Сенбі, 29 Тамыз 2026
Әдебиет 375 0 пікір 28 Тамыз, 2026 сағат 13:15

Аллаға қылған мінәжат

Сурет: Автордың жеке архивінен алынды.

Абай да, Ыбырай да, олардың ізбасарлары да Аллаға мінәжат қылғанын ғалымдар болмаса, көпшілік әлі толық біле қоймайды.

Абайдың «Махаббатсыз – дүние дос, хайуанға оны қосыңдар» деген сөзі барлық басылымдарда «Махаббатсыз – дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» деп басылып жүр. Абайдың бұл арада айтып отырғаны әйелге деген махаббат емес, Аллаға махаббат екені белгілі. Өйткені, Абайдың өзі осы өлеңнің соңында: «жүрегі жұмсақ білген құл шын дос таппай тыншымас» – дейді. Құл дегені – Алланың құлы дегені де түсінікті емес пе?!

Олай болса, адамға дүние дос болса, дүния бос болмай ма? Дүние мен дүнияның да мағынасы әртүрлі ғой. Ал біз оларды көбінесе синоним секілді қабылдаймыз. «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» – деген Сұлтанмахмұт ақынның талғамы зор екеніне ешкім таласа қоймас. Сол Сұлтанмахмұт бір өлеңінде: «Дүние дос, махаббатсыз мал секілді деген сөзін Абайдың есіңізге ал», – дейді. Абайдың тағы бір жырында; «Дүниеге дос ақыретте бірдей болмас» деген жолдар бар.

Олай болса Абайдың жыры жарияланып жүрген көптеген кітаптарда дос деген сөз бос болып жазылып, өрескел қате кеткен. Осы қателерден тәуелсіздік жылдарында да арыла алмай отырмыз.

Абай: «Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?!» – деген болса, оның барлық ісі де Исламмен біте қайнасып кеткен ата-баба дәстүріне адал болғанын көрсетеді.

Абай қара сөздерінде де: «...жақсылық, жамандықты жаратқан – Құдай, ләкин қылдырған Құдай емес, ауруды жаратқан – Құдай, ауыртқан Құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан – Құдай, бай қылған, кедей қылған Құдай емес...» немесе «...Жаратушы тұрғанда жаратылғаннан не сұрайсың?!...» – дейді. Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» – деген сөзінен-ақ оның Исламға көзқарасы айқын көрінеді.

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті...», – деген ақын мейірім мен махаббатты адамның ең асыл қасиеті деп есептегені тайға таңба басқандай көрініп тұр.

Абайдың дүмше молдаларға көзқарасы да оның шығармаларынан анық байқалады. Сол үлгіні Шәкәрім де қаперіне алып:

«Бейiс, дозақ молда айтқан сияқты емес,
Ақылды адам оны анық сондай демес.
Құрсақтағы балаға осы өмiрдi
Ұқтыр десе, айтар ең қандай кеңес?
Сол сияқты мысал ғой ұқтыруға,
Дәл осындай қыз құшып, жемiс жемес», – дейді.

Сұлтанмахмұт Торыайғыров болса.

«Дозақ деген абақты бейнесінде» —
Солай деген молданың сөзі есімде.
Өнерлі барлық ұлтты сонда салса,
Қазақты іздеп бүлінем мен несіне?!» – деген ойын білдіреді.

Алаш арыстары да Бір Аллаға сенді, жыр жолдары арқылы Жаратушыға мінәжат қылды. Ахмет Байтұрсынұлы: «Ия, Құдайым аққа жақ, өзіңе аян: мен нақақ. Аққа деген жолымның абыройын ашпай, жап. Аят пенен хадисте адал ниет, ақ іске, Жаңылмасам, жоқ еді жаза тартсын деген бап» – деп толғанса, Міржақып Дулатов:

«Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал харам боп,
Қарағым, енді жату жарамасты», – деп тебіренді. «Ұрының мінәжаты» деген жырында кейіпкер аузына: «Жаза көр топырақты елден, Алла. Тілегін міскіндердің берген Алла. Құлыңа екі жаза бере көрме, Кеше гөр, қылдым тәуба, тәуба, тәуба!» деген сөз салды.

