Бейсенбі, 2 Сәуір 2026
Жаңалықтар 132 0 пікір 2 Сәуір, 2026 сағат 15:03

Алматыдағы визит-орталықтар жаңа форматқа ауыса ма?!

Сурет: Алматы әкімдігі сайтынан алынды

Алматыда 2025 жылғы туризм саласының негізгі көрсеткіштеріне арналған баспасөз-конференциясы өтті. 

Іс-шара барысында қалалық туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова қаладағы визит-орталықтардың жаңа форматқа ауысуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, қазір бұл нысандардың туристерге көрсететін қызметі шектеулі. 

– Ақпараттық орталықтар моральдық тұрғыдан ескірген. Басты мәселе — заңнамалық шектеулерде. Мемлекеттік орган ретінде біз ақылы қызмет көрсете алмаймыз. Ал визит-орталыққа келген туристер ең алдымен дайын турды сатып алғысы келеді. Сондықтан қазір инвесторлармен жұмыс істеп жатырмыз. Мақсатымыз — тек ақыл-кеңес пен бағыт-бағдар беретін ескі форматтан халықаралық деңгейдегі ақпараттық орталықтарға ауысу. Сонда саяхатшы кеңес алып қана қоймай, бірден турларды сатып ала алады, - деді ведомство басшысы.

Еске салайық, бірнеше күн бұрын Бұтақты шатқалында «Бұтақты» визит-орталығы ашылды. Визит-орталық аумағында заманауи санитарлық-гигиеналық тораптар, тамақтану орны, тимбилдинг пен шеберлік сабақтарын өткізуге арналған алаңдар, сондай-ақ мектеп оқушылары мен түрлі топтарға арналған ашық аспан астындағы білім беру және мәдени іс-шаралар өтетін орындар қарастырылған.

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында еліміздің қай өңірлерінде туристік визит-орталықтары салынатынын айтты.

Abai.kz

0 пікір