлттық мүддесі жайында нормаларда, халықаралық келісімдерді Конституциямызға бағындыру талабы, адам баласының құқықтық қорғау шарттары6 т.б. – «Алаш» идеясына тиесілі.
Конференция ұйымдастырушыларына, оның ішінде ең алдымен Еуразиялық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовқа, профессор Диқан Қамзабекке, «Алаш» институтының ұжымына, оның ішінде Сұлтан Хан Аққұлына, шетелден келген қонақтарымызға өз атымнан әрі «Ақ жол» Демократиялық партиясы атынан алғысымды білдіріп, конференциямыздың жұмысына сәттілік тілеймін.
Abai.kz