Алланы жырға қосқан, оған мінәжат қылған ақындар Қостанай өңірінде де көп болған. Мәселен, діндар ақын Нұржан Наушабайұлы:

«Хаққа құлсың тисе де төбең көкке,
Қалаусыз іс болар деп жүрме текке.
Ажал уақыты жетпесе сақтар Алла,
Төсіңді ашып шапсаң да зеңбірекке», – деп пәтуаға келеді.

«Рабымсың, ырыздықты өзің беруші,
Не халімде екенімді білуші,
Бір өзіңе зар илеген мен ғаріп,
Әрбір іске разы болып, көнуші!», – деп Аллаға мінәжат қылады.

Ақын «Алаш еді ұранымыз, дін-ислам құранымыз, дүния-ақирет жайынан қолда жоқ еш құралымыз, ата қоныс кетті қолдан, бұған бар ма қыларымыз?!», – деп өмірді мағыналы өткізуге шақырады.

«Жалғыз туар жақсы бол,
Алланың өзі теңгерер.
Бергеніне қыл шүкір,
Көзіңнің жасын кім көрер?» – дей отырып,

«Сонда да Хақ жолынан адаспадық,
Бәйітпен бөтен түрлі жол ашпадық.
Пайғамбар хақ, жаратқан бір Алла деп,
Батыл дін ұстағанға жанаспадық», - деп ел-жұртына базына білдіреді.

Сейітжан Бекшентайұлы да Нұржан секілді діндар ақындар қатарына жатады.Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қостанай облыстық басқармасында № 02754 мұрағат (архив) материалдарында   сақталған ісінде Сейітжан ақынның араб таңбасымен өзі қол қойған өмірбаяндық деректері және берген жауабы тігулі. Онда ақын 1874 жылы (туған-туыстарының айтуына қарағанда, 1875 жылы туған) Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Қызылорда) облысының Қармақшы ауданында үшінші ауылда туғаны, партияда болмағаны, орта шаруадан шыққаны атап көрсетілген. 1938 жылғы 13 ақпандағы шешім бойынша ақынды ату жазасына кеседі. Үкім 1938 жылдың 16 ақпанында орындалған.

Сейітжан ақын Алла бір, пайғамбар хақ екендігін айтып, көпшілікті Құдайдан ұялуға, харам іске бармауға, кісі ақысын жемеуге, жаманшылық қылмауға үндеді.

«Біреуден біреу өнеді, уыстап тұқым шашқандай,
Рақымын көрсең Алланың кілтсіз жұмақ ашқандай.
Қаһарын көрсең Алланың тауларды тауға қосқандай,
Не жандар өтті дүниядан жолбарыс жүрек арыстандай», –  тебіреніп, ала қарға – сауысқанға ұқсап шоқақтап ғұмыр сүрмей, баянсыз өмірді мағыналы өткізуге шақырды.

«Насихат» де деп аталған толғауында:
«Бісімілла, рахман-рахим!
Ләй-ла-ил-ла-ла!
Кәлиманың мағынасы,
Деп айтылған Алла бір.
Әл хазірет Мұстафа
Жетім боп шекті көп жәбір.
Мыс көлінде сәруардың
Мұсылман болсаң, бір кідір.
Ықыласпен тыңда, азамат,
Болмасам да Жиренше,
Насихат сөзім, емес жыр,
Тағдыр жетіп өлгенше
Айтайын терме бір сыдыр.
Алаңдама, құрбылар,
Ізгілікке мойның бұр,
Қыр басына қарасаң,
Төрт құлақты тамдар тұр.
Осының бәрін білесің,
Нәпсіге неге ересің?
Ендігісін өзің біл!» – деп насихат айтты.

Мырзахмет Қажыгелдіұлы деген атпен елге танылған ақынның да өмір жолы таңғажайып. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегендей, «халық жауы» атанса да қызыл көздердің қолына түспей, өмір бойы қашып жүріп ғұмырын өткізген ақын Қостанай облысының Сарыкөл өңірінде  «Ленинград» ұжымдық кәсіпорнының Қарашілік ауылында туған.

Отарлау саясатының Совет үкіметі тұсында да жалғасып отырғанын көре білген ақын: «Ұрыса қалса бозбала, Орысқа таман шабады,   Алла деген ойда жоқ, Мойнына крест тағады», – деп жырлады.

«Туғалы мұндай көрмедім,
Ит пен мысық жегізді,
Қалдырмай алды жиһазды,
Текемет, кілем, киізді,
Алты ай жазған еңбекті,
Бір орынға жиғызды,
Мешітті алып мектепке,
Басқа кәртоз кигізді,
Жаны күйгір хайуан
Тері мен кенеп үйгізді,
Алты алаштың ішіне
Атқан оғын тигізді» – дейді.

Мырзаби  Қауменұлының да көптеген ғазалдары миен назымдары, бәйіттері Жаратқанға арналған. «Қабыл болса көз жасым» деп аталған ғазалында:

«Айналайын, Құдайым!
Бір өзіңе жылайын,
«Қабыл қыл»,– деп тәубамды,
Ақырын Хақтан сұрайын.
Тоқтатып көңіл тәубаға,
Нәпсіге ермей шыдайын.
Тапсырып артымды Аллаға,
Алдымнан жарық сұрайын.
Қабыл болса көз жасым,
Сонда шығар шырайым.
Күнәһар болған пенденің
Басына түсер уайым,
Оң қолға тиіп ғамалым,
Мұхамбетке үмбет болайын.
Жүз жиырма төрт мың пайғамбар,
Отыз үш мың сахаба,
Қатарында тұрайын,
Қабыл болса көз жасым,
Сүйікті пенде болайын,
Қараңғы көрге барғанда,
Жалғыз жатып қалғанда,
Мәңкүр-Нәңкүр келгенде,
«Ләй-ла-ил-ла-ла!»– деп тұрайын,
«Раббың кім?» – дегенде
«Бір Алла!» – деп жылайын,
Тәубасыз өткен күнімді
Ғапық қыл деп, иллаһи,
Бір өзіңнен сұрайын.
Тыңдаған жұртым, дұға қыл,
Қауменұлы Мырзаби,
Қолымды жайып тұрайын!» – деп ағынан жарылды.

Мырзаби Қауменұлы өзінің назымында:

«Әуелі хамд Құдайға зікір сана,
Салауат расулыма айттым жаңа.
Бір бәйіт көңіліме келе қалды
Тіліме жәрдем берсе Хақ Тағала.
Таупиықтың көп айтыңдар кәлимасын,
Естісін бала-шаға, кәрі-жасың.
Зікір, таһил, тәсбихты көп айтсаңдар,
Болады Хақ қасында сыйлы басың» – дейді.

Біз аталмыш ақындар туралы ойымыз айналдырған бес бетке симайтын болғандықтан қысқаша ғана мағлұмат келтірдік. Осы мақалада тілге тиек болған  Нұржан Наушабайұлының «Ұйықтама, оян, Алашым!» атты жинағы 2014 жылы Астананың «Фолиент» баспасынан жарық көрді. Сейітжан Бекшентайұлының, Мырзаби Қауменұлының және Мырзахмет Қажыгелдіұлының өлеңдері Қостанайда 2014 жылы жарияланған «Сөз жаздым қалам алып» («Қарлығаш» баспасы) деп аталған жинақта бар.

Бір Аллаға сыйынған, асыл дінімізді дәріптеген ақындарымызға Алла жар болсын, туындыларын келер ұрпақ көзінің қарашығындай сақтап, оқитын болсын!

Ақылбек Шаяхмет

Abai.kz

0 пікір